Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > Бердібек САПАРБАЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: Биыл әлеуметтік төлемдердің түрі 36-ға жетіп отыр

Бердібек САПАРБАЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: Биыл әлеуметтік төлемдердің түрі 36-ға жетіп отыр

"Айқын" газеті, 21 ақпан, 2008 жыл

– Бүгінде зейнеткерлерді зейнетақының қаншалықты өскендігі толғандырады. Бұл мәселе Елбасының Жолдауында атап көрсетілген болатын. Жалпы, Президент Жолдауы қалай жүзеге асуда, Мемлекет басшысының тапсырмаларының барлығы да орындалды ма?
– Иә, өткен жылғы Жолдау әлеуметтік мәселеге бағытталғандығымен ерекшеленеді ғой. Әрине, Елбасының барлық тапсырмалары орындалды. Жыл басынан бастап әлеуметтік төлем өсті. Біріншіден, базалық зейнетақы өсті. Өткен жылы базалық зейнетақы 3000 теңгені құраса, биыл қаңтардың 1-інен бастап оның көлемі 40 пайызға өсіп, 4210 теңгеге жетті. Сондай-ақ зейнетақыны белгілеуге арналған жоғары жалақы мөлшері 15 еселік айлық есептік көрсеткіштен 25 еселік айлық есептік көрсеткішке дейін өсті.
Соған орай тиісті жалақысына сәйкес, зейнетақы мөлшері өсті. Осы айтылғандарға қамтылмаған зейнетақы 9 пайызға индекстелді. Соның нәтижесінде базалық зейнетақыны есептегенде, ең төменгі зейнетақы мөлшері 12 110 теңгені құрады. Осындай мөлшердегі зейнетақыны жаңа жылдан бастап алатындардың саны, біздің есептеуімізше, 320 мың адамды құрайды. Елдегі орташа зейнетақы мөлшері 17 870 теңге болды. Ондай зейнетақыны алатындардың саны – 530 мың. Зейнетақының жоғары мөлшері болса, 26 110 теңгені құрап отыр. Осы мөлшердегі зейнетақыны 784 мыңнан астам адам алады.
– Бұл өзгерістер зейнетақы жинақтау жүйесіндегі зейнетақы төлемдеріне де қатысты болып табылатыны рас па?
– Иә, рас. Биылға дейін жылдық төлем 100 мың теңге болса, қазір оның көлемі артты. Тарата айтқанда, зейнеткер зейнетақы жинақтау қорындағы өз шотынан жыл бойында 250 мың теңгеге дейін ақша ала алады. Жинақтау қорынан берілетін осы қаржыны да зейнеткер зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан алады.
– Зейнетақы қорындағы қаражатты басқа мақсатқа пайдалану мүмкіндігі бар ма? Айталық, ипотекаға салуға бола ма?
– Жоқ, болмайды. Зейнетақы қорын зейнет жасына жеткенде ғана пайдалануға болады. Ал бірінші және екінші топтағы мүгедектер мезгілсіз мүгедектікке ұшыраған кезден бастап төлемдерін ала алады.
– Биылғы жылы бұрын қарулы құрылымда жұмыс істеген зейнеткерлердің ақысын төлеу жағы қалай қарастырылған?
– Аталған құрылымда жұмыс істеген зейнеткерлердің зейнетақылары 9 пайызға индекстелді. Оларға арналған базалық зейнетақы мөлшерінің де басқалардан еш айырмашылығы жоқ. Яғни қарулы құрылым зейнеткерлері үшін де базалық зейнетақы 3000 теңгеден 4210 теңгеге дейін өсіп отыр.
– «Екінші нөмірлі тізім» дегенге түсінік беріңізші. Ол зейнетақыға балама төлем бола ала ма? Оны кімдер алады, оның мөлшері қандай?
– Бұл 1998 жылғы қаңтардың 1-іне дейін қауіпті, зиянды және ауыр жағдайда жұмыс істеп, зейнетақыда жеңілдік алуға тиісті құқығын алып үлгермеген азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақы болып табылады. Оның мөлшері сегіз айлық есептік көрсеткішті құрайды. Оны қаржыға шақсақ, жәрдемақының мөлшері 9344 теңге болып шығады.
– Оны кімдер алатынына нақтырақ тоқталсаңыз екен.
– Бұл жәрдемақыны алудың шарттары мынадай болып келеді. Оны 1998 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі еңбек стажы 25 жылдан кемге соқпайтын, жасы 58-ге жеткен ер адамдар, осы уақытқа дейін еңбек стажы 20 жылдан аз емес, жасы 53-ке жеткен әйелдер ала алады. №2 тізім бойынша ерлерге еңбек стажының 12 жыл 6 айдан аз емес мерзімі үшін, әйелдерге 10 жылдан аз емес мерзімі үшін жәрдемақы төленеді. Үкімет осы жәрдемақыны алуға тиісті адамдар жұмыс істеген өндірістердің, жұмыстардың, мамандықтардың, қызметтер мен көрсеткіштердің тізімін бекітті. Осы тұрғыдан келгенде биыл аталған жәрдемақыны алатындардың саны 27,3 мың адам екендігі анықталды. Ол кісілер зейнет жасына жеткенде, таңдау құқығы беріледі. Үкіметтің тізімінде көрсетілген орындарда жұмыс істеген адамдар сондайда жәрдемақы мен тағайындалған зейнетақының бірін ғана таңдай алады. №2 тізім бойынша белгіленген арнайы мемлекеттік жәрдемақы бұған дейін жеңілдікпен зейнетке шығып кеткен азаматтарға берілмейді.
– Ендеше, мына бір түйткілді қалай реттеуге болады? Өзіңіз білесіз, кезінде жұмыс жасаған кәсіпорындардың дені бүгінде тарап кеткен. Оның құрамы жөнінде құжаттар да мұрағатқа өткізілмеген. Сонда «екінші нөмірлі тізім» бойынша жәрдемақы алуға хақысы барлар не істеуі керек? Олар зиянды жағдайда жұмыс істегенін немен куәландырмақ?
– Әрине, №2 тізім бойынша белгіленген жәрдемақысын алу үшін сіздің қиын жағдайда жұмыс істегеніңізді куәландыратын әлгі мекеменің анықтамасы қажет. Мекеме тарап кеткен жағдайда мұрағат анықтамасы талап етіледі. Ал ондай құжат болмаған жағдайда азамат өзінің ерекше сипатта жұмыс істегенін дәлелдеу үшін сот орындарына жүгіне алады. Сот органдары куәгерлердің дәлелдеуімен тиісті шешім шығарып бере алады.
– Оның жөні қалай болмақ?
– Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Оны өткергендер де көп.
– Болашақ аналарды әлеуметтік жағынан қолдау жағы қалай болып жатыр? Жәрдемақы бөлгенде олардың еңбек қызметі, яғни жұмыс істегені ескеріле ме? Ондай жағдайда жәрдемақыны төлеу барысы қалай болмақ?
– Басты жаңалықты айтайын. Биылдан бастап жұмыс істейтін аналар жүктілік, босану және баланы күтуі үшін әлеуметтік тұрғыда қамсыздандырылып отыр. Тарата айтқанда, жұмыс беруші ел ішінде «декрет» аталып кеткен ананың жүктілігі пен босануына бөлінетін төлемдерді төлемейді. Оның бәрін мемлекет өз мойнына алып отыр. Бұл әлеуметтік төлемдер босанатын әйелдер үшін жұмыс беруші жарна төлейтін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен босатылады. Әйелдердің еңбек қызметі әлеуметтік төлемдерді есептеуде ескерілетін болады. Өйткені әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің декретке шығар алдында 12 ай ішіндегі ай сайынғы орташа кірісіне байланысты белгіленеді. Әлеуметтік төлемнің мөлшері орташа айлық кірісті белгіленген коэффициентке көбейту арқылы анықталады. Әдеткідей босанғандардың коэффициенті – 4,2, күрделі жағдайда және екі немесе одан да көп баласы барлардың коэффициенті – 4,7. Егер аяғы ауыр әйел Семей өңірінде тұратын болса, оған анағұрлым жоғары коэффициент қолданылады. Оның мөлшері – 5,7 немесе 6,2.
Мысал үшін, болашақ ананың орташа жалақысы 42 600 теңге болса, оған жүктілік пен босану үшін бір жолғы төленетін төлем 178 мың теңге болып шығады. Ол жалақыны (42 600) коэффициентке (4,2) көбейткеннен шығып отыр. Сонымен қатар анаға нәрестесін күту үшін ай сайын айлық жалақысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді. Жаңағы жалақы мөлшерінің 40 пайызы ондайда 17 040 теңгені құрайды. Осындай мөлшердегі төлем нәресте жасқа толғанға дейін беріліп тұрады. Сондай-ақ жұмыс істейтін ана бюджеттен 35 мың теңге бір жолғы жәрдемақы алады.
Ананың декреттік демалысы мен баланы күтуі кезеңінде зейнетақы қорына тиесілі қаражат бөліне беретін болады. Өйткені әлгі айтылған әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, жұмысшының жинақтаушы қорына аударылып отырады. Бұл зейнетақы қызметінде үлкен жаңалық болып табылады.
– Жұмыс істемейтін аналар ше? Оларды не күтіп тұр, олар әлеуметтік жағынан қорғалған ба?
– Жұмыс істемейтін аналар үшін мемлекеттік бюджеттен бір жолғы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 35 мың теңге. Бұл жәрдемақының бұрынғы мөлшерден екі еселенгенін атап айтқым келеді. Сондай-ақ жұмыс істемейтін аналар нәресте жасқа толғанша ай сайынғы жәрдемақыны алып тұрады. Оның мөлшері де биыл 1,6 есеге артып отыр. Яғни бірінші бала үшін ай сайынғы жәрдемақы – 5840 теңге, екінші бала үшін – 6424 теңге, үшінші бала үшін – 7008 теңге, төртінші баладан ары қарай 7592 теңге мөлшерінде төленбек.
– Жұмысшысының есебіне міндетті зейнетақы жарнасын аудармаған жұмыс берушіге қалай әсер етуге болады?
– Қолданыстағы заңға сәйкес, міндетті зейнетақы жарнасын төлеуді салық орындары қадағалайды. Сондықтан жарна аударылмаған жағдайда салық органдарына жүгінуге тура келеді. Бұл мәселе жөнінде біздің министрлікке де жүгінуге болады. Біз өз кезегінде кінәратты анықтау үшін тиісті орындарды құлақтандыратын боламыз.
– Бізге өткен жылдың қарашасында босанған, ешқайда жұмыс істемейтін жас ана хабарласты. Ол өзінің нәрестесінің күтімімен жүріп, әлеуметтік қорғау мекемелеріне баруға мүмкіндігі болмағанын айтады. Енді оны жәрдемақыларды қалайша алуға болатыны толғандырады. Ол кісі кімге жүгінгені дұрыс? Оған берілетін жәрдемақы Жолдауға сәйкес, жаңа шкала бойынша төлене ме, әлде ескі шкала бойынша төлене ме? Ол үшін қандай құжаттар қажет болады?
– Заңнамада мұндай тұрмыс тауқыметіне қатысты жай да ескерілген. Соған сай мәселе ана мен баланың пайдасына шешіледі. Ондайда нәрестенің анасы бала дүниеге келгеннен кейін 12 айдың ішінде өзінің тұрғылықты мекені бойынша зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа хабарласуы керек. Ондайда бала жасқа толмай тұрып қимылдаған дұрыс. Сіздерге хабарласқан ана биыл осыған үлгерсе, балаға берілетін жәрдемақыны жаңадан белгіленген мөлшер бойынша, яғни 35 040 теңге көлемінде ала алады. Бұл, әрине, ескі төлемге қарағанда екі есеге көп. Оған 2007 жылдың қараша, желтоқсаны үшін әр айға баланың күтімі үшін 3276 теңге жәрдемақы беріледі. Ал биылғы қаңтардан нәрестесі жасқа толатын қараша айына дейін ол кісіге ай сайын 5840 теңге төленетін болады. Бұл, әрине, бірінші балаға берілетін жәрдемақы. Егер де оның баласы үшінші, төртінші болса, тиісінше алатын жәрдемақы мөлшері де жоғары болмақ.
Ал жәрдемақы алуға қажетті құжаттарға тоқталатын болсақ, оның реті былай. Тиісті өтініш, баланың тууы туралы куәлігі, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжат, тұрғылықты мекені жөнінде құжат, отбасы құрамы жөнінде куәлік, ӘЖК, СТН.
– Редакцияға хат жолдаған аналардың бірі өткен жылдың қазан айында босаныпты. Ол босанғанға дейін жұмыс істепті. Ол кісі баланың күтімі үшін жалақысының 40 пайыз мөлшерін ала ала ма, әлде сіз айтқан жаңалық оған жүрмей ме?
– Иә, ол кісі қаңтардан бастап жалақысының 40 пайызы мөлшеріндегі жәрдемақысын ала алады. Оның бір ғана шарты бар. Егер де жұмыс беруші оған әлеуметтік сақтандыру жөніндегі Мемлекеттік қорға өз жұмысшысы үшін әлеуметтік төлемдерді төлеп келсе, ешқандай мәселе жоқ.
– Биылғы жылы мүгедектікке байланысты жәрдемақы мөлшері қандай болмақ?
– Биыл мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төменгі күнкөріс көрсеткіші есебінен ғана өсіп отыр. Өткен жылы 8861 теңгені құраған төменгі күнкөріс көрсеткіші биыл 10 515 теңгеге жеткені белгілі. Бұған қоса, мүгедектер жеңілдіктің орнына айлық есептік көрсеткіштің өсуі есебінен арнайы жаңа мөлшерде мемлекеттік жәрдемақы алады. Ол биыл 1168 теңгені құрап отыр.
– Мүгедектер алатын зейнетақы мөлшері тым мардымсыз ғой. Ал ондай жандарға дәрі-дәрмек қажет емес пе екен? Оның бағасы да аспандап кеткенін білесіз. Сонымен қатар коммуналды қызметке төлеу керек дегендей...
– Мүгедектер медициналық-әлеуметтік сараптауға жүгіне алады. Олай дейтінім – қазір әрбір мүгедек жан үшін арнайы реабелитациялық бағдарлама жасақталу үстінде. Оған сауықтыруға қажетті кешенді шаралар (тегін жолдама, протез салып беру және т.б.) қамтылған. Оның бәрі жергілікті бюджет есебінен төленетін болады.
– Еңбек кодексінің енгізілуіне орай, еңбекақы төлеу және еңбек демалысына байланысты жаңалықтарды күте аламыз ба?
– Еңбек кодексіне сәйкес, ауыр жұмыс істейтін, зиянды, қауіпті жағдайда жұмыс істейтін жұмысшыларға еңбекақы төлеудің төменгі стандарты түсінігі енгізілді. Ол 10 515 теңгені құрайтын төменгі еңбекақы есебінен және өсірілетін салалық коэффициенттер арқылы анықталады. Еңбекақы төлеудің төменгі стандарты еңбек қатынасындағы тараптардың мүдделерді бірігіп сәйкестендіруінің нәтижесі болып табылады. Өсірілетін салалық коэффициенттерді, олардың мөлшері салалық келісімдерде анықталған соң Үкімет бекітеді.
Сондай-ақ жұмысшының еңбек демалысының ұзақтығы 18 күннен 24 күнтізбелік күнге дейін ұзартылды. Ал мемлекеттік бюджеттен ақша алатын азаматтық қызметкерлердің еңбек демалысы 30 күнтізбелік күн болып белгіленді. Бұған қоса, оларға сауығу үшін тиісті жалақысы мөлшеріндей жәрдемақы төленеді.
– Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын тұла бойыңмен сезіну қашанда адамды арқаландырады. Биыл Елбасы Жолдауының шапағатын қанша адам көре алады деп ойлайсыз?
– Біздің болжамымыз бойынша, биыл әлеуметтік төлем алушылардың жалпы саны 5 миллионнан асады. Бұл 2003 жылғы көрсеткішпен (шамамен 3 миллион адам) салыстырғанда, 1,8 есеге көп. Егер 2003 жылы әлеуметтік төлемнің 17 түрі болса, биыл ол 36-ға жетіп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, жылдан- жылға әлеуметтік қолдау аясына қамтылған жандардың қарасы көбейіп келе жатқанын көреміз. Бұған тек қана қуану керек. Өйткені бұл ел экономикасының өскенін және қазақстандықтардың өмір сапасының артқанын паш етеді.

Әңгімелескен
Әли Мамай

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS