Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

"ҚазАқпарат", 20 ақпан, 2008 жыл

Экология және орнықты даму министрлігін құратын уақыт жетті

Қоршаған ортаның жағдайы кез-келген мемлекеттің дамуындағы алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі болуы тиіс. Яғни, экономика мен экология арасында теңдікті қалыптастыра алмаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Өйткені бүгін қайтсек те экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, келесі күні сондай экономиканың салдарынан келетін залалды жою үшін әлгіге жұмсаған қаражаттан он, тіпті жүз есе артық қаржы жұмсауға әкеп соғатын мысалдарды адамзаттың даму тарихынан келтіруге болады. Сондықтан да Қазақстан дамудың өзін орнықты дамудың қажеттілігімен ұштастырып отыр. Бұл реттегі экология мәселесі, әсіресе осы саладағы қордаланып келе жатқан «тарихи проблемаларды» шешу жолдары орнықты даму аясында қарқынды жүзеге аспақ. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовпен осы мәселелер жөніндегі сұхбатты ұсынамыз.

- Министр мырза! Қазақстанның Орнықты даму тұжырымдамасына көшуді жүзеге асыруы үшін өткен 2007 жылы маңызды қадамдар жасалды. Алғашқы нәтижелерімен бөліссеңіз. Тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстанның дамуының негізгі басымдықтарын қалай атар едіңіз?

- Мемлекет Басшысының Жарлығымен бекітілген Орнықты дамуға көшу тұжырымдамасының мемлекет үшін маңызы зор деп білемін. Бұл құжатта ең алдымен республикамыздың экономикалық өркендеген ел болуымен қатар, экологиялық және әлеуметтік жағынан орнықты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет болуды қамтамасыз ететін нақты қадамдар көрініс тапты деп толық айтуға болады. Осыған орай, өткен 2007 жылы Үкімет тарапынан Елбасы тұжырымдамасын жүзеге асыру іс-шараларының жоспары бекітілді. Бұл жоспар 97 ұстанымды қамтыса, соның 33-і өткен жылы өз деңгейінде жүзеге асты. Сонымен бірге, орнықты даму қағидаттарын мемлекеттік және салалық бағдарламаларға кіріктіру шаралары туралы Үкіметке арнайы ұсыныстар енгізіліп отыр. Бұдан басқа, даму өлшемдері негізінде «ілкі» деп танылған жобаларды жүзеге асыру әдістемелері құрылды. Үкімет қаулысымен 34 салааралық нысаналы көрсеткіштер бекітілді. Тоқтала кететін жайт, бұл көрсеткіштер қазақстандық тәжірибеде алғаш рет қабылданған бірегей құбылыс болды. Ол бойынша 2024 жылға дейінгі негізгі бағыттар туралы мөлшерлі басымдықтар ұсынылып отыр. Яғни, бір сөзбен айтсақ, орнықты даму аясында қабылданған шаралар бойынша бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан көрінуі үшін Қазақстанның қандай болуы қажеттігі анық айқындалды, деп нақты айтуға да келеді.
Сонымен бірге, орнықты даму жөніндегі ауқымды мәселелер былтырғы жылы қабылданған маңызды стратегиялық құжаттарда да қамтылды. Мәселен, дамудың негізгі қағидаттары Үкіметтің орта мерзімдік бағдарламасын әзірлеуге пайдаланылып, 2008-2015 жылдарға арналған мемлекетіміздің экспорттық мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттіліктің жаңа деңгейіне жету тұжырымдамасына негіз болды.
Сондай-ақ өткен жылғы Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларына орай, экологиялық таза және қалдықсыз технология каталогының қолға алынғандығын атап өткім келеді. Президент Н. Назарбаевтың жаһандық энергетикалық-экологиялық бастамаларына орай, 2024 жылға дейінгі орнықты даму мақсатында Энергияны үнемді пайдалану мен ресурстарды жаңғырту стратегиясының жобасы Үкімет тарапынан мақұлданып отыр. Министрліктің жұмыс тобы болып табылатын Орнықты даму кеңесі де белсенді қызметтер атқарып келеді. Кеңес отырысында жоғарыда аталып өткен ресурстарды жаңғырту, қуат көздері, елдегі демография жағдайы, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік секілді маңызды мәселелер қаралды. Алған бағытымыз, орнықты дамудағы аяқ алысымыз жаман емес секілді.

- Нұрлан Әбілдаұлы, Сіз министрлікке келгелі бері еліміздегі экологиялық талаптарды қатайту шаралары қолға алынып келеді. Мәселен, өткен жылдан бастап қоршаған ортаға мөлшерден тыс залал келтірген өндірісті тоқтату шаралары енгізілді. Нәтижесі қалай?
- Әрине, қоршаған ортаны қорғау заңнамасына толық мойынсұндырудың бірден-бір құралы жұмыс істеп тұрған өндірісті немесе оның қызметіндегі шаруашылық субъектісін тоқтату шарасы болып табылады. Яғни, жаңағы өндірісті тоқтатудың өзі табиғатты пайдаланушыларды осы бағыттағы заңнаманы сақтауға ынталандырып, заң бұзушылықтар мен көзжұмбайлықтарды алдағы уақытта болдырмауға әкеп соғады. Дегенмен де, біздің мақсатымыз тек қана зиянды қалдық шығаратын өндірістердің жұмысына кедергі жасап, экологиялық таза орта үшін олардың қызметін тоқтату емес екендігін атап өту керек. Шындығында, жаңағы шаруашылық субъектілерін жауып тастауды тәжірибеде қолданудың өзіндік тетіктері бар. Мәселен, өндірісте арнайы табиғатты пайдалану туралы рұқсаты болмаған жағдайда, жүйелі түрдегі шығарынды (қалдық) мөлшерден асып кетсе, санкцияланбаған өндіріс қалдықтары төгілсе, мемлекеттік экологиялық сараптамасыз нысандарды пайдалануға берілсе, сондай-ақ, жерді пайдаланушылардың лицензиялық-келісім шарттық ережелерді жүзеге асырмауды әдетке айналдырса - ондай өндіріс орындарының жұмысы тоқтатылады. Сонымен бірге, бұндай мәселе тек соттың шешімі негізінде, қоршаған ортаны қорғаудың уәкілетті органының шағымына байланысты ғана жүзеге асады.
Ал бұл шараның нәтижесі де жаман болған жоқ. Мәселен, 2007 жылы Министрліктің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларымен шаруашылық қызметтерін тоқтату туралы сотқа жалпы республика бойынша 375 іс жөнелтіліп, оның 316-сы қанағаттандырылды.
Егер экономика саласы бойынша қарастыратын болсақ, бұл тоқтатылған өндірістің басым бөлігі құрылыс нысандарына тиесілі болып, бұлардың өзі 32,2 пайызды құрап отыр. Бұдан басқа мұнай-газ саласы, пайдалы қазба байлақтарды өндіру мен игеру саласындағы жұмысын тоқтатқандар 14,7, қызмет көрсету саласындағы заң бұзғандығы үшін осындай жазаға тартылғандар 32,3 пайызға жетті.
Әрине, тоқтатылған нысанның жұмысы тек олардың кемшілікті толығымен жойған кезеңінде ғана іске қосылады. Осы бағытта өткен жылдың өзінде қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзғандығы үшін салынған айыппұл 40 млрд. теңгеге жетті. Экологияға әсер ету тұрғысанан алғандағы нәтижесі де қуанарлықтай, заңнаманы бұзу 2006 жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеді. Мінеки, біз бұл бағытта белсенді жұмыс атқаруды жалғастыра беретін боламыз.

- Біздің ғасыр нағыз экологиялық күрес ғасыры десек артық айтпайтын шығармыз. Жаһан бойынша дәл осы мәселеге баса назар аударылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның халықаралық экологиялық ұйымдармен ынтымақтастығы, дамыған еуропа мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы тәжірибесін енгізу шаралары туралы айтып өтсеңіз?

- Қазақстан қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық ұйымдармен, оның ішінде БҰҰ-ның жүйелі бағдарламалары бойынша ынтымақтастықты арттырып келеді. БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен, Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасымен, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңірі үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, сол секілді аталған беделді ұйымның білім беру, ғылым мен мәдениет, индустриалды даму мәселелері жөніндегі ұйымдарымен тығыз байланысымыз бар.
Бұл саладағы басым бағытымыздың бірі Қазақстанның 2010 жылы төрағалық ететін ЕҚЫҰ-мен халықаралық әріптестік ынтымақтастықты жандандырып келеміз. Сонымен бірге, табиғатты пайдалану проблемалары және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша Жаһандық экологиялық қор, Бүкілдүниежүзілік банк, Еуропаның қайта құру және даму банкі, Азиялық және Исламдық даму банкі секілді біраз ұйымдармен өзара байланысымыз да жолға қойылған.
БҰҰ-ның Даму бағдарламалары, Еуропалық Одақ секілді негізгі әріптестеріміздің экология саласында қаржылық және техникалық көмектеріне де арқа сүйеп отырмыз. Мәселен, өткен жылы Экологиялық кодексті қабылдағанда, аталмыш халықаралық ұйымдардың сараптамалық қолдауы көрсетілді. Осының арқасында, құжатты әзірлеу барысында түрлі халықаралық ұйымдардың 20 шақты ұсыныстық құжаттары, 18 халықаралық конвенция, Еуроодақтың 30 директиві негізге алынды десе де болады.
Ең бастысы Қазақстанның орнықты даму мен экология мәселелерінде халықаралық беделі артып отыр. Жақында ғана белгілі болғандай, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық комитетіне еліміздің төрағалық етуі осының айғағы іспеттес. Сонымен бірге, 2010 жылы орнықты даму жөніндегі ауқымды панеуропалық министрлер деңгейіндегі конференция Астана қаласында өтетінін білетін боларсыздыр. Бұдан басқа Қазақстан Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия (СРГ ПДООС) елдері үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар Жоспарын жүзеге асыруға құрылған Арнайы жұмыс тобының бюросына сайланды. Ираннан Қазақстанға ірі халқаралық институционалды құрылым болып табылатын Каспий экологиялық бағдарламалары кеңсесі көшетін болады. Жалпы, бұның барлығын еліміздің тек экономикалық жағынан дамушы мемлекет ретінде ғана емес, әлеуметтік, экологиялық мәселелерге де баса назар аудара білетін ел ретіндегі халықаралық аренадағы мойындалуы, Қазақстанның танылғандығы деп қараған ләзім.

- Дегенмен де, экологиялық проблемаларды бір күнде шешу мүмкін емес екендігі белгілі жайт. Бірақ, ендігі күні осы мәселені оңтайландыру саясаты одан әрі қалай өрістемек? Жалпы, осы тұрғыдан алғанда өткен жылы Парламент қабылдап, Мемлекет Басшысы қол қойған Экологиялық кодекстің жүзеге асуы қалай?

-Бұл Экологиялық басты құжат біздің жұмыс атқарып отырған саламыздағы маңызды қадамдарды жасау үшін мол мүмкіншілік беріп, жағдай жасап отыр. Әлемдік тәжірибеге сай қабылданған, халықаралық келісімдер мен конвенцияларға үйлесімді болып келетін Кодекстің ел өмірін жақсартуға жұмыс істейтініне сенімдімін.
Жалпы, кодексті жетілдіре түсу үшін 46 заңға қосымша актілер қабылданды. Атап айтсақ, Базель конвенциясына негізделген өндіріс қалдықтарының жаңа жіктеуші-классификаторы, Орхус конвенсиясына сәйкестетілген жұртшылықтың экологиялық ақпаратпен және құқықпен қамтамасыз етілуі, Монреал протоколы бойынша парник газдарды шығаруды нормаландыру құжаттары болып табылады.
Кодекстің қабылдануымен бірге, алғаш рет елімізде еуропалық тәжірибелерге негізделген экологиялық рұқсат берулердің кешенді шаралары енгізіліп отыр. Мәселен, бұндай рұқсат ендігі күні қоршаған ортаға келтіретін залалы төмен болып табылатын жоғары технологияларға қарастырылса, оның өзінде де рұқсат беру 3-5 жылға ғана арналатын болды, әрі рұқсатты беру тәртібі де жеңілдетілді.
Сонымен бірге, экологиялық мәселелер бойынша нормативтік-құқықтық қолдауды құрылымдау жұмыстары ағымдағы жылы жалғасатын болады. Үкіметтегі жоспар бойынша 2008 жылы «Жаңарған қуат көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасын, экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен қондырғыларды әкелуді реттеу туралы Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз.

- Реті келгесін, осы төңіректегі жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз?

- Балама, не болмаса жаңа қуат көздерін пайдалану біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе. Бұған Елбасы да баса назар аударып отыр. Ал министрлік тарапынан әзірленетін бұл жобада негізінен экономиканың энергия ауқымдылығын төмендету мәселесіне алдымен көңіл бөлінеді. Өйткені Қазақстанның желден, судан, күн сәулесінен өндірілетін қуат көздерін шығарудағы мүмкіндігі зор деп айтуға болады. Біздің елімізде оны игерудің бастапқы нышандары да бар. Мысалы, республикамызда ТМД елдерінің қолы жетпеген биоотын зауытының салынуы соған дәлел. Бірақ, заңнамалық, құқықтық реттеу жайында баламалы қуат көздерін өндіру саласының дамуынан біршама артта қалып қойғанымыз бар. Шындығында да бүгінгі Қазақстан үшін энергетика тапшылығын жою ісі ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан біздің ел бұл салада мол тәжірибесі бар Еуроодақпен тығыз байланыста болуды көздейді. Өйткені жаңағы айтып кеткенімдей, елімізде энергия көздерін алудың бірнеше мүмкіндігі болса да, өкінішке қарай біз оны толық пайдаланып отырған жоқпыз. Ал еуропалықтар болса, біздің елдегі жел, су және күн сияқты экологиялық жағынан аса тиімді жолдармен алынатын энергия көздеріне зәру. Сондықтан олар Орталық Азия аймағындағы энергия тапшылығын жою арқылы арзан өнімді пайдалануды алдарына мақсат етіп қойып отырған секілді. Еуроодақ осы мәселенің алдын алу үшін Қазақстанға қазірден бастап қол ұшын бере бастады. Бұның өзі біз үшін энергия көздерін өндіру мен оны тиімді пайдалануда төте жол болып есептелмек. Осының барлығын реттеу үшін ең алдымен арнайы заңнаманың жетілгені қажет. Ол заңнамада улы газдарды ауаға таратуды төмендету, қоршаған ортаға электр энергиясын өндіретін сектордың жағымсыз шараларын болдырмау мәселелері де көзделсе игі деп ойлаймын.
Ал екінші заң жобасы бойынша Қазақстанға әкелініп жатқан технологиялар, техника мен қондырғылардың, көліктердің зияндылықтарының алдын алу. Яғни, Қазақстанға тек қана қауіпсіз, таза, залалсыз өнім керек. Сондықтан да, бұларға мемлекеттік бақылау орнатып, қоршаған ортаға зиянды болатын нәрседен өз елімізді таза ұстау мақсатындағы дүниенің бірі осы.

- Балама қуат көздері туралы әңгіме айтып қалдық. Сіздің ойыңызша, тиімді экологиялық жолмен алынатын қуатқа басымдылық беру үшін қандай шаралар қажет? Қазақстан үшін қазір энергетикалық тапшылықты жою өзекті мәселеге айналып отыр емес пе?!

- Расында да, біздің экономикамыз әлі де болса, шикізаттық бағытта болып, жылу-энергетикалық ресурстарға жоғары сұраныс сипаты белең алып отыр. Бұның өзі бәсекеге қабілеттілік қарқынын төмендетеді, содан барып, қоршаған ортаның ластануына, әлгі бүкіл әлем болып күресіп отырған улы (парник) газдың көп таралуына әкеп соғады. Ал қарқынды экономикалық дамуда электр энергиясына деген сұраныс бүгінгіден де арта түсетіндігі белгілі жайт. Яғни, жылуды тұтыну артқан сайын, экологияға түсетін салмақ та ұлғаятыны көрініп отыр. Сондықтан да менің ойымша, электроэнергетика саласындағы проблемаларды қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен біріктіре қараған орынды. Бұл шара Қазақстанның 2007-2024 жылдарға арналған Орнықты дамуға көшу тұжырымдамасында да айқындалды.
Бүгінгі күнді алып қарастырсақ, жаңартылған энергия көздерінен электр қуатын өндіру бұрынғы біз пайдаланып келген көздерден әлдеқайда қымбатқа түсіп отыр. Мәселен, шағын СЭС-тар мен жел электр стансаларынан алынатын электр энергетикасының құны шамамен 7-10 теңге/кВ. құрайды. Осыған қарамастан, нысаналы көрсеткіштер үшін біз 2024 жылға дейін Қазақстандағы жалпы энергия пайдаланудың 5 пайызға жуығын балама энергия көздеріне беру деңгейіне жетуді ұсынып отырмыз. Бұндай көрсеткіштерге нақты қол жеткізуге болады, әрине ең бастысы қажетті қадамдарды бүгіннен бастау керек.
Сонымен бірге, Қазақстанда экологиялық салықтарды енгізудің маңызы зор болады деп ойлаймын. Бұндай мәселені сараптамалық тұрғыдан зертеп, айналысып та жатырмыз. Бірқатар еуропа елдерінде осы түрдегі салықтың енгізілгені белгілі. Бұл мемлекеттердегі жаңағы салықтан түскен қаржы энергияның дәстүрлі көздерінен қуат өндіргендегі экологиялық ұстанымдарға өтемақы төлеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, «балама» қуат көздерін ұсынушылар үшін де қолайлы жағдай қалыптастырған. Қазақстанда да осыны неге енгізбеске?
Әрине, бұндағы басты мәселені энергия тұтыну мәдениеті мен оны үнемдеуге аударған дұрыс дегенді жөн санаймын. Бүкіл әлемде электр энергиясын үнемдеу экологияға қосылған маңызды үлес деп қарастырылады. Бізге де осы қағидатқа мойынсұнатын кез жетті. Әрбір адам өзінің салауаттылығы, қоршаған ортасының байлығы үшін осы бағытта өзін-өзі тәрбиелеуі шарт. Еуропада бұндай энергетикалық мәдениет мектептегі партаға отырудан басталады. Біздің сол еуропалықтардан қай жеріміз кем? Әрбір кәсіпкер ғана емес, әрбір жұмысшы, әрбір азамат адамзаттың ортақ Үйі - Жер Ананы әдемі күйінде сақталуына жауапты екенін терең сезінсе, оның бүгінгі күнін ғана емес, ертеңгі күйін де ойласа. Министрлік тарапынан осы мәселені тақырыптық тұрғыда оқыту мен экология мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу бағдарламаларына енгізу, әсіресе орта білім мекемелеріне кіргізу туралы ұсыныс жасайтын боламыз. Ең бастысы, саналық өсу қалыптасқан кезде ғана Қазақстан «жасыл шұратқа» айналатынын естен шығармау қажет. Жалпы өз басым қоршаған ортаға салғырт қараған адамды жақтырмаймын.

- Өткен жылы Сіз Қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталық құру туралы ұсыныс жасаған едіңіз. Бұндай ауқымды бағытта Қазақстанда қандай шаралар атқаруда?

- Үкіметтің Қаулысына сәйкес, иесіз әрі қауіпті қалдықтарды басқаруды жүзеге асыру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен жүзеге асады. Үкіметтің қаулысын орындау мақсатында біздің министрлік Ресейдің ғалымдарын, Татарстан Ғылым академиясының оқымыстыларын және басқа да мүдделі мемлекеттер органдарын қатыстыра отырып, өткен жылы дөңгелек үстел ұйымдастырғанымыз бар. Осы отырыста жаңағы мәселе жан-жақты талқыланып, оны шешу жолы бойынша құқықтық және экономикалық қамтамасыз ету туралы ұсыныстар жасалды. Қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданып, Қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығын құру туралы шешім қабылданды.
Бұл жерде тоқтала кететін жайт, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 18-ші отырысында Мемлекет Басшысы бұрыннан жалғасып келе жатқан тарихи ластанушылықты жоюға бағытталған бірқатар тапсырмалар жүктеп, иесіз жатқан қалдықтарды өңдеуге және басқаруға бағытталған мемлекеттік компания құру қажеттігін алдыға тартқан еді.
Елбасының осы тапсырмасын орындау үшін және жинақталып қалған зиянды қалдықтарды жою үшін Үкімет басшысының атына жоғарыда аталған Акционерлік қоғам түріндегі Қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығын құру туралы үндеу жасалып, бұны Премьр-Министр Кәрім Мәсімов қолдады.
Бүгінгі күні қалдықтарға байланысты түпкілікті зерттеу жұмыстары қолға алынды. Ары қарай орталықты құру туралы шаралар жалғасын табады. Ал бұндай орталық құру «дәл қазір инвестиция құюға әзірміз» деп отырған шетелдіктер үшін қоқыс өңдейтін зауыттар салуға жағдай жасап, республикамызда тиімді қызмет ететін қалдықтар нарығын жолға қоюға септігін тигізеді деп ойлаймын. Осының арқасында қалдықтарды бақылау, жинау, өңдеу, жою, сақтау секілді шаралар қамтылса, бұл да орнықты дамудың көрсеткіштеріне кәдімгідей әсер ететіні түсінікті жайт.

- Тағы бір сұрақ. Сіз өткен жылы Парламент депутаттарымен кездесу барысында министрліктің атауын өзгерту туралы мәселе көтерген едіңіз? Бұған қандай негіздерді алдыға тарта аласыз?

- Менің ойымша, Қазақстанға орнықты даму бағытындағы өкілетті орган қажет. Қазіргі таңда біздің министрліктің дәстүрлі айналысып келген қызметінен басқа, қосымша жаңа міндеттер де туындап отыр. Осыған орай министрлікті қайта құруды ұсынамыз. Сонымен бірге, бұндай тәжірибелер, әсіресе дамыған елдерде көптеп орын алып келеді. Сондай-ақ басқа да дамыған елдердің қоршаған ортаны қорғау ведомстволары өздеріне тұрақты даму қағидаттарын енгізу жауапкершілігін алатыны белгілі. Мәселен, Швецияда қоршаған ортаны қорғау проблемаларымен Орнықты даму министрлігі айналысса, Францияда бұндай министрлік Қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму министрлігі деп аталады.
Бұндай өкілетті органның болуы Орнықты дамуға көшу тұжырымдамасында да қарастырылды. Яғни, осындай орган өзіне тек қана экология мәселелерін жүктемейді, сонымен қоса, Тұжырымдамада көрсетілген жаңартылған ресурстар мен энергия көздерін пайдалану проблемаларын, демографиялық саясатты, нақты мөлшерлік параметрлерге қол жеткізу үшін ведомствоаралық үйлестіру жұмысын да қамтитын болады. Бүгінгі күні Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Премьер-министр жанындағы Орнықты даму жөніндегі кеңестің жұмыс органы болып табылады. Осы айтылғандардың барлығын ескере келе, менің ойымша, біздің министрліктің атауын «Экология және орнықты даму министрлігі», деп өзгертетін уақыт жетті.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS