Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев:Оралмандарды қолдаудың жаңа бағдарламасы елдің демографиялық дамуын жақсартып, еңбек әлеуетін арттыруға қосымша серпін береді деп сенемін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев:Оралмандарды қолдаудың жаңа бағдарламасы елдің демографиялық дамуын жақсартып, еңбек әлеуетін арттыруға қосымша серпін береді деп сенемін

"ҚазАқпарат" 22 сәуір 2008 жыл

 Әлемдік қаржы нарығындағы дағдарыстардың салқынына қарамастан, Мемлекет басшысы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталған биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстарды қысқартпауды тапсырды.

Соған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен ҚазАқпарат тілшісінің сұхбаты да Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау мен жалпы жұрттың әл-ауқатын арттырудың қам-қарекеттері төңірегінде болып отыр.

- Бердібек Мәшбекұлы, Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында жүктелген міндеттердің бірі зейнетақыны сатылап өсіру еді. Биыл бұл төңіректе бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Бірақ байқауымызша, әлеуметтің біраз бөлігі зейнетақының қосылған мөлшеріне риза емес сыңайлы. Оны халықпен кездесулер өткізген «Нұр Отан» ХДП депутаттары да айтып жүр. Үкімет зейнетақы төлемдерін қайта қарау мәселесіне қалай қарайды?

- Әңгіме басында-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Елбасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерін өз уақытында жүзеге асырып отырғанын атап өткім келеді. Мәселен, былтырғы Жолдауда теңестіру үрдістерін жою және бұрынғы еңбек үлесіне сүйене отырып зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойылған еді.
Бұл шаралардың барлығы өз уақытында әрі дер кезінде атқарылып келеді. Мәселен, Жолдау жүктеген бірінші міндет – базалық зейнетақының мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызы мөлшеріне дейін арттыру болса, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 3000 теңгеден 4 мың 210 теңгеге дейін көбейтілді.

Екіншіден – зейнетақы төлемі мөлшерінің бұрынғы еңбек үлесіне тәуелділігін күшейту үшін зейнетақыны есептеуде ескерілетін табысты шектеу 15-еседен 25 еселенген айлық есептік көрсеткішке арттырылды. Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған бұл мәселе негізінен еліміздегі 483 мың зейнеткер үшін жәрдемақыны көбейту шарасы ретінде көзделген болатын. Осыған орай, зейнетақыны есептеуге 15 айлық есептік көрсеткіштен жоғары табыс ұсынған зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыру шаралары да жүзеге асты. Бұл жолғы зейнетақыны көбейту зейнетақы есептеуге ұсынылған табысы 15 АЕК-тен жоғары және зейнеткерлікке 2008 жылдың 1 қаңтарына дейін шыққан зейнеткерлерге қатысты болғанын ескерте кеткенді жөн санаймын. Бұл бағытта табысты шектеуді 25 еселенген АЕК-ке арттыру есебінен 566 мың адамның немесе барлық зейнеткерлердің 35,8 пайызының зейнетақы төлемдерінің мөлшері көбейтілді.

Үшіншіден – Жолдауда зейнетақы төлемдерін индекстеуді сақтау және оны тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайызға арттыру көзделген болатын. Осыған орай, зейнетақыны есептеуге ұсынылатын табысы 15 АЕК-тен кем зейнеткерлердің зейнетақы мөлшерін 9 пайызға индекстеу жүргізілді. Бұл шамамен республикамыздағы барлық зейнеткерлердің 1066,9 мыңын немесе 64,2 пайызын қамтыды.

Яғни, бір сөзбен айтқанда зейнетақы төлемін 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттыру әрбір зейнеткердің іс-қағазындағы көрсетілген өтілі және орташа айлық табысы туралы құжаттары бойынша жүзеге асырылғаны белгілі. Бұл жайында жан-жақты айтылып та, түсіндіріліп те жүр.
Зейнеткерлердің белгілі бір бөлігінің зейнетақысы зейнетақылық іс-қағазындағы, зейнетақы мөлшерін шектеу планкісін 25 АЕК-ке дейін арттыру жолымен қайта қарауға мүмкіндік беретін табысына орай арттырылғанын, ал қалған зейнеткерлердің зейнетақысы 9 пайызға индекстеу жолымен арттырылғанын ескерсек, әрине, арттыру мөлшері барлық зейнеткерлерге бірдей болған жоқ. Олай істеу де мүмкін
болмады.

Сондықтан, Жолдауға байланысты зейнетақыны арттыру мөлшеріндегі айырмашылық зейнеткерлердің белгілі бір бөлігінің арасында түсінбеушілік туғызғаны да рас. Депутаттарға ғана емес, министрліктің атына да бұл турасында өтініш, шағымдар түсіп жатыр. Ондай шағымдардың да басым көпшілігі жаңағы зейнетақыны арттыруға қатысты, қосылған мөлшердің бірқатар зейнеткерлер күткеніндей
болмауына немесе басқа зейнеткерлерге қарағанда мөлшерінің аздау болғанына байланысты ғой. Ал бұның өзі жоғарыда аталып көрсетілгендей, зейнетақылық іс-қағазында ұсынылған орташа айлық табысының деңгейі мен еңбек өтілінің айырмашылығына байланысты екенін естен шығармау керек.

Жалпы, зейнетақының орташа мөлшерінің анағұрлым артуы көмір өнеркәсібі, теміржол көлігі, түсті және қара металлургия мен құрылыс салаларында, ал ең төменгі мөлшері – әдетте ең төменгі жалақы алатын – ауыл шаруашылығы өндірісі, білім беру және денсаулық сақтау секілді салаларда байқалды. Тұтастай алғанда, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру барлық зейнеткерлерді қамтыды. Нақтырақ
айтсам, базалық зейнетақының көбейгенін ескерсек, жалпы зейнетақы мөлшерінің ең төменгі өсімі 18 пайыздан басталады.

Қазіргі уақытта Министрлікте азаматтардан, Парламент депутаттарынан, қоғамдық бірлестіктерден және үкіметтік емес ұйымдардан түскен өтініштер мен ұсыныстар жинақталуда. Бұл шағымдардың барлығы жете талданады. Осындай талдау, сараптау жұмыстарының нәтижесіне орай азаматтарды зейнетақымен тиімді қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру шараларын да әзірлейтін боламыз.

- Ал биылғы Мемлекет басшысының Жолдауында жүктеліп, әлеуметтік сала бойынша белгілеген межелерге жету үшін қандай шаралар қамтылды? Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша атқарылатын жұмыс қандай?

- Мемлекет тек биыл ғана әлеуметтік салаға назар аударып отырған жоқ. Экономикалық дамуымыздың нәтижесінде республика бюджетінің әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстары жылдан жылға көбейтілгеніне куәміз. Бұның барлығы елдің, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шара. Мәселен, 2000 жылмен салыстырғанда әлеуметтік шығыстар биылғы жылы 3,7 есеге өсті. 2008 жылы Еңбек
және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеттік өтінімі 545,1 млн. теңгені құрады. Бұның өзі 2007 жылмен салыстырғанда 82,3 млрд. теңгеге артқанын көрсетеді.

Елбасының ағымдағы Жолдауының негізгі басымдықтарының бірі халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты болып отыр ғой. Бұл бағытта 2007 жылмен салытырғанда зейнетақы деңгейін одан әрі арттыру бөлігінде 2012 жылға қарай зейнетақының орташа мөлшерін 2,5 есе, оның ішінде 2009 жылы – 25 пайыз және 2011 жылы 30 пайыз арттыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшеріне қарай кемінде 50 пайызды құрайды.

Ал бүгінгі күні Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатындағы зейнетақылық және әлеуметтік төлемдерді арттыру жөніндегі шараларды қабылдау үшін нормативтік-құқықтық негіз әзірленіп жатыр.

-Шындығында, мемлекет тарапынан көмектер жыл сайын артып отырғанынан қарамастан, күнкөріс деңгейі төмен адамдардың саны әлі де баршылық. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де маусым сайын өткізіліп жатқанымен, жұмыссыздар саны да төмендеген емес. Мұны қалай түсіндіріп берер едіңіз?


- Расында да, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі, оның ішінде табысы төмен, аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік жәрдемақылар төлеуге бөлінетін қаражат жылдан жылға ұлғайып бара жатқанына қарамастан, мұндай азаматтардың саны әлі де жоғары деңгейде сақталып келеді. Жалпы, халықтың табыс деңгейін арттыру мәселесі халықты жұмыспен қамту мәселесімен тікелей байланысты. Соңғы жылдары еңбек рыногы халықтың экономикалық белсенділігінің артуымен сипатталып отыр. Атап айтар болсақ, 2007 жылы жұмыспен қамтылған халықтың саны (2005 жылдағы 7,3 млн. адамнан) 7,6 млн адамға дейін ұлғайды. Жұмыссыз халықтың саны 597,2 мың адамды құрап, 2005 жылмен салыстырғанда 43,5 мың адамға азайды, жұмыссыздық деңгейі республика бойынша 7,3 пайыз көлемінде қалыптасты (2005 жыл – 8,1 пайыз) .

Былтыр 2005-2007 жылдарға арналған Халықты жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру аяқталды. Оның негізгі мақсаты жұртты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету болатын. Бағдарлама аясындағы үш жыл ішінде 600 мыңнан астам жұмыссыз азамат еңбекпен қамтылды. Кәсіби білім алуға 80 мыңнан астам адам тартылып, қоғамдық жұмыстарға 300 мыңнан астам жұмыссыздар қатысты.
Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 700 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, сондай-ақ нысаналы топтарға арналған 25 мың әлеуметтік жұмыс орны ашылды. 2,5 мыңға жуық бос жұмыс орындары туралы жәрмеңкелер өтті, олардың нәтижелері бойынша 50 мыңнан астам жұмыссыз жұмысқа орналастырылды. Мінеки, осы тізбектелген шаралардың барлығы елдегі жұмыспен қамтуды белсендіре түсудің көрінісі.

Бос жұмыс орындарын белсенді іздеу және іріктеу мақсатында республиканың бүкіл өңірлерінде Министрліктің «Ақпараттық-талдау орталығы» мекемесі әзірлеген, халықты жұмысқа орналастырудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ауданаралық және облысаралық жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу үшін еңбек рыногы туралы жалпыреспубликалық ақпарат жинақталған түрде
жергілікті жерлерге жіберіліп отырады. Бұның өзі еңбек ресурстары тапшылығы мен жұмыссыз халықты еңбекпен қамту проблемасының айтулы түрде шешілуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.

Енді өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсам, Мысалы Алматыда жұмыссыз халықтың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету жөніндегі шараларды қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әкімшілігінің «Еңбек биржасы» КМК жұмыс істейді. Мұнда азаматтар жеңілдетілген тіркеу тізбесі бойынша қабылданады. Атап айтқанда, бұл жерде халыққа тегін
қызмет көрсетіледі, жұмыссыздарды еңбек рыногында сұраныс бар кәсіптер бойынша кәсіби оқыту курстары өткізіледі.

Тағы бір айтатыны, осы биржаның базасында негізгі мақсаты жұмыспен қамту органдарында ұзақ уақыт бойы есепте тұрған білікті мамандарды, сондай-ақ оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруды көздейтін қазақстандық-норвегиялық «SISLAB» пилоттық жобасы іске қосылған. Осындай үлгілі жобаны басқа да салаларда, органдарда тәжірибе ретінде енгізу, пайдалану шаралары қарастырылып отыр.

Сонымен бірге, еңбекке қабілетті халықтың проблемаларын шешу, әлеуметтік масылдықтың алдын алу, сондай-ақ аз қамтылған халықтың қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында «Солтүстік Қазақстан облысының шағын кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелендіру» атты қоғамдық қор қызмет етеді. Шағын несиелерді басымдықты жағдаймен алу құқығын аз
қамтылған отбасылардағы жұмыссыздар пайдаланады. Осы уақытқа дейін аталған қор аз қамтылған азаматтарға жалпы сомасы 25,7 млн. теңге шамасында 361 шағын несие бөлді. Осының өзі бірталай мәселені шешіп отыр деп айтуға болады. Өзге облыстарға келсек, (Қызылордадан басқа) жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдармен қатар, азаматтарға «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңмен регламенттелген қызметтерді келісім-шарттық негізде ұсынатын жеке жұмыспен қамту агенттіктері қызмет атқарады.
Олар:

- келуші азаматтарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мен Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы бойынша консультациялар береді;
- жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпарат береді және өтініш жасаған азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі;
- жұмыс берушілер мен жұмысқа орналасуға ниеті бар азаматтар туралы деректерді қалыптастырады;
- келген азаматтарды кейіннен жұмысқа орналастырып кәсіби даярлайды және қайта даярлайды.

2007 жылы 105 жеке жұмыспен қамту агенттіктері 13,3 мың жұмыссызды немесе өтініш жасағандардың 14 пайызын жұмысқа орналастырды. Ал қазіргі таңда 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің арттырылуын қамтамасыз ету, өндірістерді өңірлік орталықтарда оңтайлы орналастыру негізінде жаңа жұмыс орындарын құру, салаларды кластерлі дамыту секілді маңызды дүниелерді біріктіру. Осы бағытты нақты жолға қойып, 2008-2010 жылдары діттеген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде
жұмыссыздық деңгейін 2010 жылдың соңына қарай 6,9 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.

Енді сұрағыңызға қайта оралайын. Бүгінгі күні Қазақстандағы тіркелген жұмыссыздардың саны 680 мың адамды құрайды. Түрлі зерттеулер бұндай жұмыссыздардың басым үлесі негізінен жастар мен әйелдерге тиесілі екендігін анықтап отыр. Сондықтан, бүгінгі күні бізге еңбек ресурстары және жұмыспен қамтуды дифференциялау мәселесі де өзекті болып тұрғанын айтар едім. Мәселен, қазіргі таңда жұмыс күшінің
артылуы жағдайына ұшырап отырған өңірлер және керісінше еңбек ресурстарының жетіспеушілігі аса жоғары сезілетін аймақтар да бар. Сондай-ақ, еңбек және ішкі миграция саласы бойынша деректер де республика бойынша бірнеше ондаған мың жұмыс күшінің жетіспеушілігін алға тартады.

- Қазақ үшін өткір де өзекті проблеманың бірі - демография. Көрші елдер бұл бағыттағы саясатын ауқымдандырып жатыр. Мәселен, биылғы жылды Ресей «Отбасы және бала жылы» деп жарияласа, Қытай «Бір отбасы-бір бала» қағидатын қайта қарауға, демографияға аздап болса да қан жүгіртуге бел буған секілді. Осындай алып екі империяның ортасындағы Қазақстан өзінің демография мәселесін қалай оңтайландырмақ? Расында жері кең, ел саны аз мемлекет үшін бұл нөмірі бірінші проблема болуы тиіс қой?

- Дұрыс айтасыз, Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі - демография мәселесі. Олай болатын себебі, демография мен көші-қон ахуалын жақсарту тікелей халықтың санымен байланысты. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 16 млн. аса адам тұрды. Кейіннен 90–шы жылдары ол көрсеткіш 14 млн-ға дейін төмендеп кеткен еді. Ал 2008 жылдың 1 ақпанында Қазақстанның адам саны 15 млн. 581 мың 600
адамды құрады, жыл басынан 16 мың адамға өсті. Оның ішінде 8237,4 мың қалалық және 7344,2 мың адам ауылдық жерде тұрақтанған.
Халық санының өсуіне себеп болған жағдайлардың негізгісі – Мемлекет басшысының бастамасымен шет елдегі қандастарымызды тарихи отанына көшіру саясатын тиімді жүзеге асыру. Сонымен бірге, ел экономикасының тұрақтануына байланысты халықтың жағдайы жақсарып, жаңа отбасылар қатары көбейіп, дүниеге бала әкелу санының ұлғая түскенін атап өту қажет. Бала тууды ынталандыра түсу үшін де
Қазақстан Үкіметі 2008 жылдан бастап, дүние есігін ашқан сәбилерге төлейтін біржолғы жәрдемақы көлемін екі есе (16 мың 380 теңгеден 35 мың 40 теңгеге дейін), ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін орта есеппен 1,6 есе көбейтті.

Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілігін, босануын және ана болуын міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын жұмыс істейтін әйелге, бала туғанда берілетін 35 мың теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақысымен қатар, қосымша әлеуметтік қатер туындаған жағдайда жүктілігі және босануы жөніндегі демалыстың барлық күндеріне
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөнінде әлеуметтік төлем, сондай-ақ орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде бала бір жасқа толғанға дейін (ай сайын) бала күтімі жөніндегі әлеуметтік төлем беріледі.

Жалпы, отбасы мен бала мәселесі Үкіметтің жіті назарында, атқарушы билік тарапынан әлі де осы бағыттағы шаралар жандана түсетін болады. Осының бәрі демография ахуалына оң ықпалын тигізбек.

- Біздіңше, демографияны көтерудің дәлелдеуді қажет етпейтін бір жолы - өзіңіз айтқан сырттағы қандастарымызды көшіріп әкелу. Сондықтан Отанына тартылатын оралмандарды ынталандыруға ерекше ден қою қажет секілді. Осы бағытта қандай да бір тың іс-қимылдар бар ма?

-Елбасының Жолдауында келесі жылдан бастап оралмандар квотасын 20 мың отбасыға дейін өсіру туралы айтылып еді. Мұның өзін қалың жұртшылық, қазақы қоғам үлкен ынтамен қабылдады. Нақты мәліметтерге сүйенсек, соңғы 15 жылда Қазақстанға 651 мыңнан астам оралман келген екен. Олардың ішіндегі еңбекке қабілеттісі 57 пайызды, ал 18 жасқа дейінгілері – 40 пайызды құрайды. Елге оралғандардың тек 4,5 пайызы ғана зейнеткерлер екенін ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіштердің өзі еңбек ресурсын қамтамасыз етуде таптырмас әлеует екені шындық. Осы мәселені нысанаға ала отырып, біз шеттегі отандастарымызды қабылдау ережелерін жақсарта түсу мақсатында өзгерістер енгізіп отырмыз. Әрине, проблемалар жоқ деп айтуға келмес, бірақ сол проблемаларды шешу үшін алдағы жұмысты
тиянақтайтын боламыз. Мұнда да негізгі мәселе оралмандарды үймен және жұмыспен қамтамасыз етуге келіп тіреледі. Бәзбіреулер Қазақстанға келген оралмандардың басымы арнайы мамандығы жоқ, «оқымаған» деп айтатынға ұқсайды. Оны байыбына бармай айтылған сөз деп ұғамын. Өйткені, мәліметтерге сүйенсек, оралмандардың 93 пайызының орта және жоғары білімі бар. Бұның өзі еңбек ресурстарын шешуге байланысты таптырмас резерв емес пе?!

Енді бірқатар проблемаларға тоқталып өтейін. Жасыратыны жоқ, жыл сайын қоныс аударушылардың саны белгіленген квотадан артық болғандықтан, бүгінгі таңда көптеген оралман отбасылары мемлекет тарапынан қаржылай көмек алу мүмкіншілігінен тыс қалып отыр. Сонымен қоса, оралмандарды баспанамен, жұмыспен қамту мәселесінде де шешілмеген сұрақтар баршылық. Көшіп келген оралмандар
арасында тұрғын үймен, жер учаскелерімен қамтамасыз етілмей отырғандары да бар.

Оралман отбасыларының әрбір мүшесіне үй сатып алу үшін берілетін төлемақы мөлшері де қазіргі күнгі баға нарқына сай келмейді. Осындай түйіні шешімін таппаған мәселелерді бір жүйеге келтіру мақсатында министрлік тарапынан оралмандарды қолдаудың 2008–2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалып, бұл мемлекеттік органдардың қарауына ұсынылды. Бағдарламаның
негізгі мақсаты оралмандарды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық қорғау тұрғысынан мемлекеттік жүйе құру, шетелде тұратын қазақтардың Қазақстанға ерікті қоныс аудару үрдісін ынталандыру және ұйымдастыру болып табылады. Бағдарлама жобасы мемлекеттік құзырлы органдармен құпталып, Үкімет тарапынан қабылданып жатса оны іске асырудан оң нәтижелер шығарамыз деген сенімдемін. Өйткені, бұл бағдарламада оралмандардың қазақстандық қоғамға тез бейімделуі мен кірігуі үшін, сондай-ақ елдің демографиялық дамуын жақсартуға және еңбек әлеуетін арттыруға қажетті жағдайлар қамтылды.

ҚазАқпарат

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS