Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2003 жылғы 10 ақпан N 1019



      Алматы қаласын одан әрi дамыту және оның елдiң мәдени, ғылыми, бiлiм беру және қаржы орталығы ретiндегi тұғыр-шебiн орнықтыру мақсатында "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" 1998 жылғы 1 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiліп отырған Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi бір ай мерзiм iшiнде Бағдарламаны iске асыру жөніндегi 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын (I кезең) әзiрлеп, бекiтсiн.

      3. Орталық және жергiліктi атқарушы органдар:
      Бағдарламаны iске асыру жөнінде шаралар қолдансын;
      Алматы қаласының әкiмiне жартыжылдықтың қорытындылары бойынша 20 қаңтарға және 20 шілдеге Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берiп отырсын.

      4. Алматы қаласының әкiмi жылына екi рет, жартыжылдықтың қорытындылары бойынша 1 ақпанға және 1 тамызға дейiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгі мен Қазақстан Республикасының Үкіметiне Бағдарламаны iске асыру барысы туралы жиынтық талдау ақпаратын беретiн болсын.

      5. Бағдарламаның орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2003 жылғы 10 ақпандағы
N 1019 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН      

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ 2003-2010 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Бағдарламаның паспорты

Атауы            Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға
               арналған мемлекеттiк бағдарламасы

Әзiрлеу үшін     Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алматы
негіз          қаласын дамыту жөнiндегi мiндеттер туралы" 2002
               жылғы 30 мамырдағы кеңесте берген тапсырмасы, N
               01-10.6 хаттама

Әзiрлеушілер     Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк
               жоспарлау министрлiгi, Алматы қаласының әкiмдiгi

Мақсаты          Қаланың ерекше, яғни республикалық маңызы бар қала
               мәртебесiне сәйкес жаңа келбетін қалыптастыру және
               республиканың қаржы, ғылыми, білiм беру, мәдени және
               туристік орталығы ретiндегі айқындамасын нығайту

Мiндеттерi       қала және оның шеткерi аймағы экономикасының
               мақсатты функционалдық-салалық құрылымын құру;
                 қаланың және оның маңындағы аумақтардың қалыпты
               және тұрақты тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн
               ұйымдастыру-экономикалық және нормативтік құқықтық
               жағдайлар жасау;
                 Алматы қаласының ерекше мәртебесiне сәйкес қазiргi
               заманғы инфрақұрылым құру;
                 экономика салаларында ғылымды қажет ететiн
               өндірістерді және инновациялық технологияларды
               дамыту;
                 кедейлiктiң ауқымын қысқарту;
                 жұмыссыздықтың деңгейiн елдiң тұрақты
               әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз ету
               процестерiне қауiп төндiрмейтiн өлшемдерге дейiн
               төмендету, әрбiр отбасының ең кемiнде бiр мүшесiн
               жұмыспен қамту;
                 жоғары деңгейде қайта өңдеу өнiмдерi экспортының
               өсiмiн ескере отырып, әлем елдерiмен тығыз
               әрiптестiк байланыстар орнату;
                 туризмдi дамыту жөнiнде ұйымдастыру және құқықтық
               шаралар кешенiн әзiрлеу, тиiмдi және бәсекеге
               қабiлеттi туризм индустриясын құру;
                 қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес оның тиiмдi
               жұмыс iстеуiне және экономикалық өсiп-өркендеуiне
               ықпал ететiн қала құрылысының неғұрлым ұтымды
               шешiмдерiн анықтау;
                 мемлекеттiк активтердi және қаланың тыныс-
               тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн объектiлердi басқарудың
               тиiмдiлiгiн арттыру;
                 қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және
               ықтимал дүлей апаттар мен табиғи зiлзалаларға
               әрдайым дайын болуын қамтамасыз ету;
                 Алматы қаласының республиканың қаржы, ғылыми,
               бiлiм беру, мәдени және туристiк орталығы ретiндегi
               бет-бейнесiн қолдау

Iске асыру     2003-2010 жылдар
мерзімі        I-кезең - 2003-2005 жылдар
               2-кезең - 2006-2010 жылдар

Қажеттi          Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға
ресурстар мен  арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыруға
қаржыландыру   республикалық, жергіліктi бюджеттердiң және халықтың
көздері        қаражаты, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың
               гранттары, шетелдiк және отандық инвестициялар
               пайдаланылады. Бюджет қаражатын қоса алғанда,
               инвестициялық ресурстарға жалпы қажеттiлiк 711
               миллиардтан астам теңгенi, соның iшiнде 2003-2005
               жылдарға - 230 млрд. теңгенi құрайды.
                Дамыту бағдарламалары бойынша iс-шараларды iске
               асыруға 2003 жылы мемлекеттiк бюджетте 8630,2 млн.
               теңге, оның iшiнде республикалық бюджеттен 4706 млн.
               теңге, жергiлiктi бюджеттен 3924,8 млн. теңге
               көзделедi. Келесi жылдарға арналған қаржыландырудың
               нақты көлемдерi кезектi қаржы жылына арналған
               республикалық бюджеттi және Алматы қаласының
               бюджетiн қалыптастыру кезiнде қаржылық
               мүмкіндiктерге қарай айқындалатын болады.

Күтiлетiн        Бағдарламаны iске асыру қаланың қаржы, өндiрiстiк,
нәтижелер      кадрлық, ғылыми және мәдени әлеуетiн мейлiнше
               мүмкiндiкпен пайдалану үшiн жағдайлар жасауға ықпал
               етуге және осының негiзiнде мегаполистiң және оның
               маңындағы елдi мекендердiң халқы тұрмысының деңгейi
               мен сапасын арттыруға тиiс.
                Алматы қаласының аса iрi қаржы, ғылым, бiлiм беру
               және туристiк орталық ретiндегi рөлiн арттыру қала
               экономикасының құрылымын бiршама өзгертедi. Осы
               кезеңде сауда, көлiк, коммуналдық шаруашылық,
               байланыс, ойын-сауық, индустриясы, туризм және
               халыққа көрсетiлетiн басқа да қызметтер ілгерi
               қарқынмен дамиды. Осы салаларды жеделдете дамыту
               өндiрiс саласындағы шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк
               қолдаумен қатар халықты жұмыспен қамту проблемасын
               iс жүзiнде шешетiн болады. Қалада тұтас алғанда 80
               мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
                 Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға
               арналған мемлекеттiк бағдарламасын ойдағыдай iске
               асыру қуатты мультипликативтiк әсер есебiнен бүкiл
               елдiң дамуы мен гүлденуiне ықпал етуге тиiс.

Кiрiспе

      Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алматы қаласын дамыту жөнiндегi мiндеттер туралы" 2002 жылғы 30 мамырдағы кеңесте берген тапсырмасына сәйкес әзiрлендi, N 01-10.6. хаттама.
      Оны әзiрлеу Алматы қаласының қазiргі әлеуетiн сақтау және шеткерi аймақтары мен рекреациялық маңайын дамытумен өзара байланыста бiртiндеп арттыру жолымен одан әрi дамыту стратегиясын белгілеу қажеттілiгiнен туындады.
      Осы Бағдарлама Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 27 шiлдедегi N 1014 қаулысымен мақұлданған, Алматы қаласын аймақтық қаржы орталығы ретiнде дамыту тұжырымдамасының ережелерiн дамытады.
      Қазiргi уақытта қала тұрақты экономикалық өркендеу кезеңiнде. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң, күрделi құрылысқа инвестициялардың, тұрғын үйдi пайдалануға берудiң, көрiктендiру және көгалдандыру жөнiндегi жұмыстардың, бюджетке салықтар мен төлемдердi жинаудың көлемi арта түсуде.
      Сонымен қатар, қаланың қарқынды дамуына қаланың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерiнiң жұмыс iстеуiне, көлiк инфрақұрылымын дамытуға, қала құраушы сипаттағы және кейбiр басқа да мәселелерге қатысты бiрқатар проблемалар кедергi келтiруде. Осы Бағдарлама олардың қаланың және iшiнара республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына терiс әсерiн жою мақсатында әзiрлендi.
      Онда тек қазiргi таңдағы проблемаларды шешу көзделiп қана қоймай, қаланың 2010 жылға дейiнгi дамуының жалпы бағдары мен қажеттiлiктерiне сәйкес келетiн негiздер қаланады.
      Бағдарламада Алматы қаласында экономикалық даму деңгейiн және тұрмыс сапасын көтеруге, iскерлiк, ғылыми, мәдени және туристiк орта құруға бағытталған экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың жиынтығы айқындалған.

1. АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ДАМУЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІН ТАЛДАУ

      1.1. Жалпы сипаттама

      Алматы қаласының тыныс-тiршiлiгiн реттеу оның тиiмдi дамуына кепілдiк беру мақсатында қабылданған "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Қала Iле Алатауының солтүстiк баурайында Үлкен Алматы мен Кiшi Алматы өзендерi аралығы аңғарының ұштығында орналасқан. Алматының ең солтүстік нүктесi теңiз деңгейiнен 670 метр жоғары, ең оңтүстiк нүктесі - 970 метр жоғары белгіде орналасқан.
      2002 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қаланың аумағы 287,6 шаршы километрдi, тұрақты халқының саны - 1136,1 мың адамды, халықтың тығыздығы - 1 шаршы километрге шаққанда 3964 адамды құрайды. Қала 6 ауданнан тұрады.
      2001 жылы Алматы қаласының үлесiне республиканың жалпы iшкi өнiмiнiң 15,4%-i, өнеркәсiп өнiмiн өндiрудiң 5%-i, негiзгi капиталға инвестициялардың 10%-i, бөлшек сауда операцияларының 40%-i, сыртқы сауда айналымының 16,3%-i сай келдi.
      Қаланың аумағында республиканың барлық коммерциялық банктерінің 75%-i және зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi жеке компаниялардың басым көпшiлiгi орналасқан, бұл оның елдiң қаржы орталығы ретіндегі рөлiн айқындайды.
      Шетелдiк инвестициялар, негiзiнен, көлiк пен байланыс, сауда, ойын-сауық индустриясы сияқты неғұрлым табысты және тез өтемдi қызмет салаларында шоғырлануда. Аймаққа шетелдiк инвесторлардың күн өткен сайын қызығушылығы оның әлi iске асырылмаған мол әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығының куәсi.
      Қала республикалық бюджеттi қалыптастыруда маңызды рөлге ие. 2001 жылдың қорытындылары бойынша республикалық бюджеттiң 25%-i Алматы қаласы салық төлеушiлерiнiң салық түсiмдерi есебiнен қалыптасты.
      Алматы қаласы елдiң қаржы, ғылыми және мәдени орталығы ретінде жоғары инвестициялық тартымдылығымен және астаналық функцияның бір бөлiгiн атқара отырып, халықаралық маңызы бар мегаполистiң iскерлiк келбетiне ие болуда. Сити-менеджментте қазiргi заманғы басқару технологиялары мен қаржы құралдары пайдаланылады, тұрғын үй-коммуналдық саласында институционалдық және құрылымдық реформалар, қаланың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерiн оңтайландыру мен монополиясыздандыру жүргiзiлдi.
      Алматы республиканың аса iрi жол торабы болып табылады. 2001 жылы оның көлiк тораптары арқылы республиканың барлық автомобиль тасымалының бестен бiр бөлiгi және әуе тасымалдарының үштен бір бөлiгi жүзеге асырылды.
      Алматы ғылым, бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерiнiң дамыған желiсiмен ерекшеленедi, оның аумағында әлемнiң көптеген елдерiнiң елшiлiктерi мен өкiлдiктерi, iрi шетелдiк компаниялар, республикалық қоғамдық бiрлестiктердiң көпшiлігінiң штаб-пәтерлерi орналасқан.
      Сонымен бiрге қала жоғары сейсмикалық белсендiлiк аймағында орналасқандықтан табиғи зiлзала туындау қаупi, таудан сел жүру және қаланың едәуiр аумағын, әсiресе, қар еру мен нөсер жауын кезiнде су басу қаупi бар.

      1.2. Әлеуметтiк сала

      Демографиялық ахуал
      Астананың қоныс аударуына байланысты қала халқының бiршама азаюы байқалды. 2002 жылғы 1 қыркүйектегi жағдай бойынша Алматы қаласының экономикалық бейiмдi халқы 566,5 мың адамды (49,6%) құрады, 17%-i - 15-тен 24 жасқа дейiнгi жастар, 14%-i - зейнеткерлер.
      1999 жылдан бастап халықтың табиғи өсуiнiң оң сальдосы қалыптасты. 2002 жылдың 9 айында ол 40,9%-ке өсiп, 2457 адамға жеттi. 1999 жылмен салыстырғанда үшінші және төртiншi баланың туылуы тиiсiнше 18 және 27%-ке ұлғайды. 2002 жылғы 1 қазанға 1000 тұрғынға алғанда бала туу коэффициентi - 13,4, қайтыс болу коэффициентi - 10,5 болды.
      1998 жылдан бастап көшi-қонның оң сальдосы қалыптасуда, көшi-қонның өсуi шамамен 2300-4600 адам шегiнде өзгеруде. Келген де, кеткен де азаматтардың негiзгi құрамы еңбекке қабiлеттi жастағы адамдар болып табылады.
      Демографиялық дамудың негiзгi проблемасы халықтың өлiм-жiтiмiнiң жоғары деңгейi, сондай-ақ әлеуметтiк маңыздағы аурулармен сырқаттануы болып табылады.
      Тұрмыс деңгейi
      2001 жылдың 9 айында қала бойынша орташа айлық еңбекақы 27022 теңгенi, орташа айлық табыс 16200 теңгенi құрады, бұл 2001 жылдың осындай көрсеткiшiнен тиiсiнше 18,3 және 19,1%-ке жоғары. Бұл ретте нақты табыс 10,7%-ке өстi.
      Кедейлiк деңгейiнен төмен тұрмыстағы және әлеуметтiк қорғалуға мұқтаж қала тұрғындары санының төмендеуi байқалады. Қала тұрғындарының осы санатының халықтың жалпы санындағы үлесi 1,9%-тi (21,4 мың адам) құрайды.
      Қаланың ерекшелiгi бүкiл халқының 14%-i зейнеткер жасында екенi болып табылады. 2001 жылы әлеуметтiк бағдарламаларға алдындағы жылмен салыстырғанда 38,2% өсiммен 1,8 млрд. теңге жұмсалды. 2002 жылы жоғарыда аталған мақсаттарға арналған шығыстардың өсiмi 2001 жылға қарағанда 38,8%-тi құрады.
      Проблемалар:
      жергiлiктi бюджеттiң әлеуметтiк бағдары салдарынан оған түсетiн елеулi ауыртпалық;
      нақты жұмыссыздықтың жоғары деңгейi (экономикалық бейiмдi халықтың 9,5 %-iнiң тұрақты жұмысы жоқ).
      Денсаулық сақау
      Қаланың аумағында 250 емхана және 57 аурухана жұмыс iстейдi, олардың тиiсiнше 41-i мен 49-ы мемлекет меншiгiнде.
      Соңғы жылдарда денсаулық сақтау объектiлерi желiсiн амбулаториялық-емханалық көмектi дамыту жағына қайта бағдарлау жүргiзiлдi. Өзiнiң маңыздылығы жағынан бiрегей медициналық ұйымдар - медбикелiк күтiм ауруханасы, хоспис ұйымдастырылды.
      1993 жылдан берi мемлекеттiк емес денсаулық сақтау ұйымдарының желiсi 18 есе өстi. 2001 жылы мемлекеттiк емес денсаулық сақтау ұйымдары мен емдеу iсiмен жекеше айналысатын дәрiгерлер қала халқына амбулаториялық көмек көрсету көлемiнiң 14,7%-iн және стационарлық көмек көрсету көлемiнiң 4,8%-iн қамтамасыз еттi.
      Қаланың дәрiханалық ұйымдар желiсi шамамен 700 объектiнi құрайды. Сырқат азаматтарға тегiн босатылатын дәрі-дәрмек құралдарының түр-түрі кеңейтiлдi.
      Денсаулық сақтау проблемалары:
      медициналық мекемелердiң қажеттi материалдық-техникалық құралдармен жеткiлiктi жабдықталмауы, оларды ақпараттық қамтамасыз ету мен өзара iс-әрекетiнiң бiрыңғай жүйесiнiң болмауы;
      фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiп дамуының төмен деңгейi;
      сәби жасындағы балалардың мамандандырылған экологиялық таза тағамдармен жеткiлікті қамтамасыз етілмеуi.
      Бiлiм беру
      Алматы республиканың зияттық және бiлiм беру орталығы болып табылады. Қаланың 70%-тен астам халқының жоғары, жалпы орта және кәсіптік орта бiлiмi бар. Қаланың аумағында 153 мектепке дейiнгi бала мекемесi, 230-дан астам мемлекеттік және жеке жалпы бiлiм беру мектебi, 73 жоғары оқу орны, 71 ғылыми ұйым, оның iшiнде 9-ы жоғары оқу орындарының жанындағы, сондай-ақ 18 жобалау ұйымы орналасқан. Қаланың үлесiне елдiң барлық студенттерінің үштен бір бөлiгi келедi.
      Бес-алты жасар балалардың мектепке дейiнгi дайындығын ұйымдастыру үшін жағдайлар жасалған.
      Орта бiлiм беру жүйесiнде пәндердi тереңдетiп оқытатын мекемелердiң саны жыл сайын 3-5%-ке өсуде. 90 мектепте ғылыми қоғамдар ашылған, онда 80 мың оқушы ғылыми-iзденiс жұмысымен шұғылдануда, бұл олардың дайындық деңгейiне оң әсерiн тигiзедi.
      Бiлiм беру саласындағы негiзгi проблемалар:
      кейбiр объектiлер мен инженерлiк коммуникациялардың қанағаттанғысыз материалдық-техникалық жай-күйi;
      мектептердегi белгiленген нормативтерден артық оқушы саны;
      бiлiм берудiң барлық деңгейлерiндегi сабақтастық жүйесiнiң жеткiлiксiз дамуы;
      еңбек нарығының талаптарына сәйкес бiлiктi жұмысшы кадрлар мен мамандарды даярлаудың жеткіліксiз деңгейi болып табылады.
      Мәдениет және спорт
      Алматы қаласында республиканың жетекшi театр-концерт, мұражай және кiтапхана ұйымдары шоғырланған. Мәдениет объектiлерiнiң желiсi әртүрлi меншiк нысанындағы 270 ұйымнан тұрады, оның iшiнде мемлекеттiк меншiктегi 65 ұйым бар.
      Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратын қайта жаңғырту аяқталды, ол қаланың коммуналдық меншiгiне берiлдi, кинотеатрларды қайта жаңғырту жүргiзiлуде. Н.Сац атындағы Республикалық жасөспiрiмдер мен балалар театры және Қазақ мемлекеттiк цирк коммуналдық меншiкке берілдi.
      Алматыда республика мен қаланың тарихи мұрасы болып табылатын 126 сәулет және монументалдық өнер ескерткiшi бар.
      Алматының аумағында 959 спорт ғимараты орналасқан, оның 86%-i қаланың коммуналдық меншiгiнде. Аймақтың әрбiр төртiншi тұрғыны әртүрлi спорт түрлерiмен айналысады.
      "Олимпикс" мұз айдыны сарайы салынды, Б.Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайына, қаланың коммуналдық меншiгiне берiлген биiк таудағы "Медеу" мұз айдынына қайта жаңғырту жүргiзiлдi.
      Мәдениет пен спортты дамытудың проблемалары:
      көптеген мәдениет пен спорт объектiлерiнiң қанағаттанғысыз материалдық-техникалық жай-күйi;
      жоғары кәсiпқой спортшыларды даярлау жүйесiнiң болмауы.

      1.3. Өнеркәсiп және энергетикалық кешен

      Өнеркәсiп
      2002 жылы өнеркәсiп өндiрiсiнiң құрылымында өнiмнiң 91,9%-i өңдеушi өнеркәсiпке (37,5% - тамақ өнiмдерiн өндiруге, 11,2% - целлюлоза-қағаз өнеркәсiбiне және баспа iсiне, 17,0% - машина жасау саласына, 12,3% - металлургия өнеркәсiбiне және металл бұйымдарын  шығаруға), 8,1%-i - электр энергиясын, газды және суды өндiру мен таратуға тиесілi болды.
      Алматы қаласының өнеркәсiп секторы 1996-2001 жылдары елеулi өзгерiстерге ұшырады. Тиiмсiз және тоқтап тұрған өндiрiстердi қайта ұйымдастыру, демпингке қарсы және импорт алмастыру саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар қолданылды, шаруашылық жүргiзудiң шағын нысандарына қолдау көрсетiлдi. Нәтижесiнде 1996 жылдан бастап өндiрiс көлемдерiнiң жыл сайынғы өсуi байқалады (1-кecтe). Өнеркәсiп кәсiпорындарының саны осы кезеңде 3,5 есеге, оның iшiнде шағын кәсiпорындар 4,6 есеге өстi.

1-кесте 

Өнеркәсiп өнiмдерін өндiру көлемiнiң серпiнi

___________________________________________________________________
                     1998ж.  1999ж.  2000ж.  2001ж.  2002ж. 10 айы
___________________________________________________________________
Өнеркәсiптің тауарлы
өнiмдерiнiң көлемi - 59119   63857   82371   100795  90015
барлығы млн.теңге

Өсу қарқыны, өткен   105,9   105,2   127     122,9   109,4
жылмен салыстырғанда
%-пен

Алматы қаласы         7,1    5,6     4,6     5,1     4,9
өнеркәсіп өндiрiсi.
нiң жалпы
республикалық
көлемдегі үлесi, %
___________________________________________________________________

      Iрi және орта кәсiпорындар ИСО 9000 сериясының халықаралық стандарттарына сәйкес келетiн сапа жүйелерiн енгiзуде және сертификаттауда.
      Сонымен бiрге, 2001 жылдың аяғына өндiрiстiк қуаттар тоқыма және тiгiн өнеркәсiбiнде мақта-мата жiбiн иiруде - 7,7%, мақта-мата бұйымдары бойынша - 9,4%, кiлем және кiлем бұйымдары бойынша - 20,6%, былғары аяқ киiм шығаруда - 11,7% қана пайдаланылған. Алматы қаласы тұрғындарының қаланың өз өнiмдерiн тұтыну қажеттiлiгi мақта-матаға 16%-ке, тоқыма бұйымдарына - 1%-ке, аяқ киiмге - 6,9% қамтамасыз етiледi.
      Металл кесу станоктары, кiр жуу машиналары, ауыл шаруашылығы машиналарына арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, оң және одан көп жолаушыларды тасымалдауға арналған автомобильдер, тiркемелер мен жартылай тiркемелер, автокөлiкпен жүк таситын және мамандандырылған автомобильдер өндiрiсiндегi қуаттар 10-40%-ке ғана пайдаланылуда.
      Ағаш өңдеу өнеркәсiбi өндiрiстiк қорларының жүктемесiнде аздаған жетiмсiздiктер бар.
      Негiзгi проблемалар:
      табиғи тұрғыдан тозған және моральдық ескiрген өндiрiстер мен технологиялар үлесiнiң жоғарылығы;
      кооперациялық байланыстардың жеткiлiксiз дамуы;
      тоқтап тұрған өндiрiс қуаттарының болуы;
      өнеркәсiп секторының ғылыми-техникалық және қаржы саласымен байланысының әлсiздiгi;
      қаржы ресурстарының тапшылығы мен өндiрiстiк қорлармен жеткiлiктi қамтамасыз етілмеу болып табылады.
      Энергетикалық кешен
      Қаланың энергетикалық кешенi 3 автономды жылу беру аймағынан тұрады:
      1) Қаланың орталық және батыс бөлiктерiне орталықтандырылған жылу беру аймағы (жылыту аймағы) ЖЭО-1, ЖЭО-2 және Батыс жылу кешенiнiң (БЖК) жылу қазандықтары беретiн жылумен 80%-ке,
жергiлiктi жылу қазандықтары және автономды жылу жүйелерi (АЖЖ) беретiн жылумен 20%-ке қамтамасыз етiледi;
      2) қаланың солтүстiк бөлiгiне жылу беру аймағы, жылуды тұтынудың 85%-i жергiлiктi жылу қазандықтары мен АЖЖ-дан, 15%-i солтүстiк-шығыс жылу кешенiнен (СШЖК) қамтамасыз етiледi. ЖЭО-3 Энергетик кентiн жылумен қамтамасыз етедi;
      3) қаланың оңтүстiк бөлiгiне орталықтандырылған жылу беру аймағы 80%-ке "Орбита" аудандық жылу қазандықтарынан (ОАЖҚ), оңтүстiк-шығыс аудандық жылу қазандықтарынан (ОШАЖҚ), 20%-ке - жергiлiктi жылу қазандықтарынан және АЖЖ-дан қамтамасыз етiледi.
      Қаланың мұқтаждары үшiн электр және жылу энергиясын өндiрушiлер "АПК" ЖАҚ (85%), "Алматыжылукоммунэнерго" АҚ (12%), СШЖК (3%) болып табылады.
      Энергиямен қамтамасыз етудегi негiзгi проблемалар:
      Жылумен және электрмен қамтамасыз ететiн ұйымдар жабдықтарының барынша моральдық және табиғи тозуы (ЖЭО-1,3 - 59%, ЖЭО-2 -25%, БЖК - 19%, Қапшағай ГЭС-i - 23%, ГЭС каскады - 75%, РКТ - 40%, APЭK - 33%, ГЭРС - 30%);
      жылу және электр желiлерiнiң табиғи тозуы (тиiсiнше 40% және 34,6%-ке);
      жабдықтардың көпшiлiгiнiң моральдық және табиғи тозуынан электр және жылу желiлерiнде жоғары ысырап болуы;
      энергия жүйесiнiң жылу станцияларынан атмосфераға зиянды заттардың рұқсат етiлген шектi шығарылымдар нормативiнен 2 есеге артуы болып табылады.
      Ғылым және инновациялық қызмет
      жұмыс iстейтiн ҒЗИ, жоғары оқу орындары мен кәсiпорындардың базасында технологиялық парктер және ақпараттық технологиялар парктерiн құру жолымен республика экономикасының салаларында инновациялық технологияларды жеделдетiп дамыту, енгiзу және тарату үшiн Алматы қаласында елеулi әлеует бар.
      Ядролық физика институтының (ЯФИ) материалдық және кадрлық базасы радиациялық технологияларды пайдалана отырып, ғылыми-зерттеу және өндiрiстiк қызметтi жүргiзуге мүмкiндiк бередi. ЯФИ активiнде республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуы үшiн принциптi маңызға ие әзiрленiмдер бар.
      Инновациялық дамуды тежейтiн проблемалар:
      заңнамалық базаның инновациялық қызметтi ынталандыру тұрғысынан жетiлмегендiгi;
      ғылыми және қолданбалы әзiрленiмдердi жоспарлау және олардың экономика талаптарына икемдеу жүйесiнiң болмауы.

      1.4. Шағын және орта бизнес

      Алматы қаласы республикада кәсiпкерлiк дамуының аса iрi орталығы болып табылады. 1998-2001 жылдар кезеңiнде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi өндiретiн өнiмдердiң құрылымында оң өзгерiстер болды - сауда-делдал қызметi секторының үлесi 80-нен 37,1%-ке дейiн төмендедi.
      1999 жылдан бастап Алматы қаласында өнеркәсiп аймағын құру тұжырымдамасы iске асырылуда. Өз ауқымына 38 кәсiпорынды бiрiктіретiн бизнес-инкубатор жұмыс iстейдi.
      2001 жылы 1998 жылмен салыстырғанда жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың саны 44%-ке өсiп, 23 мыңға жеттi, бюджетке төлемдер 5,6 есеге өсiп, 26970 млн. теңгеге жеттi, жұмыстар және қызметтер көрсету көлемi 2,4 eceгe өсiп, 262266 млн. теңгеге жеттi, жұмыспен қамтылғандар саны - 74%-ке өсiп, 216,5 мыңға жеттi.
      2002 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша өнеркәсiп, құрылыс, көлiк және байланыс саласына шағын кәсiпорындар өндiретiн өнiмдер тиiсiнше 17,2; 13,1 және 12,3%-тен келедi.
      Шағын бизнестiң дамуына кедергi проблемалар:
      қаржы қиыншылықтары: бастапқы капиталдың жеткiлiксiз мөлшерi, банк кредиттерiнiң қолжетiмдi еместiгi, оларды алу үшiн қажеттi кепiлдiктердiң болмауы;
      тауар нарықтарындағы жағдайды сипаттайтын ақпараттың болмауынан тауарлар өткiзу мен қызметтер көрсетудiң қиындығы;
      шикiзатқа, материалдарға, энергияға бағалардың өсуi;
      кәсiпкерлердiң кәсiби дайындығының жеткiлiксiз деңгейi.

      1.5. Туризм

      Алматы қаласы тау сілемдерiнiң баурайында орналасу ерекшелiгi, сауықтырушы және спорттық туризмді дамытуға ықпал ететiн табиғи жағдайларының алуан түрлiлiгi, Жiбек жолының бойында орналасуы жөнінен туристер үшiн тартымды болып табылады.
      Қаладан 500 км шеңберiнде шетелдiк және отандық туристер баратын көптеген туристiк объектiлер, оның iшiнде биiк таудағы "Медеу" мұз айдыны, "Шымбұлақ" тау шаңғысы туристiк базасы және басқалары орналасқан.
      Туристерге қызмет көрсетуге арналған бес жұлдызды және үш жұлдызды қонақ үйлер, санаторийлер мен демалыс үйлерi, қызық-думан және ойын-сауық орындары бар.
      Алматының туристiк қызметтерi нарығын 300 туристiк фирма ұсынады. 2002 жылдың 9 айында 70 мың, оның iшiнде республикаға сырттан келген 23 мың туристке қызмет көрсетiлдi.
      Алматы қаласының тартымды туристiк келбетiн қалыптастыру мақсатында арнайы WEB-сайт ашылған, жарнамалық өнiмдер шығарылады, туризмнiң жұмыс iстеп тұрған инфрақұрылымы, жаңа туристiк бағыттар, қызметтердiң түрлерi, бiлiктi экскурсия жүргiзушiлердiң, гид-аудармашылардың құрамы туралы деректер қоры қалыптастырылған. Туризм саласындағы отандық және шетелдiк мамандар үшiн жарнамалық турлар, Шарын аңғарына, Yлкен және Кiшi Алматы шатқалдарына туристiк десанттар ұйымдастырылған.
      Туризмдi дамыту саласындағы проблемалар:
      қызметтер инфрақұрылымын дамытудың жеткiлiксiз деңгейi, сервис-қызмет бағалары деңгейiнiң олардың сапасына сәйкес еместiгi;
      Алматы қаласы мен Ұлы Жiбек жолы даңғылының мүмкiндiктерiн шетелде жарнамалау мен танытудың тиiстi деңгейiнде болмауы;
      туризм жөнiндегi мамандардың дайындығы мен бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiз деңгейi;
      тарихи ескерткiштердiң қанағаттанғысыз жай-күйi, туристiк және спорттық базалардың, демалыс үйлерiнiң моральдық тозуы;
      Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша экскурсиялық бағыттардың өзара байланысының болмауы.

      1.6. Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық
           шаруашылық

      Қала құрылысы және қаланы көрiктендiру
      Алматы қаласы, әсiресе оның орталық бөлiгi әкімшілiк-iскерлiк, сауда-тұрмыстық, мәдени-ойын-сауық мақсатындағы объектiлер құрылысының жоғары тығыздылығымен ерекшеленедi. 1997 жылдан берi ғимараттардың бiрiншi қабаттарын қызмет салалары кәсiпорындарын орналастыру үшiн қайта бейiмдеу жөнiндегi жұмыстар қарқынды жүргiзiлуде.
      2000 жылдан бастап жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту және қаланы көгалдандыру жөнiндегi жұмыстар елеулi жандандырылды. Көлiк легiн ажырататын және көктей өтетiн жолдар салу жүзеге асырылуда. Жолдарды салу мен қайта жөндеуде жаңа технологиялар қолданылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды, дендропарк салу жүзеге асырылуда, Баум тоғайы мен басқа да объектiлердi жаңарту жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуде.
      Қала дамуының соңғы кезеңi селитебтiк аумақтардың қарқынды өсуiмен сипатталады.
      Негiзгi проблемалар:
      қаланың шет жақтарында аз қабатты үйлердi салу Қаланы дамытудың бас жоспарын ескерусiз жүзеге асырылуда, жекелеген объектiлер құрылысына бұл мақсаттарға жарамсыз аумақтар (өзендердiң жайылмалары, санитарлық-қорғау аймақтары және т.б.) пайдаланылады;
      жеке тұрғын үй салу аудандарының көпшiлiгi инженерлiк-коммуникациялық, көлiктiк және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетудiң қажеттi деңгейiмен қамтамасыз етiлмеген;
      шет аудандардың көлiктiк байланыстары, транзиттiк ағындар қаланың орталық бөлiгi арқылы өтедi, бұнымен олар мегаполистiң экологиялық жай-күйiн қиындатады және қала жолдарындағы қауiпсiздiк деңгейiн төмендетедi;
      табиғи желектердiң бiршама бөлiгi қайта жаңартуды және қаланың аумақтық-жоспарлау және экологиялық ерекшелiктерiне бағындыруды қажет етедi;
      қаланың тауар базарлары желiсi, негiзiнен, 1980-1990 жылдары қала құрылысы мен санитария ережелерi сақталмастан ретсiз қалыптасқан.
      Тiршiлiк ету ортасы
      Қаланың тыныс-тiршiлiк ортасы:
      жоғары сейсмикалық белсендiлiк аймағында орналасуымен;
      Үлкен және Кiшi Алматы, Есентай, Қарғалы өзендерiнiң бассейндерi арқылы таудан сел жүруiнiң және қаланың едәуiр аумағын, әсiресе қар еру және нөсер жауындар кезiнде, су басуы қаупі болуымен сипатталады.
      Мамандар бағалауы бойынша 9 балл жер сiлкiнiсiне Алматы қаласының ғимараттарының 50%-i ғана шыдайды.
      1999 жылы Кiшi Алматы өзенiнiң бассейнiнде сел тасқыны жүрген кезде жақын орналасқан ғимараттар мен инженерлiк коммуникацияларға елеулi материалдық зиян келтiрдi. Металдан жасалған елек-сүзгiлi тосқауылдарын салу, уақытша қорғаныс бөгеттерiн тұрғызу және тасқын суларды бұру жөнiнде жедел шаралар қолдану нәтижесiне Алматы қаласы құрбандар мен қираудан сақтап қалынды. Алайда, бұл шаралар жеткiлiксiз, өйткенi тұрғызылған құрылыстардың қуаты аз әрi сел тасқындарынан тиiмдi қорғауға арналмаған.
      Ықтимал қатты жер сiлкiнiсi факторы қала мен оның төңiрегiндегi 40 км шеңберiнде қосымша күштi сел тасқынын, су басуын, топырақтың терең шөгуiн тудыруы мүмкiн.
      Авариялық-құтқару және диспетчерлiк қызметтердiң материалдық-техникалық базасы, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшiн хабар беру және байланыс жүйесi елеулi жақсартуды қажет етедi.
      Тұрғын үй қорының жай-күйi
      Соңғы жылдары тұрғын үй салу қарқынды жүргізілуде. 2001 жылы 240,9 мың ш. метр салынды, бұл 1998 жылғы деңгейден 39% артық. 2002 жылдың 9 айы iшiнде тұрғын үй салудың қарқыны 2001 жылдың осындай кезеңiне қарағанда 5,2%-тi құрады. Кәсiпорындар мен ұйымдар салған тұрғын үйлер үлесi өсуде. 1998 жылмен салыстырғанда ол 20,8-тен 32,3%-ке дейiн өстi. Аяқталмаған тұрғын үй құрылысының көлемi осы кезеңде 423-тен 236 мың ш. метрге дейiн немесе 44,3%-ке қысқарды.
      Қаланың тұрғын үй қоры 2002 жылғы 1 қаңтарда тұрғын үйдiң жалпы алаңының 21,2 млн. ш. метрiн құрайды. Қалада 7137 көп қабатты тұрғын үй бap, оларда жалпы алаңы 15832 мың ш. метр 299 мың пәтер орналасқан.
      Негiзгi проблемалар:
      қаланың тұрғын үй қорының 5,6 млн. ш. метр тұрғын үйi немесе жалпы алаңының 26,5%-i сейсмикалық осал ғимараттар қатарына жатқызылды, сейсмикалық аса қауiптiлерi - тиiсiнше 2,3 млн. ш. метр немесе 11%-i;
      50 мың адам тұратын жалпы алаңы 488 мың ш. метр 951 тұрғын үй апатты жағдайда, бұл үйлердiң қызмет мерзiмi 50 жылдан асқан, бұл санаттағы үйлердiң негiзiн төмен нормативтік қызмет мерзiмi бар объектiлер (қамыс қаңқалы, ағаш және саман) құрайды;
      өзендердің су қорғау аймақтарында рұқсатсыз тұрғызылған тұрғын үй құрылыстары бар, олар әлсiн-әлсiн тасқын мен жауын-шашын суларының астында қалады, бұл онда тұратын азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiредi;
      43227 адам тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж, оның iшiнде 8976 азаматтың жеңiлдiкпен пәтер алу құқығы бар.
      Газбен жабдықтау
      Қаланы газбен жабдықтау Газли - Шымкент - Алматы магистральды газ құбыры бойынша жүзеге асырылады және қалаға 1 және 2-ГБС арқылы келiп жетедi.
      Газ құбырларының қашықтығы қалада 2543,5 км құрайды, оның iшiнде жоғары қысымды газ құбырлары - 16,3 км, орташа қысымды газ құбырлары - 287,4 км, төмен қысымды газ құбырлары - 2239,9 км.
      Жыл сайын орта есеппен 140 км газ құбыры жөнделедi, жер асты құрылыстарын электр химиялық коррозиядан қорғау жөнiндегi жұмыстар жүзеге асырылады.
      Газбен жабдықтаудағы проблемалар қала үшiн газ көлемiнiң жеткiлiксiздiгi болып табылады, бұл жекеменшiк тұрғын үй құрылысы аудандары мен орталықтандырылған жылу көздерiнiң газбен нашар қамтамасыз етiлуiн тудырады.
      Сумен жабдықтау және су бұру
      Қалаға су беру Yлкен және Кiшi Алматы өзендерiндегi екi су жиналғыдан және Алматы мен Талғар су шығару конустарының екi жер асты су жиналғыларынан жүзеге асырылады. Демалыс аймақтары мен қалаға iргелес кенттердiң бiр бөлiгiне қызмет көрсететiн бiрыңғай орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесi бар.
      Алматы қаласының тұрғын үй қоры cy құбырымен 89,8%-ке, кәрiзбен - 86,2%-ке қамтамасыз етiлген.
      Су құбыры желiлерiнiң және су бұрғыштардың жалпы ұзақтығы 2285 км-ді құрайды. 1997 жылдан бастап 2001 жылды қоса алғанда 17,6 км су құбыры желiлерi салынып, 26 км күрделi жөндеуден өттi.
      Жалпықалалық кәрiз қаладан, оған iргелес демалыс аймақтарынан, бiрқатар кенттерден және Талғар мен Қарасай қалаларынан сарқынды суларды қабылдауды, бұруды және тазартуды жүзеге асырады. Сарқынды сулар тазартудың бiрнеше сатысынан өтедi, содан кейiн ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға және сүзгi танаптарына жiберiледi. Вегетациядан тыс кезеңде бұру каналы бойынша олар Сорбұлақ жинақтауышына жiберiледi. Сарқынды суларды тазартудың барлық сатыларында зертханалық бақылау ұйымдастырылған. Сорбұлақ жинақтауышының кемерiнен асуын болдырмау мақсатында Iле өзенiне авариялық ағызу каналы салынған.
      Қалаға iргелес аудандарының бiрқатарының аз қабатты құрылыстарының сарқынды суларын жекеменшiк тұрғын үйлердiң кәрiз жүйесiне немесе оларды шағын аудандарға iргелес сүзгi танаптарына бұру арқылы ағызу жүзеге асырылады.
      Сумен жабдықтау мен су бұру проблемалары:
      құбырлардың моральдық және табиғи тұрғыдан аса тозуы;
      Алматы жер асты сулары көзiнде су сағасының кемуi салдарынан қаланың солтүстiк бөлiгiнде ыза сулар деңгейiнiң күрт жоғарылауынан ғимараттар мен құрылыстарды су басу қаупi;
      аз қабатты ғимараттар мен қала маңындағы шағын аудандар объектілерiнiң кәрiз желiлерiмен қамтамасыз етiлмеуi;
      өзендердiң ластануына әкеп соқтыратын қаланың бiрыңғай жауын-нөсер кәрізi жүйесiнiң болмауы.

      1.7. Көлiк-коммуникациялық кешен

      Көлiк
      Қаланың көлiк желiсi ұзақтығы 1500 км автомобиль жолдарынан, 93 автожол және 73 жаяу жүргiншiлер көпiрлерiнен, 5 жолөткелдерiнен және 20 жер асты өтпелерiнен тұрады.
      Қалада 98 көлiк кәсiпорыны жұмыс iстейдi, оның 38-i жеке меншiкке қарасты.
      2002 жылдың 9 айы iшiнде қалада автобустармен 109 млн. адам, трамвайлармен және троллейбустармен - 49,7, таксимен - 7,6 млн. адам тасымалданды.
      Қаланың орталық бөлiгiн жаңа шағын аудандармен жалғайтын бағыттар ашылды. Көлiк айырымдарын, жанама көшелер ашу, жолдарды кеңейту және күрделi жөндеу есебiнен жүргiншiлер ағынымен кептелетiн магистралдарды сирету жүзеге асырылады.
      Қаланың неғұрлым өзектi көлiк проблемаларына мыналар жатады:
      магистралдық жолдарды дамыту мүмкiндiгiнiң шектеулiлiгi (аумақтың тығыздылығы жол алаңын кеңейтуге мүмкiндiк бермейдi);
      экологияға терiс әсерiнiң өсуiмен және қозғалыс қауiпсiздiгiнiң күрт төмендеуiмен қала жолдарында автокөлiктiң тым көптiгі;
      қаланың халықаралық автокөлiк даңғылы қиылысында орналасуы, сондай-ақ айналма жолдардың болмауы қаланың негiзгi магистралдарының мерзiмiнен бұрын бұзылуын тудырады және экологияны нашарлатады;
      электр көлiгiн дамытудың жеткiлiксiз деңгейi.
      Қозғалыстың қарқындылығы және автомобильдің шектен тыс көбеюi экологиялық ахуалды нашарлатады, сондықтан метрополитен салуды одан әрi жүзеге асырудың мүмкiндiктерiн белсендi iздестiру қажет.
      Жобаның сметалық құны 662 млн. AҚШ долларына бағаланып отыр, қазiргi уақытта 142,9 млн. АҚШ доллары игерiлдi.
      Жобаны iске асыру бiрқатар проблемалармен тоқайласқан, олардың iшiнде:
      қаланың геодезиялық және қала құрылысы ерекшелiктерi -  қоймалжың топырақтың, жер асты өзендерiнiң, жүзбе қорыстардың болуы, құрылыстың тығыз салынуы және жоғары сейсмикалық ауданда орналасуы (құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру техногендiк сипаттағы проблемалардың шиеленiсуiне әкеп соғуы мүмкiн);
      қаржы қаражатының жеткiлiксiздiгi (1994 жылдан бастап метро құрылысын орталықтандырылған қаржыландыру қысқартылды, 2001 жылы жүргiзiлген жоқ, 2002 жылы жергiлiктi бюджетте жобаны iске асыруға 350 млн. теңге көзделдi);
      электрмен жабдықтаушы көздер қуатының жеткілiксiздiгi;
      құрылыс алаңдарындағы 159 үйдi бұзудың қажеттiгi.
      Байланыс
      Қаладағы байланыс қызметiн "Алматытелеком" MTO көрсетедi. Телефон желiсiнiң жалпы сыйымдылығы 453798 нөмiрдi құрайды, оның iшiнде электрондық станцияларының сыйымдылығы 33%-тi құрайды. Қазiргi уақытта оны тiрек-транзиттiк станция салу арқылы жаңғыртудың жаңа кезеңi жүзеге асырылуда, ол электрондық станцияларының сыйымдылығын жалпы сыйымдылықтың 45,4%-iне дейiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
      Саланы дамыту проблемалары:
      республикада қазiргi заманғы байланыс құралдары жабдықтары өндiрiсiнiң болмауы;
      қаланың жаңа шағын аудандарының байланыс қызметтерiмен қанағаттанғысыз қамтамасыз етілуi.

      1.8. Инвестициялық ахуал

      Инвестициялық қызмет
      Алматы қаласының инвестициялық ахуалы тұрақты қоғамдық-саяси және экономикалық жағдай, банк жүйесiнiң тұрақтылығы, жинақтаушы зейнетақы қорларының, КУПА-ның, сақтандыру компанияларының, сервистiк қызмет көрсетулер деңгейiнiң серпiндi дамуы салдарынан бiршама қолайлы деп сипатталады.
      2000 жылдан бастап Алматы қаласының инвестициялық саясатының 2005 жылға дейiнгi кезеңге арналған стратегиясы iске асырылуда.
      Күрделi құрылыстың салалық құрылымында бiрқатар жылдар бойы басымдықтарды өңдеу өнеркәсiбi, сауда, көлiк және байланыс ыңғайына қайта бөлу байқалады. Тамақ өнеркәсiбiне бағытталған инвестициялардың үлесi 1999 жылдан бастап 3 есеге, саудаға, автомобильдер мен үй бұйымдарын жөндеуге - 28 есеге, көлiк және байланыс саласына - 1,2 eceгe ұлғайды.
      2001 жылы қала объектілерiнiң күрделi құрылысына 24 млрд. теңге инвестиция бағытталды, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2 eceгe көп.
      Күрделi құрылысқа шетелдiк инвестициялардың көлемі 2001 жылы 3,0 млрд. теңге мөлшерiнде қалыптасты, бұл жалпы көлемнiң 12%-iн құрайды.

2-кесте 

Инвестициялар көлемiнiң өсу қарқыны

___________________________________________________________________
                     1998 ж.  1999 ж.   2000 ж.  2001 ж.  2002 ж.
___________________________________________________________________
Негiзгi капиталға    26839    50208    53909,3   114763   137188
инвестициялардың
көлемi, млн. теңге

Өткен жылға            -      176,7     99,5     194,5     110,2
қарағанда өсу
қарқыны, %

Iрi және шағын        9499    10097     11213    24254,5     -*
кәсiпорындар
бойынша күрделi
құрылысқа
инвестициялар,
млн. теңге

Өткен жылға           66,3     100,4    102,9     2 есе
қарағанда өсу
қарқыны, %

Негізгі капиталға     10,2     13,6      9,1      12,2      11,5
инвестициялардың
республикалық
көлемінде
қаланың үлесі, %
___________________________________________________________________

      * есеп беру жылына бір рет көзделедi

      Сонымен бiрге, республика мен қала үшiн басымдықты машина жасау, металл өңдеу, тоқыма, тігiн өнеркәсiбi, экология сияқты экономика салалары мен дамыту бағыттары инвесторлардың мүддесiнен тыс қалуда.
      Негiзгi проблемалар:
      төлемсiздiктер дағдарысымен шиеленiсетiн қаржы құралдарының төмен өтiмділiгi;
      анық ақпараттың жеткiлiксiздiгі.
      Қаржылық құралдар мен технологиялар
      2000 жылы 400 млн. теңге муниципальдық облигациялар эмиссиясы жүзеге асырылды. Облигациялық заемнан тартылған қаражат есебiнен қала үшiн басымдықты бiрқатар жобалар қаржыландырылды.
      "Алматы қаласын аймақтық қаржылық орталық ретінде дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 27 шiлдедегi N 1014 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бағалы қағаздар, оның iшiнде мемлекеттiк емес бағалы қағаздар нарығын дамыту мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде шаралар қолдануда.

      1.9. Сауда

      Сыртқы сауда
      Алматы қаласы 134 жақын және алыс шетелдермен сауда-экономикалық қарым-қатынас жасауда, олар бойынша сыртқы сауда айналымы 2002 жылдың 9 айында 2125,4 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2001 жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 23,7%-ке артық.
      Экспорттық жеткiзiлiмдердiң көлемi 521 млн. АҚШ долларына бағалануда. Қала кәсiпорындары өнiмi мен қаладан әкетiлетiн тауарлардың негiзгi тұтынушылары: Швейцария, Қытай, Бiрiккен Apaб Әмiрияттары, Ресей және Украина болып табылады. Осындай ұқсас кезеңдегi импорттық жеткiзiлiмдердiң көлемi 1604,4 млн. АҚШ долларын құрады. Қалалық нарықты өнеркәсiптiк өнiммен, шикiзатпен, материалдармен және халық тұтынатын тауарлармен молықтыруда Ресей жетекшi болып табылады.
      Сонымен бiрге, экспорт пен импорттың тауар құрылымын талдау кәсiпорындардың, ұйымдардың және халықтың негiзгi ақшалай ағыны импорт, негiзiнен, өңдеуші сала өнiмдерiн (машиналар, жабдықтар, тетiктер, алкогольдiк және алкогольдiк емес сусындар, дәрi-дәрмектер, тұтыну мақсатындағы өндiрiстiк емес тауарлар) сатып алуға бағытталатындығын көрсетедi.
      Негiзгi проблемалар:
      экспорттың шикiзатқа бағыттылығы сақталып отыр, импортта жоғары деңгейлi қайта өңдеу өнiмi басымдық алып отыр.
      Iшкi сауда
      Қаланың тұтыну нарығы тауарлармен және қызмет көрсетулердiң барынша молығуымен ерекшеленедi. Бөлшек сауда айналымы 2002 жылдың 10 айында 236,8 млрд. теңге мөлшерiнде қалыптасты және 2001 жылдың осындай деңгейiне қарағанда 3,5%-ке өстi. Қаланың базарларына (98) жалпы бөлшек сауда айналымының 73,6%-i келедi. 1998 жылдан бастап оларды жаңғырту жөнiндегi белсендi жұмыс жүргiзiлуде. Базарлардың тауар айналымының өсуiмен салыстырғанда сауда кәсiпорындарының бөлшек сауда айналымының iлгерiлей өсуi (2001 жылы 51,5%) оң фактор болып табылады (19,6%).
      Көтерме сауданың сауда айналымы 2002 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 265,5 млрд. теңгенi құрады. Көтерме сауданы, негiзiнен, шағын (58,7%) және орта (36,4%) кәсiпорындар жүзеге асыруда.
      Алматы қаласына қоғамдық тамақтандыру өнiмiнiң республикалық айналымының 26,5%-i келедi.
      Сауданы дамытудағы проблемалар:
      басым көпшiлiгi шағын делдал ұйымдарынан тұратын көтерме сауда жүйесiнiң жетiлмеуi баға деңгейiне керi әсерiн тигiзедi;
      тиеу-түсiру жұмыстары тетiгiнiң және қазiргi заманғы ақпараттық жүйелердi қолданудың төмен деңгейi;
      тауарлардың қауiпсiздiгi мен сапасына байланысты азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудiң жеткiлiксiз деңгейi.

      1.10. Салықтар мен бюджет

      Салықтар
      1997 жылдан бастап қалада бюджетке салық түсiмдерiнiң және алымдарының болжамы орындалуының қарқынды өсу серпiнi қалыптасты. 2002 жылдың 9 айында Алматы қаласының бiрiктiрiлген бюджетiне барлық салық төлеушiлерден 109,7 млрд. теңге түстi. Салықтар алымының болжамы 14,0%-кe асыра орындалды.
      Қызмет саласы бөлiнiсiндегi салықтар мен төлемдер түсiмдерiнiң құрылымы мына түрiнде көрiнедi:
      өнеркәсiп - 16,2% (2001 жылдың 9 айында - 11,2%);
      құрылыс - 6,3% (6,8%);
      сауда - 25,8% (11,6%).
      Сонымен бiрге салық салу саласында бересiнiң едәуір көлемiнiң болуы, оның iшiнде қайта тiркеуден өтпеген және салық органдарымен байланысын үзген, тоқтап тұрған кәсiпорындардың ауыспалы берешегiнiң болуы негiзгi проблема күйiнде қалып отыр.
      Бюджет
      2002 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикалық бюджетке Алматы қаласы 89,6 млрд. теңге (жиналған салықтар мен төлемдердiң 81,7%), оның iшiнде бюджеттiк алулар түрiнде - 15 млрд. теңге аударды.
      Алматы қаласы бюджетiнiң кiрiстерi 2002 жылдың 9 айында iс жүзiндегi көрсеткiштердiң жоспардағыдан 14%-ке асып түсуiмен сипатталады. Бюджет шығыстарында 43% бюджеттiк алуларға келедi.
      Проблемалар:
      Алматы қаласының жергiлiктi бюджетiнен республикалық бюджетке алулардың тұрақты нормативiнiң болмауы;
      жергiлiкті бюджет шығыстарының негiзiнен ағымдағы шығындарға шоғырлануы, iрi инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкiндiгiнiң болмауы.

      1.11. Мемлекеттiк активтердi басқару

      2002 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша қаланың аумағында, негiзiнен, ғылым, мәдениет, бiлiм беру, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру салаларында жұмыс iстейтiн 1745 заңды тұлғалар мемлекеттiк меншiкте қалады немесе мемлекеттiк үлесi болады.
      Коммуналдық меншiктiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң банкi 418 ұйымнан тұрады, оның iшiнде 44-інде акциялардың мемлекеттiк пакетi бар.
      Жалға беру шартымен пайдалануға берiлетiн коммуналдық меншiк объектiлерiн оңтайлы пайдалану 2000 жылмен салыстырғанда жалға беруден бюджетке түсетiн түсiмдердiң 85,3%-ке өсуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi.
      Шағын кәсіпкерлік субъектiлерiн басымдықты дамыту оларға мүлiктiк жалдауға үй-жайлар бepу арқылы қамтамасыз етiлуде.
      Коммуналдық меншiк объектiлерiн оңтайлы пайдалануды қамтамасыз ету және оларды тиесiлi техникалық жағдайға келтiру мақсатында "Қозғалмас" мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны құрылды.
      1998-2001 жылдарда кепiлдiктi қамтамасыз ету ретiнде жалпы сомасы 44,5 млн. АҚШ долларына коммуналдық меншiк мүлiгi берiлдi.
      Сонымен бiрге, мемлекеттiк активтердi басқару тетігiнде бiрқатар кемшiлiктер бар, олардың iшiнде:
      коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың (бұдан әрі - кәсiпорын) таза кiрiсiнiң бір бөлiгiн жергiлiктi бюджетке есептеу мен аударуда бақылаудың жеткілiксiздiгi;
      кәсiпорындардың қаржы-шаруашылық қызметi нәтижелерiн жинау мен талдау жүйесiнiң болмауы;
      коммуналдық меншiк объектілерiнiң бiрыңғай деректер базасын жүргiзу жөнiндегi жеткiлiксiз жұмыс;
      республикалық және коммуналдық меншiк объектiлерiн шектеу өлшемдерi мен тетіктерiнiң болмауы.

      1.12. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану

      Алматы қаласы елдiң ірі урбанизацияланған орталығы болып табылады. Алайда, қаланы физикалық-географиялық, табиғи-климаттық ерекшелiктер мен экологиялық талаптарды жеткілiктi есепке алмай дамыту оның аумағында экологиялық теңдiктiң бұзылуына әкеп соқтырды. Алматы республиканың неғұрлым экологиялық қолайсыз қалаларының қатарында қалып отыр. Табиғи жел өтінiң әлсiздiгі және зиянды заттар шығарындыларының жылжымалы және стационарлық көздерi санының көп болуы жағдайында әуе бассейнiнiң ластануы қаланың табиғи ортасының жай-күйiне келеңсiз ықпал етудiң басты факторы болып табылады.
      Жыл сайын қаланың әуе бассейнiне 180 мың тоннаға жуық ластаушы заттар шығарылады, олардың 80%-тен астамы жылжымалы көздердiң шығарындыларын құрайды. Олардың саны 10 жылда екi еселенді және 200 мың бiрлiкке жеттi. Бұдан басқа, күн сайын қалаға шығарындылары есепке алынбайтын қаладан тыс жерлерден келген 50 мың бiрлiкке жуық автомобиль кiредi.
      Ластаушы заттардың қатарында шоғырланудың шектi-рұқсат етiлген көлемiнiң: шаң (салмағы өлшенген заттар), көмiрсутектiң тотығы бойынша - 1,1 - 1,3 eceгe, азоттың диоксидi - 1,3 - 1,5, фенол - 1,3 - 1,7, формальдегид - 4,7 - 6,6 есеге асып түсуi үнемi байқалуда. Әуе бассейнiнiң едәуiр ерекше ластануы жылжымалы және стационарлық көздердiң зиянды шығарындыларының көлемi атмосфераның өзiн-өзi тазартуға қабiлетiнен асып түсетiн жылдың салқын уақытында байқалады.
      Таза судың жаңартылатын ресурстарының басым бөлiгi қалыптасатын Iле Алатауы тауларында экологиялық ахуалдың нашарлауының терiс үрдiсi байқалуда.
      Шағын өзендердiң алқаптарында халықтың және шаруашылық объектiлердiң санының өсуi су ағызғылардың гидрологиялық теңгерiмiнiң, жер асты суларының гидрогеологиялық режимiнiң бұзылуына, жер бетi және жер асты сулары ластануының ұлғаюына ықпал етедi.
      Экологиялық ахуалдың едәуiр нашарлауы қала маңындағы жерлердi беталды пайдалануына және оларда құрылыс салуға, улы қалдықтарды көму жөнiндегi полигонның болмауына байланысты.
      Рекреациялық аумақтар орман-мелиоративтiк және көгалдандыру жұмыстарын жандандыруға мұқтаж.
      Қазiргi уақытта Алматы қаласының экологиялық ахуалын жандандыру жөнiндегi басқарушылық және шаруашылық шешiмдердiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында қоршаған табиғи ортаның мемлекеттiк мониторинг жүйесi жетiлдiруге мұқтаж.

2. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

      Алматы қаласын одан әрi дамыту үшiн негiзгi алғышарттар:
      республикадағы және Алматы қаласындағы жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдайды тұрақтандыру;
      барлық агломерацияны қарқынды дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi Алматы қаласының мүмкiндiктерi мен осының негiзiнде қуатты мультипликациялық нәтиже алу;
      қаланың және іргелес аумақтың экономикасын дамытудың ұйғарылып отырған мiндеттерiн шешу үшiн еңбек ресурстарының жеткілiктiлiгi;
      қалада iскер, қаржы және ғылыми құрылымдардың, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң едәуiр бөлiгiнiң шоғырлануы;
      Алматы облысының рекреациялық әлеуетiмен қоса алғанда туризмнiң қазiргi заманғы индустриясын құру үшiн нақты базаны құрайтын туристiк бизнестiң инфрақұрылымын дамыту болып табылады.
      Қазiргi алғышарттар мен Алматы қаласын және оған iргелес аумақтарды одан әрi дамыту мүмкiндiктерiн ескере отырып, осы бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi айқындалды.
      Осы бағдарламаның басты мақсаты қаланың айрықша, яғни республикалық маңызы бар қала мәртебесiне сәйкес оның жаңа кейпiн қалыптастыру және республиканың қаржы, ғылыми, бiлiм беру, мәдени және туристiк орталығы ретiндегi айқындамасын бекiту болып табылады.
      Алматы қаласының функционалдық және қала құрайтын құрылымдары, тыныс-тiршілігiн қамтамасыз ету жүйесiнiң деңгейi қазiргi заманғы қалалардың әлемдiк стандарттарына сәйкес келуi және тiршiлiк ету үшiн қолайлы жағдайды қамтамасыз етуi тиiс.
      Қойылған мақсатқа жету үшiн мынадай мiндеттердi шешу талап етiледі:
      қаланың және оның шеткерi аймағының экономикасының мақсатты функционалдық-салалық құрылымын құру;
      қаланың және оған iргелес аумақтың қалыпты және тұрақты тыныс-тiршiлiгi үшiн ұйымдастыру-экономикалық және нормативтiк құқықтық жағдайлар жасау;
      Алматы қаласының айрықша мәртебесiне сәйкес келетiн қазiргi заманғы инфрақұрылым құру;
      экономика саласындағы ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстер мен инновациялық технологияларды дамыту;
      кедейлiк ауқымын қысқарту;
      жұмыссыздық деңгейiн қаланың бiрқалыпты әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз ету процестерiне қатер әкелмейтiн шамаға дейiн төмендету, әрбiр отбасының кемiнде бiр мүшесiн жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
      жоғары дәрежелi қайта өңдеу өнiмi экспортының өсуiн ескере отырып, әлем елдерiмен тығыз әрiптестік қарым-қатынастар орнықтыру;
      туризмдi дамыту жөнiндегi ұйымдастыру және құқықтық шаралар кешенiн әзiрлеу, туризмнiң пайдалы және бәсекеге қабiлеттi индустриясын құру;
      қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес, оның тиiмдi жұмыс iстеуiне және экономикалық ұдайы өндiрiсiне ықпал ететiн неғұрлым оңтайлы қала құрылысы шешiмдерiн айқындау;
      мемлекеттік активтердi және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектiлерiн басқарудың тиiмдiлiгiн арттыру;
      экологиялық ахуалды жақсарту және қаланың мүмкiн болатын дүлей апаттарға және табиғи зiлзалаларға үнемi дайын болуын қамтамасыз ету;
      Алматы қаласының республиканың қаржы, ғылыми, бiлiм беру, мәдени және туристiк орталық ретiндегi бейнесiн ұстап тұру.

3. БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ IСКЕ
АСЫРУДЫҢ ТЕТІГІ

      3.1. Әлеуметтiк саланы дамыту

      Демографиялық даму
      Басымдықтар:
      отбасы және неке институтын дамыту үшiн жағдайлар жасау;
      белсендi демографиялық саясатты жүргiзу;
      демографиялық дамудың сапалы көрсеткiштерiн жақсартуға қол жеткiзу.
      Шешу жолдары
      Халықтың табиғи өсiмiн халықтың өмiр сүру сапасын арттыру мен денсаулығын жақсарту есебiнен қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қолданылатын болады.
      Отбасы және неке институтын дамыту, сондай-ақ жастарды жаңа экономикалық жағдайларға әлеуметтiк бейiмдеуге бағытталған жастар бағдарламаларын iске асыру басым бағыт болады.
      Аумақтық емханаларда бала босанатын жастағы әйелдердi қазiргi заманғы сауықтыру мақсатында диспансерлеу жөнiндегi жұмыс қайта қолға алынады.
      Балалар тағамын шығару жөнiндегi мамандандырылған кәсiпорындар желiсiн құру және бiр жасқа дейiнгi балалар үшiн балалар асханасы желiсiн ашу (тегiн тамақтандыру) жоспарланып отыр, бұл сәбилердiң сырқаттануы мен шетiнеуiнiң деңгейiн қысқартуға мүмкiндiк бередi.
      Оралмандардың өмiр-тiршiлiгiн жақсарту үшiн жағдай жасалатын болады. Қажеттi инфрақұрылымдар құра отырып, "Байбесiк" поселкесін салуды аяқтау жоспарлануда.
      Демографиялық процестердi реттеу мақсатында Алматы қаласы халқының экономикалық нормативтерi әзiрленетiн болады.
      Тұрмыс деңгейi
      Басымдықтар:
      еңбек нарығындағы ахуалды жақсартуды сипаттайтын сапалы көрсеткiштерге қол жеткізу және азаматтардың әл-ауқаты деңгейiн өсiру;
      жұмыссыздық деңгейiн төмендетудiң тиiмдi тетiктерiн енгiзу;
      халықты әлеуметтiк қамсыздандырудың тиiмдi жұмыс iстейтiн жүйесiн құру.
      Шешу жолдары
      Еңбек нарығындағы ахуалды және қала экономикасының қажеттiлiгiн ескере отырып, жұмыссыздарды кәсiби оқыту мен қайта даярлаудың икемдi жүйесi жасалатын болады.
      Кедейлiктi қысқарту және жұмыссыздықты төмендету мақсатында:
      әрбiр отбасының кемiнде бiр мүшесiн жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
      кәсiпорындармен бiрлесiп, жұмыссыз азаматтарды шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң тапсырмасы бойынша оқытуға ақы төлеу тетiгiн енгiзу;
      арнайы iрiктеуден өткен жұмыссыздар қатарындағы тұрмысы төмен азаматтарға гранттар мен шағын кредиттер беру тетiктерiн әзiрлеу және кәсiпкерлiк қызмет дағдыларына үйрету;
      халықты әлеуметтiк бейiмдеу және өзiн-өзi ұйымдастыру мәселелерi бойынша тренингтер өткiзу көзделіп отыр.
      Алдағы кезеңде қалада халықты әлеуметтiк қорғауды жақсартуға бағытталған мiндеттердiң толық кешенi шешiлетiн болады.
      Тұрмысы төмен азаматтарды есепке алу және әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi жүйесiн жетiлдiру оның атаулылығын күшейтуге мүмкiндiк бередi. Бұл, өз кезегiнде, әлеуметтiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн арттыруға ықпал ететiн болады.
      Ересек адамдардың демалу және емделу мүмкiндiгiн кеңейту мақсатында санаторийлерге жолдамалар сатып алуға қосымша қаражат iздестірілетiн болады.
      Қалада зейнеткерлерге әлеуметтiк қызмет көрсету аумақтық орталықтары ашылып, белгiлi тұрғылықты жерi жоқ адамдар үшiн әлеуметтiк бейiмдеу орталықтары құрылатын болады. Жалғызбасты қарттар мен мүгедектердi күтiп бағуды жақсарту үшiн интернат-үйлер желiсi кеңейтiлетiн болады.
      Денсаулық сақтау
      Басымдықтар:
      халықтың денсаулық жағдайын сипаттайтын сапалы көрсеткiштердi жақсарту;
      аурулардың алдын алуды күшейту және салауатты өмiр салтын насихаттау;
      ұсынылатын медициналық қызметтердiң сапасын арттыру, олардың халықтың барлық тобы үшiн қолжетiмдiлiгi;
      емдеу әдiстерiнiң алдыңғы қатарлы технологияларын енгiзу.
      Шешу жолдары
      Қаланың денсаулық сақтау iсiн жақсарту үшiн:
      жеке секторды дамыту, көрсетiлетiн ақылы қызметтердiң тiзбесiн кеңейту, дәстүрлi емес емдеу әдiстерiн енгiзу;
      мемлекет кепiлдiк берген жалпыға қолжетiмдi медициналық көмектiң сапасын жақсарту;
      жүрек-қан тамыры жүйесi, эндокриндiк аурулармен ауыратын азаматтарды, бала босанатын жастағы әйелдердi диспансерлiк қадағалау қызметiн дамыту;
      халықтың әлеуметтiк-қорғалатын тобын дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етудi жақсарту;
      мемлекеттiк ұйымдарды жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және дәлелдi медицинаға негізделген алдыңғы қатарлы технологияларды енгiзу;
      денсаулық сақтаудың жай-күйi мен медициналық және фармацевтикалық ұйымдар қызметiнiң, дәрiлiк заттардың адамның денсаулығына зиянды әсерi мониторингiнiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құру;
      фармацевтiк және медицина өнеркәсiбiн дамыту;
      денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту. Жаппай тұрғын үй құрылысын салу аудандарында халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету объектiлерiн ашу; психиатриялық аурухана салу; халыққа жедел және кезек күттiрмейтiн көмек көрсету жөнiнде көп салалы клиника салу; үлгi-жобадағы перинаталды орталық, СПИД-ке қарсы күрес жөнiндегi қалалық орталық салу; крематорийi бар қалалық мәйiтхана салу мәселелерi пысықталатын болады.
      Салауатты өмiр салтын қалыптастыру бағытында ДДСҰ-ның "Салауатты қалалар", "Салауатты мектептер", "СӨС принциптерiн насихаттайтын ауруханалар", "Отбасының денсаулығы" жобаларын iске асыру жоспарланып отыр.
      Бiлiм беру
      Басымдықтары:
      бiлiм берудiң тәрбиелiк функциясын күшейту;
      мектепке дейiнгi, жалпы орта және кәсiби бiлiм берудiң үздiксiздiгi мен сабақтастығын қамтамасыз ету;
      еңбек нарығында бәсекеге қабiлеттi мамандарды даярлауды қамтамасыз ететiн бiлiм берудiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру.
      Шешу жолдары
      Мыналар арқылы бiлiм берудiң сапасына баға беру өлшемдерi енгiзiледi:
      оқытудың әдiстемесiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-әдiстемелiк зертхана құру;
      бiлiм беру, оқыту және тәрбие беру ұйымдарының жұмыс сапасының мониторингi жүйесiн әзiрлеу.
      Оқытудың бiрегей оқу-әдiстемелiк құралдары мен жаңа технологияларын әзiрлеу үшiн мұғалiмдер мен ғалымдарды бiрiктiретiн ұжымдар құру белгіленуде.
      Бiлiм беру инфрақұрылымын одан әрi дамыту мақсатында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, өсiп-жетiлуi кешеуiлдеген балаларға арналған балабақшалар ашу, жаңа мектептер салу көзделуде.
      Бiлiм берудiң мазмұнын жаңалау балабақшалар мен мектептердiң базасындағы сынақ алаңдары мен оқу-тәрбие орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бiрнеше тiлде оқытатын жаңа ұлттық мектептiң тәжірибелiк моделiн құру көзделуде.
      Бастауыш және кәсiби орта бiлiм берудiң жүйесiн дамыту мақсатында:
      барлық жерде мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру стандарттарын, оқулықтардың жаңа буынын енгізу;
      еңбекке баулу стандарттарын енгiзу, "мектеп-кәсiби мектеп (лицей)" үлгiсiндегi кешендер құру;
      еңбек нарығының қажеттелiктерiне сәйкес кәсiби бiлiм беретiн оқу орындарын қайта бейiмдеу, оларды компьютерлердiң жаңа буынымен жабдықтау және оқу-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету көзделуде.
      Бiлiм беру жүйесiнде әрiптестiктi дамытуды қамтамасыз ету үшiн кадрларды нарық қажеттiлiктерiне сәйкес даярлау бағдарламасын әзiрлеу және бiлiм беру мекемелерiнiң кiшiгiрiм фирмаларға олардың қызметкерлерi үшiн қысқа мерзiмдi курстар, семинар сабақтарын ұйымдастыру жолымен жәрдем көрсетуi жоспарлануда.
      Мәдениет және спорт
      Басымдықтары:
      қаланың мәдени және спорт инфрақұрылымын сақтау және жаңғырту;
      спортпен айналысуға жағдай жасау жолымен халықтың салауатты өмiр салтымен өмiр сүруге қызығушылығын арттыру;
      Республиканың мәдени орталығы және халықаралық дәрежедегi спортшыларды даярлау орталығы ретiндегi Алматы қаласының рөлiн күшейту.
      Шешу жолдары
      Қаланың мәдени инфрақұрылымын дамыту және оның мәдени орталық ретiндегi беделiн көтеру мақсатында:
      муниципалдық театр, филармония, халық шығармашылығы орталығын құру;
      Алматы қаласының тарихи-өлкетану мұражайын ашу;
      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң iргелi кiтапханасының ғимаратын салу;
      қаланың барлық кiтапханаларын компьютерлендiру мүмкiндiктерi iздестiрiледі.
      Ескерткiштердi күтiп ұстау ережелерiн сақтау мәселелерiнде бақылауды жүзеге асыру үшiн Алматы қаласында тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөнiндегi қалалық инспекция құрылады.
      "Мультиплекс" үлгiсiндегi қазiргi заманғы кинотеатрлар, сондай-ақ шағын залдары бар электрондық кино цифрлық кинотеатрларының желiсiн құру көзделуде.
      "Еуразия" халықаралық кинофестивалiн өткiзудi қалпына келтiру жөнiнде шаралар қолданылады, мұның өзi отандық кинематографтың дамуына игi ықпал етедi.
      Көркем, деректi және ғылыми-көпшiлiк фильмдердiң қалалық кинобейне қорын құру жоспарлануда.
      Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды дағдыға айналдыру мақсатында: спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп; балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiн; дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерiн; дәстүрлi емес сауықтыру дене шынықтыру орталығын; спортшыларды олимпиадалық даярлау орталығын ұйымдастыру жоспарлануда.
      Алматы қаласында әртүрлi халықаралық спорт жарыстарын өткiзудiң болашағын ескере отырып, "Самал" шағын ауданындағы спорттық ойын-сауық кешенiнiң құрылысын аяқтау жоспарлануда.

      3.2. Өнеркәсiп пен энергетикалық кешенді дамытудың
           негiзгi бағыттары

      Өнеркәсiп
      Басымдықтары:
      тиімдiлiгi жоғары өнеркәсiптiк аймақтар (өсу нүктелерiн) құру;
      кәсiпорындарды технологиялық қайта құру, жаңа технологияларды кең ауқымда енгiзу және таралымын көбейту;
      өндiрiс құрылымын ұтымды өзгерту ғылыми-техникалық саланы кейiннен коммерциялай отырып, жоғары технологиялардың өз жанындағы орталықтарын құру, тұрақты экспорттық блок қалыптастыру.
      Шешу жолдары
      Жұмыс iстеп тұрған iрi және орташа кәсiпорындардың өз өндiрiсi үшiн өнiмге және құрауыштарға қажеттiлiктерiне толық ауқымды талдау жүргiзiлетiн болады, бұл жергiлiктi нарықтың сыйымдылығы мен әлеуетiн анықтауға және оларды шағын кәсiпорындарда шығаруға мүмкiндiк бередi.
      Сатып алынатын техника түрлерi мен технологияларды, олардың әлемдiк стандарттарға және қалалық өнеркәсiптiк жағдайларға сәйкестiк деңгейiн анықтауды ескере отырып, конъюнктуралық зерттеулердi жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жұмыстың негiзгi басымдылығы зерттеулердiң өнеркәсiп өндiрiсi талаптарына бағыныстылығы болмақ.
      Ғылыми-техникалық өнiм жарнамасын ұйымдастыру, технологияларды алушылар мен жеткiзушiлер туралы деректер банкiн құру керек болады.
      Интеграциялық байланыстарды кеңейту, бiрлескен кәсiпорындар құру, тендерлiк тетiктердi пайдалану арқылы кәсiпорындарды жаңарту жөнiндегi шаралар кешенiн өткiзе отырып, оларды дамыту стратегиясын айқындауға айрықша назар аударылатын болады.
      Қолайлы баға бойынша отандық және шетелдiк инвесторларға ұсынылатын, әлемдiк және отандық нарықта өздерiн оңынан көрсеткен кәсiпорындардың мүлiктiк кешендерiн қалыптастыра отырып, кәсiпорындарды оңалту тетiгi дамытылатын болады.
      Машина жасау
      Машина жасауды дамыту мақсатында жоспарланып отырған бүкiл кезең iшiнде:
      өндiрiстi ұйымдастыру және өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы техникасы үшiн қажеттi қосалқы бөлшектердiң шығарылуын игеру;
      авто- және электр көлiгi құралдарының өз жанындағы өндiрiстiк базасын дамыту;
      теледидар, компьютер, есептеу аппаратурасының және халық шаруашылығына арналған аспаптардың өз жанындағы өндiрiстерiн дамыту көзделетін болады.
      Өндiрiстердi машина жасау кәсiпорындарының жанынан бас кәсiпорынның мұқтаждары үшiн құрауыштар шығаруға бағдарланған шаруашылық жүргiзудiң шағын нысандарын құруды ынталандыру жолымен жинақтау жағдайын жақсартуды көздеу қажет.
      Машина жасау кәсiпорындарын қолдаудың негiзгi шаралары:
      тапсырыстарды жабдықтардың жекелеген түрлерiн дайындауға орналастыру;
      елдiң қорғаныс және жұмылдыру қажеттiлiктерi үшiн мемлекеттiк сатып алу;
      басым инвестициялық жобаларға орта және ұзақ мерзiмдi кредит беру болады.
      Құрылыс материалдарының өнеркәсiбi
      Осы саланың кәсiпорындарында өнiмнiң өсуiне iшкi нарықта талап етiлетiн жаңа өнiм түрлерiн игеру есебiнен қол жеткiзiлетiн бол