Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы туралы

баяндама

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны

 

1. Кіріспе......................................................................................................................4

2. 2006 жылдың қорытындыларын талдау және экономиканы

    дамыту үрдістері.....................................................................................................4

3. Әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті қырлары.........................................6

4. Үкіметтің стратегиялық мақсаты..........................................................................8

5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған

    бағдарламасының басым бағыттары.....................................................................8

 5.1. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүргізу тиімділігін арттыру...10

   5.1.1. Мемлекеттік жоспарлау...............................................................................10

   5.1.2. Бюджеттік жоспарлауды жетілдіру............................................................11

   5.1.3. Фискалдық саясат.........................................................................................12

   5.1.4. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту...............................12

   5.1.5. Бәсекені дамыту............................................................................................14

   5.1.6. Табиғи монополиялардың қызметін реттеу...............................................15

   5.1.7. Бизнестік ортаны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау...............................16

   5.1.8. Корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу.............................................16

 5.2. Орнықты дамуға көшу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру    

       және адами капиталды дамыту.....................................................................17

   5.2.1. Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту.....19

   5.2.2. Ғылымды дамыту.........................................................................................21

   5.2.3. Медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз ету...............23

   5.2.4. Халықты әлеуметтік қолдау, көші-қон және еңбек қатынастары............25

   5.2.5. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамыту...........................28

   5.2.6. Мемлекеттік тілді және мәдениетті дамыту..............................................28

   5.2.7. Туризм мен спортты дамыту.......................................................................29

 5.3. Құқық тәртібін және өмір сүру қауіпсіздігін нығайту.............................30

 5.4. Экономиканы жаңғырту және әртараптандыру.......................................34

   5.4.1. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру.................34

   5.4.2. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту..............................................................36

   5.4.3. Минералдық шикізат кешенін дамыту.......................................................37

 5.5. Инфрақұрылымды дамыту...........................................................................38

 5.6. Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін 

       аумақтық даму..................................................................................................41

 5.7. Әлемдік экономикаға табысты кірігуді қамтамасыз ету........................43

 5.8. Жаңа жағдайларда әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аппаратты

        қалыптастыру..................................................................................................44

6. Үкімет Бағдарламасын іске асыруды құқықтық қамтамасыз ету.....................47

7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер............................................49

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. Кіріспе

Осы Баяндама Қазақстан Республикасы Конституциясының 67-бабының 2) тармақшасына сәйкес дайындалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің бағдарламасы туралы баяндаманың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы
10 қазандағы – «Қазақстан – 2030» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған Қазақстан Республикасының Даму стратегиясына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауына және Қазақстан Республикасының
2007 – 2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.

 

2. 2006 жылдың қорытындыларын талдау және экономиканы дамыту үрдістері

2006 жылы Үкімет отандық экономиканың тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, еліміздің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмысты жалғастырды. Жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың нәтижелері мен экономика секторларының серпінді дамуы шынайы.

Алдын ала бағалау бойынша 2006 жылы ЖІӨ-нің жылдық өсімі болжамды мәннен 2,1 пайыздық пунктке арта түсіп, 2005 жылғы деңгейге қарағанда 10,6%-ды құрады. Бұл ретте халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 2006 жылдың қорытындылары бойынша  5083 АҚШ долларын құрады.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсімі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 7%-ды құрады, өңдеуші өнеркәсіпте – 7,3%, тау-кен өндіруде – 7%. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсімі 2006 жылы өткен жылмен салыстырғанда 7%-ды құрады. Көлік қызметтері 5%-ға, байланыс қызметтері 20,4%-ға ұлғайды. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 10,6%-ға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,1%-ға ұлғайды.

Сыртқы сауда айналымы 2006 жылы 37%-ға, оның ішінде экспорттың көлемі 37,3%-ға, импорт 36,4%-ға өсті.

Жұмыссыздардың саны 2,4%-ға азайды. Жұмыссыздық деңгейі
2005 жылғы 8,1%-ға қарағанда 7,8%-ды құрады. Халықтың нақты ақшалай кірістері бағалау бойынша  10%-дан астам өсті.

Қаржы секторы экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі болып табылды. Алдын ала деректер бойынша экономикаға кредиттердің көлемі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 82,7%-ға –
4736 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Банк жүйесіндегі депозиттердің көлемі
2006 жылы 88,4%-ға ұлғайып, 2007 жылғы 1 қаңтарда 3115 млрд. теңгені құрады.

Ұлттық Банк пен Үкімет қабылдап жатқан шараларға қарамастан,
2006 жылы инфляция деңгейі жеткілікті түрде жоғары деңгейде сақталды – 8,6%. Инфляция өсімінің түйінді факторларының ішінде банк жүйесінің жоғары өтімділігі, кірістердің және халықтың тұтынуының өсуі, мемлекеттік бюджет шығыстарының едәуір қарқынды өсуі, инфляция импорты байқалып отыр.

Ұлттық Банк инфляциялық әлеуетті ұлғайтуды болдырмау және экономиканың «қызып кету» қаупін төмендету үшін ақша-кредит саясатын қатаңдаттырды. Өткен жылдың басынан бастап кері қаржылдандырудың ресми ставкасы екі рет арттырылды: 1 сәуірден бастап – 8,0%-дан 8,5%-ға дейін, ал
1 шілдеден бастап 9,0%-ға дейін. Екінші деңгейдегі банктерден тартылатын депозиттер бойынша ставкалар 3,5 %-дан 4,5 %-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайды, қысқа мерзімді ноталар бойынша кірістілік 4,95 %-ға дейін (тиімді кірістілік) өсті.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту, оны халықаралық капитал нарығымен кіріктіруді қамтамасыз ету, еліміздің экономикасына инвестициялар тарту мақсатында Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы, сондай-ақ оның қызметін ретейтін Агенттік құрылды.

Ұлттық қордың активтері 14 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Алтын-валюта резервтерінің көлемі олардың есебінен 33 млрд. АҚШ долларынан асты. 

2006 жылдың ішінде мемлекеттік бюджетке түсетін кірістердің жоспарын тұрақты түрде асыра орындау байқалды.

Көлік стратегиясын және Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясын іске асыру басталды, Өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы, Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару тұжырымдамасы әзірленді, салық заңнамасы жетілдірілді, «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының едәуір жақсарғанына қарамастан, тұтастай алғанда,  экономикалық тұрақтылыққа әсер етуге, экономиканың «қызып кету» қаупін күшейтуге қабілетті белгілі бір факторлардың бар екендігін атап өткен жөн, бұл өз кезегінде, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінен көрініс табады.

 

3. Әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті қырлары

Қазақстанның экономикасы шетелдік валютаның үлкен ағыны, нақты және банк секторларының сырттан қарыз алу көлемінің, сондай-ақ шетелдік инвестициялардың өсуі жағдайында дамуда. Мұның барлығы экономикаға және теңгенің айырбас бағамына нығаю жағына қарай инфляциялық қысым көрсетеді. Экономиканың қаржылық тұрақтылығы үшін қатер туады. Кредиттік қоржынның шетелдік капиталдың есебінен кеңеюі экономиканың өсуі баяулаған және әлемдік нарық конъюнктурасы әлсіреген жағдайда банктер мен шаруашылық жүргізуші субъектілер активтерінің сапасына кері әсер етуі мүмкін.

Кредит беруді салалар бойынша шоғырландыру проблемасы орын алып отыр, себебі берілген кредиттердің негізгі үлесі саудаға, құрылысқа, өндірістік емес салаға және жеке кәсіпкерлікке тиеді, бұл экономиканың жекелеген салаларының «қызып кетуіне» ықпал етуі мүмкін.

Экономиканың шикізатқа бағытталуы әлі күнге дейін үстем болып отыр. Инвестициялардың ең көп ағыны өндіруші секторға бағытталуда. Шикізатқа қатысты емес экспорт төмен деңгейде қалып отыр. Экономиканы әртараптандыру мен жаңғырту әлеуеті іске асырылмаған.

Ғылымды дамытудың басымдықтары анықталмаған. Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру аяқталмаған. Еліміздің экономикасын әртараптандыруға бағытталған жүйе құрайтын ірі инвестициялық жобалар бойынша нақты нәтижелер жоқ.

Отандық ірі бизнес экономиканы әртараптандыру үдерісіне толық шамада тартылмаған. Екінші деңгейдегі банктер өңдеуші өнеркәсіптің жобаларын қаржыландыруға ұмтылмайды.

Инфрақұрылым мен қызметтер көрсету сапасы елдің экономикалық даму деңгейіне сәйкес келмейді. Бұл көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің, оның ішінде медициналық және білім беру қызметтерінің сапасына да қатысты.

Орташа өмір сүру ұзақтығы төмен күйінде қалуда. Ана мен бала өлімінің жоғары көрсеткіші сақталуда.

Еліміздің халқының өмір сүру сапасының жеткіліксіз жоғары деңгейіне, демографияға, экономиканың жоғары ресурс және энергия сыйымдылығы мен қоршаған ортаның ластануына байланысты проблемалар сақталуда.

Мемлекеттік басқару жүйесінде әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі жұмыс созылып кетті.

Бұлардың барлығы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторлардың теңгерімін қамтамасыз ету негізінде еліміздің тұрақты дамуы жөніндегі нақты шараларды талап етеді.  

Қазақстан экономикадағы құрылымдық өзгерістердің тиімділігін күшейткен кезде ғана бәсекеге нақты қабілетті болады.

 

4. Үкіметтің стратегиялық мақсаты

Үкімет қызметінің орта мерзімді кезеңдегі стратегиялық мақсаты орнықты даму қағидаттарының негізінде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

Үкімет күш-жігерді Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және еліміздің азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы институционалдық және экономикалық жағдай жасауға барынша бағыттайды. Бұл Қазақстанның таяу он жылда әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі жөніндегі стратегиялық міндетті шешуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасының мынадай басым бағыттары белгіленген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасының басым бағыттары

5.1. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүргізу тиімділігін арттыру

Экономикалық саясатты жүргізудің тиімділігін арттыру бөлігінде мемлекеттік жоспарлау жүйесін, бюджет-салық және ақша-кредит саясатын реформалау, қаржы секторын дамыту, табиғи монополиялар қызметін реттеу, бәсекелестікті және кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу жолымен бірқатар міндеттерді шешу алда тұр.

Экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру нәтижелерге бағдарланған басқару жүйесін енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Үкімет мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік және бюджеттік бағдарламалардың, сондай-ақ әрбір мемлекеттік органның нәтижелілігі мен тиімділігінің мақсатты индикаторларын әзірлейді және енгізеді. Осыған жоспарлау, үйлестіру және бақылау жүйесі бағытталатын болады.

Нарықтық қатынастар жағдайында мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың қызметін стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағдарлауға мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады.

Үкімет қолайлы салық және инвестициялық ахуал жасау, бизнесті дамыту жағдайын қамтамасыз етеді, әкімшілік кедергілерді жою, экономиканың өнімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жандандырады.

Бизнесті дамыту мәселелеріне төрешілдік араласуды азайтуға ден қоя отырып, экономиканы мемлекеттік реттеу әдістері жетілдірілетін болады. Кәсіпкерлікпен қарым-қатынастар әріптестік, шындық және айқындылық қағидаттарында құрылатын болады. Осымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерінің негізі ретінде жеке меншік институтын нығайту жөніндегі шараларды қабылдау жоспарлануда.

 

5.1.1. Мемлекеттік жоспарлау

Мемлекеттік жоспарлау елдің бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ету жөніндегі үдерістерді сүйемелдеуге және басқаруға бағытталатын болады.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін орнықты өсіру стратегиясы, сондай-ақ стратегиялық, орта мерзімді және бюджеттік жоспарлау, барлық жоспарлау субъектілерінің мониторингі, оларды бақылау мен олардың жауапкершілігі, мемлекеттік басқару органдарының қызметін түпкі нәтижелерге бағыттау мәселелерін регламенттейтін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі бірқатар нормативтік құқықтық актілер әзірленетін болады.

Мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік және бюджеттік бағдарламалардың мазмұнына, оларды әзірлеу және бекіту, іске асыру рәсімдеріне қойылатын талаптар өзгертіледі.

Мыналар жөніндегі нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады:

мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспарлауды енгізу;

мемлекеттік органдардың қызметін түпкі нәтижелерге қол жеткізу мәніне бағалау;

мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік, бюджеттік бағдарламаларды орындау тиімділігінің және мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі прогрестің мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру, мемлекеттік статистикалық есеп беруді қайталауды болдырмау.

Экономикалық болжамдарды әзірлеу әдіснамасы жетілдірілетін болады.

Мемлекеттік органдар ұсынатын шешімдердің экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейіне әсер етуін бағалаудың арнайы тетігін әзірлеу алда тұр.

 

 

5.1.2. Бюджеттік жоспарлауды жетілдіру

Үкімет бюджеттік жоспарлауды жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.

Осы жұмыстың негізгі мақсаты нәтижелерге бағдарланған бюджеттік жоспарлау жүйесін енгізу болады.

Мұндай жүйе мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының өнімділігін арттыру құралы ретінде пайдаланылатын болады.

Бұл нәтижелерге бағдарланған бюджетке кезең-кезеңмен көшуді, сондай-ақ «тапсырыс беруші-орындаушы» моделі бойынша, бірінші кезекте, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісім-шарттық міндеттемелерді енгізуді болжайды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалануда көбірек дербестік беру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Қоғам үшін ашық есеп беру жүйесі енгізіледі, сондай-ақ ішкі және сырттан бақылау жүйесі жолға қойылады.

Бюджет қаражатын жұмсау бағыттары елдің стратегиялық (бағдарламалық) құжаттарымен өзара байланыста болады және экономиканы әртараптандыру әрі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша айқын басымдықтарға ие болады. Тиімсіз шығыстар қысқартылады.

Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды бағалау және мониторингтеу әдістемесі енгізіледі, оларды дайындауға қойылатын талаптар күшейтіледі.

Салмақты фискалдық және ақша-кредит саясатын жүргізу үшін мемлекеттік бюджет шығыстарының өсу қарқыны экономиканың өсу қарқынымен өзара байланыста болады.

Экономиканың шикізат секторына тәуелділігін төмендету және бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығын қысқарту мақсатында Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тетігін жетілдіру алда тұр.

Жоспарлы кезеңге арналған бюджет қаражатының көлемін айқындау кезінде белгіленген индикаторларға қол жеткізу деңгейі және бюджеттік бағдарламаларды орындау тиімділігі ескерілетін болады.

Сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге де көңіл бөлінеді.

Орта мерзімді кезеңдегі жаңа бюджетаралық қатынастар жүйесі жобасының негізгі ережелері бүкіл ел бойынша бірдей қызметтер көлемін көрсетуді және олардың сапасын ескере отырып, өңірлердің қаржыландыруға объективті қажеттіліктерін есептеуге мүмкіндік беретін көрсеткіштерді айқындау болады.

 

5.1.3. Фискалдық саясат

Фискалдық саясат ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жағдайында салық-бюджет құралдарын, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамудың басым міндеттерін шешу үшін тиімді қолдануды көздейді.

Үкімет салықтық әкімшілік етуді жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Салық саясаты елдің индустриялық-инновациялық дамуын ынталандыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, көлеңкелі экономика үлесін қысқартуға және экономикадағы салықтық жүктеменің ұтымды теңгерімін құруға бағытталатын болады. Салықтық жеңілдіктер бойынша терең талдау жүргізу, олардың экономиканың тиімділігіне әсер ету дәрежесін бағалау міндеті алда тұр.

Салықтық ауыртпалықтарды заңды тұлғалардың кірістерінен жеке тұлғалардың кірістеріне қайта бөлу міндеті кезең-кезеңмен шешілетін болады, сондай-ақ халықтың кірісі мен шығысын жалпы декларациялауды енгізу мәселесі зерделенеді.

Тұтастай алғанда, жүргізіліп отырған салмақты фискалдық саясат бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін тиімді орындауға және шығыстарды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына бағдарлауға бағытталған.

Мемлекеттік сатып алу саласында  мемлекет пен бизнестің мүдделерін ескеретін және мемлекеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігі мен икемділігіне ықпал ететін жүйе қалыптастырылатын болады.

 

5.1.4. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту

Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту саласында Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің негізгі күш-жігері инфляциялық үдерістерді реттеудің тиімділігін арттыруға және қаржы секторын дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Ақша-кредит саясаты инфляцияның болжалды деңгейін ұстап тұру үшін ақша-кредит саясаты шараларының тиімділігін арттыру, валюталық реттеу мен бақылауды қамтамасыз ету, төлем жүйелерінің жоғары технологиялық деңгейде жұмыс істеуі, тұтастай қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу сияқты міндеттерді шешуге бағдарланған.

Қабылданатын шаралардың ақша нарығының жай-күйіне әсер етуін одан әрі күшейту, ақша-кредит саясатының әр түрлі құралдары бойынша ставкаларды келісу жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Бұл ретте қаржы нарығындағы сыйақы ставкаларын реттеудің, сондай-ақ банктердің шамадан тыс өтімділігін стерильдеудің негізгі құралдары екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі қысқа мерзімді ноталары мен депозиттері болып қалады.

Ағымдағы және күрделі операциялар бойынша теңгенің толық айырбасталымдылығы жағдайында валюталық және қаржы нарықтарындағы ахуалдың мониторингі едәуір кеңейтілетін болады, сондай-ақ сыртқы экономикалық операциялар бойынша ақпараттық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Төлем жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қолдау мақсатында Ұлттық төлем карточкалары жүйесін дамытуға және төлем жүйелеріне арналған жаңа Резервтік орталық құруға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
2007 – 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Бұл ретте Үкімет Қазақстанның ТМД мен Орталық Азияда қаржы ағындарын тиімді қайта бөлуді қамтамасыз ететін өңірдің негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін барлық күш-жігерді жұмсайды.

Республиканың қаржы секторын одан әрі дамыту қызметтердің сапасын және оларға қол жетімділікті, сондай-ақ қаржы секторын реттеу стандарттарын арттыруға, өтімді қор нарығы мен оның құрамдастарын құруға, қаржы қызметтері нарығында бәсекені арттыру мақсатында қаржы секторын ырықтандыруға байланысты болады.

 

5.1.5. Бәсекені дамыту

Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бәсекелі ортаны дамыту және нарықты монополияландыруды болдырмау  мәселелеріне басым көңіл бөледі.

Осыған байланысты Үкімет бәсеке деңгейі жеткілікті дамымаған экономика салаларын айқындау, нарықты монополияландыру дәрежесін төмендету, жаңа компаниялардың нарыққа кіруін бөгейтін кедергілерді жою, монополияға қарсы органды институционалдық тұрғыдан қайта құруды жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасында биржалық сауданы дамыту жөнінде жұмыс жүргізуді ұйғарып отыр.

Үкімет нарықты негізсіз (жасанды) монополияландыру және «бір қолға» нарықтық шоғырландырудың жоғары дәрежесі орын алған экономиканың салалары мен секторларын айқындау мақсатында тауарлар мен қызметтердің ішкі нарықтарын талдауды ұдайы жүргізуді көздейді.

Темір жол көлігі саласында бір тауар нарығы шеңберінде жұмыс істейтін компаниялардың «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясымен аффилиирленуі жойылатын болады, қызметтер құрылымы қайта қаралады және оңтайландырылады, сондай-ақ олардың сапасы арттырылады.

Электр энергетикасы саласында басты, беретін және энергиямен жабдықтайтын ұйымдар арасындағы аффилиирленуді жою жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, сондай-ақ желілік ұйымдарға олардың қызметтерін пайдаланатын өзге де компанияларға тікелей немесе жанама түрде иелік етуге тыйым салынады.

Электр энергетикасы және темір жол салаларының нарығына қол жетімділікке бөгет жасайтын кедергілер жойылады.

Бәсекені дамыту мақсатында әлемдік тәжірибеге және ішкі нарық конъюнктурасына сәйкес байланыс саласын реформалау жалғастырылады.

Еркін және тең бәсекенің дамуына кедергі келтіретін себептерді жою мақсатында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге тексеріс жүргізілетін болады.

Тауар биржаларының ашық және тиімді жұмыс істеуін, оларда сатылатын тауарларға бағаларды қалыптастырудың айқын тетігін, биржалық саудаға қатысушылар арасындағы адал бәсекені қамтамасыз ететін «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын жаңа редакцияда әзірлеу жоспарлануда.

 

5.1.6. Табиғи монополиялардың қызметін реттеу

Тариф саясатын жетілдіру реттеуші органдардың рөлі мен функцияларын қайта қарау арқылы табиғи монополия субъектілерінің қызметін кешенді теңгерімді реттеу жүйесін құруға негізделетін болады. Тарифтер деңгейінің алдын ала белгілі болуын, реттелетін субъектілердің активтерін жаңартуға және жаңғыртуға инвестициялар көлемін өсіруді, олардың жұмыс істеуінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында Үкімет нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны жетілдіретін болады.

Осы мақсаттарды іске асыруды Үкімет «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда әзірлеу және реттеуші органға халықаралық тәжірибеге сәйкес экономикалық көп салалы реттеушінің функцияларын бере отырып, оның рөлін арттыру жолымен жүзеге асыратын болады.

 

5.1.7. Бизнестік ортаны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау

Бизнестік ортаны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау рұқсат беру жүйесін реттеу, қайталауды жою және лицензиялау, сертификаттау, стандарттау, аккредиттеу сияқты рұқсат беру рәсімдерін қысқарту жөніндегі міндеттерді шешуді, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың неғұрлым жоғары деңгейіне көшу үшін алғышарттар жасауды болжайды.

Осыған байланысты кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді, оның ішінде есеп берудің алуан түрлерін оңтайландыру жолымен одан әрі  қысқарту көзделетін болады. Барлық кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына көшу үдерісін толығымен аяқтау жоспарлануда.

Үкімет шағын кредит беруді дамытуды ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының, бизнес-инкубаторлардың қызметін жандандыру, Қазақстанның барлық өңірлерінде «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының өкілдік желісін кеңейту жөніндегі шараларды қабылдайтын болады.

 

5.1.8. Корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу

Корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу мемлекеттік және жеке меншік секторлардағы басқарудың тиімділігін және транспаренттік қызметті арттыруға бағытталған.

Үкімет, бірінші кезекте, барлық мүдделі тараптардың Қазақстандағы корпортивтік басқару жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігерін шоғырландыруға бағытталған дәйекті шараларды қабылдайтын болады.

Мемлекеттік холдингтер мен акционерлік қоғамдарда мемлекеттің қатысуымен тәуелсіз директорлар институтын енгізу және олардың жұмысының тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін әзірлеу әрі белгілеу жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Мемлекеттік холдингтер қызметінің нәтижелерін бағалау жүйелі және тұрақты негізге қойылады. Даму институттарының сырттан қарыз алу рәсімдерін мемлекеттің жалпы қарыз алу саясатымен келісуі маңызды аспект болып табылады.

Мемлекеттік холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметі салаларының аражігі айқын ажыратылатын болады және оларға мемлекеттік меншіктің қажетті объектілері беріледі.

Үкімет мемлекеттік органдарда корпоративтік басқару қағидаттарын кезең-кезеңмен енгізуді және қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны қайта қарауды жоспарлап отыр.

 

5.2. Орнықты дамуға көшу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту

Үкімет қызметінің басына экономикалық салауаттылықтан, тиімді білім беру, денсаулық  сақтау жүйесінен, белсенді әлеуметтік саясаттан, демографиялық тұрақтылықтан және қоршаған ортаның жай-күйінен құралатын ел халқының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қойылатын болады.

Орнықты дамуға көшу мақсатында Экологиялық кодекс ережелерін практикада іске асыру қамтамасыз етіледі, қайта жаңартылатын энергия ресурстары мен көздерін тиімді және ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар кешені әзірленетін және қабылданатын болады. Өндіріс қалдықтарын басқаруға және тұтынуға бірыңғай көзқарас әзірленетін болады. Үкімет әрбір өңір бөлінісінде және салалар бойынша орнықты дамудың әр түрлі  аспектілерін сипаттайтын мақсатты көрсеткіштер мен индикаторларды енгізуді қамтамасыз етеді.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы экологиялық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану міндеттерін шешумен, қазіргі заманғы экологиялық стандарттарды енгізумен бірге жүретін болады. Өнімділікті арттыру, материалды қажетсінуді азайту, өндірістік қалдықтарды және қоршаған ортаға зиянды әсер етуді азайту ең озық және экологиялық таза технологияларды пайдалануға негізделетін болады.

Үкімет өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыруға және кәдеге жаратуға мемлекеттік бақылауды күшейту, табиғатты ұтымды пайдалануды ынталандырудың пәрменді экономикалық тетігін әзірлеу, кәсіпорындарда экологиялық менеджменттің қазіргі заманғы әдістерін, сондай-ақ ИСО-14001 сериялы халықаралық экологиялық стандарттарды енгізу жолымен қоршаған ортаның ластану деңгейін азайту міндетін шешуді жоспарлап отыр.

Үкімет орман ресурстарының, жануарлар әлемінің, табиғи-қорық қоры объектілерінің, табиғи және мәдени мұраның сақталуы әрі ұтымды пайдаланылуы үшін өз жауапкершілігін толық көлемде сезінеді.

Каспий өңірінің экожүйесін сақтау маңызды міндет болып табылады. Үздіксіз экологиялық мониторинг қағидаты енгізіледі, мұнай компанияларының қызметінен болатын экологиялық залалды бағалау әдістемесі әзірленеді, осы проблеманы халықаралық-құқықтық реттеу тетігі жандандырылатын болады.

Қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешуде барлық қазақстандықтар өздерінің жауапкершілігін сезінуі қажет және әсіресе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызы зор. Үкімет экологиялық білім беруді енгізу, экологиялық білімді насихаттаудың рөлін арттыру жөніндегі қызметті күшейтетін болады. Тазарту құрылыстарын пайдалану, сумен жабдықтау, қалдықтар, көгалдандыру мәселелері қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі шеңберінде шешілетін болады.

Елдегі демографиялық үдерістерді дамыту жөнінде нақты шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі пісіп жетілді.

Үкімет халықтың денсаулық жағдайын, оның ішінде ұрпақты болу денсаулығын жақсарту жөнінде, сондай-ақ бала тууды ынталандыру, отбасы институтын нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдайды.

Халықты сапалы ауыз сумен неғұрлым толық қамтамасыз ету, тамақтану стандарттарын жетілдіру, өндірісте және тұрмыста қауіпсіздік мәдениетін енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

 

5.2.1. Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту

Үкіметтің білім беру саласындағы қызметінің негізгі мақсаты білім берудің, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың нақты экономикалық шарттарға барабар бәсекеге қабілетті жүйесін құру болып табылады.

Үкімет өзінің күш-жігерін мемлекеттің қаржы ресурстарын тиімді бөлу кезінде халыққа сапалы қызметтер көрсету үшін уәждеме жасайтын білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделін құруға шоғырландырады. Бұл ретте көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылаудың тиімді тетіктері енгізілетін болады және білім беру саласындағы бірыңғай саясатты жүргізу жөніндегі үйлестіру күшейтіледі.

Басқарудың жаңа моделі нысаналы индикаторларды белгілеу жолымен нәтижелерге қол жеткізуге, бүкіл республика бойынша мектептегі және мектепке дейінгі білім беру қызметтерін біркелкі және тең көрсетуді қамтамасыз етуге бағдарланатын болады. «Тапсырыс беруші-орындаушы» моделі бойынша келісім-шарттық қатынастар және нысаналы индикаторларға қол жеткізу жөнінде есеп беру жүйесі енгізілетін болады.

Осы жұмыстың шеңберінде орта білім беру саласындағы ұйымдарға қаржы ресурстарын басқаруда неғұрлым жоғары дәрежелі дербестік беру, сондай-ақ еңбекақы төлеуді ынталандыратын жүйе енгізу болжанады.

Мектепке дейінгі тәрбие саласында күш-жігер балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен  қамту деңгейін ұлғайтуға шоғырландырылады.

Мектепке барар алдындағы даярлық бөлігінде қамту 5 – 6 жастағы балалардың жалпы санының 80 %-ына дейін ұлғаятын болады. Қазіргі уақытта  мектепке барар алдындағы даярлықпен қамту шамамен 77 %-ды құрайды.

Басымдықтар қатарына кемтар балалар үшін арнайы білім беруді дамыту жатқызылған.

Жалпы орта білім беру саласында 12 жылдық орта білім беруге  кезең-кезеңімен көшу, отандық оқулықтарды әзірлеу мен енгізу, білім беру үдерісінде  қазіргі заманғы  ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды  белсенді түрде қолдану жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Білім беру үдерісі  оқушылардың  компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруға, оқытудың бастапқы кезеңдерінен бастап мектеп бағдарламасындағы математикалық және техникалық пәндер үлесінің едәуір артуына бағытталатын болады. Мемлекеттік жалпы орта білім беру мекемелерін физика, химия және биология кабинеттерімен, лингофондық және мультимедиялық кабинеттермен  жарақтандыру жалғастырылатын болады.

«Мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім беру желісі» (МАБЖ) енгізілетін болады. 2008 жылы оқушылардың компьютерлермен қамтамасыз етілу деңгейі 20 оқушыға біреуден келетін болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Үкімет Еуропалық Одақтың халықаралық ұйымдары таныған кәсіби біліктілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік стандарттарды жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұйғарып отыр.

Республиканың индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамандарын, сондай-ақ даму үстіндегі ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне барабар «мемлекет – оқу орындары – жұмыс берушілер» атты өзара іс-қимыл жасаудың жаңа моделін дайындау жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Күш-жігерді техникалық білім беруді дамытуға шоғырландыра отырып, мемлекеттік және жеке меншік жоғары оқу орындарын біріктіру мен нығайту үдерісін ынталандыру, сондай-ақ оқитын студенттердің санын халық санына қатынасы бойынша оңтайлы мәнге келтіру жоғары кәсіптік білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі болады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысының тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік гранттың мөлшері мамандыққа және жоғары оқу орнының мәртебесіне қарай түрлендіріліп отыратын болады.

Үкімет жоғары білімнің мазмұны мен сапасын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келтіру жөнінде жұмыс жүргізетін болады. Ол үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілер мен инвесторларды тарта отырып, оларды жаңарту алда тұр.

Жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды арттыру әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, басқару сапасын арттырумен бірге жүретін болады. Үкімет шетелдік жетекші университеттерден оқытушылар тарту үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

 

5.2.2. Ғылымды дамыту

Ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру жөніндегі жағдайды қалыптастыру, білімнің ғылыммен бірігуі, сондай-ақ Қазақстан ғылымының әлемдік ғылыммен бірігуі есебінен жаңа ғылыми білімдерді тиімді түрде  құруды, оларды қолдау мен пайдалануды қамтамасыз ететін ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру Үкіметтің ғылым саласындағы негізгі мақсаттары мен міндеттері болып табылады.

Ғылымды дамытудың 2007 – 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы саланы дамытуды айқындайтын негізгі бағдарламалық құжат болады.

Басым бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер болашақ инновациялық экономиканы жасау үшін негіз болады.

Қабылданған халықаралық практикаға сәйкес білімді молықтыру мен отандық кадрлар даярлау жүйесі болуға негізделген университеттік ғылым құрылатын болады. Жоғары оқу орындарының жанынан  ғылымды дамытудың 5 басымдығына сәйкес келетін инженерлік бейіндегі 15 зертхана ашылатын болады.

Шетелдік үздік ғалымдар тартылатын жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламалардың тәуелсіз сараптамасы ғылыми жобаларды іріктеу мен бағалау жүйесінің аса маңызды буыны болады. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді  қаржыландырудың гранттық жүйесі дамиды.

Жобалау ұйымдары мен инжинирингтік компанияларды құру ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің түйінді факторы болады. Осы ұйымдар технологиялар трансфертінің нақты құралына айналады.

Үкімет жас ғылыми кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі арнаулы бағыттағы саясатты жүргізетін болады. Қазақстандық ғалымдардың халықаралық тағылымдамаларына бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғайтылатын болады.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жанынан халықаралық сараптама кеңесі құрылатын болады, оның негізгі міндеті ғылымды дамытудың әлемдік трендтерін және отандық ғылыми-техникалық әлеуетке сараптама жүргізу болады.

Ұлттық компаниялармен бірлесіп, олардың негізгі қызметіне ілеспелі болжанатын перспективалық проблемаларды шешуге бағытталған арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлеу алда тұр. Шетелдік ғалымдарды, ұйымдарды тарта отырып, қазақстандық ғылыми жобаларды және халықаралық бағдарламалар  мен  жобаларды іске асыру да ұйғарылып отыр.

Елді ғылыми-техникалық дамытудың 5 басымдығына сәйкес барлық ғалымдар мен ғылыми ұжымдар, сондай-ақ жеке меншік сектор үшін ашық қол жетімді 5 ұлттық зертхана мынадай бағыттар бойынша құрылатын болады: нанотехнологиялар, биотехнологиялар, ядролық технологиялар, көмірсутегі және тау-кен металлургия өнеркәсібіне арналған жаңа технологиялар, сондай-ақ ғарыш технологиялары.

Ұлттық ғылыми зертханалардың қызметі мемлекеттік саясат пен жеке бастама үшін бағдар ретіндегі ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың белгіленген басымдықтары шеңберінде халықаралық стандарттар негізінде жүзеге асырылатын болады.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілетін болады.

 

5.2.3. Медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз ету

Медициналық көмекті әлемдік стандарттарға жақындата отырып, оның қол жетімділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз ететін жағдайды қалыптастыру, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуды жүргізу есебінен қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілетті жүйесін құру денсаулық сақтау саласындағы негізгі мақсаттар мен міндеттер болып табылады.

Үкімет мемлекеттің қаржы ресурстарын тиімді бөлген кезде халыққа сапалы медициналық қызметтер көрсетуге тиіс денсаулық сақтауды басқару жүйесін реформалау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Әлемдік стандарттарға кезең-кезеңімен қол жеткізе отырып, медициналық көмектің сапасын арттыру аурулардың алдын алу мен оларды емдеудің қазіргі заманғы технологияларын енгізу есебінен, оның ішінде шетелдік озық әдістерді пайдалану арқылы қамтамасыз етілетін болады. Осыған байланысты 2007 жылдан бастап денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу, тәуелсіз сараптама және ауруханаішілік менеджмент сияқты тетіктер мен құралдар енгізілетін болады.

Астана қаласында медициналық кластер құру шеңберінде шетелдік жетекші компанияларды оларды басқару үшін одан әрі тарта отырып, жаңа алты медициналық орталықтың құрылысы аяқталады.

Сала құрылымын жетілдіру мақсатында денсаулық сақтау объектілерінде қажеттілікті анықтау әдістемесі әзірленетін болады. Бұл қазіргі бар және жаңадан іске қосылатын денсаулық сақтау объектілерін тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, олар көрсететін медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттырады.

Бұдан басқа, медициналық қызметтің ашықтығына, есептілігіне және оны жетілдіруге ықпал ететін тиімділік индикаторлары әзірленетін және енгізілетін болады.

Қан айналымы жүйесі ауруларынан, туберкулезден, АҚТҚ/ЖҚТБ-дан және басқа да әлеуметтік маңызды аурулардан қайтыс болуды азайту, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу алда тұр.

Жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілетін болады, дәрілік заттарды сатып алу, дәрімен қамтамасыз етудің сапасын бақылау жүйесі жақсартылады, сондай-ақ фармацевтикалық сектор мониторингінің қазіргі заманғы әдістері енгізіледі.

Денсаулық сақтаудың түйінді проблемасы медициналық білім берудің сапасы болып қала береді. Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалаудың 2006 – 2010 жылдарға арналған  тұжырымдамасын іске асыру жалғастырылады, білікті медициналық және фармацевтикалық кадрларды халықаралық стандарттар негізінде даярлаудың жаңа жүйесін енгізу үшін жағдай жасалатын болады.

Ғылыми зерттеулерді басқару халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.

Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін, сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтауға телемедициналық кешендерді енгізу жалғастырылады. Ауылда кадрларды орнықтыру тетігі әзірленетін болады.

Жеке меншік медицинаны одан әрі дамыту үшін жағдай жасалатын болады.

Денсаулық сақтауда еңбекақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

2007 жылы денсаулық сақтау саласын басқару сапасын арттыру мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасы әзірленетін болады.

 

5.2.4. Халықты әлеуметтік қолдау, көші-қон және еңбек қатынастары

Халықты әлеуметтік қорғаудың тиімді көп деңгейлі жүйесін қалыптастыру, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту, аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін жетілдіру, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін және еңбек нарығының ұтқырлығын арттыру, біліктілік пен еңбек өнімділігін арттыру, көші-қон саласында неғұрлым тиімді саясатқа көшу есебінен ерлер мен әйелдердің қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында тең құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асыру үшін халықты әлеуметтік қамтамасыз етудің, жұмыспен қамтудың, оның көші-қонының тиімді жүйесін қалыптастыру халықты әлеуметтік қолдау саласындағы негізгі мақсаттар мен міндеттер болып табылады.

Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдай жасау мақсатында гендерлік саясатты мемлекеттік қолдаудың заңнамалық және институционалдық тетіктері құрылатын болады.

Үкімет әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеудің, әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында келісімге қол жеткізудің тетігі ретінде әлеуметтік диалогты одан әрі нығайту мен дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Мемлекеттің мүмкіндіктерін және зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ жүйесінің халықаралық қағидаттарымен жүрудің қажеттілігін ескере отырып, зейнетақы төлемдерінің деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Заңнаманы жетілдіру жолымен халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен және міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту жөніндегі жұмыс жандандырылатын болады.

Үкімет жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерін төлеу жүйесін жетілдіруді және зейнетақыны аннуитеттiк сақтандыруды дамытуды ұйғарып отыр.

Қаржы құралдарының тізбесін кеңейту және басқа да шаралар есебінен жинақтаушы зейнетақы қорлары кірістілігінің өсуін ынталандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында әлеуметтік диалогтың рөлін арттыру және жұмыс берушілердің қызметкерлердің пайдасына ерікті, кәсіптік аударымдарды жүзеге асыруы үшін шарттық әлеуетті белсенді түрде пайдалану алда тұр.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында Үкімет оларға төленетін жәрдемақыларды ұлғайтуды, сондай-ақ балалы отбасыларды әлеуметтік қорғауды одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Сапалы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамыту, оларды қоғамға кіріктіру үшін пәрменді шаралар құру арқылы мүгедектерге ерекше назар аударылатын болады.

Үкімет жұмыссыздарды оқыту мен қайта оқытудың, жұмыстан босатылған қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлаудың, жұмыссыздар үшін қоғамдық жұмыстар ұйымдастырудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, бизнестің жаңа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарын құруға қатысуына ықпал етуді ұйғарып отыр.

Жергілікті мамандарды кәсіби даярлау мен қайта даярлауға  ерекше назар аудара отырып, шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен алмастыру саясаты жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жағдайында ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған тетіктерді қалыптастыру алда тұр.

Көші-қон ағындарын реттеу мақсатында Үкімет елдің еңбек ресурстарына қосымша қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған ұзақ мерзімді көші-қон саясатын әзірлеуді ұйғаруда.

2008 жылы Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары құрылады, оралмандарға әлеуметтік жалға беру шарттарында тұрғын үй беру, мемлекеттік көмек шараларын оралмандардың өздерінің жеке құрылыс салуын дамытумен ұштастыру мүмкіндігі қаралады.

Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексінің негізінде еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау және жаңаларын қабылдау көзделеді.

Республика ұйымдарында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында еңбекті қорғауды басқару жүйесі жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметін жандандыру және олардың рөлін арттыру қамтамасыз етілетін болады.

Республика ұйымдарында өндірістік жарақатты азайту жөніндегі ескерту, алдын алу шаралары, сондай-ақ қауіпсіздік нормаларының сақталуын мемлекеттік және ведомстволық бақылау күшейтіледі.

Бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін олардың жұмысының сапасы мен тиімділігіне ден қоя отырып, одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

5.2.5. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамыту

Үкімет жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жағдай жасауға, жұмыспен қамту және тұрғын үй проблемаларын шешуге, жастарда азаматтық ынтымақтастық пен ортақтастық сезімдерін қалыптастыруға өз күш-жігерін  шоғырландырады.

Бұл үшін жастар саясаты саласындағы әлеуметтік қызметтердің стандарттары әзірленетін және енгізілетін болады.

Үкімет жастар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара өндірістік қатынастарға, жастар кәсіпкерлігін дамытуға көңіл бөлетін болады.

Жастарды техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандықтарын алуға ынталандыру жөніндегі шаралар да қабылданатын болады.

 

5.2.6. Мемлекеттік тілді және мәдениетті дамыту

Мәдени байлықты өсіруді қамтамасыз ету, ұлттың рухани әлеуетін дамыту, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтудың аса маңызды факторы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін арттыру Үкіметтің мәдениет саласындағы  негізгі мақсаттары мен міндеттері болады.

Мемлекеттік тілді оқыту мекемелерінің желісі кеңейтіледі, тілді әр түрлі салаларға ілгерілету үшін пәрменді құрал болатын мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін объективті бағалау жүйесі құрылады.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 – 2010 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде:

озық әдістемелік әзірлемелерді пайдалана отырып, мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру;

мемлекеттік тілдің беделін көтеру;

тіл туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Мемлекеттік тілді дамытумен қатар орыс тілінің еркін қолданылуы қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ шет тілдерін және, ең алдымен, ағылшын тілін үйрену үшін жағдай жасалатын болады.

Үкімет отандық мәдениет пен өнерді танымал ету, елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен тиімді пайдалану және оны қорғау мен пайдалану саласындағы  заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Халықты мәдениет саласындағы қызметтермен қамтамасыз етудің тұрақты жұмыс істейтін және ұдайы дамып отыратын қазіргі заманғы жүйесі қалыптасатын болады. Ол осы саладағы менеджментке инновациялар мен қазіргі заманғы технологияларды тартуға ықпал ететін болады.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғыртуға кезеңдік негізде кірісу қажет. Бұл жерде де басқару әдістерінің инновациялық құраушысын күшейтуге негізгі назар аударылатын болады.

Үкімет қызметінің аса маңызды міндеттерінің бірі әр түрлi дiни сенiмдегi дiни бiрлестiктер арасында өзара түсіністікті, төзімділікті одан әрі нығайту болады. Еліміздің серпінді дамуы үшін басты шартты қамтамасыз ететін Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы жетістіктерін нығайтқан жөн.

 

5.2.7. Туризм мен спортты дамыту

Үкіметтің туризм саласындағы алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерінің бірі туристік кластерді одан әрі дамыту болады. Қапшағай су қоймасының жағалауында және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында туризм мен ойын-сауық объектілерінің, Каспийде жағажайлық және круиздік туризмнің дамыған инфрақұрылымы бар туристік орталықтар құрылатын болады. Жібек жолы бойынша туризм одан әрі дамиды.

Қазақстанның оң туристік беделін қалыптастыру жөніндегі жұмыс  жалғастырылатын болады. Осы мақсатта жеке меншік сектормен бірлесіп, Қазақстанда да, одан тысқары жерлерде де ақпараттық орталықтар ашу мәселесі егжей-тегжейлі пысықталатын болады.

Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туристік қызметтер мен сервис деңгейін енгізуге, сондай-ақ визалық қолдау мен қауіпсіздікке ерекше назар аударылатын болады.

Үкіметтің спортты дамытудағы негізгі міндеті қазақстандық спортты ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету  мақсатында дене тәрбиесі мен спортты мемлекеттік реттеу мен қолдаудың тиімді тетігін жасау болады.

Спорттың халықаралық талаптарға жауап беретін инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыс, оның ішінде 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін халықаралық спорт ұйымдарының талаптарына сәйкес инфрақұрылым құру жалғастырылады.

Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға және спорт инфрақұрылымын құруға ерекше көңіл бөлінеді.

Жаттықтырушылар құрамын материалдық ынталандыру жөніндегі шараларды заңнамалық бекіту қамтамасыз етіледі және біліктілікті арттыру орталықтарын құру мәселелері пысықталады.

Спортты дамыту мәселелерін ғылыми қамтамасыз ету мақсатында жоғары жетістіктер спорты проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру жоспарланып отыр.

 

5.3. Құқық тәртібін және өмір сүру қауіпсіздігін нығайту

Қауіпсіздік пен құқық тәртібін нығайту, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес мәселелері айрықша назар аударуды талап етеді. Қылмыс өзінің барлық көріністерінде, сондай-ақ терроризмнің, діни экстремизмнің таралу қаупі елдегі одан арғы әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды тежейтін факторлардың бірі болып табылады.    

Үкімет ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды жетілдіру, қылмысқа қарсы іс-қимыл стратегиясы мен тактикасын қалыптастыру, құқық тәртібін нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіруші болады.

Құқық қорғау органдарының алдын алу қызметі жандандырылады, елдегі құқық бұзушылықтардың алдын алудың жалпымемлекеттік жүйесін құру және осы жұмысқа азаматтық қоғам институттары мен халықты кеңінен тарта отырып, оның жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.

Құқық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарын неғұрлым тиімді пайдалану мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар арасында азаматтарды құжаттандыру әрі тіркеу, мемлекеттік көші-қон саясатын іске асыру, кәмелетке толмағандар мен алькогольдік мас күйіндегі адамдарды уақытша оқшаулау функцияларын  қайта бөлу жөнінде шаралар қабылданады.

Есірткі мен есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік және қоғамдық іс-қимыл жүйесін жетілдіру шеңберінде қосымша күш-жігер есірткіге қарсы насихатқа, есірткіге тәуелді адамдардың алдын алу, оларды емдеу және әлеуметтік оңалту жөніндегі іс-шаралардың нәтижелілігін арттыруға, есірткі трафигінің арналарын анықтауға және жолын кесуге, есірткі қылмысына қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын болады. Сондай-ақ есірткінің таралу фактілері орын алған казино, басқа да көңіл көтеру орындарының, жастардың бос уақыттарын өткізу және демалыс орындарының басшылары мен иелерінің жауапкершілігін қатаңдату жоспарланып отыр.

Елдегі болашақ криминогендік жағдайды белгілі бір дәрежеде бүгінгі жасөспірімдер қылмысы алдын ала айқындайды. Үкімет ата-анасының қамқорлығынсыз және өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың белгілі бір санатын әлеуметтік оңалту мәселелерін шешуді ұйғарып отыр.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа қабылдауға әрі тұрмыстық орналастыруға мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарды ынталандыруға бағытталған шаралар әзірленеді.

Бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды оңалтуға және заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің кадр құрамын нығайтуға бағытталған пәрменді шараларды қабылдау жоспарланып отыр.

Үкімет қоғамдық тәртіпті қорғауды және көшелерде әрі басқа да қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмнің, діни экстремизмнің, заңсыз көші-қонның көріністеріне қарсы  іс-қимылды жандандыру деңгейін арттыру үшін күш-жігер жұмсайды.

Әлемдік көші-қон үдерістерін жандандыру қарқынын, Орталық Азия көші-қонының ерекшеліктерін және осыдан туындайтын проблемалардың өсуін ескере отырып, шекаралық және паспорттық бақылаудың тиімділігін арттыру, көші-қон полициясының және басқа да тиісті органдардың қызметін нығайту және кеңейту, көші-қон саласындағы құқықтық базаны жетілдіру жөнінде қосымша шаралар қабылданатын болады.

Азаматтардың өтініштерін тіркеу, алдын ала тергеу жүргізу мен анықтау кезінде, оның ішінде тергеушілердің іс жүргізу тәуелсіздігін нығайту, олардың мәртебесін арттыру арқылы заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады. Жиынтығында осы шаралар тергеу және сот қателерін азайтуға мүмкіндік береді.

Жол қауіпсіздігінің өсуін және жол-көлік оқиғалары құрбандарының санын азайтуды көздейтін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу жоспарланып отыр.

Алдын алу және халықпен ақпараттық жұмыс істеудің кешенді жүйесі құрылады, балаларды оқытуға арналған қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды енгізе отырып, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу жүйесі түпкілікті түрде жаңғыртылады. Жүргізушілерді даярлау жүйесі түбегейлі жақсартылады. Жолдарда бақылаудың, сондай-ақ қалалардың көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру үшін жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдістері енгізілетін болады.

Азаматтық қорғаныс жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою саласындағы арта түскен міндеттерге сәйкес келтіріледі.

Біздің республикамыздың аумағындағы алуан түрлі табиғи және тау-геологиялық жағдай, өнеркәсіптің, әсіресе тау-кен өндіру және мұнай-газ салаларының дамуы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шараларды қабылдау қажеттілігін алдын ала айқындайды.

Халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөнінде инженерлік және қорғаныш іс-шараларын жүргізу Үкімет қызметі бағыттарының бірі болады. Жаңадан салынатын және қалпына келтірілетін объектілерде сейсмотұрақты құрылыс нормаларының сақталуын  бақылау күшейтіледі.

Өртке қарсы жағдайды, оның ішінде мемлекеттік орман қорын жақсарту мақсатында Үкімет алдын алу іс-шараларының қажетті кешенін қабылдайды.

Каспий теңізі бассейніндегі арта түскен өндірістік белсенділікті назарға ала отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою жөніндегі органдардың жұмысында аса маңызды бағыттардың бірі теңіздегі авариялық-құтқару қызметін құру және тұтастай алғанда су объектілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болады.

Болжауды, мониторингті жақсарту және табиғи қауіптерді ғылыми зерттеулерді тереңдету жөніндегі шараларға ерекше көңіл бөлінеді.

 

 

 

 

 

5.4. Экономиканы жаңғырту және әртараптандыру

 

5.4.1.  Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру

Экономиканы  жаңғырту және әртараптандыру жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың инвестициялық кезеңіне өту үдерісі жандандырылатын болады. Үкімет экономиканың шикізатқа қатысты емес басым секторларындағы «серпілісті» инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударады.

Инвестициялық белсенділікті ынталандыру минералдық-шикізат кешенінің, мұнай-химия саласының, машина жасаудың және басқа да басым салалардың аралас әрі ілеспелі өндірістерін дамыту саласында жүзеге асырылатын болады. Орта мерзімді перспективадағы негізгі міндет әлемдік деңгейде алғаш интеграцияланған мұнай-химия кешенін құру болып табылады.

Осы міндеттерді іске асыру шеңберінде Қазақстанның батыс өңірінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылатын болады. Сондай-ақ Маңғыстау облысында мұнай-химия технопаркін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар пысықталатын болады.

Әртараптандыру үдерістерін жеделдету үлкен мультипликативтік әсері бар жаңа технологиялық және жүйе құраушы өндірістердің дамуын ынталандыру арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Қазына» орнықты даму қоры шетелден өндірісінің бір бөлігі республика аумағында орналастырылуы мүмкін бірнеше жоғары технологиялық компанияларды сатып алуды  жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Экономиканың шикізатқа қатысты емес секторларына трансұлттық және ірі шетелдік компанияларды тарту жөніндегі арнайы бағытталған жұмыс жүргізіледі.

Ақпараттық технологияларды, биотехнологияларды, нанотехнологияларды, жаңа материалдарды, ғарыш индустриясын және           экономиканың басқа да секторларын дамыту жөніндегі инновациялық жобаларды іске асыру үшін трансфертті және дайын технологиялар импортын ынталандыру, патенттік белсенділікті арттыру, технопарктерді, университеттер мен бизнес-инкубаторларды нығайту, сондай-ақ тұтастай алғанда қазақстандық бизнестің инновациялық-кәсіпкерлік белсенділігін арттыру жөніндегі жұмыс жүргізіледі.

Шетелдік және отандық инвестицияларды тартудан басқа, шет елдердің нарығын белсенді игеруге, қазақстандық тауарлардың экспорттық экспансиясына ерекше ден қойылады. Осыған байланысты Үкімет Ұлттық экспорттық бағдарлама әзірлеуде және ол бекітілетін болады, оның шеңберінде перспективалық экспорттық тауарлар мен қызметтердің, әлемдік нарықтарға шығу стратегиясының тізбесі, сондай-ақ отандық экспорттаушыларды институционалды қолдау жүйесі  қалыптастырылады.

Экономиканы әртараптандыру және жаңғырту проблемаларын шешуге Үкімет ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ірі отандық бизнесті белсенді түрде тартатын болады. Еліміздің аумағында 5 – 6 кластерді құруға және дамытуға ірі компанияларды тарту, олардың шағын және орта бизнеспен өзара іс-қимылын, бұл ретте қосылған құнның неғұрлым жетілдірілген тізбектерін құра отырып, ынталандыру маңызды.

Үкімет тұрғын үй құрылысының әлеуметтік бағдарланған саясатын іске асыруға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға өз назарын аударады. Ипотекалық кредит беру және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі жетілдірілетін болады.

Бұл үшін тұрғын үй-коммуналдық саладағы заңнаманы жетілдіру, құрылыс индустриясы нарығын дамыту, қол жетімді жалға алатын тұрғын үй кешендерін салу, жер учаскелерін бөлу рәсімдерінің ашықтығы, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру жөнінде бірқатар шаралар қабылдау алда тұр. Көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасына да тұрақты назар аударылады.

Үкімет энергия үнемдеуші технологияларға өтуді ынталандыратын болады. Нысаналы энергия үнемдеу саясатын іске асыру жолымен ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы деңгейін азайту жөнінде шаралар кешені қабылданады. Үкімет энергияны тиімді пайдалануды ынталандыруға,  сондай-ақ энергетика саласына ғылымды қажетсінетін энергия үнемдейтін технологияларды енгізу тетіктерін әзірлеуге бағытталған энергия үнемдеу туралы заңнаманы қалыптастырады.

Үкімет Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын салалар бөлінісінде іске асырудың тиімділігі мен нәтижелілігінің нақты нысаналы көрсеткіштерін белгілейді.

Сондай-ақ Қазақстанның қор нарығының белсенділігін арттыру жөніндегі тетік әзірленеді, бұл капитал тарту көздерін әртараптандыруға,    оның құнын азайтуға және халық үшін қаржы құралдарының тізбесін кеңейтуге мүмкіндік береді. «Самұрық» және «Қазына» мемлекеттік холдингтерінің қор нарығына  белсенді қатысуы жөніндегі іс-шаралар әзірленеді.

 

5.4.2. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту

Аграрлық саясат саласында Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамытуды өнімділіктің өсуі, оның салаларының кірістілігі мен отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту негізінде қамтамасыз етуді басты міндет деп санайды. Ауыл шаруашылығы өндірісін индустрияландыру мен әртараптандыру, ірі агрохолдингтер құруды ынталандыру жөніндегі міндеттерді шешу үшін пәрменді тетіктер әзірленетін болады.

Аграрлық саясатты іске асыруда «ҚазАгро» ұлттық холдингі маңызды рөл атқаратыны танылған, оны құру мақсаты агроөнеркәсіптік секторды тиімді дамытуды ынталандыру және оның ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

Ауыл шаруашылығына ірі инвестициялар мен жаңа технологиялар ағыны, ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастырылатын болады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тамақ өнеркәсібінде кластерлерді, атап айтқанда астықты қайта өңдеу, жеміс-көкөніс, ет және сүт кластерін қалыптастыруға бағытталатын болады. Үкімет биоотын өнідірісін дамытуды ынталандыруға жеке назар аударады.

Ғылыми зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігін арттыруды, өндіріске ғылыми әзірлемелерді енгізу көлемін ұлғайтуды, әлемдік ғылым жетістіктерін практикаға бейімдеуді қамтамасыз ететін аграрлық ғылымды одан әрі реформалау жоспарланып отыр.

2007 – 2009 жылдары Үкімет жер реформасы, жердің нақты меншік иесін қалыптастыру, жер нарығын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұйғарып отыр. Осыған байланысты жер қатынастары, сондай-ақ бірқатар топографиялық-геодезиялық және картографиялық іс-шараларды жүргізу саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіледі.

Үкімет табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, су, орман, балық ресурстары мен жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту үдерісіне жеке капиталды тарту жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Балық шаруашылығын дамыту шеңберінде саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Еуроодақ елдері стандарттарының талаптарына сәйкес келетін балық өнімі экспортының тиімділігін арттыру үшін жағдай жасау мәселелері бірінші қатарға шығады.

 

5.4.3.              Минералдық шикізат кешенін дамыту

Минералдық шикізат кешені де экономиканы дамыту және әртараптандыру үшін негіз бола отырып, Үкімет тарапынан басты назар аударуға мұқтаж. Сенімді минералдық шикізат базасын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажет. Тау-кен өндіру секторының компаниялары қызметінің ашықтығын арттыру жөніндегі жұмыс жалғасады және жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарда отандық өндірушілердің қатысу үлесін ұлғайту жөнінде пәрменді шаралар әзірленеді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарда жергілікті ұстауды ұлғайтудан басқа, жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі міндеттемелерді орындауы бойынша жұмыс күшейтіледі.

Жер қойнауын пайдалануда қазақстандық сервис нарығын дамыту елдің индустриялық-инновациялық саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі болады.

Мұнай-газ саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру проблемасы Үкімет үшін өзекті күйінде қалып отыр.  «Өнімді бөлу туралы келісімдер туралы» және «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдаланушылар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын іске асыру жөніндегі заңға тәуелді актілерді әзірлеу аяқталады.

Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі келісім-шарттық міндеттемелердің орындалуын қатаң бақылау жүзеге асырылады. Мұнда  құзыретті орган тарапынан жер қойнауын пайдаланудың кешенді мониторингін  орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара тығыз іс-қимылда қамтамасыз ету, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік және инфрақұрылым жобаларына қаражат бөлу жөніндегі міндеттемелерді орындауы мәселелері бірінші қатарға шығарылады.

  

5.5. Инфрақұрылымды дамыту

Экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді табысты шешу инфрақұрылымды дамытудың үдемелі қарқынының есебінен қамтамасыз етіледі. Неғұрлым маңызды міндеттердің қатарына  Үкімет инфрақұрылым объектілерін салу және оларға қызмет көрсету сапасын тиісті халықаралық сапа стандарттарына көшу жолымен арттыруды қойып отыр.

Қазақстанның 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясына сәйкес экономиканың қажеттілігін қамтамасыз ететін және елдің әлемдік экономикаға тиімді кірігуі міндеттеріне жауап беретін тиімді ұлттық инфрақұрылым дамытылатын болады.

Транзиттік көлік әлеуетін дамыту жөнінде пәрменді шаралар қабылданатын болады. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Ресей – Қазақстан – Қытай бағытында автокөлік дәлізін, Каспий теңізінің қазақстандық теңіз порттарын елдің шығыс қақпаларымен байланыстыратын ендік бағытта автомобиль және темір жол дәліздерін салу жөніндегі жоба іске асырылады.  

Темір жол саласын қайта құрылымдау үдерісі аяқталады, тарифтік және баға саясатын жетілдіру, адал бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою жөнінде шаралар қабылданатын болады. Темір жол көлігімен тасымалдаудың қолданыстағы ережесі халықаралық практикаға сәйкес келтірілетін болады.

Сондай-ақ прогрессивті технологиялар мен материалдарды енгізу, құқықтық және нормативтік-техникалық базаны жетілдіру есебінен автожол саласына бөлінетін инвестициялардың тиімділігі арттырылатын болады.

Каспий құбыржол консорциумының мұнай құбырлары жүйесін кеңейтуді көздейтін көмірсутегін тасымалдаудың мультимодальді жүйесін дамыту және Батыс Қазақстан – Қытай құбыржолын салу жобасының екінші кезеңі бойынша жұмыс жалғастырылады.

Көлік-логистикалық орталықтар, оның ішінде Достық, Ақтау теңіз порты тораптық станцияларында, Қорғас және Тасқала – Озинки өтпелерінде, Астана және Алматы қалаларында көліктік-логистикалық орталықтар құру жөніндегі жұмыс жандандырылатын болады.

Транзиттік ағындарды, оның ішінде контейнерлік тасымалдарды дамыту арқылы тарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ел экономикасына қосымша инвестициялар тартады, ішкі, сол сияқты сыртқы нарықтарда тауарлар мен қызметтердің құнында көліктік құрамдасты төмендетеді, жаңа жұмыс орындарын құрады.

Астана, Алматы, Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларында бес торапты әуежайды дамыту, сондай-ақ елдің аумағы арқылы транзиттік әуе жүк және жолаушылар ағындарын тарту үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.

Электр энергетикасын дамыту электр энергиясының өңірлік тапшылығын жабуды, электр энергиясының халықаралық транзиті мен экспортын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Солтүстік Қазақстанды электр энергиясы өндірісінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін қазіргі бар электр станцияларын қайта жаңарту және жаңаларын салу жөніндегі бірқатар жобаларды іске асыру көзделеді. Осындай жобаларға Ақсу ГРЭС-індегі энергия блоктарын жаңғырту, Екібастұз ГРЭС-1-дегі жұмыс істемейтін энергия блоктарын оңалту және Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа қуаттарды салу, Ақмола ЖЭО-2-ні кеңейту.

«Солтүстік-Оңтүстік» ВЛ-500 кВ транзитінің екінші желісін салу және іске қосу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, бұл транзиттің өткізу қабілетін екі еседен астамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қапшағай ГЭС-інің ең жоғары қуаттарын ұлғайтуға мүмкіндік беретін Кербұлақ ГЭС-ін (Қапшағай ГЭС-інің қарсы реттеуіші) салу мәселесі пысықталатын болады.

Ақтөбе облысының энергия тапшылығы проблемалары «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» ВЛ-500 кВ және Қандыағаш ГТЭС-і салу арқылы шешілетін болады.

Қазақстанның оңтүстігін энергиямен жабдықтау проблемасын шешу мақсатында «Самұрық»  холдингі жаңа ірі жылу электр станциясын салудың әр түрлі нұсқаларын қарастыратын болады.

Республиканың энергия теңгеріміне жаңартылатын энергетика ресурстарын, бірінші кезекте, өзендердің гидроресурстарын, жел энергия әлеуетін тарту, мұнай кәсіпшіліктеріндегі ілеспе газды, күн энергиясын және басқаларды кәдеге жарату нақты шараларының кешені әзірленетін болады.

Жылу энергетикасын дамыту жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру алда тұр.

Отандық атом электр энергетикасын қалыптастыру жалғастырылады, Қазақстанда атом электр станциясын салуды техникалық-экономикалық зерттеулер аяқталатын болады.

«Самұрық», «Қазына» мемлекеттік холдингтері ірі отандық және шетелдік компаниялар, жинақтаушы зейнетақы қорларын осы үдеріске тарта отырып, инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі жобаларды іске асыруға  концессиялық негізде белсенді түрде тартатын болады.

 

5.6. Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін аумақтық даму

2007 жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi аумақтық даму стратегиясына сәйкес өңірлердің экономикалық әлеуетіне, кластерлердің, индустриялық парктердің, арнайы экономикалық аймақтардың қалыптасуына зерттеулер жүргізілетін болады. «Үдемелі» өсу аймақтарын қалыптастыру бойынша өңірлік бастамаларға селективті қолдау көрсету және халықаралық қаржылық даму институттарымен бірлесіп, ірі инновациялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін пысықтау жалғастырылады.

Өңірлердің әлеуетіне талдау жүргізілетін болады және экономикалық өсу орталықтарын анықтаудың айқын өлшемдері белгіленеді. Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірлік «өсу нүктелерін» дамытуды ынталандыру тетіктерін әзірлейді.

Мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беруге ден қойылатын әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту әзірленуі жоспарланып отырған өңірлердің қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларында және Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасында көрініс табады.

Аумақтық дамуды басқаруды тиімді қамтамасыз ету үшін Үкімет аумақтарды дамыту жөніндегі уәкілетті органды белгілейді.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң қабылданғаннан кейін Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін және қабылданатын болады.

Өңірлік орталықтарда экономикалық қызметті жандандыруға бағытталған аумақтық дамудың жаңа саясатын әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдар, жеке кәсіпорындар, бизнес-қауымдастықтар, ғылыми-зерттеу институттары және басқа да мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен өңірлердің әкімдіктерінің жанынан консультативтік-кеңесші органдар ретінде Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестер құрылатын болады.

Өңірлер мен тірек қалаларда бәсекеге қабілетті мамандықтарды қалыптастыру шеңберінде 2007 жылы облыстардың 2015 жылға дейінгі даму стратегиялары, 2008 жылы еңбекті өңірлік және  ұлттық бөлуде ұстанымдану перспективаларын анықтай отырып, тірек қалалардың даму жоспарлары әзірленетін және қабылданатын болады.

Ұтымды инвестициялық саясатты үйлестіруге «Қазына» орнықты даму қоры, «Самұрық» мемлекеттік холдингі тартылатын болады.

Өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктеріне кешенді тұсаукесерлер өткізу және инвесторларды, оның ішінде шетелдік әріптестерді іздестіру органдар мен мемлекеттік холдингтерді аумақтық дамытуға тартылған жұмыстардың жоспарларында көрініс табады.

Экологиялық жағынан қолайсыз ауылдық аумақтардың проблемаларын шешуге және олардың тиімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыру жалғастырылады.

Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз қаланың қатарына кіру міндеттерін іске асыру мақсатында Астана қаласын орнықты дамытудың
2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын іске асыру жалғастырылатын болады.

Өңірлерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту жөніндегі пилоттық жоба ретінде «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметі басталды. Пилоттық жобаның негізінде жаңа ӘКК құруға дайындық жүзеге асырылатын болады.

Осындай корпорациялардың табысты дамуы шағын және орта бизнесті дамытуға, өзіне өңіраралық сипаттағы экономикалық белсенділікті шоғырландыратын ірі өңірлік орталықтарды құруға ықпал ететін болады.

 

5.7. Әлемдік экономикаға табысты кірігуді қамтамасыз ету

Әлемдік экономикаға тиімді кірігу үшін сыртқы және ішкі алғышарттарды қалыптастыру Үкімет қызметінің маңызды бағыты болып табылады.

Осы үдерістің түйінді тетіктерінің бірі Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі болады.

Үкіметтің іс-қимылы сыртқы сауда режимін ырықтандыруға, өзара саудадағы кедергілерді алуға, қазақстандық экспорттаушылардың шетелдік нарықтарға қол жеткізуі үшін оңтайлы жағдай жасауға, Қазақстан үшін қолайлы шарттарда ДСҰ-ға кіру үдерісін аяқтауға бағытталатын болады.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығын және индустрия мен инновацияларды дамыту жөніндегі жоспарлар шеңберінде халықаралық бәсекеге қабілеттілік әлеуеті бар экономика салаларын қорғау жөніндегі жұмыс күшейтіледі.

Үкімет республиканың аумағында өнімдер қауіпсіздігін техникалық реттеудің, оның сапасын бақылау мен тәуекелдерін бағалаудың қазіргі заманғы жүйесін құруды аяқтайды. Заңнаманы ДСҰ-ның талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі жұмыс белсенді түрде жалғасын табады.

Отандық компанияларды ДСҰ-ға кіру мәселелері бойынша ақпараттық және консультациялық қолдауды жандандыру маңызды бағытқа айналады.

ДСҰ-ға кірумен қатар қазіргі өңірлік бірлестіктер (ЕурАзЭҚ, БЭК және басқалар), шекаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық шеңберінде экономикалық интеграцияны тереңдету жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Қазақстан кәсіпорындарының кезең-кезеңімен сыртқы нарықтарға іс жүзінде шығуы, оның ішінде ұстанымдарды өңірлік деңгейде одан әрі нығайту Үкімет жұмысының тағы бір маңызды бағытына айналады. Осыған байланысты инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен интеграциялық қатынастардың сапалы жаңа деңгейіне өту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

 

5.8. Жаңа жағдайларда әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыру

Қазіргі заманғы экономикалық жағдайда неғұрлым тиімді әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыру Үкімет жұмысында маңызды сәт болады.

2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың мүддесі және оларды көрсету сапасы маңызды мәселе болып қойылатын  мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құру жөніндегі жұмыс басталады.

Мемлекеттік басқару жүйесін кешенді түрде жаңғырту басталады, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, олардың жұмысының тиімділігін өсіру қамтамасыз етіледі және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру күшейтіледі.

Жүргізілетін әкімшілік реформаның шеңберінде мемлекеттік органдарға тән емес функциялар бәсекелі ортаға берілетін болады.

Өкілеттіктерінің едәуір бөлігін орталық және жергілікті атқарушы органдардың деңгейіне бере отырып, Үкіметтің нормативтік құқықтық актілерді қабылдау жөніндегі құзыретін тәртіпке келтіру жоспарлануда. Әрбір мемлекеттік органның рөлі, міндеттері мен функциялары мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың әкімшілік регламенттерін, олардың ішкі қызметінің регламенттерін әзірлей отырып, айқын анықталады, ал олардың тиісті салада жүргізілетін саясат үшін жауапкершілігі күшейтілетін болады.

Мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру шеңберінде стратегиялық және іске асыру функцияларын айқын бөлу жүзеге асырылатын болады, бақылау және қадағалау функциялары тәртіпке келтіріледі, қосарланушылық жойылады.

Мемлекеттік органдардың ұйымдастыру құрылымының орнықтылығын арттыру және олардың кадр құрамын тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік органдар қызметінің ішкі үдерістерімен айналысатын орталық мемлекеттік органдардың бас директорлары институты енгізілетін болады. Бұл бірінші басшылардың мемлекеттік саясатты әзірлеу мәселелеріне көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Үкіметтің ауысуына қарамастан, мемлекеттік органдар аппараты жұмысының тұрақтылығы тетігі енгізілетін болады.

Ағымдағы жылдан бастап заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызметтер ұсынатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік қызметтер ұсыну стандарттарын арнаулы бағытта әзірлеу және кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бұл ретте халыққа әлеуметтанушылық сауал қою нәтижелері ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапасының негізгі көрсеткіші болады.

Үкімет қызметінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі одан арғы жүйелі шаралар басымдықты болады. Мемлекеттік органдардың күш-жігері халыққа қызмет көрсету орталықтарының үйлестіруші қызметінде ғана емес, орталықтармен ынтымақтасатын мемлекеттік органдар регламенттерінің өзінде де бизнес-үдерістерді жетілдіруге бағытталады.

Үкімет мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ тұтастай алғанда нақты сектор қызметінің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударатын болады.

Әрбір мемлекеттік орган өзінің стратегиялық даму жоспарын әзірлейді.

Рейтингтік жүйе негізінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар  қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау мен оның аудитін кезең-кезеңімен енгізу көзделеді.

Персоналды басқару мен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың стратегиялық жоспары әзірленетін болады.

Тұтастай алғанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үдерістерін талдамалық сүйемелдеу үшін Мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін зерделеу жөнінде орталық құру жоспарлануда.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері жұмысының нәтижелерін бағалауды ескере отырып, оларға ақы төлеу жүйесі едәуір жетілдіріледі. Мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның кәсібилілігіне және орындайтын жұмысының тиімділігіне байланысты болады әрі жеке меншік сектор деңгейіне дейін кезең-кезеңімен арттырылады. Сондықтан әрбір қызметкердің жұмысының сапасын бағалау жүйесін енгізу жоспарлануда.

Үкімет мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мәселесін өзінің тағы бір міндеті етіп қояды. Үкімет мемлекеттік қызмет кадрлары – өз ісінің патриоттары мен елдің лайықты азаматтарының кәсіби деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударатын болады.

Осы жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі акценттер күшейтілетін болады. Үкімет «электрондық үкімет» қалыптастыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.

Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру жөнінде практикалық шаралар қабылданатын болады, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы жұмысының нәтижелілігі күшейтіледі. Атап айтқанда, азаматтық қоғам  институттарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бұқаралық ақпарат құралдарының халықтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға және мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жандандыруға қатысуы жөніндегі жұмысқа іс жүзінде тарту қамтамасыз етілетін болады.

 

6. Үкімет Бағдарламасын іске асыруды құқықтық қамтамасыз ету

Үкімет жоғарыда санамаланған басым бағыттарды іске асыруды нормативтік қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Үкіметтің құқықтық саясаты, ең алдымен, Мемлекет басшысы  белгілеген Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын орындау үшін тиісті заңнамалық базаны құруға бағытталатын болады.

Осы ауқымды және күрделі міндетті жүзеге асыруды нақтылау Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларында көрініс табады.

Ұлттық заңнаманы, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік көмек, білім беру, банкроттық, лицензиялау, техникалық реттеу, бағалау қызметі, міндетті сақтандыру, жеке кәсіпкерлік, сондай-ақ қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, азаматтық, әкімшілік, монополияға қарсы заңнама және басқа мәселелер бойынша одан әрі жетілдіру талап етіледі.

Үкіметтің, сондай-ақ әкімшілік реформа мен жергілікті өзін-өзі басқаруды құқықтық регламенттеуді жүргізуді заңнамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыруы алда тұр.

Норма жасау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет қолданыстағы заңнаманы жүйелендіру, оны ескі және қайталайтын нормалардан босату, қоғамдық қатынастардың кейбір салаларын құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, салалар бөлінісінде заңнаманы одан әрі шоғырландыру, заңдардағы сілтеме ережелерді барынша азайту және тікелей қолданылатын заңнамалық актілерді қабылдау практикасын кеңейту арқылы заңға тәуелді норма жасауды қысқарту және қоғамдық қатынастарды заңдар деңгейінде егжей-тегжейлі регламенттеу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын тұрақты талдауға негізделетін заң жобалау қызметін жоспарлау кезінде олардың кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік беретін болжамды-талдамалық аспектіге ерекше назар аударылатын болады. Заңдар мониторингін, оның ішінде ғалымдармен бірлесіп, жүзеге асыру туралы мәселе қаралатын болады, бұл құқық қолдану практикасына ғылыми талдау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң шығару үдерісінде Үкімет жаңа қоғамдық қатынастарды толыққанды және сапалы нормативтік қамтамасыз ету, шектеулі ведомстволық норма жасауды болдырмау және тиімді жұмыс істейтін құқықтық база құру мақсатында іргелі жалпымемлекеттік көзқарасты ұстанатын болады.

Құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылданатын болады.

Маңызды қоғамдық қатынастарды қозғайтын, Конституцияда белгіленген негіз қалаушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң жобалары ғана әзірленетін болады. Осы шаралар заң шығару үдерісінде сыбайлас жемқорлық бастамалары үшін тиімді тосқауыл жасауға мүмкіндік береді.

Көрсетілген жұмысқа заңнамалық бастама субъектілері ғана емес, жұртшылық өкілдері де, үкіметтік емес ұйымдар және жеке кәсіпкерлік субъектілері де тартылатын болады.

Заң шығару қызметін оны әзірлеудің орындылығы туралы шешім қабылдау сатысынан бастап ғылыми пысықтау жөніндегі шаралар күшейтіледі, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аспектілерге ерекше назар аударылатын болады.

Алдағы норма жасау қызметінің кешенділігі мен жүйелілігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын экономикалық, саяси және әлеуметтік қайта құрулар стратегиясы контексінде құқықтық іргетасты жаңғыртуға ықпал етуге арналған тиісті Мемлекеттік бағдарламаға трансформациялауды талап етеді.

Белгіленген жоспарларды іске асыру үшін Үкімет жаңа құқықтық институттар құрады және жұмыс істеп тұрғандарын реформалайды, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде нормативтік базаны біріздендіру және үйлестіру жөнінде жұмыс жүргізеді, сондай-ақ қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қажетті басқа да заңи құралдар мен тетіктер кешенін пайдаланатын болады.

Тұтастай алғанда, Үкіметтің басымдықтарын іске асыруды құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі жоғарыда көрсетілген іс-шаралар елдің барлық салаларда орнықты дамуына және мемлекеттегі одан арғы экономикалық, саяси және әлеуметтік қайта құрулар үшін қажетті құқықтық база қалыптастыруға ықпал ететін болады.

 

7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер

Таяу арадағы үш жылда Үкімет өз алдына Бағдарламаны орындаудың мынадай негізгі индикаторларына қол жеткізу міндетін қояды.

2007 – 2009 жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсімі 7,5 – 8%-ды құрайды, бұл 2000 жылға қарағанда 2008 жылы ЖІӨ-ні екі есеге арттыру жөніндегі стратегиялық міндетті шешуге мүмкіндік береді.

2009 жылдың соңына қарай Қазақстан халқының жалпы саны
2006 жылмен салыстырғанда, бағалау бойынша, 2,9%-ға өседі және 15,8 млн. адамды құрайды. Осы кезеңде экономикаға тартылған адам саны 4,0%-ға ұлғайып, 7,7 млн. адамға жетеді.

Өнеркәсіп өнімі өндірісінің жыл сайынғы өсу қарқыны
2007 – 2009 жылдары орта есеппен 7,2 – 8,8% деңгейінде болжанып отыр.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі жоспарланып отырған кезеңде орташа жылдық есептеуде шамамен 3%-ды құрайды.

2007 – 2009 жылдары көлік қызметтері жылына орта есеппен 6 – 6,7%-ға, көрсетілетін байланыс қызметтерінің көлемі 24 – 25%-ға өседі деп күтілуде. Сауда саласында қызметтер жылына орта есеппен 9 – 9,2%-ға өседі. Құрылыс көлемін ұлғайту осы кезеңде жылына 22 – 24% деңгейінде болжануда.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемінің өсу қарқыны жыл сайын орта есеппен 14 – 15% деп болжануда. Бұл ретте инвестициялық сұранысты кеңейту, негізінен, кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.

Тұрақты макроэкономикалық шарттарды қамтамасыз ету мақсатында инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2007 – 2009 жылдары 5 – 7% шамасында тұратын болады.

2009 жылға қарай халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің болжамды деңгейі 8900 АҚШ долларынан астамды құрайды.

2007 – 2009 жылдары нақты жалақы өсімінің орташа жылдық қарқыны 9,2 – 9,6%-ды, ал зейнетақы 6,5 – 7%-ды құрайды.

2009 жылға қарай халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 67,3  жас деңгейінде болжануда, бұл 2006 жылға қарағанда 1,3 жасқа көп.

Қазіргі есептеу әдістемесі кезінде нәресте өлімінің көрсеткіші
2009 жылға қарай 1000 туылған балаға 13 жағдайға дейін, өлім жалпы алғанда халықтың 1000 адамына 9-ға дейін төмендетілетін болады.

2009 жылға қарай туберкулезбен ауру халықтың 100 мың адамына есептегенде 2006 жылғы 133,7 жағдайдан  120,0-ге дейін азаяды.

Атмосфераға жалпы шығарынды көлемі 2006 жыл деңгейінен 2,8 есеге жалпы ішкі өнімнің миллион теңгесіне 0,15 тоннаға дейін төмендетілетін болады.

Баламалы энергия көздерін пайдалану үлесі 3 жылда 40%-ға өседі.