15/11/07. ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімовтің Қауіпсіздік Кеңесінде Алматының құрылысын және әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі сөйлеген сөзі
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 10 қыркүйектегі және 11 қазандағы жеке және хаттамалық тапсырмаларын орындау үшін сіздердің назарларыңызға мына төмендегі мәселелер жөнінде қысқаша ақпаратты ұсынамын:
1. Алматы қаласының құрылысын жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталуына тектерістің қорытындылары;
2. Республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын іске асырудың негізгі бағыттары.
Алматы қаласының құрылысы және қала маңындағы аумақтар мәселелері жөнінде менің жетекшілігіммен арнайы жұмыс тобы құрылды.
Тексерістің нәтижесінде еліміздің заңнамасын бұзудың 1460 дерегі анықталды.
Алматы қаласының әкімдігі тарапынан әр жылдары кемшіліктер орын алған. Мен бұл туралы толықтай мәлімдедім.
Жұмыс тобының қызметінің қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Қазір қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне мынадай тапсырмалар берілді:
жер телімдерін бөлу туралы заңсыз шешімдердің бәрінің күшін жою;
жерді өз бетінше иеленушілікті тыю және заңнамалықтың бұзылуына жол берілген телімдердегі құрылысты тоқтату жөніндегі шараларды қабылдау;
заңсыз салынған құрылыстарды бұзуды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, өз бетінше басып алынған жер телімдеріне өтемақы төленбейді, ал жергілікті атқарушы билік тарапынан заңсыз жолмен берілген жер телімдері бойынша құрылыс шығындарына ғана өтемақы беріледі. Сондай-ақ республиканың заңнамасын бұзған лауазымды адамдарды жеке жауапкершілікке тарту қаралды.
Атқарып отырған қызметінен 1 министр, 1 агенттік төрағасы, Алматы қаласы әкімінің 2 орынбасары, Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2 аудан әкімі және 1 аудан әкімінің орынбасары босатылды. Бұл шаралар орындалды.
Құрылыс жұмыстары өндірісі мен жер телімдерін бөлуде рұқсатнама беретін құжаттарды ресімдеу кезінде заңнаманың бұзылуына жол берген және өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған әртүрлі деңгейдегі лауазымды адамдарды жеке жауапкершілікке тартуды қарау туралы тапсырма берілді.
Мұндай мәселе бойынша комиссия 11 адамды анықтады. Бүгінгі күні жеке жауапкершілікке осы деңгейдегі 7 басшы тартылды.
Алматы қаласының әкімі И. Н. Тасмағамбетовке Шымбұлақ табиғи қорғау аймағындағы жер телімдерін иеленушілермен заңсыз жолмен алынған жерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару туралы келіссөз жүргізу тапсырылды.
Осылайша, Сіздің тапсырмаңыз бойынша құрылған топ өз жұмысын орындады. Бұл туралы Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, жазбаша баяндадым.
* * *
11 қазандағы кеңес қорытындысы бойынша мынадай жұмыстар жүзеге асты:
Біріншіден, Үкімет республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі жоспарды бекітті.
Біз мемлекетік қолдаудың негізгі үш бағытын анықтадық:
1. Құрылыста үлесі бар азаматтардың құқығын қорғау және ипотекалық рыноктың тұрақтылығының төмендеуіне жол бермеу.
2. Шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыруды жалғастыру.
3. Еліміздің экономикасын әртараптандыру үшін маңызды мәні бар перспективалы инвестициялық жобаларды қаржыландыру.
Бұл жоспарды іске асыруды қаржылық жағынан қамтамасыз етуге 403,3 миллиард теңге, соның ішінде 2007 жылы – 143,5 миллиард теңге, ал 2008 жылы – 259,8 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Осы ретте 2008 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Үкімет резервінің ұлғайтылу мүмкіндіктерін жоққа шығармаймыз.
Бұл қаражат – қайтарылатынын ерекше айта кеткім келеді. Сондай-ақ бұл Үкімет тарапынан жоспарланған әлеуметтік бағдарламада бар және қысқартуға әкеліп соқпайды.
Біздің міндеттемеміздің осы бөлігі орындалатын болады. Үкімет банктермен бірлесіп мемлекеттік даму институттары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетудің үйлестіру тетіктерін пысықтады.
«Қазына» орнықты даму қоры мемлекеттің негізгі агенті болып табылады.
Ақша банкілерге көмек көрсету үшін емес, экономиканың нақты секторына бөлінетінін атап өткім келеді. Банкілер осы қаражатты пайдаланудағы қаржылық агенттер болмақ.
Құрылыс нысандарының тізбесі және құрылысты қаржыландыру көлеміне деген талапты әкімдіктермен, құрылыс компанияларымен және банктермен бірлесіп «Қазына» анықтайтын болады, содан кейін Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында бекітіледі.
Тізбеге тұрғын үй құрылысының барлық нысандары енгізілетін болады, оған тек мына төмендегі нысандар жатқызылмайды:
- тұрғын үй рыногының қымбат сегментінің нысандары;
- орындалған жұмыстары 90 пайызтан астамын құрайтын нысандар;
- үлескерлері жоқ нысандар.
Осы тәуекелдік кезінде қайтарылмаған кредит жауапкерлішігі банктерге жүктеледі.
Мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында қаржыландыруды қажет ететін үлескерлері бар 74 нысаннан тұратын тізбе анықталған болатын. Биылғы жылы Астана бойынша пилоттық бағдарлама іске асырылатын болады және алғашқы бағалау бойынша, 20 мыңнан астам үлескер өздерінің тұрғын үйлерін алуы тиіс. Ал, келесі жылдан бастап, тиісті тәжірибені ескере отырып, ол Алматы және еліміздің басқа да қалаларында іске асырылатын болады.
Мемлекеттік қолдау көрсетудің барлық талаптары мен қажетті шарттары «Қазына» қоры мен банктердің арасындағы келісімдерде көрініс табады.
Бұдан басқа, Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы ипотекалық кредиттер бойынша банктерден талап құқықтарын сатып алу көбейеді.
Қорытындысында банктерде экономиканы несиелендіруге, соның ішінде ипотекалық несие беруге арналған қаржылық ресурстар пайда болады.
Сөйтіп, мен айтып өткен, қаражатты беру мен пайдалану үдерісі барынша ашық әрі мөлдір болады.
Аталған бағытты іске асыру жауапкершілігі «Қазына» қоры мен әкімдіктерге, Қаржы нарығын қадағалау агенттігі мен екінші деңгейлі банктерге жүктелетін болады.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы, ал бұдан әрі банктердің бөлімшелері арқылы шағын және орта бизнестің жобалары қаржыландырылатын болады.
Екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендірілетін инвестициялық жобаларды қаржыландыру және тең қаржыландыру, қаржылық ресурстардың жеткіліксіздігін сезініп отырған, сондай-ақ, инвестициялық жобалар бойынша несиелік қарыздарды қайта қаржыландыру Қазақстан Даму Банкі арқылы жүзеге асырылатын болады.
Шарттардың бірі ретінде Қаржы министрлігі мен «Қазына» қорының және екінші деңгейлі банктер арасындағы бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану туралы Келісімге қол қою болып табылады. Біздің ойымызша, бұл 2008 жылы экономиканың өсу қарқынын қолдауға, үлескерлердің мүдделерін қорғауға, орта және шағын бизнестің дамуына қосымша күш беруге, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өндірістік құрылыс нысандарын қамтамасыз етуге жол ашады.
Екіншіден, электр энергиясының тарифі мен негізгі тағам өнімдеріне бағаның өсуіне байланысты Үкімет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, тұрғындардың аз қамтамасыз етілген бөлігін әлеуметтік қолдаудың шараларын қолға алды.
2008 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қарау барысында базалық әлеуметтік төлемдерді 10125 теңгеден 10515 теңгеге дейінгі көлемде есептеу үшін ең төменгі күн көріс деңгейін арттыру мақұлданды.
Осыған байланысты базалық зейнетақы төлеміне 3,1 миллиард теңге көлемінде, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылған жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлемдерге - 2,8 миллиард теңге көлемінде қосымша шығыстар қарастырылды.
Табыстары күн көріс деңгейінен төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,1 миллиард теңгеге, ал тұрмысы төмен отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына жәрдемақы 1,7 миллиард теңгеге көбейтілетін болады.
Ағымдағы жылы азаматтардың мұқтаж тобына қосымша әлеуметтік қолдау шаралары аймақтарда қолға алынуда.
Үшіншіден, республика жүріп жатқан экономикалық үдерістер туралы тұрғындардың арасында жүйелі ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу мақсатында Үкімет тарапынан 3 қарашада Үкіметтің 2007-2008 жылдарға арналған Ақпараттық стратегиясы бекітілді.
Өткен сейсенбіде Үкімет экономикадағы ағымдағы жағдай және келесі жылға арналған дамудың болжамдары туралы мәлімдеме жариялады. Мәлімдеме бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде шетелдік ақпарат құралдарында жарияланғандықтан, оған түсінік берудің қажеті жоқ.
Жалпы алғанда, Үкімет ағымдағы экономикалық жағдай туралы тұрақты мониторинг жүргізіп отыр және дер кезінде шаралар қабылданатын болады.
Назарларыңызға рахмет.