Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > 28/01/08. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Ермұхамет Ертісбаевтың сөйлеген сөзі

28/01/08. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Ермұхамет Ертісбаевтың сөйлеген сөзі

Өткен жылы министрліктің басты стратегиялық мақсаты әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге бағытталған жалпыұлттық жұмыс аясында саланың бәсекеге қабілетін арттыру болып табылды, деп атап өтті Е.Ертісбаев. Сондықтан бүкіл жұмыс стратегиясын біз бәсекеге қабілеттілік рейтингі негізінде жүргізіп отырмыз.
Осы мәселе төңірегін зерттей, сараптай келе, біз Мәдениет және ақпарат министрлігі құзіретіне жататын мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігі көрсеткіштерін анықтадық.
Нәтижесінде, біз Лозаннадағы Халықаралық менеджмент институтының және Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумының бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштері жүйесіне енетін 12 негізгі өлшемге жүгіндік.
Олар:
1. Ұлттық мәдениет.
2. Қоғам құндылықтары.
3. Халықтың тілдік машығы.
4. Барлық формалардағы кемсітудің болмауы.
5. Телекоммуникация саласына инвестиция жасау.
6. Үкімет жұмысының айқындығы.
7. Саяси тұлғаларға деген қоғамдық сенім деңгейі.
8. Саяси тұрақсыздыққа байланысты қауіп-қатер.
9. Қоғамдық бірлік.
10. Халықтың бейімділігі мен икемділігі.
11. Жаһандану процесіне көзқарас.
12. Елдің жырақтағы имиджі.

Біз аталған барлық бағыттар бойынша министрліктің жұмысын жолға қойдық. Ол төмендегідей үш кезеңге сәйкес жүргізіледі.

Бірінші - бастапқы кезең (2006-2008) барлық министрлік қызметінің базалық индикаторларының дамуын, жаңа құқықтық әрі макроэкономикалық ортаның нығаюын және қалыптасуын, ресурстарды қолданудың тиімділігін арттыру, дамытуды, қоғамдық институттарды нығайтуды көздейді. Кезеңнің қорытындысы бойынша екінші кезеңге, яғни – тиімді даму кезеңіне (2009-2011) көшуге қолайлы жағдайлар жасалады. Бұл кезең басқарудың жаңа принциптеріне, стратегиялық бюджеттік жоспарлауға көшуді, ұсынылатын қызметтердің сапасының жақсаруын, жаңа технологияны трансферттеуге жағдай жасауға және дамытуға бағытталған нормативтік-құқықтық базаның әрі қарай дамуын көздейді. Бұл, өз кезегінде, үшінші кезең – инновациялық даму кезеңіне (2012 ж. бастап) өтудің алғышарттары болып табылады.
Енді мен өткен 2007 жылғы жұмысымыздың алғашқы аралық нәтижелеріне тоқтап өткім келіп тұр.

БІРІНШІДЕН, бұл министрліктің бюджеттік жоспарлау жүйесінің реформалануы және мәдени-ақпараттық саланы қаржыландыруға деген көзқарастың өзгеруі.
Мәдениет саласына қосалқы, екінші дәрежелі сала ретінде қараудан, яғни оны «қалған-құтқанмен қаржыландыру» қағидатынан арылу – маңызды нәтиже.
2007 жылы осы саламызды әрі қарай дамыту мәселесі Үкіметте екі рет қаралды. Ал жыл соңында Парламент Мәжілісінің депутаттары Министрліктің 2008 жылға арналған мәдени және ақпараттық саясаттың перспективалық бағыттары туралы есебін тыңдады. Біздің бүгінгі мәжіліске бірқатар депутаттар қатысуда. Біз оларға қолдау көрсеткендері үшін рахмет айтамыз.
Нәтижесінде, 2007 жылы Министрліктің бюджеті 2006 жылмен салыстырғанды 60 пайызға өсіп, 40,3 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын игеру жалпы айтқанда 99,9 пайызды құрады.
Ағымдағы 2008 жылы бюджеттің көлемі 51 млрд. 300 млн. теңгені құрайды, бұл өткен жылға қарағанда 27 пайыз жоғары.
Яғни, соңғы екі жылда бюджеттен бөлінген қаражаттың өсімі 80% -ға өскендігі байқалады.

ЕКІНШІДЕН, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру

Өткен жылы еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту және бірыңғай ақпараттық кітапханалық жүйені дамыту жобаларын енгізу бойынша бірқатар нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілген болатын.
Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраларды қолдану мен қорғау, тіл саясаты саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бойынша заңнамалық актілер және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік нышандар туралы жаңа Конституциялық заң қабылданды.
Тиісті нормативтік актілер жасау мен қабылдауда министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мәселен, тек тарихи-мәдени мұра туралы және мәдениет туралы заңдарды іске асыруға арналған 32 акті дайындалып, олардың 26 қабылданды, қалғаны регламенттік процедураны өтуде.

ҮШІНШІДЕН, министрлік жұмысындағы әкімшілік реформа.

Бүгінгі таңда министрлікте тиімді және икемді басқару жүйесін құруға барлық алғышарттар жасалған. Ол нақты нәтижеге бағытталған бюджеттік жоспарлау қағидатына, министрліктің стратегиялық және реттеушілік, іске асырушылық және бақылаушы болып бөлінетін функцияларына негізделген.
Аталған жұмыстың нәтижесі ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 қарашада бекіткен қаулысымен бекітілген жаңа Ереже мен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару деңгейі аралығындағы өкілеттікті шектеу мәселелері бойынша біршама заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар болып табылады.
Министрлік функцияларын іске асыру мақсатында жаңа құрылымдар енгізіліп, жұмыс бағыттары мен міндеттерді нақты бөлуде министр, жауапты хатшы және вице-министрлер арасындағы міндеттер анықталды.
Іс-шаралардың бұл кешені министрліктің стратегиялық жоспарлау жұмысын күшейтіп, бюджеттік жоспарлауды нығайтады, орындаушылық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, біз министрлік қызметінің барлық бағытында ашықтықты қамтамасыз етіп, бақылауды күшейтеміз.

ТӨРТІНШІДЕН, бағдарламалық-талдау жұмысы.
Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында бізде 4,1 млрд. теңге қаржы көзі қарастырылған 2007-2009 жылдарға арналған салалық «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалынды. 2007 жылдың өзінде бағдарлама жұмысын іске асыруда аталған қаржының 2 млрд. 100 млн. теңгесі игерілгендігін атап өткім келеді.
Тиісті құрылымдармен бірлесе отырып үкіметтің 2007-2008 жылдарға арналған ақпараттық стратегиясы дайындалды. Аталған құжат елімізде болып жатқан әлеуметтік-саяси процестерді ақпараттық-насихаттау және түсіндіру жұмыстарының негізгі бағыттарын айқындайды.
Үкімет қаулысымен «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мақсатында тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Аталған құжат «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды анықтайды.
Сонымен қатар, Премьер-Министр К.Мәсімовтың өткен алқа мәжілісінде берілген тапсырмасымен қолға алынған «2009-2011 жылдарға арналған Қазақстандағы мәдениет пен өнер» мемлекеттік бағдарламасын жасау жұмысы аяқталуда. Бағдарламада біз аймақтардағы жұмыстарды көтеруде бірқатар практикалық шараларды ескердік.

БЕСІНШІДЕН, мәдениет саласын дамыту.
Еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейін анықтайтын талаптардың бірі - ұлттық мәдениеттің дамуы және оның жаһандану процесіндегі өзгерістерге дайындығы болып табылады. Ал ең бастысы жаһандану жағдайында қоғамдық және мәдени құндылықтарымызды сақтай білу. Аталған талаптарға жету мақсатында министрлік тарапынан мәдениет саласын дамытуда үлкен жұмыстар атқарылды.
Өткен жылы біздің тарапымыздан республикалық және халықаралық деңгейде 220 үлкен іс-шаралар өткізілді.
Былтыр біз алғаш рет қоғамдық маңызы бар көркем шығармаларды жасауға драматургтер мен композиторлар арасында және балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби-танымдық шығармалар сайыстарын өткіздік. Аймақтардағы өнер және мәдениет мекемелеріндегі жұмыстардың жағымды тенденциясын атап өтуге болады. Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық аймақтарда 2006-2008 және 2007-2009 жылдарға арналған мәдениетті дамыту салалық бағдарламалары қабылданды. Мұнда тек қана өткізілген іс-шаралардың үнемі өсуін ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымдың да дамуын айтуға болады. Мәселен, 2007 жылы мәдениет мекемелерінің желісі 119 бірлікке ұлғайтылды.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласында 9 тарихи және мәдени маңызды ескерткіштерді қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгін елімізде 64 театр және концерттік ұйымы, 161 музей, 3763 кітапхана, 58 кинотеатр, 36 тарихи-мәдени қорық, 2320 мәдени-демалыс орны жұмыс істейді.
Ежелгі Қазақстанның 32 оба, қалашық, мазараттар, қасиетті жерлеріне тереңдетілген археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Әкімдіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып біздің қорғандарымыздағы орын алып отырған жағдайды жақсартудың жалпыұлттық жобасы басталды. Орта Азия көшпелі халқының және қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетіне, тарихына байланысты қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілді.
Министрлікте мәдениет объектілерін қайта жасақтау мен құрылысын қаржыландыру қарқыны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы 2006 жылғы бюджетте осы бағытта 2 млрд. 882 млн. теңге қарастырылса, 2007 жылы 11 млрд. 334 млн. теңге, ал 2008 жылға бөлінген қаражат 19 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрайды.

АЛТЫНШЫДАН, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру,
Біз ашық қоғам қалыптастырудамыз, сондықтан, соңғы жылдарда шетелдік мәдени және ақпараттық ықпалдың өсуі жағдайында өмір сүрудеміз. Осыған орай Министрліктің өткен жылғы стратегиялық бағыттарының бірі қазақстандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Елбасының тиісті жарлығының 2006 жылы қабылданғаны өздеріңізге белгілі.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру үшін бюджеттен 12 млрд. теңге бөлінді, бұл 2006 жылмен салыстырғанда төрттен бір есеге жоғары. Жалпы алғанда мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыруға 80-нен астам бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Бұл 2006 жылдың көрсеткішінен 15 пайыз жоғары. Мемлекеттік тапсырыспен 168 бағыт қамтылды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден 26 пайызға жоғары.
Мүдделі мемлекеттік органдармен 60-тан астам бағыт бойынша кең ауқымда ақпараттық науқан жүзеге асырылды.

ЖЕТІНШІДЕН, спутниктік инфрақұрылымды жаңғырту

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі телекоммуникация саласындағы инвестиция және мемлекеттік қолдау болып табылады. Министрлік аталған саланы қолдау және одан әрі жетілдіру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізді.
Министрліктің тікелей қатысуымен теле- радио хабарларын тарату саласында, атап айтқанда, «Қазтелерадио», «Кателко» акционерлік қоғамдары сияқты стратегиялық маңызды субъектілерде мемлекет мүддесін қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
Теле-радио хабарларын тарату инфрақұрылымы объектілерін заңнамалық деңгейде стратегиялық объектілер ретінде бекіту жөнінде жұмыстар басталды, бұл осы саладағы мемлекеттік функцияларды барынша нығайту мен оларды тиісті тізімге қосу үшін заңнамалық өлшем болып табылады.
«Kazsat» және «Intelsat» спутниктерінде жалға алынған сыйымдылық оңтайландырылды, бұл транспондерлерді жалдау үшін қажетті бюджеттік қаражаттың нақты көлемін анықтауға мүмкіндік берді. Қазір мемлекетте осы құрылымдарды жаңғыртудың нақты жоспары бар. «Қазтелерадионың», «Хабардың», «Қазақстан» телерадиокомпаниясының дамуына биыл қосалқы қаржы бөлінді.

СЕГІЗІНШІДЕН, үкіметттік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту
«Үшінші сектормен» ынтымақтастық жөніндегі ірі шараның бірі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесе отырып өткізген ІІІ Азаматтық форумы болды.
Форум нәтижесі билік пен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылының тиімді формаларының бірі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс екенін көрсетті. Аталған механизм үкіметтік емес ұйымдарға әсіресе әлеуметтік салада қызметтің баламалы провайдері болуға мүмкіндік береді.
Жалпы, өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға бөлінген қаражат көлемі 300 млн. теңгеден асты, бұл 2006 жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Ал биылғы жылы осы қаражат көлемі 709 млн. теңгені құрап отыр.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Сіздің назарыңызды мынаған аударғым келеді, әлеуметтік бағыттағы 9 министрліктің тек үшеуінде ғана өткен жылы үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыруға қаражат бөлінген. 2008 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру тек 2 министрлікте, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерінде қарастырылған.

ТОҒЫЗЫНШЫДАН, тілдерді дамыту саласы
2007 жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оны іске асыруға байланысты Іс-шаралар жоспары әзірленді. Мемлекеттік органдарда іс қағаздарын мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру кестесі нақтыланды.
Қазіргі уақытта республиканың 10 аймағында, 2 республикалық маңызы бар қалада, 22 орталық мемлекеттік органдарда іс қағаздары мемлекеттік тілге көшірілген.
Өлшемі жоқты басқаруға болмайтындығы белгілі. Сондықтан біз тіл білімі жөнінде нақты талап қоюға мүмкіндік беретін қазақ TOEFL-ын дайындауды бастадық. Мемлекеттік тілді оқыту және іс қағаздар жүйесіне енгізу бойынша 2006 жылы - 5, ал 2007 жылы - 12 компьютерлік бағдарламалар әзірленді.
Өткен жылы тілдерді оқыту инфрақұрылымын жаңғырту және нығайту жөнінде жұмыстар жалғастырылды. Бүгінде тіл оқыту орталықтарының саны 26-ға жетті. Елімізде 1 республикалық, 15 облыстық және 10-нан аса аудандық тіл орталықтары жұмыс істейді.
Ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептері жанында мемлекеттік тілді үйрету курстары аймақтардың барлығында дерлік ұйымдастырылған.
Мемлекеттік тілді насихаттау жөнінде іс-шаралар жүргізілуде. Теле-радиоарналарда арнайы қазақ тілінің теле-радиосабақтары ұйымдастырылған, семинар, «дөңгелек үстелдер», кітап көрмелері өткізілуде. (слайдта көрсетілген). 2007 жылы «Орысша-қазақша сөздік», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің салыстырмалы сөздігі» және басқалары шығарылды. Барлық шығарылған өнімдер оқу орындарының кітапханаларына, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік органдарға таратылады.
***
Министрліктің 2007 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары осындай. Жұмыстың негізгі бағыттары бойынша толық есеп Министрліктің www.sana.gov.kz. веб-сайтына орналастырылған.
Дегенмен, атқарылып жатқан істің тек ұтымды тұстарын ғана айтып, проблемаларға тоқталмай кету дұрыс болмас.
Ең алдымен, біз әлемдік экономикада болмасын, мәдениетте болмасын шекаралардың жоғалуы жағдайында алдыңғы қатарға ұлттық мәдени біртектілікті сақтап қалу мәселесінің шығатынын түсінгеніміз ләзім.
Бұл дегеніміз жаһандану жағдайында мәдениет ұлттық біртектіліктің маңызды тұғыры болады деген сөз.
Қоғамдық мұраттардың генераторы болып табылатын мәдениет азаматтардың рухани әлемін құрайды және қоғамның әдеттегі құндылықтарын қорғайды. Әл-Фараби айтқандай, «Адамға ең әуелі тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкелуі мүмкін». Дей тұрғанымен, өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, біздің жаңа мәдениетіміз біз ұмтылған азаматтық, ақпараттық және жоғары технологиялық қоғамның ең жоғарғы стандарттарына жауап беруі керек.
Бұл жерден мәдениеттің қоғамдық сана «инновациялылығының» қайнар көзі ретіндегі рөлі шығады. Яғни, жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық сана жалпыұлттық нысанаға бағытталған Қазақстанның экономикалық серпінінің кепілі.
Біз мәдениетіміздің атқарар рөлін жаңа, жоғары деңгейге көтере білуіміз қажет. Оның түбінде мәдениетті қоғамның рухани бірлесуінің күші, елдің шығармашылық және интеллектуалдық қарымының шарты деп түсіну жатыр. Осы тұрғыдан алсақ, мәдениет – елдің нәтижелі дамуының, оның әлемдік пікірде салмақты болуының басты кепілі.
Осыны түсіне білуіміз және әрбір қазақстандыққа жеткізе білуіміз, менің ойымша, мемлекеттің дамуына, елдің өркендеуіне қосқан басты үлесіміз. Абай айтқандай, «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер - өзі де мал, өнерді үйренудің өзі де игілік»
Елбасымыздың бәсекеге қабілеттілік мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау істері азаматтық қоғам, Қазақстандағы барлық тілдерде сөйлейтін ақпараттық-комуникативтік орта және мықты мәдениет тарапынан қолдау табуы тиіс.

***

Сонымен қатар, дәйекті шешімді талап ететін бірқатар мәселелердің де барлығы толғандырады. Олар:
1. Саланың бәсекелестікке қабілеттілігі төмен және көрсетіп жатқан қызметтері әлемдік сапа стандарттарына сәйкес емес;
2. Инфрақұрылымның технологиялық деңгейінің артта қалуы және дамымағандығы әлі де сақталып тұр;
3. Монополизация және осының салдарынан тиімділіктің төмендігі;
4. Нарықтық және қоғамдық реттеу институттарының дамымауы;
5. Салалық нарық мөлшерінің аздығы;
Сонымен қатар, аймақтарда саланы қаржыландырудың төмендігі де өзекті мәселе. Шығармашылық қызметкердің әлеуметтік мәртебесінің нақтыланбауы және төлемақының төмендігі мәдениет қызметкерлерінің дәрежесінің өсуіне және кадрлардың жергілікті жерде орнықты қызмет атқаруына кері ықпал етіп отыр.
Сондықтан ең алдымен бізге мәдениет саласы қызметкерлерінің орта жалақысын кезең-кезеңімен өсіру бағдарламасы қажет. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш денсаулық және білім беру салаларымен салыстырғанда 15-20 пайызға төмен.
Екіншіден, мәдениет қызметкерлерінің тұрғын үймен қамтамасыз етілу проблемасын шешу қажет. Мысалы, Астана қаласының өзінде Министрлік құрылымдарының 1458 қызметкерінің 754-інде баспана жоқ. Бұл жалпы қызметкерлердің 50 пайызы. Аталған мәселені дәрменсіз мердігерлерден аяқталмаған құрылыс объектілерін сатып алып аяқтау немесе республикалық бюджеттен мәдениет қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенін салуға қаржы бөлу арқылы шешуге болады. Сонымен қатар, үй салуға жер телімін бөлу және құрылыс тұрғын үй кооперативін құру да нәтижелі болмақ.
Облыстық және Алматы қаласы әкімдері де тұрғын үй бөлудің аталған механизмін қолданысқа енгізуіне болады.

***
Аталған мәселелерді ескере отырып, біз Министрліктің 2008 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеп, жұмысымыздың негізгі бағыттарын айқындап алдық.

БІРІНШІ, бұл стратегиялық жоспарлау.
Қазіргі таңда біздің алдымызда 2009-2011 жылдарға арналған ұлттық мәдени және медиа-алаңының бәсекелестікке қабілеттілігін дамыту істерінің Стратегиялық жоспарын әзірлеу қажеттігі тұр.
Біздің миссиямыз - әлем мемлекеттерінің стандарттарына сай, ғаламдық мәдени-ақпараттық кеңістікпен біте қайнасқан, қазіргі заманғы жалпыұлттық мәдени-ақпараттық ортаны құру.
Бұл жағдайда, мәдениет және ақпарат саласындағы бүгінгі таңдағы басқару жүйесін нәтижеге бейімделген бюджеттік жоспарлау жүйесіне қайта қалыптастыру қажет. Оның ең басты міндеттері мен басымдықтары негізгі мақсатты көрсеткіштер туралы Меморандум жобасында және Мәдениет және ақпарат министрлігінің Стратегиялық жоспарында айқындалған.
Бүгінгі таңда біз келесі салаларға арналған 27 индикаторды анықтадық Олар: мәдениетте (13 көрсеткіш), ақпарат, мұрағат және құжаттамада (5 көрсеткіш), тіл саясатында (5 көрсеткіш), қоғамдық келісім және азаматтық қоғамның дамуы секторында (4 көрсеткіш). Бұлар, таңғы секцияларда сіздерге айтылған, аймақтардың, шығармашылық ұйымдардың, ҮЕҰ пікірін ескере, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігін екшей отырып анықталуы тиіс көрсеткіштер.
Біздің ойымызша, тікелей пікір алмасу мемлекет саясатының түпкілікті нәтижелерін дұрыс анықтауға, олаға жетудің оңтайлы жолын қарастыруға септеседі. Бұл тұста бізге ауылдағы мәселелердің де жүйелі шешілуіне қол жеткізу маңызды.

ЕКІНШІ БАҒЫТ – бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру, нәтижеге бағытталған бюджет қағидатын енгізу (БОР).
Бүгінгі күнде екі мың он бірінші жылға дейін Министрліктің қаржы саясатының екі сценарийінің есептелгендігін айтқым келеді.
- жалпыұлттық өнімнің 7%-ға өсу сценариіне негізделген базалық сценарий. Бұл жағдайда біздің саламызға арналған бюджеттік қаржының көлемі 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге өседі;
- жалпыұлттық өнімнің 9%- ға өсуіне негізделген оптимистік стратегия. Бұл біз үшін тиімді, өйткені, межеленген нәтижелерге жету үшін 2007 жылғыдан 3,3 есе көп қаражат қажет болады.
Бұл қағидат «мемлекет-меценат» үлгісінен «мемлекет-инвестор» үлгісіне өтуін іске асыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттің негізгі күш-жігері салалардың ықтималдылығын қолданудың тиімділігін көтеру мен жаңғыртуға бағытталуы керек.
Инвестиция мәдениет саласында аталған саланы дамытып қана қоймайды, сонымен қатар ол оның кірісін көтереді және қажетті адами капиталдың өсуін қамтамасыз етеді.
Тағы да қайталаймын. Бюджеттік жоспарлауға біз қатаң шектеулер қою арқылы басқару жүйесінен түпкілікті нәтижеге негізделген қаржыландыру жүйесіне көшуіміз қажет. Мемлекеттік, салалық, аймақтық және бюджеттік бағдарламалар нақты мақсаттар мен индикаторларға жүгінуі тиіс.
Біз «елдің стратегиялық даму мақсаттары – мемлекеттік органдардың мақсаттары - нақты мақсаттар – индикаторлар – қажетті бюджеттік ресурстар» логикалық вертикалін құра білуіміз керек.
Бұл біздің көрсетіліп отырған қызмет бойынша жауапкершілігімізді арттырады.

ҮШІНШІ, мемлекеттік сатып алудың айқындығын қамтамасыз ету.
Біздің министрлік тарапынан екі мың үшінші жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қаржыландыру көлемі алпыс алты рет үлкейді. Сонымен қатар конкурстар аясындағы іс-шаралар барлық тиісті тұлғалар мен ұйымдар үшін ашық түрде өткізіліп келеді. Біз конкурстың ақпараттық қолдаумен өткізілуіне үлкен мән береміз.

Конкурстың ашықтығы мен айқындылығы құрамында халықаралық ұйымдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың белгілі жетекшілері бар эксперттік комиссияның жұмысымен қамтамасыз етіледі.
Бізге алдағы уақытта да ашық конкурстардың айқындылығын қамтамасыз ететін эксперттерді көп мөлшерде тартуды, өтетін конкурстар мен олардың қорытындылары туралы ақпараттарды министрлік сайтында орналастыруды жалғастыру қажет.

Бұл бағыттағы оң нәтижелер үкімет ісінің айқындығының деңгейін көтеруге ықпал етеді. Ол, өз кезегінде, бәсекелестікке қабілеттілік рейтингіне әсер береді.
Ашықтық пен айқындықтың бұл тәжірибесін біз мемлекеттік сатып алудың барлық жүйесіне таратамыз. Министрліктің сайтында 2008 жылға мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар өткізудің кестесі орналастырылған.

ТӨРТІНШІ, сыбайлас жемқорлықпен күрес.
2007 жылы ішкі аудит және бюджет қаражатының жұмсалуының нәтижелілігін, қаржылық тәртіпті және ведомстволық бағыныштағы құрылымдар басшыларының өз қызметтерін тиісті деңгейде атқаруын қадағалау күшейтілді. Өткен жылы қызметтік ішкі аудит тексерісінің нәтижесінде Министрліктің тоғыз объектісінде жалпы сомасы жетпіс төрт бүтін оннан үш миллион теңгеге бұрмалаушылықтар анықталды. Қызметтік міндеттерді бұрмалаушылық фактілері бірқатар республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарда кадрлық өзгерістерге әкеліп соқты.
Мысалы, «Әзірет Сұлтан» кәсіпорнында қайырымдылық жинау жүйесі реформаланды. Қайырымдылық жәшіктеріне мөр қойыла бастады, ал жинақ пен қаражатты қабылдау арнайы комиссия арқылы жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде 2007 жылы жиналған қаражат сомасы тоғыз рет өсті (төрт миллионнан отыз жеті миллион теңгеге). Ал мұның бәрі тек қана қарапайым тәртіпті күшейткендіктің арқасында болып отыр!
Ағымдағы жылы ведомстволық бағынысты ұйымдардағы сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаларға бақылауды күшейту керек және бюджет қаражатын мақсатсыз, тиімсіз қолдануда қаржы қызметтеріне және олардың басшыларына деген жауапкершілікті арттыру қажет.
Атап өткім келетіні, мәдениет саласындағы жемқор басшыларға қатысты ымырасыз саясатымыз олардың әртүрлі жолдармен жасап отырған қысымдарына қарамастан өзгермейді.
Одан басқа бүгіндері біз ведомстволық бағынысты құрылымдарда басқарудың тиімділігін көтеруге бағытталған реформаларды жүргізуді қарастырып жатырмыз.
Біріншіден, қазіргі кезде министрлік Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы» шаруашылық нысанындағы мемлекеттік мекемесін республикалық мемлекеттік кәсіпорынға ауыстыру жолымен өзгерте отырып, тарихи-мәдени мұра объектілерін дамыту мен жаңғырту үшін қажетті ұйымдастыру-құқықтық жағдайлар жасау мақсатында ұсыныстар дайындауда. Мұражайда қомақты көлемде қайырымдылық қаржысы түсуде. Оны мұражайдың дамуына жұмсау қажет.
Министрліктің мұндай жағдайда икемді жүйе қабылдауы бюджеттік жүктемені азайтуға және мемлекет кірісіне түсетін төлемдерді арттыруға септігін тигізеді.
Екіншіден, министрлікке халықаралық «Еуразия» кинофестивалін өткізу мәселесін зерделеу керек. 90-шы жылдардың ортасында дүниеге келген бұл фестиваль қазіргі таңда танымал, табысты болғанына қарамастан, күні бүгінге дейін оны дайындау мен өткізудің нақты жүйесі қалыптаспаған. Жылда оны өткізу үшін жаңадан дирекция ашылып жатады. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, мықты кинофестивальдер тұрақты жұмыс атқаратын өз дирекциясына ие. Тұрақты дирекция кинофестиваль жұмысының жүйелілігін, бөлінген қаржының ысырап болмауын қамтамасыз етеді, жауапкершілік артады.
Үшіншіден, министрлікке еліміздің рухани жәдігерлерін зерттеу, сақтау мәселесінде басқаруды жетілдіруді қарастырған абзал.
Бүгіндері ғылыми-жобалау құжаттарын дайындауда, реставрациялық жұмыстарды ұйымдастыруда жіберіліп отырған олқылықтар орын алып отыр. Ғылыми-жобалық құжаттарды сақтау мен жинақтау бойынша арнайы орталықтың жоқтығы жөндеу, қалпына келтіру істерінің, жалпы жобалардың сапасыздығына әкеліп соғып отыр.
Бұл сұрақты зерделеп, жәдігерлерді қалпына келтіру мен жөндеу бойынша ғылыми-зерттеу және жобалау істерін ғылыми-техникалық бақылау және жүргізу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныс дайындау қажет.
Жауапты хатшыға және вице-министрге осы сұрақтарды қарастырып, келісілген шешімге келуді тапсырамын.

БЕСІНШІ, өңірлік саясат.
Біз өзімізбен мәдениет және ақпарат саласының даму мәселелері бойынша жұмыс істейтін өңірлік құрылымдардың жұмысын ақпараттық- талдау және методикалық тұрғыдан қамтамасыз етуді күшейтуді жоспарлап отырмыз.
Министрлік пен оның бағынышты мекемелерінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын рейтингін бағалау мен методологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет.
Біз қазіргі таңда тұрғындардың нақты мөлшеріне арналған мәдени инфрақұрылымдардың минималды нормативтерін анықтау жұмысын бастап та кеттік.
Бұл туралы арнайы бұйрық шығарылып, ұсыныс ретінде барлық өңірлерге жөнелтілді. Бұдан кейін осы жұмыс жалғасын табары сөзсіз.
Нақты айтсақ, ақпарат, мәдениет, тіл және қоғамдық келісім салаларындағы мемлекеттік органдардың жұмысының нәтижелілігінің өлшемдерін анықтау қажет. Әлемдік тәжірибе осындай жолдың тиімділігін көрсетіп отыр.

АЛТЫНШЫ, талдау жұмыстары.
Талдау бағытындағы жұмыстар толықтай қайта қаралуға тиіс. Бізге міндетті түрде «алдын-ала талдауға» көшу керек. Өйткені, саладағы жағдайлардың дамуын модельдейтін және күрделі мәселелердің туындауына жол бермеудің алдын алуды көздеуге бағытталған шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін талдау – заман талабы.
Талдау құрылымы қолданбалы және технологиялық шешімдер қабылдау үшін болжамдар мен сценарийлерді беруі керек.Осы мақсатта біз арнайы стратегиялық жоспарлау және талдау департаментін құрдық.

ЖЕТІНШІ, халықаралық ынтымақтастық.

Бүгінгі күнде халықаралық ынтымақтастық саласындағы қызметтің дамуына барлық жағдайдың жасалғанын атап айту керек. Осыған байланысты басымдық бағыттағы кешенді жұмыстарды қолға алу керек. Бұл алдымен ТМД, ислам және дамушы елдермен ынтымақтастықты, жетекші халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуді көздейді.
Жекелеп айтсақ, Қазақстан гуманитарлық салада үйлестіруші болып табылатын АӨІСШК-пен өңірдегі мәдениет пен ақпарат саласындағы еліміздің саясатының жемісті болуы үшін жұмысты күшейте түсуге тиістіміз.

СЕГІЗІНШІ, ұйымдастыру жұмыстары.
Министрліктің ұйымдастырушылық қызметін орнықтыру үшін бізде қатарынан үшінші жыл Желілік график жасалынуда. Онда жұмысты әр жартыжылдыққа арнап күнбе-күн жоспарлау әдісі қолданылған.
Дей тұрғанмен, бізге күнделікті жұмыстармен қоса өткен жылы үкімет отырысында қолдау тапқан серпінді жобаларды да ден қойып, іске асыру керек.
Одан басқа, жиналған тәжірибені ескере отырып, мәдениет пен ақпарат саласын жалпы дамытуға бағытталған бірқатар жаңа бастамалар көтермекшіміз.

1. Сандық теле және радиохабар таратуға көшу. Хабар таратудың техникалық инфрақұрылымы сандық технологияларға көшуге дайын. Технологиялық жабдықтар қатары ауыстырылатын болады. Бұл теледидар сигналын жолдаушы жерсеріктік жүйелер мен жер үсті берілетін теледидар жабдықтары. Аталған жобаны іске асыру мемлекеттік операторды құруды көздеп, әлеуметтік пакетті тасымалдауға және сандық телекоммуникацияның жеке рынокта қалыптасуына мүмкіндік береді. Сандық хабар таратудың артықшылығы оның жоғары сапалы бейнелеу, дыбысталу мен көпбағдарламалық қасиетіне ие екендігінде.

2. Жаһандық ақпарат желісінің ұлттық бөлігінің контентін дамыту және жаңа ірі web-порталдар құру. Интернет еліміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың стратегиялық шартына айналып отыр. Интернет-ресурстың қуатын пайдалану мәдени құндылықтарға азаматтар тарапынан сусындау мүмкіндігін кеңейтуге жол салады. Осыған байланысты «Ұлттық мұра» электронды мемлекеттік қоры және «Қазақстанның кітапханасы» ақпараттық-танымдық веб-порталы сияқты стратегиялық жобаларды іске асыру басталды. Осы арқылы біз мәдени мұраны электрондық нысанға айналдырып, оның сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің алыс аудандарындағы тұрғындардың мәдени құндылықтарға жетуін біршама жеңілдетеміз.
Белгіленген міндеттермен тығыз байланыста Интернет желісінің қазақстандық сегменттік контентін дамыту бойынша жұмыстарды жүргізу қажеттілігі тұр.

3. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокорпорациясы базасында Жаһандық мультисегменттік ақпараттық-тарату желісін құру.
Министрлік «Қазақстан» ТРК-мен бірлесіп, Астанадағы оны базасында жаңа технологиялы медиа-орталық жасауды бастады. Бұл осындай жалпыұлттық және халықаралық телекөпір, «тікелей эфир» сияқты арнайы жобаларды жаңа деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай теледидардың әдеете жоғары рейтингке жетелейтін түрлі ток-шоу, ойын-сауық, интерактивтік және жаңалықтар бағдарламаларын өткізуге де көп мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар бұл Орталық Азиядағы жаңа форматтағы жалғыз ғана медиа-орталық болады. Оның негізгі басты бағытының бірі телетрансляциялар мен тәуелсіз жеке компаниялардың студиялық орындарына қызмет көрсту болады. Аталған жобаның негізі ретінде Ресей Федерациясындағы останкинолық телекомпания мен Рейтерс, ВВС, Вести-Россия ірі әлемдік ақпараттық агенттіктерінің жұмыс тәжірибесі алынды.

4. Құрылысы қазіргі заманғы сапа стандарттарына сай келетін жаңа ерен заманауи кино өндіруші база салу. Бұл жобаны іске асыру үшін барлық нысандағы, яғни сериалдарды, ғылыми-көпшілік, тарихи, деректі және т.б. фильмдерді өндіруге қажетті кешен құрылады. Мұндай қазақстандық кино фабрикасы үшін өзінің қалыптасқан дәстүрі мен жеткілікті абыройы бар «Қазақфильм» киностудиясы негізгі база бола алады. Қазіргі кезде мұндай ірі киноөндіруші орталық Үндістанда (Болливуд) бар. Сол сияқты Қытай киноиндустриясы да белсенді дамып келеді. Ал Орталық Азияда кино өндірісі жеткілікті дамымаған. Сондықтан осы жобаны іске асырған жағдайда Қазақстан осы кемшілігімізді жойып, болашақта аталған геомәдени аймақта отандық киноматографияны дамытуда алға шыға аламыз деп білеміз.

5. «Тілдің үштұғырлығы» мәдени жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – кемінде үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін халықтың еркін игеруі мен қолдануы үшін ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар жасау. Республикада қазақ тілі мен басқа да тілдерді дамытудағы міндеттерді табысты шешу, сондай-ақ, осы жобаны терең әрі түбегейлі зерделеуді қажет етеді. Тілдердің қолданылуының арақатынасына ғылыми негізделген мониторинг жасау, олардың қоғамдық, жеке адамдар арасындағы қажеттілігін нақты бағалау қажет.
Осыған байланысты елдегі тілдік жағдайларды қазақстандықтардың өз пікірі негізінде зерттеу, халықаралық тәжірибені зерделеу мен енгізу қазақстандық біртектілікті нығайтуға жағдай жасайды. Тілдік білім деңгейінің арттырылуы Лозанна қаласындағы халықаралық менеджмент институтының бәсекеге қабілеттілік рейтингі қағидаттарының бірі ретінде Қазақстанның да бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруге бағытталған қадамы болып табылады.

6. Әлемнің зияткерлік орталықтары қағидаты бойынша Қазақстанның бірыңғай ақпараттық кітапхана жүйесін құру. Аталған жоба халыққа ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету саласына жаңа ақпараттық технологиялар мен жаңа халықаралық стандартты ендіруге бағытталған. Бүгінгі таңда елдегі кітапхана қорын сандық форматқа ауыстыру орталықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында сандық форматқа ауыстыру үшін кітаптарды, ғылыми еңбектерді, диссертациялық жұмыстардың және басқа да материалдардың көшірмелерін жинақтау бойынша жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру көзделуде.
Ендігі кезекте сандық форматтағы кітапхана қоры орналастырылатын біріңғай сервер құру қажет. Бұл жоба шалғай орналасқан өңірлерді компьютерлендіруге және Интернетті пайдаланушылардың санының артуына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен бірге қажетті кітап мәтінін үйде отырып-ақ алуға мүмкіндік тудырады.

7. Үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың Ұлттық ақпараттық-ресурстық орталығын құру.
Бұл орталық елдің «үшінші секторды» бірыңғай тармақталған ресурстық базамен қамтамасыз етеді, идеялар мен азаматтық бастамалардың өзіндік «шоғырландырушысы» болады. Сонымен бірге орталық қоғамдық бірлестіктерге ұйымдастырушылық және құқықтық көмек көрсете алады, халықаралық қорлармен тиімді ақпарат алмасуды және өзара әрекеттерін дұрыс жолға қояды.

Осылайша, алға қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыра отырып, Қазақстан Орталық және Шығыс Азиядағы негізгі ақпараттық және мәдениеттанушылық орталыққа, ал Мәдениет және ақпарат министрлігі стратегиялық ресурсқа және Елбасы алға қойған стратегиялық міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз ету құралына айналуы тиіс.

Құрметті әріптестер!
Біздің негізгі міндетіміз – Елбасы мен Премьер-Министрдің бізге артып отырған сенімін ақтау болып табылады. Саланың адамдық және кәсіби әлеуетінің осы үлкен сенімді ақтаудың басты шарты болып табылатындығын бәріміз жақсы түсінеміз.
Сіздер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жоғары кәсіби мамандар, ұлттық мәдениеттің көшбасшылары, біздің мемлекеттілігіміз қалыптаса бастаған қиын тұста елдің мәдени байлығын сақтап қала алдыңыздар. Біз барлық сала бойынша қиын да ауыр уақытты бастан өткеріп қана қоймай, Мәдениетті көтеруге, оның қарқынды дамуына ықпал еттік.
Осы орайда әрқайсыңызға әрбір еңбек күндеріңіз үшін рахмет айтқым және Сіздерге шығармашылықтың шыңына, кәсіби табыстарға жете берулеріңізге тілектес екендігімді білдіргім келіп отыр. Мен Сіздерге, елдің мәдени зиялы қауымына сенемін.
Қызметтеріңізге табыс тілеймін!

 

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS