Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылғы 10 ақпан № 334

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12 бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1.    Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы бекітілсін (қоса беріліп отыр).

2.    Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын іске асыру жөнінде шаралар қолдансын.

3.    «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 11 ақпандағы № 1094 Қаулысының күші жойылған деп танылсын.

4.    Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.



Қазақстан Республикасының
Президенті

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ДОКТРИНАСЫ

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы (бұдан әрі - Әскери доктрина) мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы қақтығыстардың (бұдан әрі - әскери қақтығыстардың) алдын алуға, әскери құрылыс ісіне, сондай-ақ ұлттық мүдделерді қорғау және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануға негіз болатын көзқарастар жүйесі болып табылады.

Осы Әскери доктрина егемен мемлекеттің қалыптасуы және екі жақты әлемнен көп жақты әлемге көшу кезеңінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының негізінде әрі оны дамыта отырып әзірленді. Бұл міндет негізінен орындалды.

Бүгінгі таңда жаңа Әскери доктринаны қабылдау үшін бірқатар ішкі және сыртқы алғышарттар бар.

Қазақстанның геосаяси ортасы сапалы өзгерістерді басынан кешіруде. Ел қауіпсіздігіне жаңа қатерлер пайда болуда. Атап айтқанда, экстремизмнің таралуы, әскери қақтығыстардың өршуі, біздің шекарамызға тікелей таяу жерде жаңа ядролық мемлекеттердің пайда болуы аймақтағы тұрақсызданудың елеулі факторы болып отыр.

Ел қауіпсіздігіне осынау және басқа да жаңа қатерлер онымен санасуды және тиісті шаралар қабылдауды талап етеді.

Бұған қоса, бүгінгі таңда қарулы күрес құралдары және қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың сипаты сапалы өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы өзінің Қарулы Күштерін өзгерген болмысқа бейімдеуге тиіс.

Жаңа Әскери доктринаны қабылдаудың қажеттілігі сол сияқты демократиялық және құқықтық мемлекет құрылысының кезекті кезеңінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде әскери салада да жаңа ұлттық мүдделердің қалыптасуымен байланысты.

Осы Әскери доктрина әскери салада 1999-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының негізгі ережелерін нақтылайды және мемлекеттік шекара шебінде Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агрессия жасалған жағдайда елдің қорғанысын ұйымдастыруға, сондай-ақ ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі одақтас мемлекеттермен бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы орта мерзімді кезеңге есептеліп жасалған, қорғаныстық сипатқа ғана ие, әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайдың жай-күйін кешенді бағалауға, мемлекеттің экономикалық болмысы мен ресурстық мүмкіндіктеріне сүйенеді.

Әскери доктрина құрылымы өзара байланысты үш бөлімді қамтиды: әскери-саяси негіздер, елді қорғау мен қорғанысының әскери негіздері және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін әскери-экономикалық қамтамасыз ету негіздері.

Әскери доктринаның құқықтық базасын Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заң және өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттар құрайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 1999-2005 жылдарға арналған стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде Әскери доктринаның қағидалары Қазақстан Республикасының заңдарымен әскери құрылысты, елдің және оның одақтастарының қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері жүктелген барлық лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың орындауы үшін міндетті болып табылады.

1. Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының әскери-саяси негіздері

Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты

1.1. Қазіргі заманғы геосаяси жағдай блоктар тайталасы аяқталып, халықаралық қарым-қатынастардың жаңа жүйесінің қалыптасуына орай әлемдік қоғамдастықта болған принципті өзгерістермен сипатталады.

Дүниежүзілік соғыс ашу және жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық та, басқа да түрлерін қолдану қатері төмендеді. Көп жақты әлемнің қалыптасу үрдісі дәйекті даму үстінде. Қару-жарақты бақылау, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді.

Сонымен бірге әлемде өтіп жатқан орасан зор өзгерістерге кейбір күрделі және қарама-қайшы үрдістер тән: бір жағынан, - әлемдік қоғамдастық ынтымақтастықты кеңейту және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, жанталаса қарулану мен ядролық қарудың таралуын шектеу жөнінде нақты шаралар қолдануда; екінші жағынан, - қауіпсіздіктің жаңа тәуекелдері мен қатерлері пайда болуда, олардың ішінде әр түрлі әскери қақтығыстардың туындау мүмкіндігінің артуы, экстремизмнің, халықаралық терроризмнің, ұйымдасқан қылмыстың таралуы, қару мен есірткінің заңсыз айналымы мейлінше қауіпті болып табылады.

Осы жағдайда Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты мынадай көзқарастарға негізделеді:

·        мемлекетаралық және ішкі қайшылықтарды шешу құралы ретіндегі қандай да болмасын қақтығысқа жол беруге болмайды;

·        Қазақстан Республикасының өзіне және өзінің одақтастарына қарсы агрессия жасалған жағдайда қарулы қорғануға, жеке және ұжымдық қорғанысқа құқығы бар.

1.2.Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мынадай негізгі принциптерге негізделеді:

·        басқа мемлекеттердің егемендігін, мемлекеттік шекарасының мызғымастығын, аумақтық тұтастығын құрметтеу және олардың ішкі істеріне қол сұқпау;

·        өзара тиімді ынтымақтастық пен өзара түсіністік негізінде барлық елдермен достық қарым-қатынаста болу;

·        басқа елдердің қауіпсіздігі мен жалпыға ортақ қауіпсіздікке залал тигізбей Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

·        аймақта сенім шаралары мен әскери саладағы ашықтықты нығайту;

·        халықаралық дау-дамайларды бейбіт реттеу;

·        Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды халықаралық құқыққа және ұлттық заңдарға сәйкес қолдану;

·        халықаралық міндеттемелерді сақтау және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын шарттардың мақсатқа қол жеткізуіне жәрдемдесу;

·        әскери қақтығыстардың алдын алуға, бейбітшілікті қолдау мен қалпына келтіруге бағытталған пәрменді ғаламдық және аумақтық қауіпсіздік жүйесін құруға қатысу;

·        Республика Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысын «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы» саяси бағытына сәйкестендіру;

·        жаппай қырып-жоятын қаруды таратпаудың халықаралық режимдерін бекітуге жан-жақты жәрдемдесу;

·        қару-жарақпен, әскери техникамен, әскери және қос қолданысты технологиялармен сауда жасаудың халықаралық нормаларын сақтау.

1.3. Қазақстан Республикасы мемлекеттің пәрменді әскери ұйымдастырылуына сүйене отырып, өз қарамағындағы күштердің, құралдар мен ресурстардың күллі жиынтығымен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы елдің әскери қауіпсіздігіне қатерлердің алдын алудың, тұмшалаудың және жоюдың саяси дипломатиялық және басқа да әскери емес құралдарына ден қояды.

Елді қарулы қорғауды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жүзеге асырады.

Агрессия жасалған жағдайдағы ел қорғанысы Қазақстан Республикасын қарулы қорғауды, мемлекеттің күллі әскери және экономикалық әлеуетін жұмылдыруды, азаматтық және аумақтық қорғанысты жүзеге асыруды, одақтас мемлекеттердің күштерімен бірлескен іс-қимылдарды көздейді.

1.4. Қазақстан Республикасы әскери қақтығыстардың алдын алу, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту ісінде :

·        Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт шеңберінде, сондай-ақ екіжақты және көпжақты негізде;

·        аймақтық деңгейде - Орта Азия мемлекеттерімен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдермен, сондай-ақ « Шанхай бестігі » шеңберінде;

·        ғаламдық ауқымда – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттермен халықаралық құқық нормалары негізінде ынтымақтастық жасасады.

Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі үшін негізгі қауіп-қатер

1.5. Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңдегі әскери қауіпсіздігі үшін негізгі қауіп-қатер мыналар болып табылады:

сыртқылары:

·        республика шекарасына тікелей таяу жерде болып жатқан және ықтимал әскери қақтығыс ошақтары;

·        республика аумағында бандалық құралымдардың, экстремистердің, халықаралық терроршылардың ену мүмкіндігі;

·        жекелеген елдердің әскери қуатын сандық та сапалық жағынан шектен тыс арттыруы нәтижесінде аймақтық тұрақтылықтың әлсіреу мүмкіндігі;

·        жаппай қырып-жоятын қарудың, оны жеткізу құралдарының және қазіргі заманғы әскери технологиялардың Азия аймағында таралу қаупі және олардың терроршыл топтардың қолына түсу мүмкіндігі;

ішкілері:

·        Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жауынгерлік даярлық деңгейі мен туындаған соғыс қатерлеріне шапшаң, сайма-сай қарсылық көрсету қабілетінің төмендеуі;

·        елдің әкери-өндірістік әлеуетінің жеткілікті дамымауы, Қарулы Күштерді техникалық жарақтандыру, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді ұйымдастыру мәселелерінде басқа мемлекеттерге тәуелділік;

·        заңсыз қарулы құралымдардың, терроршыл топтар мен бандалық құралымдардың мемлекеттік немесе әскери обьектілерге шабуылдары;

·        қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және басқа да құралдардың заңсыз таралуы;

·        Қазақстан Республикасының аумағында террорлық актілер мен диверсияларды жүзеге асыру үшін қарулы құралымдар құру;

·        мемлекет ішінде экстремизм мен сепаратизмнің таралуы.

Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету

1.6. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің аса маңызды бағыты болып табылады.

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты мақсаты- елдің аумағын, егемендігін, экономикасын, мемлекеттік институттары мен азаматтарын соғыс қатерінен қорғау, агрессияның немесе әскери қақтығыстар туғызудың алдын алу, Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу.

1.7. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі міндеттері:

бейбіт кезеңде:

·        әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру тетігін жетілдіру;

·        қорғаныс әлеуетін неғұрлым ықтимал соғыс қатеріне сайма-сай және елдің экономикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін деңгейде ұстау;

·        Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды олардың сыртқы және ішкі қатерлердің алдын алу мен жолын кесу жөніндегі үйлесімді іс-қимылдарға әзірлігін арттыру мақсатында жан-жақты қамтамасыз ету және сапалық тұрғыда жетілдіру;

·        Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және басқа да өмірлік маңызды мүдделеріне қол сұғушылық және арандату әрекеттерін анықтап, жолын кесу;

·        елдің мемлекеттік органдарын, ұйымдары мен халқын әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге, азаматтық және аумақтық қорғанысқа қатысуға жан-жақты дайындау;

·        экономиканың жұмылдыру даярлығын қамтамасыз ету;

·        әскери инфрақұрылымды дамыту және жетілдіру;

·        әскери қызметтің беделін арттыру, әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адамдарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралар кешенін жүзеге асыру;

·        қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және ел азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды орындауға моральдық-психологиялық әзірлігін қалыптастыру;

·        Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әзірлігіне, сондай-ақ іс-шаралардың жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру;

Қатерлі кезеңде және әскери қақтығыс басталғанда:

·        әзірленіп жатқан қарулы шабуылды немесе жағдайдың қатерлі дамуын уақытында ашу және оларды тұмшалау жөнінде шаралар қолдану;

·        соғыс жағдайын уақытында жариялау, елде немесе оның жекелеген аудандарында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу, Қарулы Күштерді стратегиялық орналастыруды жүргізу;

·        мемлекеттік органдардың агрессияға ( қарулы қақтығысқа) тойтарыс беру мен оның жолын кесуді ұйымдастыру жөніндегі іс-әрекетін үйлестіру;

·        соғыс уақытының нормативтік құқықтық актілерін қолданысқа дереу енгізу, соғыс қимылдарын даярлау мен жүргізу жөнінде шешім қабылдау және іске асыру;

·        ел экономикасын көлік пен коммуникацияларды соғыс уақыты жағдайында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралардың барынша қысқа мерзімде орындалуын қамтамасыз ету;

·        азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыру;

·        мемлекет қарамағында бар күштердің, құралдар мен ресурстардың күллі жиынтығымен сыртқы агрессияға тікелей тойтарыс беру немесе қарулы қақтығысты тұмшалау.

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басшылық жасау

1.8. Елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басшылықты Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының негізінде жүзеге асырады.

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басшылық жасау жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы жағдайында ұстауға, оларды жан-жақты қамтамасыз етуге, экономиканы, аумақты және халықты елді қорғау мен қорғанысқа әзірлеуге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.

1.9. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басшылық жасау:

·        Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылымын әзірлеуді, әскерлердің жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының талап етілетін деңгейін ұстауды;

·        Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуді, азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын дайындау мен жүзеге асыруды;

·        әскери-техникалық саясатты, қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери ғылымды дамыту бағдарламаларын іске асыруды;

·        экономиканы, мемлекеттік органдарды, ұйымдарды соғыс уақытында жұмыс істеуге жұмылдыру даярлығының іс-шараларын жүзеге асыруды;

·        елдің халқы мен инфрақұрылымын қорғанысқа әзірлеуді;

·        мемлекеттік және жұмылдыру резервтерінде материалдық құралдар қорын жасауды;

·        Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке әзірлеуді, соғыс уақытына жұмылдырылушы адам ресурстарын жинақтауды;

·        мемлекеттік органдардың қызметін соғыс уақытындағы іс-әрекетті үйлестіруді;

·        бейбіт кезеңдегі әскери қызметке байланысты айналадағы ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруды;

·        Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды мемлекеттік инспекциялауды көздейді.

1.10. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының Президенті- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы басқарады.

 1.11. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі  Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы шешімдерін әзірлеуді жүзеге асыратын, қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады .

1.12. Қазақстан Республикасының Үкіметі   мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуге, қарамағындағы атқарушы билік органдарының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін ұйымдастыруға; ел экономикасының жұмылдырушылық даярлығына, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыруға, оларды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуге, қорғаныс мақсатында ел аумағын жедел жабдықтауға; азаматтық және аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға жауапты.

1.13. Басқа да мемлекеттік органдар, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған құқықтарының, міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде өздеріне жүктелген міндеттерді орындауды ұйымдастырады және толық жауапты болады.

1.14. Бейбіт кезеңде Қарулы Күштерге басшылықты Қазақстан Республикасының Бас штабы арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.

1.15. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ел қорғанысына, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру мен дамыту тұжырымдамаларын әзірлеуге байланысты міндеттерді шешеді, мемлекетте бірыңғай әскери-техникалық саясат жүргізеді, қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мен қорғаныс мұқтажына қажет қаржы жөнінде ұсыныстар әзірлейді, Қарулы Күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады және елдің қорғаныс мәселелері жөнінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастырады.

1.16. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы мемлекет Қарулы Күштерінің бейбіт және соғыс кезеңіндегі басты басқару органы бола отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру мен дамыту, олардың жедел, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары жөніндегі жоспарлардың әзірленуін үйлестіреді, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қолданылуы мен өзара іс-қимылын жедел-стратегиялық жоспарлауды ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мақсатында ел аумағын жедел жабдықтаудың жоспарын әзірлейді.

1.17. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тікелей басшылық жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті қолбасшылар ( бастықтар) жүзеге асырады.

1.18. Қатерлі кезең мен соғыс уақытында мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басшылық жасау, соғыс кезеңіндегі мемлекеттік және әскери басқару органдарын құру мен олардың жұмыс жасауы Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

2. Қазақстан Республикасын қарулы қорғаудың және қорғанысының әскери негіздері

Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың сипаты, негізгі белгілері

2.1. Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастық күш-жігерінің нәтижесінде ірі ауқымды соғыстар ашу қатерін төмендетуге қол жеткізілгенін, алайда саяси және өзге де келіспеушіліктер мен қайшылықтарды шешудің құралы ретінде әскери қақтығыстардан толық бас тарту кепілдіктерінің қалыптаспағанын ескереді.

Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың сипаты олардың әскери- саяси мақсатымен, қолданылатын қару түрлерімен, ауқымымен айқындалады.

2.2. Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың негізгі белгілері:

·        таралу кеңістігінің үнемі ұлғайып отыруы, ұтқырлық, әскери іс-қимылдардың түйісусіз және дәстүрлі емес нысандары мен тәсілдерін пайдалану, алыс қашықтықтан алдын ала ату арқылы жою және электрондық жаныштау, майдан мен тыл арасындағы айырмашылықтардың азаюы;

·        соғысқа жүйесіз, кейде тіпті заңсыз қарулы құралымдардың қатысуы;

·        қару-жарақ мен әскери техниканың қазіргі заманғы жоғары тиімді жүйелерінің қолданылуы;

·        жанама стратегиялық іс-қимылдардың кеңінен қолданылуы ( саяси және психологиялық қысым көрсету, экономикалық санкциялар, ақпараттық күрес, көлік коммуникацияларын шектеу, күш көрсету және т.б.);

·        мемлекеттік және әскери басқару жүйесіне іріткі салу;

·        әскерлер мен қаруды басқару жүйелерін қатардан шығару;

·        негізінен энергетика кәсіпорындарын, қауіпті өндірістерді, коммуникацияларды, инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету обьектілерін жою.

2.3. Әскери қақтығыстардың ( бұдан әрі - Қақтығыстар) ауқымы, қарқыны, ұзақтығы және басқа да белгілері бойынша ерекшеленуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы тартылуы мүмкін әскери қақтығыстың үш түрі болжанып отыр:

Интенсивтілігі жоғары қақтығыс - әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттердің ( мемлекеттер одағының) қатысуымен болатын әскери қақтығыс. Ядролық мемлекеттер араласқан қақтығыста ядролық қару қолданылу қатері үнемі сақталады. Оның ядролық соғысқа ұласуы, тіпті шектеулі ядролық соққылар берілсе де, сансыз адам құрбандықтарына, экономикалық және және мәдени орталықтардың күйреуіне, орасан зор аумақтың ластануына ұшыратуы мүмкін. Мұның өзі аймақтағы елдердің көпшілігінде экологиялық апатқа ұрындырады.

Интенсивтілігі орташа қақтығыс – қуатты экономикалық және әскери әлеуеті жоқ елдер арасындағы соғыс.

Интенсивтілігі орташа қақтығыстағы соғыс қимылдары тайталасушы тараптардың шектеулі күштер мен құралдарды қолдануымен, дәлдігі жоғары қару, радиоэлектрондық күрес құралдары мен басқа да қазіргі заманғы қару-жарақ түрлері және әскери техникға белсенді түрде қолданылатын аумағы шектеулі ұрыс қимылдарымен тартысушы мемлекеттердің аумағында жүргізілуімен және олардың күллі аумағында әскерлерге, тыл, экономика және коммуникация обьектілеріне зардабын тигізуімен сипатталады.

Интенсивтілігі төмен қақтығыс - әр алуан қайшылықтарды, соғыс жағдайына көшпей-ақ, қарулы күрес құралдарымен шешу әрекеттері нәтижесінде туындаған қарулы қақтығыс. Әдетте, мұндай қақтығыстар шекара іргесіндегі қарулы қақтығыстардың, сырттан қарулы құралымдар мен топтардың енуінің, ел ішінде заңсыз құралымдардың пайда болуының, терроршыл ұйымдар іс-әрекетінің нәтижесінде туындайды.

Интенсивтілігі төмен қақтығыс - тайталасушы тараптардың әр текті күштер мен құралдарды ( шектеулі әскер контингенттерін, жүйесіз және басқа құралымдарды), қолдануымен, диверсиялық және террорлық іс-қимылдар жүргізуімен, қазіргі заманғы қару-жарақ мен әскери техника түрлерін кеңінен пайдалануға әзірлігімен сипатталады.

Мұндай қақтығыстар, әдетте, шапшаң, шектеулі сипатта болады.

Қазіргі жағдайда мұндай сипаттағы қақтығыстардың туындауы неғұрлым ықтимал болып табылады.

Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолданудың негіздері

2.4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарды соғыс қатерін тұмшалау жөніндегі міндеттерді орындауға үнемі дайын тұруға тиіс.

2.5. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтілігі төмен қақтығыстың ішкі саяси тұрақсыздандыру, мемлекеттік органдардың қызметіне іріткі салу, шиелініс ошақтарын туғызу, ұлтаралық, діни алауыздықтарға арандату, мемлекетті саяси көнбістікке итермелеу, экстремистік идеялар тарату мақсатында тұтандырылуы мүмкін.

Интенсивтілігі төмен қақтығыс туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының мақсаты – шиеленіс ошағының кең ауқымды соғыс қимылдарына ұласып кетуіне жол бермеу, жанжал түйінін мемлекет үшін мейлінше төмен залалмен шешу.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары интенсивтілігі төмен қақтығыстарда, әдетте, оларды бейбіт құралдармен реттеуге жағдай туғызу мақсатында шиелініс ошағын тұмшалау және соғыс қимылдарын мүмкіндігінше бастапқы кезеңінде тоқтату үшін қолданылатын болады.

Осы міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік әзірліктегі құрамалары мен бөлімдері тартылады. Қажеттілігіне қарай олар Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерімен және әскери құралымдарымен күшейтілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда әскерлер тобына басшылықты біртұтас ( жалпыәскерлік) қолбасшылық жүзеге асырады. Шекарадағы жанжал, әдетте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің күштері мен құралдарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамаларымен және бөлімдерімен өзара іс-қимылы арқылы шешіледі.

Сыртқы күштер Қазақстан Республикасының ішкі ісіне қол сұғу үшін сылтау ретінде тұтандырар ішкі қарулы қақтығыстың туындау мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай қақтығысты тұмшалап, ауыздықтау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қолдану Қазақстан Республикасының Конституциясына қатаң сәйкес жағдайда заңдылық пен құқық тәртібін қалпына келтіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халыққа қажетті көмек көрсету және жанжалды бейбіт құралдарымен шешуге жағдай туғызу мақсатында жүзеге асырылады.

2.6. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтілігі орташа қақтығыстың экономикалық және қорғаныс әлеуетіне нұқсан келтіру, белгілі бір аумақты басып алу немесе бақылау орнату немесе мемлекетті елеулі саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да көнбістікке мәжбүрлеу мақсатында тұтандырылуы мүмкін.

Мұндай қақтығыс мемлекет үшін қауіп туғызуы мүмкін, оның экономикалық және әскери әлеуетіне елеулі залал келтіреді.

Қазақстан Республикасының интенсивтілігі орташа қақтығыста ұмтылар мақсаты – агрессияға, бұл ретте одақтас мемлекеттердің қарулы күштерімен бірлесе отырып батыл тойтарыс беру, соғыс қимылдарының ауданын тұмшалау және орын алған қайшылықтарды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қолдану болмақ.

Интенсивтілігі орташа қақтығысқа қатысу Қазақстан Республикасының барша аумағында немесе оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгізуді және ішінара немесе жалпы жұмылдыру жариялауды, мемлекеттің күллі қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетін немесе оның елеулі бөлігін пайдалануды қажет етуі мүмкін.

Интенсивтілігі орташа қақтығыстағы соғыс қимылдары, олардың ауқымының кеңеюі мен қатысушы мемлекеттер санының өсуіне, елеулі әскер ( күштер) топтарының қосымша тартылуына қарай, өзінің сипаты мен мазмұны жағынан, интенсивтілігі жоғары қақтығысқа тән соғыс қимылдарына жуықтауы мүмкін.

Қазақстан Республикасының интенсивтілігі орташа қақтығыстағы мақсаты мен міндеттеріне Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, жекелеген жағдайларда жүйесіз құралымдардың да, ал қажет болған жағдайда одақтас мемлекеттердің біріккен әскер ( күштері ) топтарының операциялар мен ұрыс қимылдарын дәйекті түрде жүргізуі арқылы қол жеткізіледі.

Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы Күштері интенсивтілігі орташа қақтығыста соғыс қимылдарын жүргізуге дайын болуға, тұтқиылдан шабуыл жасауды болдырмауға тиіс, қатер төндіріліп отырған кезеңді агрессияға тойтарыс беруге әзірлену, Қарулы Күштер мен одақтас мемлекеттердің біріккен әскер топтарын ( күштерін ) стратегиялық өрістетуді жүзеге асыруға жағдай жасау, елдің экономикалық кешенін бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына уақытылы көшіру, мемлекеттік шекараны жабу, маңызды мемлекеттік және әскери обьектілерді қорғауды күшейту, психологиялық күрес күштері мен құралдарын кеңінен қолдану, қарсыластың халыққа және әскердің жеке құрамына ақпараттық-психологиялық әсеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін мақсатты пайдалануға тиіс.

2.7. Қазақстан Республикасына қарсы интенсивтілігі жоғары қақтығыс елдегі саяси билікті ауыстыру, мемлекеттік және әскери басқару жүйесіне іріткі салу, аумақтың елеулі бөлігін тартып алу, мемлекеттің қорғаныс әлеуетін толық жойып жіберу тәрізді түбегейлі әскери-саяси мақсаттармен тұтандырылуы мүмкін.

Интенсивтілігі жоғары қақтығысқа қатысу Қазақстан Республикасынан күллі адам және материалдық ресурстарын жаппай жұмылдыруды талап етеді. Мұндай қақтығыс елдің экономикалық және әскери әлеуетін жойқын зардаптарға ұрындырады. Қазақстан Республикасының мақсаты өзіне қарсы интенсивтілігі жоғары қақтығыс тұтандырудың алдын алудың саяси- құқықтық, ұйымдық-техникалық және өзге де халықаралық кепілдіктерінің пәрменді жүйесін белсенді іздестіру және жасау болып табылады.

Орта мерзімді болашақта Қазақстан Республикасы тартылатын мұндай қақтығыстың туындауы екіталай
, мұның өзі көрші мемлекеттермен берік достық қарым-қатынастар орнықтыра отырып, сындарлы сыртқы саясат жүргізуге және Қазақстан Республикасына қарсы тікелей әскери агрессия қатерінің жоқтығына байланысты.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мақсаты, құрамы және міндеттері

2.8. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басты мақсаты елді сыртқы агресиядан және басқа да соғыс қатерлерінен қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау болып табылады.

2.9. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бейбіт кезеңде: әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердің түрлерін, арнайы әскерлерді, тыл, әскери оқу орындарын, әскери ғылыми мекемелерді қамтиды.

Соғыс уақытында Қарулы Күштердің құрамына: Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен басқа да әскерлері, Республикалық ұлан, азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кіреді.

2.10. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне бейбіт кезеңде мынадай негізгі міндеттерді орындау жүктеледі:

·        жауынгерлік әлеуетті, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын, басқару органдары мен әскерлердің әзірлігін бейбіт кезең штатына сай интенсивтілігі төмен қақтығыстарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында немесе аумағының шегінде кез-келген заңсыз қарулы күш көрсетуді тұмшалап, тойтаруды қамтамасыз ететін деңгейде ұстау;

·        әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ мемлекеттік шекараның жедел-стратегиялық тұрғыда маңызды учаскелерін жабу;

·        маңызды әскери обьектілерді күзету;

·        елдің кез-келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөніндегі батыл іс-қимылға әзірлігін көрсету;

·        интенсивтілігі орташа немесе жоғары қақтығыс қатері туындаған жағдайда Қарулы Күштерді стратегиялық өрістетуді қамтамасыз ету;

·        Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерігне сәйкес бітімгершілік және өзге де операцияларға қатысу.

Бұл міндеттерді шешуді Қарулы Күштер Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерімен әскери құралымдарымен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне құрылықта, теңізде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ терроризмге, қару мен есірткі контрабандасына қарсы күреске қатысу, ал Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне маңызды мемлекеттік обьектілерді күзету және аса қауіпті құқық бұзушылықтардың, диверсиялар мен террорлық актілердің жолын кесу, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күрес жүктеледі.

2.11. Қазақстан Республикасының аумағында ықтимал ішкі қақтығыстар мен қарулы күрес құралдары қолданыла отырып, оның өмірлік маңызды мүдделеріне қатер төндіретін, өзге де іс-әрекеттерінің алдын алу және тойтарыс беру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне мынадай міндеттер жүктеледі:

·        қақтығыс ауданында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету және төтенше жағдай құқықтық режимін ұстап тұру;

·        қақтығыс ауданын тұмшалау және шектеу;

·        қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажырату;

·        заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру мен ауыздықтау және қақтығыс ауданында халықтың қолындағы қаруды алу жөнінде іс-шаралар жүргізу;

·        қақтығыс ауданына іргелес аудандарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сақтауды күшейту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да міндеттерді шешу. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне қақтығыс ауданын тұмшалау мен шектеуге, қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажыратуға,заңсыз қарулы құралымдарды, бандалық және терроршыл топтар мен ұйымдарды жоюға, сондай-ақ маңызды мемлекеттік обьектілерді қорғауға жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тартылуы мүмкін.

2.12. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жасалған халықаралық шарттарға және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне сәйкес бейбітшілікті орнықтыру мен баянды ету жөніндегі операцияларда қолданылуы мүмкін.

2.13. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Қазақстан Республикасының Заңдарына белгіленген тәртіппен авариялардың, күйреулер мен дүлей апаттардың зардаптарын жою кезінде халыққа көмек көрсетуге тартылуы мүмкін.

2.14. Қазақстан Республикасына және оның одақтастарына қарсы агрессия жасалған жағдайда Қарулы Күштерге мынадай міндеттер жүктеледі:

·        шекара маңындағы қақтығыстарды тұмшалау және ауыздықтау;

·        қарсыластың құрылық және әуе бағыттарынан берген соққыларын тойтару;

·        интенсивтілігі төмен қақтығысты дербес тұмшалау және тыю, одақтас мемлекеттердің қарулы күштерімен бірлесіп интенсивтілігі орташа және жоғары қақтығыстарда қарсыластың әскер топтарын талқандау;

·        резервтер жасақталатын аудандарда қорғау;

·        арнаулы операциялар жүргізетін күштерге және жүйесіз құралымдарға қарсы күрес;

·        халықты, экономика обьектілерін, инфрақұрылымды қарсыластың атыс құралдарының әсерінен қорғау;

·        соғыс ( төтенше ) жағдайы режимін қолдау.

Соғыс қимылдарының ауқымына, жағдайдың жай-күйіне және күштердің ара салмағына қарай міндеттер түрінің өзгеруі мүмкін, бірақ кез-келген жағдайда түпкі мақсат агрессорды Қазақстан Республикасының аумағынан аластау және агрессияға дейінгі жағдайды қалпына келтіру болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары құрылысының негізгі бағыттары

2.15. Қазақстан Республикасындағы әскери құрылыстың басты мақсаты мемлекеттің өмірлік маңызды ұлттық мүделерін қазіргі сәттегі және ықтимал соғыс қатерінен қорғауды қамтамасыз етуге қабілетті, жақсы жарақталған, аса ұтқыр Қарулы Күштер құру болып табылады.

2.16. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары құрылысының негізгі принциптері
:

·        Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметіне пәрменді азаматтық бақылауды дара басшылық жасау принципімен және әскерлерді басқаруды орталықтандырумен үйлесімде жетілдіру;

·        әскерлердің ( күштердің ) ұйымдық құрылымының, жауынгерлік құрамы мен санының ықтимал соғыс қатерлеріне, Қарулы Күштерге жүктелген міндеттерге, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктіктеріне сәйкестігі;

·        жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін деңгейде ұстау;

·        соғыс қатері ұлғайған кезде жауынгерлік қуатты сайма-сай арттыруға қабілеттілік, жұмылдыру резервін күн ілгері даярлау;

·        жалпы азаматтық құқықтар мен бостандықтарды сақтау, әскери қызметтің ерекшелігіне сәйкес әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;

·        әскери құрылыстың әлемдік тәжірибесін ескеру.

2.17. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысы мен дамуы мемлекеттік бағдарламаларға және жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.

2.18. Қарулы Күштер құрылысы мен реформалаудың негізгі бағыттары мыналар болып табылады:

·        Қарулы Күштер құрылымын оңтайландыру, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетіне ықпал етпейтін құралымдардың санын қысқарту және тарату;

·        жауынгерлік әзірлікті айқындайтын ұтқыр әскерлерді, әскер тектерін және арнаулы әскерлерді басым дамыту;

·        басқару жүйесін жетілдіру, қосалқы және тиімсіз буындарды жою, әскери-аумақтық құрылымға көшу және әскери-әкімшілік басқару органдарын құру;