Қаржы министрі Болат Жәмішовтің "Айқын" газетіне берген сұхбаты
«Айқын» 06.05.2008
«Айқын»
06.05.2008
Болат ЖӘМІШОВ, Қаржы министрі: Үкімет қолға алып отырған міндеттер жеткілікті қаржылық базамен сәйкестендірілген
– Болат Бидахметұлы, өткен жыл Қазақстан үшін аса қолайлы бола қойған жоқ. Инфляцияның жоғары деңгейі, егеменді несие рейтингінің төмендеуі... Бұл біздің Үкіметтің экономикалық блогінің жұмысын қайта үйлестіру қажеттігін көрсетіп тұрған жоқ па? Жеке пікіріңізді білгіміз келеді.
– Өткен 2007 жыл экономиканың барлық салалары үшін оңай болған жоқ. Ғаламдық, барлық аймақтық деңгейді шарпыған қаржылық-экономикалық құбылыстар бірқатар елдердің ұлттық экономикасына кері әсер етті. Мұның қатарында біздің ел де бар.
Рас, 2007 жылы инфляция деңгейі екі таңбалы санмен өлшенетін көрсеткіштен асып кетті. Оның үстіне, инфляцияның негізгі белең алуы сыртқы және ішкі себептерге байланысты жылдың соңғы тоқсанында орын алды. Сонымен қатар, инфляцияға қарсы қажетті іс-шараларды іске асыру үшін мемлекет тиісті шараларды қолдануда: Қазақстан Республикасында инфляциялық үдерістерді реттеу жөніндегі 2008-2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді, аймақтарда бағаны тұрақтандыратын азық-түлік қорлары жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі жеке құрылым болып жасақталды. Азық-түлікке баж салығын уақытша азайту және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ішкі өндірісін ынталандыру сияқты фискальді шаралар қабылданды.
"Үкіметтің экономикалық блогін қайта үйлестіру" мәселесіне қатысты, егер бұл мәселе тиісті мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған инфляция, қаржылық тұрақтылық және бүгінгі күні өзекті болып отырған басқа да мәселелерге қатысты өзара келісілген мемлекеттің саясатын жүргізу жөніндегі үйлестірілген жұмысты тұспалдасаңыз, онда Қаржы министрлігі осы бағыт бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен, Ұлттық банкпен, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігімен және басқа да құзыретті органдармен үйлестіре және келісе отырып жұмыс жүргізіп отырғандығын атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары жоғарыда атап өткен. Қазақстан Республикасында инфляциялық үдерістерді реттеу жөніндегі 2008-2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, елдегі және банк секторындағы қаржылық тұрақтылығы мәселелері жөніндегі меморандум секілді бірлесіп іске асырылатын бағдарламалық құжаттар осының айғағы.
Бұл жайттардың бәрі Үкімет құрамындағы мемлекеттік құрылымдар және өзге де құзыретті органдар бір-бірімен үйлестіріле және келісе отырып жұмыс істеп отырғандығын көрсетеді.
– Ресейдің үш қор биржасы "РенассансКапитал", "Тройка Диалог" және "FІT Fortіst Іnvesments" Қазақстанға келді. Олардың біздің қор нарығына қызығушылығында қандай астар бар?
– Қазақстанның қор нарығына нарықта тамырланып үлгірген және жақсы атымен танылған ресейлік инвестициялық компаниялардың келуі олардың біздің ішкі нарықтың болашағына сеніммен қарайтынын, мойындағанын байқатады. Екінші жағынан мықты ойыншылардың келуі біздің компанияларды да жұмылдыруға тиіс.
– Министр мырза, елде қаржы дағдарысының алдын алмаса да, соның ықпалын барынша әлсірету мүмкін бе еді? Бұған кім кінәлі?
– Ашық нарықтық, ғаламдық экономикада кез келген алпауыт ел өзінің қаржысын ғана емес, ішкі нарығын кері әсер беретін құбылыстардан 100 пайыз сақтандыра алмайды. Бірақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік реттеуші тетіктері, елдің қаржы секторының тәуекелін барынша төмендету жөнінде белгілі бір іс-қимылдар қолдану үстінде.
– Жыл басында белең алған инфляцияның бүгінгі көрсеткіші осыған дейінгі инфляцияны тоқтатудың дәрменсіздігін байқатып тұрғанын жоққа шығара алмайтын шығарсыз..
– Инфляция жөніндегі мәселеге келетін болсақ, осының алдындағы жауапта инфляцияға қарсы қажетті іс-шараларды іске асыру үшін мемлекеттік органдар тиісті шараларды қолданып отырғанын атап өттім. Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі комитетінің ұсынған мәліметтері бойынша, жылдың алғашқы тоқсанында инфляция деңгейі мынаны құрады: қаңтар айында – 1,1 пайыз, ақпан айында – 0,8 пайыз, наурыз айында – 0,6 пайыз.
Осылайша, инфляция деңгейін төмендету жөнінде мемлекет тарапынан қолданылып отырған шаралардың әлсіз екендігін танытып отырған жоқ, өйткені осы бағыттағы мемлекеттік саясат кешенді сипатқа ие.
– Үкімет инфляция өсуіне тежеу болу үшін қандай тетіктерді қолдан босатпауы тиіс еді деп ойлайсыз?
– Қайталап айтамын, бұл бағытта барлық күштер жұмылдырылған. Үкімет те, Ұлттық банк те инфляцияның зардабын жеңілдететін шараларды қарастырып жатыр. Оларды іске асырудың, нақты өмірмен байланыстыратын, қажет болса қабыстыратын құралдары да ойластырылды деп сеніммен айта аламын. Таратып айтар болсақ, Үкімет қолға алып отырған міндеттер нормативтік құқықтық актілермен, бағдарламалық құжаттамалармен және қысқа мерзімде, және жедел жағдайда жүзеге асыратын сипатымен, және қажетті реттегіш тетіктерімен, және жеткілікті қаржылық базасымен де сәйкестендірілген.
– Салық Кодексінің жаңа жобасын бір топ сарапшылар дайындап жатыр дегенді естиміз. Онда кәсіпкерлердің ұсынысы ескеріле ме? Себебі, "жаңа жоба кәсіпкерлер үшін дайындалып жатса да, олардың ұсынысы ескеріле бермейді" деген пікірлер айтыла бастады.
– Өздеріңіз білетіндей, ақпан айында Мемлекет басшысы "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет үшін басым бағыттардың бірі ретінде жаңа Салық кодексін әзірлеу деп анықтады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің жобасын әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, бизнес қауымдастығының өкілдері де кірді, олардың ұсыныстары тең дәрежеде ескеріледі. Сондықтан сіздің "жаңа жоба кәсіпкерлер үшін дайындалып жатса да, олардың ұсынысы ескеріле бермейді" деген пікіріңіз шындыққа сәйкес келмейді. Осы жұмыс тобының қызметі шеңберінде жаңа Кодекстің тікелей қолданыстағы заң сипатына ие болуына және әкімшілік ету сапасын әрі салық төлеушілердің мүдделерін үйлестіруіне барынша көңіл бөлінетін болады.
Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысындағы ең бастысы – экономиканың шикізат емес секторы үшін салық жүктемесін жеңілдету.
Осылайша, Үкімет осы деңгейде ұлттық экономиканың шикізаттық секторының да, шикізаттық емес секторының да теңгерімді дамуына ұмтылып отырғандығын айта кеткен жөн.
– Салық Кодексінің жаңа жобасының жаңалығы неде?
– Шикізатты емес секторлар үшін салық жүгін жеңілдетуге бағытталуы деп ойлаймын. Үкімет осы қадамы арқылы ұлттық экономиканың шикізаттық емес және шикізаттық секторы арасындағы айырмашылықты теңестіруге қадам жасап отыр.
– Жақында Ресей баспасөзі "Қазақстанның валютасы девальвация қарсаңында тұр, себебі теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп тұрған қаржы көзі әлсіреп қалды" деген ақпарат таратты. Бас қаржыгер ретінде осы пікірді жоққа шығара аласыз ба?
– Біз әу бастан-ақ валютаның еркін айналымын қолдаймыз. Ұлттық банктің міндеті оның жұмысына кері әсер ететін ықпалдарға жол бермеу. Әйтсе де біз валюта бағамы айналымын қолдан тұрақтандыруға жол бермейміз. Оның нығаюына немесе әлсіреуіне валюта бағамындағы өзгерістер ғана әсер етеді.
Ұлттық банк тарапынан айырбас бағамының серпініне әсер ету көзі – жеткіліктігіне ешкім күмән келтірмейтін алтынвалюталық қорлар болып табылады.
– Енді сұхбатымыздың арнасын Ұлттық қордың ауылына қарай бұрсақ. Тек өткен жылы ғана Ұлттық қорға мұнай секторынан 1 триллион теңге түсім түсті. Осы қаражаттың пайдаланылуы туралы әр түрлі пікір бар. Мысалы, Ресей оны шетел валютасымен Орталық банкінде сақтайтын болса, араб елдері шетелдік акцияларды сатып алады екен. Сіз қаржы министрі ретінде қандай ұсыныстар айтасыз?
– Әр ел өздерінің дербес жинақ қорларының активтерін сақтау және инвестициялау құралдары мен тәсілдерін таңдау және қолдану кезінде түрлі әдісті қолданады. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қатысты айтатын болсақ, онда бұл сұраққа былайша жауап беруге болады.
Еліміздің заңнамасына сәйкес:
– Қордың көлемін және пайдалану бағытын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті анықтайды.
– Ұлттық Қордың қаражаты кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға жіберілуі тиіс. Бұл ретте Ұлттық қордан мұнай емес сектордан түсетін түсімдердің азаюы салдарынан ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға жұмсалатын шығыстардың артуын қаржыландыру үшін қосымша қаражат алынбауы тиіс, ал ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға жұмсалатын шығыстардың артуы көзделген шектеулерді ескере отырып, тапшылықты қаржыландыру шеңберінде қарыз алу есебінен жабылуы мүмкін.
– Ұлттық Қор активтерін басқару (сақтау) туралы айта кетсеңіз...
Тиісті нормативтік құқықтық базамен Қордың активтері Қазақстан республикасының Ұлттық банкіндегі Қазақстан Республикасы үкіметінің шотында шоғырландырылады;
– Қордың активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады.
Бұл ретте Ұлттық қорды басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
– Ұлттық Қордың активтерін сақтау:
– Ұлттық Қор активтері өтімділігі жеткілікті деңгейін ұстап тұру;
– кез келген тәуекелді жағдайда Ұлттық Қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету.
Ұлттық банктің инвестициялық іс-шараларының реттеу дерекқоры үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру ережесі әзірленді және бекітілді.
– Жақында Премьер-министр қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үшін салық мөлшерлемесінің жеңілдетілуі мүмкін деген ой айтты. Мұндай сценарий біздің жағдайымызда мүмкін бе?
– Жаңа жобаны әзірлеп жатқан жұмыс тобының құрамында Қаржы министрлігі де белсенді әрекет жасап жатыр. Қазір жоғарыда айтып өткенімдей, экономиканың шикізаттық емес секторлары үшін салық жүгін жеңілдетуге арналған бағыттар ғана емес, шағын және орта бизнестің екі аяғынан тік тұруына неғұрлым қолайлы жағдайларды қалыптастыруға бағытталған.
– Бұл арада Қаржы министрлігінің ұстанымын айқындап бере аласыз ба?
– Бұл мәселе бойынша, Қаржы министрлігінің ұстанымы экономиканың шикізаттық емес секторына салық жүктемесін жалпы жеңілдету кезінде, барлық салық жеңілдіктерін және салық салудың ерекше режимдерін алып тастау жолымен салық жүйесінің бейтараптылығын қалпына келтіру қажеттілігіне негізделген.
– Қазір қазақ жерінде корпоративті альянс құрған шетелдік инвесторлар өз ықпалын одан сайын күшейте бастады. Мысалы, "Қазақмыс" "ENRC"-дің 18 пайыз акциясын сатып алса, "Митталл Стил" және "Лукойл" жаңа жобаны қаржыландыруды бастапты. Сонда, қазақ нарығындағы алғашқы инвесторларды жеңінен сүйреп алып келгендей болсақ, екінші толқындағы инвесторларды Қазақстан экономикасына қаржы салған олигархтар шақырып отыр ма?
– Сіз санамалап отырған компаниялардың бәрін қазақ жеріндегі инвесторлар толқынының алғашқы легі алып келді. Қазір Қазақстанға жаңа ірі инвесторлардың келуі – қазақ елінің ұлттық экономикасы дамудың келесі деңгейіне көтерілгенін, жаңа технологияны, өндірістің тың формаларын қажетсініп отырғанын байқатады.
Қазір ұлттық экономикаға айтарлықтай салым салған ірі, жаңа инвесторлар легі екінші толқындағы инвесторлар легі қалыптаса бастады. Мұнай-газ саласындағы "Chіna Natіonal Petroleum Company" (CNPC) қытай корпорациясы "Ақтөбемұнай" АҚ мемлекеттік акция пакетін сатып алды. Аталмыш компания ішкі капитал мөлшерін ұлғайту, айналымға салу және басқа да іс-шараларды іске асыру мақсатында 20 жыл бойы 4,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға міндеттеме алды. Қазір межеленген соманың шамамен 3,7 млрд доллары жұмсалды.
Ал индонезиялық "Central Asіa Petroleum LTD" компаниясы "МаңғыстауМұнайГаз" АҚ 90 пайыз акциясын сатып алды. Сатып алушы тарап жекешелендіру шартына сәйкес күрделі және операциялық шығындар, әлеуметтік қажеттіліктерге, оқытуға және қайта оқытуға арналған шығындар, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығыстар түрінде 4,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға міндеттеме алды.
Канадалық "ПетроКазахстан" компаниясы "Оңтүстікмұнайгаз" АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін сатып алғандығын да атап өтуге болады. Негізгі қаражатқа инвестициялар 390 млн АҚШ долларынан асады.
Оңтүстіккореялық "Самсунг" компаниясы "Қазақмыс" ЖШС акцияларының мемлекеттік пакеттері мен активтерін сатып алды. Құрылымдық бөлімдерге деп бөлген инвестиция көлемі шамамен 800 млн. АҚШ долларын құрады. Осы қаражат жаңа кен орындарын ашуға, металлургиялық және көмір өндірісіне, сондай-ақ әлеуметтік салаға жұмсалады. "Eurasіan Natural Resourses Corparatіon" (ЕNRC) бір бөлігі болып табылатын "ЕЭК" АҚ инвестициялық бағдарламасы отандық кәсіпорындарға 1,1 млрд АҚШ долларын салуды көздейді. Бұдан өзге "Шеврон" компаниясы, "АджипКСО" консорциумы сияқты ірі инвесторлар, ауқымды инвестицияларды жүзеге асыратын "Арселор Миталл Стил" тобы келді.
Үкімет құрылыс материалдары және темірбетон өнімдерін шығарумен айналысатын "HEІDERBERG CEMENT" компаниясы "ІTALCEMET-пен" еліміздің оңтүстік-шығыс және батыс өңірлерінде екі цемент зауытының құрылысын салу, NOKІAN TYREC (Ордабасы компаниясымен бірге Астанада доңғалақ шығару), NІSSAN компаниясымен (Астанада авкөлікті құрастыру) келіссөздер жүргізуде. 1993 жыл мен 2007 жылдың қыркүйек айы аралығында қазақ жеріне келген тікелей шетелдік инвестиция мөлшері 62 млрд АҚШ долларынан асыпты. Тек 2007 жылдың 9 айында қазақ жеріне келген инвестиция көлемі 10,7 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен 2006 жылмен салыстырғанда 48,6 пайызға артқан.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқандар
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ,
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА