Бiлiм және ғылым министрi Жансейіт Түймебаевтың "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбаты
"Егемен Қазақстан" газеті 20 мамыр,2008 жыл
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ:
Сөз бен іс үйлесім тапсаалға қойған мақсат ақаусыз орындалады
Арғы-бергі тарихқа көз жүгіртсең өтер ғасыр мен келер ғасырдың құйылысы қашанда оңай болмағанын аңғарасың. Біз үшін де өткен 16 жыл жеңіл бола қойған жоқ. Басқаны қайдам, осы уақыт ішінде өзіміз жақсы білетін “білім жарысы, ғылым талабы” (А.Байтұрсынұлы) деп ұмтылған үстіне ұмтылумен келеміз. Біріне-бірі жалғасқан реформалар мен бағдарламалар аз жасалған жоқ. Білім-ғылымға қажет заңдар да қабылданды, небір жоспар-жобалар да түзілді. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Нәтижесін қалың жұрт көріп, біліп отыр. Осы саланы қайтсем көркейтем, көгертем деген 10 министр кетіп, 11-ші министр Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ іс басында отыр. Қатпары қалың, көрер көзі көп, жауапкершілігі жетіп артылатын, сыншысы мен міншісі де осал емес саланың дәл қазір тізгінін ұстап отырған лауазым иесімен не бітті, не қалды деген төңіректе әңгімелескен едік.
ҰБТ-да ұпайын түгендейтіндерге тосқауыл қойылады
– Жансейіт Қансейітұлы, әңгіменің әлқиссасын ҰБТ-дан бастасақ, қарсы бола қоймассыз. Себебі, Отанымыздағы үлкен-кіші биыл тест қалай өтер екен деген алаң көңілде. Дегенмен, талапкерлердің білімін әділ бағалаймыз, жең ұшынан жалғасқандарға тосқауыл қоямыз деген ниетпен енгізген тестілеу жүйесінде неге ақау жиі кездесетін болып барады?
– Астары қалыңдау сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Өткен жылы талапты қанша жерден күшейткеннің өзінде де олқылық орын алғаны рас. Тест өтетін әр пунктте құзырлы министрлік, аудан әкімдігі, аудандық білім беру басқармасы, “Нұр Отан” партиясы, жастар саясаты мекемесі, ата-аналар, ішкі істер және қауіпсіздік комитеттері, баспасөз қызметкерлері қатысқан мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Бұл аз құрам емес, сөйте тұра сынақ кей жерлерде әділ болмай шықты. Мүдделі адамдар бар екені аңғарылып қалды. Жергілікті жердегі басшылар ҰБТ өткеннен кейін біздегі білім сапасы биыл жоғары болды деп ақпарат беретінді әдетке айналдырып алған. Әйтсе де оқушының 11 жыл ішінде алған білімі мен сынақтағы қол жеткізген балы бір-біріне сәйкес келмейді. Оны жоғары оқу орнына түскеннен кейінгі емтихандардан көріп жүрміз.
Заман қанша жаңарғанмен ескі психология қалмай келе жатқан секілді. Қазір тестің нәтижесі 5-6 мүддені біріктіріп отыр. Біріншісі – оқушының мектеп бітіруі, екіншісі – республиканың, облыстың, ауданның рейтингі, үшіншісі – “Алтын белгіні” дәйектеу, төртіншісі – оқу бітіру аттестатын тапсыру, бесіншісі – жоғары оқу орындарына (ЖОО) түсуге жол ашу – осылай кете береді. Техника дамыған дәуірде де программалау, жоспарлау жағынан көп құйтырқылықтар бар екен. Соны кейбір суық қолдылар пайдаланып, бүкіл жақсы істің бетіне шіркеу болып қонып жүргенін осы арада ашық айта кетуіміз керек.
– Биыл ҰБТ қалай өтеді?
– Қабылдау ережесіне өзгеріс енгізуге ұмтылғанмен, ол талпыныс алдағы жылдың еншісіне қалдырылды. Биыл жылдағыдай сынақ үрдісі сақталады. Отанымыз бойынша 154 емтихан өткізетін пункт ашылып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, кең құрамдағы мемлекеттік комиссия жұмыс істейді. Тестілеу орталығында арнайы бөлім құрылып, қауіпсіздікті сақтайтын директордың жаңа орынбасары бекітілді. ҰБТ-ның дұрыс жауаптарының коды, тест мазмұны мемлекеттік құпия құжаттар қатарына кірді. Бұл ақпараттың сыртқа шығуына бірден-бір тосқауыл деп білемін. Егер ондай жағдай кездесіп қалатын болса, кінәлі адам қатаң түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мемлекеттік құпияны ашуға ешкімнің қақысы жоқ.
– Осы тест тәсілі ұрпақты жаттандылыққа үйретіп, сөйлеу қабілетінен айырып, техникаға телміртіп қоймай ма?
– Олай деуге бола қоймас. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі әлем елдері қолданып келе жатқан бірден-бір сенімді тәсіл. Ол оқушылардың білімін бағалауда субъективті кедергілерді болдырмаудың үздік жолы деп бағаланып отыр. Өкініштісі, біз сол үдеден шыға алмай жүрміз. Өз байламым бойынша алдағы жылдан бастап әлгі 5-6 мүдде тоғысатын сынақ статистика үшін ғана пайдаланылып, жоғары оқу орнына түсем деген талапкерлер 3 пәннен бейімдік емтихан тапсыруы тиіс. Ондай сынақ шашыранды түрде емес, ұзын саны 16 жерде, яғни облыс орталықтары мен 2-3 ірі қалада өтетін болады. Шын ниетпен оқуға ұмтылған білімді талапкер, үмітін үкілеген олардың ата-анасы мұны қолдайтынына сенімдімін. Мықты үміткер неден қорқады. Кез келген жерге барып сынақ тапсыра береді. Кешегі КСРО заманында солай болды ғой. Өтпелі кезеңде халықтың жағдайын ескеріп тест пункттерін көбейттік. Бірақ сол қамқорлықты кейбіреулер өз мүддесіне пайдаланып, қараулыққа талпынып, білім сапасын қолдан өсіріп, жалған абыройға ие болғысы келеді. Мұндайлардың жат қылығы нық сенімге селкеу түсірері сөзсіз. Бұған енді төзуге де, жол беруге де еш болмайды. Білім сапасы – сөз жүзінде емес, бұлтартпайтын көрсеткішпен, яғни жоғары оқу орындарына топты жарып түскен жүйріктерімен, міне, биыл көтеріңкі балмен емес, нағыз білімімен келгендер алдымызда отыр, деген жоғары оқу орындары оқытушы-профессорлардың уәжімен дәйектелсін. Сонда ғана қай-қайсымыз да бір-біріміздің жүзімізге күмілжімей қарайтын боламыз. Біз ендігі жерде балабақшада үйрететін тәрбиеден бастап, барлық деңгейдегі білім сапасын арттыруға тас түйін күш салуымыз керек. Өз атағымызды шығаруды емес, күні ертең солармен мақтанып, біз өсірген ұрпақ бұл дейтіндей ой-өлшемі биік, парасат-пайымы мықты түлектерді қанаттандыруды бірінші кезекке қоюымыз қажет. Бұл алдыңғы толқынның мойнындағы зіл батпан қарызы мен парызы деп білемін.
Біздің кейбір мамандарды шетелдіктер қара жұмысқа да алмайды
- Өзіңіз айтқан қарыз бен парызды мүлтіксіз орындаудың жолы қалай десек, қандай уәж айтар едіңіз?
– Мен осы салаға басшылыққа келген соң маман дайындаудың шешімі қалай табылып жатыр деген мәселені зерттеп, зерделеп көрдім. Отанымызда 180 жоғары оқу орны, олардың 80 филиалы бар екен. Елбасының тапсырмасымен оңтайландыру саясатын жүзеге асыруға кірістік. Жүйелі тексерулердің нәтижесінде 36 жеке меншік жоғары оқу орындары жабылды. 80 филиалдан 18-і ғана қалды. Бұл арада олардың дені диплом беруді ғана ойласа, екінші жағы сол дипломды алса мұратына жететіндей көрген. Алғаш рет экономика, педагогика, заңгер мамандықтары бойынша сырттай оқитын студенттер үшін мемлекеттік аралық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде сырттай оқитындардың 17 пайызы қажетті деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізе алмады. Кәсіптік техникалық мектеп пен колледждердің 6 мыңға жуық түлегінің 50 пайызы сынақтан сүрінді. Білімді жақсы беріп жатырмыз дегендердің уәжіне осының өзі мысал бола алады. Несін жасырайық, заман осылай, нарық талабы деп өз адамдарымызға білім беруді саудаладық. Нәтижесі көңілден шықса еш қарсылық жоқ қой. Оның үстіне бір кездері осы жеке оқу орындарын ашу арқылы бәсекелестік күшейеді деген ізгі ниет те ақталмай қалғанын айтсақ артықтық етпейді. Бұл арада мысалға жүгіне отырып жауап берсем, әңгіме созылып кетері анық. Ұзын саны 98 жоғары білім ұясының өз жұмысын тоқтатуынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Өткен айдың соңында министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісін өткіздік. Бұрынғыдай республикалық, облыстық деңгейдегі басшылармен шектеліп қалмай, алғаш рет аудандық білім беру мекемелерінің басшылары, тіпті кейбір аймақтардағы мектеп директорлары – бір сөзбен айтқанда, білім беру саласында жүрген барлық буын өкілдері шақырылды. Жоғарыда не болып жатыр, төменге жетпей жатқаны қайсы – жетістік те, кемшілік те талқыға түсті. Ашық қоғам құрып жатқанда бір бірімізге тура қарап отырып пікірлестік. Алыс аудандардағы, тіпті қияндағы елді мекендердегі 420-ға жуық шағын комплекті мектеп шаруасынан бастап, бүкіл қоғам болып қарсы күресіп жатқан жегі құрт жемқорлыққа дейін ашық айтылды. Ол тұспалмен емес, нақты мысалдармен алға тартылды. Мыңдаған маман дайындадық дейміз, ал олардың санаулыларын болмаса, көпшілігін шетелдік компаниялар қара жұмысқа да алмайды. Бұл қалай, кім жауап беруі керек деген сұрақтар төтесінен қойылды. Біз алдағы уақытта ондай босаңдыққа жол бермейміз, жоғары оқу орындарына деген талапты күшейте береміз. Үстіміздегі жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында халықаралық аккредиттеуді жүргізу басталады. Жеті бағдарлама бойынша 5 ұлттық университетке қаражат қарастырылған. 2009 жылы сондай аккредиттеуге тағы да 3 бағдарлама ойластырылса, 2010 жылы 5 университет институттық аккредиттеуге кіріседі. Халықаралық аккредиттеу – халықаралық білім беру қауымдастығында біздің дипломдарымыз бен жоғары оқу орындарымызды танымал етеді. Әлемдік дәрежедегі атақты жоғары оқу орындарының қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Осындай батыл қадамдарсыз дүниежүзілік білім кеңістігіне кіре алмайтынымыз белгілі. Егер осы мақсатқа қол жеткізсек, біздің жоғары оқу орындары берген диплом бүгінгідей “от басы, ошақ қасында” қалып қоймай, төрткүл дүниедегі айналысқа қосылады. Сол секілді кредиттік технология мен қашықтықтан оқытуды іске асыру арқылы да оқытушы мен студенттің жауапкершілігін арттыруға болады. Және бір мәселе, бұрынғыдай кез келген мамандық емес, еліміздің дамуына ауадай қажет мамандықтар бойынша оқыту жолға қойылатын болады. Қазір ол мамандықтар сарапталу үстінде.
Мен жоғарыда өткен жылы жабылған оқу орындары мен олардың филиалдары туралы айттым. Биылғы жылдың басында соларды қайта тексерсек, кейбіреулерінің жасырын жұмыс істеп жатқаны анықталды. Енді олар заң талабына сай жауап береді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың техникалық және кәсіптік білім беру құрылымын дамыту жөніндегі нақты тапсырмасына орай, 4 мемлекеттік кәсіптік мектеп ашылды. 8 оқу жүйесі құрылды, жабылған 9 жоғары оқу орнының базасында техникалық және кәсіптік білім беру орталықтары құрылды. 14 кәсіптік мектеп 2 млн. доллардан асатын сомаға интерактивті кабинеттермен жабдықталды. Алғаш рет шет елдің жетекші орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнап, мамандар алмасу ісі жалғасын тауып отыр.
Біздің бүкіл ел көлеміндегі білім беру ісінің әр қадамын, оқытудың сапасын үздіксіз тексеріп отыруға мүмкіндігіміз жете бермейді. Бір кездері осы білім беру саласын бірнеше министрлік, кәсіптік оқуды қарайтын арнайы комитет басқаратын ғылым Ұлттық Ғылым академиясы құзырында еді. Қазір сол бір министрліктің орнын 20 адамнан тұратын департамент атқарып келеді. Ендеше, егемен елдің әр азаматы елдікті ойласа, күні ертең ізімді басып, ісімді жалғайтын ұрпақ тағдырына жауаптымын десе, кемшілікке кеңшілік жасамауы тиіс. Әрине, жетістігіміз бар. Жақсы азаматтар, өз ісіне берілген, ұлттық ұйытқысы, халықтың қадірлісі саналған адал жандар, алғыр студенттер, оқушылар жетіп артылады. Мен кемшілік туралы айтқанда, мұны естен шығарған жоқпын. Біз ұлы Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жоғымызды іздеп жүрген жоқшы екенімізді еске салғым келеді. Барымызды ешкім тартып алмайды. Сол барды жоқты түгендеу арқылы толықтырайық деген ізгі ниетті қалың жұрттың алдына көлденең тартып отырған жайым бар.
– Жан дүниеңізді тербеген мәселе кімнің де болса рухын оятады деген ойдамыз. Өзіңіз шырылдап отырған ұрпақтың отбасынан кейінгі алтын ошағы балабақша ғой.
– Иә. Бұл салада да толғақты мәселелер көп-ақ. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі аласапыран жылдарда 7 мыңнан аса балабақша сатылып кетті. Қазір ауылдағы балалардың 21 пайызы ғана балабақшаға барады. Ал қалалық мектепке дейінгі мекемелердегі 140 мың орынға 175,5 мың бала барып жүр. Астанада 100 орын 158 балаға тиесілі. Түсіп жатқан өтініш 2006 жылы 132 мыңға таяу болса, 2007 жылы 185 мыңға көтерілді. Дегенмен, жасалып жатқан жұмыстар да баршылық. Өткен екі жыл ішінде мектепке дейінгі мекемелер саны 1761-ге жетті. Осының ішінде жаңадан салынғаны да, бұрын коммерциялық мақсатқа беріліп, кері қайтарылғаны да бар. Бүгінде өңірлерде 20 балабақшаның құрылысы жүргізілу үстінде. Оның 8-і республикалық, 12-сі жергілікті бюджеттен, 5-уі жеке инвестиция есебінен қаржыландырылуда. 2007-2009 жылдары республика бойынша 55 балабақша салу жоспарланса, оған қарастырылған қаржының көлемі 20,5 млрд. теңге. Кезінде сатылып кеткен балабақшаларды қайтару жайы баяу да болса жүріп жатыр. Бұл істе кейбір облыс әкімдерінің жіті қимылының нәтижесінде 226 балабақша мемлекет меншігіне көшті. Өркениетті елдерде үйренер бір жақсы үрдіс бар. Құны өтелген ескі ғимараттар, тіпті зауыт-фабрикалар болса да халықтың пайдалануына тегін беріліп жатады. Біздің азаматтар кеше сол 7 мың балабақша үйін көк тиынға алса, одан кейін миллиондап пайда көргені шындық. Олай болса, сатып алыңдар деп, қол жетпейтін құнды айтпай, бір кездері халықтың маңдай теріне, табан ақысына тұрған дүние ғой, енді өздеріне қайтарайын деген ақ ниетті жандар төбе көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Жансейіт Қансейітұлы, сіз орынды мәселені ортаға салып отырғанда, біз де мына бір жайды айта кетсек дейміз. Түбі бір түрік бауырлардың қалтасы қалыңдаса алдымен халыққа қажет білім ұясын салып, ішін жабдыққа толтырып, сыртының сән-салтанатын келістіріп беретін жақсы әдет бар екен.
– Бар. Оған өзім талай рет куә болдым. Түркияда жеке адамдардың тікелей қолдауымен мектептер жүйесін салу жақсы дамыған. Білім мен ғылымның, ұрпағының болашағын ойлаған жұрт солай істейді. Бізде мұның бәрін тиісті орындар ғана атқаруы керек секілді. Шынына келсек, олай емес. Халықтық іс, ұрпаққа жасаған шарапат – ол мәңгілік болып саналады. Ұрпағымыз білімді болса, білікті болса жүрер жол қашанда анық, шығар биік талассыз. Ал оған жете мән беру, ұтымды ұйымдастыру бізге жүктелген міндет. Осы жерде Абай данышпанның: “Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма”, деген сөзі ойыма оралып отыр. Отанымызда мешіт салу ісі жақсы жүріп жатыр. Дұрыс, қолдаймын. Қазір егемен елімізде мыңдаған мешіт бой тіктеді. Имансыздықтан имандылыққа бет бұрғанның белгісі ғой бұл. Сол мешіттерге ертең кім барады, әрине, бүгінгі ұл мен қыз. Оларды мектептен бастап сол имандылыққа, ибалылыққа баулуды көп болып қолға алуымыз керек. Бұған біз ғана емес, дініміз бен тіліміздің, діліміздің туын көтеріп жүрген азаматтар да атсалысуы қажет. Осылай дей отырып, мешіт тұрғызу үрдісін мектеп салу дәстүріне қарай бұрсақ деген ойды халықтың талқысына ұсынуды жөн көріп отырмын.
12 жылдыққа түбі көшеміз
– 12 жылдық білім беруге өтеміз дегелі біраз жыл өтті...
– Неге көшпейтін болдық, кейінге қашанғы ысыра береміз, себебі не деген сұрақтарды қарша боратпақ ниетіңізді түсіндім. Басы ашық нәрсе — әлемдік көштен қалмауымыз керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы да осы бағытта. Әр істің бастауына қарай нәтижесі де болуы тиіс. 12 жылдықты кейінге шегерудің бірнеше объективті себептері бар. Ең бастысы, материалдық базамыз олқы соғып тұрғанын бүгіп қала алмасақ керек. Сол материалдық базаның қадасын мықты қақпай тұрып, көш жүре түзеледіге тәуекел еткеннен пайда болмайды. Ең алдымен оқушыға ауыр тиеді. Оның үстіне 6 жас пен 7 жас қатар келсе, қиындық туғызбай қоймайды. Және республикадағы әрбір үшінші мектеп физика, химия, биология пәндеріне арналған оқу кабинеттерімен, спорттық залдармен қамтамасыз етілмеген. Тек қана 28 пайыз мектепте лингафондық және мультимедиялық кабинеттер бар. 65 пайыз мектеп екі, 108 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. 217 мектеп апатты жағдайда тұрған ғимараттарға орналасқан. 95 пайыз мектеп күрделі жөндеуді талап етеді. Бұған қоса еліміздегі мектептердің 94 пайызы өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған. 1970-1990 жылдары алынған жиһаздар талапқа сай екенін былай қойып, көрудің өзі көңілге қаяу түсіреді. Біраз облыстарды арнайы комиссия шығарып тексергенде 12 жылдыққа көшу бүгін-ертең бола қоймайтынына көз жетті. Кейбір білім ұяларының қазіргі деңгейі өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан онша алысқа кете қоймапты. 20 пайыздан астам мектеп үйінің топырақ кесектен тұрғызылғаны анықталды. Ол енді бар мен жоқтың арасындағы “ғимарат” десек, қателесе қоймаспыз. Тағы бір мысал, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы мектептердің 50 пайызы 1970 жылға дейін салынса, 85 пайыз жиһазының тозығы жеткен. Олардың үштен бірі пешпен жылытылады. Су құбыры тек облыс орталықтарындағы мектептерде ғана бар. 70 пайызы көшедегі құдықтар мен колонкалардың суын пайдаланады. 90 пайыз мектептің дәретханалары сыртта орналасса, 28 пайызында асхана жоқ. Бүкіл елімізде 7876 мектептің 1100-ден астамы Оңтүстік Қазақстан облысында екенін ескерсек, олардың жағдайы жоғарыдағыдай екен. 12 жылдыққа жеделдетіп көшеміз деу мұндай жағдайда асығыстық болатын тәрізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен білім, ғылым саласына қаржы аз бөлініп жатқан жоқ. Әйтсе де сол қаржының 82 пайызы еңбекақыға кетеді. Өзге де шығындар баршылық.
Президенттің сара саясаты еліміздің экономикасының қарыштап дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына мол мүмкіндік туғызып отыр. Өткен 3 жыл ішінде 230 мектеп пайдалануға берілді. Екі ауысымда оқып жатқан мектептердің саны 77-ге, үш ауысымда білім беретін мектептер 10-ға кеміді. 12 жылдыққа дайындық жалғасуда. Оның мемлекеттік стандарты әзірленді. Байқау оқулықтар шығып жатыр. 104 мектепте тәжірибе жүргізілу үстінде. 2004 жылы 42 оқушыға 1 компьютерден келсе, 2007 жылы 21 оқушыға 1 компьтерден болды. Мектептердің 96 пайызы интернетке қосылып, білім беру порталы және оқу теледидары құрылды. 1600 мектеп интерактивті тақталармен қамтамасыз етілді. Бұл игілікті іс биыл да жалғаса береді.
Мұғалім мәртебесін заң қорғайды
– Өткен жылы “Білім туралы” жаңа заң қабылданды. Осы заңда көптің көкейінде жүрген қиын түйін мәселелердің шешімі айқындалды. Енді соның орындалу барысы қалай?
– Елбасы Жарлығымен бекітілген бұл заңмен бірге “Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” әзірленді. “Қазақстан балалары” бағдарламасы бекітілді. “Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жасалды. Ең бастысы, “Педагогикалық қызметкерлердің мәртебесі” деген арнайы бөлім алғаш рет заң тармағынан орын алды. Бұл арқылы мұғалімдер сен кімсің, дегенге мен мұғаліммін деп батыл түрде жауап бере алатын болады. Енді білім саласының қызметкерлерін, мұғалімдерді еріктерінен тыс білім беру жұмысынан басқа салаға ешкім де жұмсай алмайды. Олардың құқығына нұқсан келтіріп, үстемдік жасау заңға қайшы болып табылады. Төрткүл дүниеде сауатты адамдардың барлығы қабылданған заң шеңберінде өз құқығын қорғайды. Біздің мұғалімдерге де сондай жағдай жасалды. Бұдан кейінгі шаруа олардың өзіне байланысты болмақ. Және бір айтарым, бастауыш мектептерде педагогикалық жүктеме аптасына 20 сағаттан 18 сағатқа дейін төмендетілді. Бұл еңбекақыны 10 пайызға бірден көтереді. Әлеуметтік кепілдіктер де ұлғайтылды. Айталық, ауылдық мектеп мұғалімдеріне отын сатып алуға ақшалай өтемақы 25 пайыз көлемінде белгіленді. Оның ішінде сауықтыру жәрдемақысы, “Үздік педагог” атағын иеленушілерге айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген, “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағына 2000 еселенген мөлшерде мемлекеттік грант төленеді.
Мен мектеп оқушыларының арасында небір талантты оқушылардың бар екенін әркез мақтанышпен айтып жүремін. Олар “Дарын” орталығының ұйытқы болуымен дүние жүзінің барлық өңірлерінде өтіп жататын білім сайыстарына қатысып, Отанымызды танытып келеді. Өткен жылы олар 35 алтын, 53 күміс, 79 қола медальға ие болды. Сондай танымалдылықтың әсері болуы керек, 2010 жылы 51-ші халықаралық математикалық олимпиадасын Астана қаласында өткізуге шешім қабылданды. Оған әлемнің 100 елінен 1500 оқушы қатысатын болады.
Иә, мұғалім мектепке барып қайтумен шектелмей, әркез белсенді болуы тиіс. Зерделеп көрсек, ұстаздар қауымының кең отырып әңгімелесетін педагогикалық кеңесінің рөлі төмендеп кеткені анықталды. Соны жандандыру мақсатында жаңа ереже бекітілді. Ұстаздар қауымы өздерінің алқалы отырысында пікірлерін ашық айтып, еркін болуына бұл ереженің септігі тиеді деген үміттемін. Жаңа заң бойынша облыстық білім департаменттері басшыларын министрліктің келісімімен тағайындау жүзеге асырылуда. Министрлік білім мен ғылым жүйесінің стратегиялық, саяси мәселелерін шешсе, облыс әкімдері жергілікті жерде соның орындалуын қадағалайды. Біз бұл тұрғыдан ортақ істі мүлтіксіз атқарау жолында бірлікте жұмыс істеп келе жатқанымызды айта кетуге тиістімін.
Осындай мүмкіндік жасалып жатқанда алмақтың да салмағы болатыны белгілі. Көңілді әлі де болса күпті етіп отырған білім сапасын көтеру – ең алдымен мұғалімдердің қолында екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Оларға миллиондаған ұрпақтың тағдыры сеніп тапсырылған. Сенімге селкеу түсіп, берген мәртебе биігіне көтеріле алмайтындар табылып жатса, бұл орыны ешуақытта толмайтын өкініш қой. Кейде мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын оқытушысына шәкірті сай келеді. Мұның екі жағы бар. Жақсы – сүйсінтеді, жаман – күйінтеді. Бірдің кесірі мыңға, дегендей, жат қылықтағылар бірін бірі қиядан тауып, мүдделес болып жататыны бар. Көзге түрткі кемшіліктің ұсқынсыз ұясы солардан шығады. Біз ондайлардың жолын кесу мақсатында, мектептер үшін тәуелсіз тексеру бағдарламасын, ЖОО кредиттік оқыту технологиясын түбегейлі енгізуді қолға алдық.
– Елбасының “Болашақ” халықаралық бағдарламасына біраз өзгерістер енгізілгенінен хабардармыз. Соған тоқтала кетсеңіз. Халықтың қыруар қаржысына шет елде оқып қайтқан түлектердің 41,3 пайызы жеке компанияларда қызмет істейді екен. Мұндай жағдайда олар талапкерлердің оқуына ақша бөлу жағын ойластыруы керек шығар деген пікірімізге қандай уәжіңіз бар?
– Ең біріншіден, жаңа ережеге сай дүние жүзіндегі беделді оқу орындарына барып оқуға ұмтылған үміткерлер мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеп тестен өтуі тиіс. Екіншіден, бакалавр, магистр, клиникалық ординатура бойынша оқитындардың жас мөлшері 17 мен 40, ал докторлық дәреже алу, ғылыми тағылымнан өту 25-40 жас болып белгіленді. Ауылдан шыққан талантты балалардың шет тілін үйренуіне де ерекше жағдайлар қарастырылған. Сұрақтың екінші бөлігі ойластыруға тұрады.
Оқулық оңбай білім оңа ма?
– Білім берудің алтын діңгегі оқулық пен оқу әдістемелері екені бесенеден белгілі. Бірақ осы салада да айғай-шу аз болып тұрған жоқ. Бұған не айта аласыз?
– Басын ашып алатын нәрсе, оқулықтың авторлары қарапайым адамдар емес. Шетінен ғалым, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессоры деген атақтары бар адамдар, тіпті араларында академик мәртебесіне ие тұлғалар да жүр. Сөйте тұрып, оқулық жазуға селқос қарау мәселесін мен кешіруге болмайды деп ойлаймын. Біз оқулық авторларына талай рет ескертулер жасадық. Ақыры 200-ден астам оқулықты тексергенімізде көптеген кемшіліктер анықталды. 17 оқулық қолданыстан шығарылып, 100-ге жуығына өзгерістер енгізілді. Оқулық жазу жөніндегі тәжірибеміздің аздығы да кемшілікке жол ашқан секілді. Мәселен, Ресейде оқулық жазумен айналысатын арнайы бір институт жұмыс істейді. Бізде қазірше ондай мүмкіндік болмай тұр. Ендігі жерде талапты күшейтеміз. Оқулық жазу ережесі қайта бекітілді. Ол бойынша оқулықтың сапасына автор да, оқулық орталығы да, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы да, сарапшы мамандар да тікелей жауап беретін болады. Сол оқулықтарды шығаратын баспаларға да жоғары талап қою мәселесін қарастырып жатырмыз.
– Жансейіт Қансейітұлы, әңгімеміздің бағытын ғылымға қарай бұрсақ. Өткен жылы “Ғылым туралы” заң қабылданды. Осы заң аясында қандай жұмыстар атқарылуда? Әсіресе, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуі, ғылыми атақты “керек тастың ауырлығы жоқ” деп қанжығасына байлайтын “жиендер” туралы байламыңыз қандай?
– Аталған заңда біраз мәселелер өз шешімін тапты. Мәселен, ғалымдардың жалақысын мемлекеттік қызметкерлердің деңгейіне теңестіру, оларды әлеуметтік жағынан қолдап отыру, белгіленген тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алуға құқығы, тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін ғылыми қызметкерлерге үй салу үшін жер телімін беру, мемлекеттік ғылыми ұйым таратылған немесе қайта құрылған жағдайда олардың біліктілігіне сәйкес жұмыспен қамтамасыз ету, т.б. шешімін тапты. Сол секілді ғылыми қызметкерлердің еңбек демалысы да ұзартылды. Еңбекақы төлеуге арналған қолда бар қаражат шегінде ғылым докторларына жыл сайын 56 күнтізбелік, ал ғылым кандидаттары мен философия докторларына (PhD) 42 күнтізбелік, басқа ғылыми қызметкерлерге 35 күнтізбелік еңбек демалысы беріледі. Бұрынғы заңдарда ғалымдардың ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізу мәселесі қарастырылмаған болса, мына заңда ол бар. Автордың құқы жан-жақты қарастырылған. Өнеркәсіптік меншік нысанын пайдалану құқығын беру және патент иеленушінің айрықша мәртебесінің бұзылуына жол бермеу көзделген. Президенттің Жарлығымен бекітілген ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 43 млрд. теңгеден астам қосымша қаржы бөлінді. 2015 жылға дейін осы саланы қаржыландыруды ІЖӨ-нің 2,5 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Және ғылымды дамытудың алты басым бағыты нақтыланды. Оған арналған ашық типтегі 5 зертхана мен 15 университеттік инженерлік-зертхана құрылып жатыр. Осы арада мен мына бір ойымды да ортаға сала кетсем деймін. Ғылым саласы бойынша Елбасы берген тапсырманы мүлтіксіз орындау үшін шетелдердегі отандас ғалымдарды алдыру жағын ойластырғанымыз мақұл. Ал сұрақтың екінші тармағына берер жауабым, біз ғылыми атақ алуды сән көретіндерге тосқауыл қою мақсатында 176 диссертациялық кеңесті жауып, қайта сүзгіден өткіздік. Қазір 130-ы ғана қалды. Өзгелері жабылды. Өзіңіз айтқан ғылымдағы “жиендерге” тосқауыл қоятын “Антиплагиат” атты бағдарламамыз бар. Осындай жұмыстар арқылы санда бар, сапада жоқ ғылым кандидаттары мен докторларының еңбектері сарапқа салынатын болады.
Жаңа университет салынып жатыр
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, Астанадан жаңа университет салынып жатқаны белгілі. Осы білім ордасы туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз.
– Бұл оқу орны шетелдік озық білім беру жүйесімен жұмыс істейтін болады. Қазір 100 гектар аумақты алып жатқан жерде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Оқу ғимараттары бірден емес, біртіндеп пайдалануға беріледі. Биыл бірінші кезеңі бітеді деп отырмыз. Болашақта ең қажет мамандықтарға оқытатын 4 институтта 20 мыңдай студент оқитын болады. Қазір біз талапты жастарды шет елдерге білім жетілдіру үшін жіберіп жатсақ, аталмыш оқу орны іске қосылған соң ондай білімді Еуропа, АҚШ үрдісімен өзімізде беретін боламыз.
– Студенттердің шәкіртақысы 6400 теңге көрінеді. Қымбатшылық қысып бара жатқаны мәлім. Шәкіртақыны өсіру мәселесі таяу уақытта шешімін таба ма?
– Біз мұны назарда ұстап отырмыз. Үкіметтің қолдауымен таяуда шәкіртақы өсірілетін болды. Ал магистранттардың шәкіртақысы 19 мың теңгеге көбейді. Жалпы, жастарға қамқорлық жасау біздің басты міндетіміз болып есептеледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Авторы: Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.