Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б. Сұлтановтың "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б. Сұлтановтың "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

ҚазАқпарат 16 мамыр 2008 жыл

Уақыт өте келе барлық қиындықтарды еңсереміз

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б. Сұлтанов
Елбасы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Үкімет қаржылық тұрақсыздық қаупіне жедел қарекет етіп, салық жүйесі мен бюджеттік заңнаманы ел дамуының жаңа сатысындағы талаптарға сәйкестендіруі тиістігін атап көрсеткен еді. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысы қойған осы міндеттерді министрліктің қалай жүзеге асырып жатқандығы туралы әңгімелейді.

– Үкіметте өткен соңғы жиналыстардың бірінде сөйлеген сөзіңізде азық-түлік бағаларының өсуін ауыздықтау бойынша маңызды шаралардың бірі ретінде Сіз агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдау көрсетуді атаған болатынсыз. Егер инфляцияны қаперге алсақ, қосымша бөлінген 64 миллиард теңге қаражат тамақ өнімдерінің өндірісін айтарлықтай арттыруға шын мәнінде жеткілікті ме? Мысалы, 2003 жылы ауылшаруашылығы үшін 2005 жылға дейін 40 миллиард теңге көлемінде жыл сайынғы мемлекеттік дотацияларды көздейтін Мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. Бірақ соңғы бірнеше жыл бойы азық түлік импортына тәуелділігіміз тек артумен келеді.

– Есіңізде болар, 2003-2005 жылдар Қазақстанда Ауыл жылдары болып жарияланғаны. Ол кезде Президенттің тапсырмасын іске асырудың негізгі бағыттары 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы және 2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының аумағындағы ауыл шаруашылығын дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы болды.
Алғашқы бағдарлама бойынша үш жылдың ішінде 150 миллиард тенгеге жуық (2003 ж. – 41,2 млрд. теңге, 2004 ж. – 48,9 млрд. теңге және 2005 ж. – 59,2 млрд. теңге) қаражат бөлінді. Екінші бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 157,9 млрд. теңге (2004 ж. – 19,8 млрд. теңге, 2005 ж. – 18,9 млрд. теңге, 2006 ж. – 21,9 млрд. теңге, 2007 ж. – 38,9 млрд. теңге, 2008 г. – 58,4 млрд. теңге) көзделді.
Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты, Қазақстан Республикасындағы азық-түлік қауіпсіздігін және агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің резервінен 64,2 млрд.теңге сомасында қаражат бөлінді.
Бұл қаражаттар ауылшаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, көкөніс, өсімдік майы, қант) қайта өңдейтін кәсіпорындарға екінші деңгейлі банктердің беретін несиелері бойынша сыйақылар ставкасын субсидиялауды; құрал-жабдықтардың лизингі бойынша сыйақылар ставкасын субсидиялауды көздейді. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды мемлекеттік қолдау үшін мақсатты ағымдағы трансферттерді облыстық бюджеттерге (тұқымды дамытуға, мал тұқымын асылдандыруға, жанар-жағармайды, минералдық тыңайтықыштарды, егіс суын арзандатуға және т.б.); мемлекеттік ресурстарға астық сатып алуға; «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ-ы жарғылық капиталын арттыруға арнап агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін басым бағыттарды қаржыландыру бойынша шараларға және көктемгі дала, егін жинау жұмыстарын жүргізу және минералдық тыңайтқыштарды сатып алу үшін (жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің өндірісін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің лизингіне, қайта өңдеу бойынша құрал-жабдықтарға, ауыл шаруашылығы несиелік серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы өнеркәсібін несиелеуге және т.б.) көзделеді.
Үкіметтің есебі бойынша, қабылданған шаралар агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқынын сақтауға, өндірістің пайдалылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, өнімнің сапасы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындарды екінші деңгейлі банктердің несиелеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биылғы жылдың бюджетінде агроөнеркәсіп кешенінің шығындарын қаржыландыруға арнап 124,7 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Бұл қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялауға бағытталады. Өткен жылы бұл мақсаттар үшін барлығы 21,6 млрд.теңге бөлінген болатын.
Бүгінгі таңда ұлттық нормаларға сәйкес азық-түлік өнімдерінің негізгі тобы бойынша халықтың талабы отандық өнеркәсіп есебінен қамтамасыз етіледі. Бірақ өзіңіз дұрыс атап көрсеткеніңіздей, біз бірқатар азық-түліктер бойынша шетелдік өндірушілерге тәуелдіміз. Бұл азық-түліктердің қатарында мынадай – шұжық бұйымдарын, ет консервілері мен өсімдік майын, құрғақ сүтті, ірімшіктер мен сүзбелерді, қоюлатылған сүт пен кілегейді, балмұздақты, қантты, жеміс, көкөніс және қызанақ консервілерін, шырындарды, тоқаштарды, маргариндерді, шоколадтарды атауға болады. Аталған өнімдер бойынша біздерде тапшылық байқалады.
Бірақ біз агроөнеркәсіп кешеніміздің әлеуеті зор екенін ұмытпауымыз керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен азық-түлік өндірісінің көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы қайта өңдеу кәсіпорындары 2000 жылға қарағанда 2,5 есе артық өнімдерді шығарды. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындардың өндірістік көлемі өнеркәсіп өндірісінің республикалық көлемінің 7,3 пайызын, барлық қайта өңдеу өнеркәсібінің 19,2 пайызын құрайды.
Бірқатар қиыншылықтардың орын алып отырғаны рас. Бұл орайда, өнеркәсіп өндірісі деңгейінің төмендігін және қайта өңдеу кәсіпорындары қуатының толық пайдаланылмауын атап айтуға болады. Сонымен қатар, отандық агроөнеркәсіп кешен кәсіпорындарының өнімдері көп жағдайларда импорттық өнімдерге қарағанда бәсекеге қабілетті. Халықаралық стандарттар талаптарына азық-түлік сапаларының сәйкес келмейтін жағдайлары да жиі орын алады.
Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мен бірте-бірте барлық қиыншылықтарды жеңеміз деп ойлаймын. Үкімет те осы бағытта барынша күш жұмсауда.

– Ағымдағы жылдың ақпанында Азия даму банкінің атқарушы директоры Маргарита Хименеспен кездесу барысында Сіз АДБ қаражатынан қарыз алуға Қазақстан оншалықты мұқтаж емес деген пікір айттыңыз. Ал бір жылдан кейін АДБ Басқарушылар кеңесінің отырысында бұрынғы ҚР Қаржы министрі Наталья Коржова Банкпен ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту, кедейшілікті төмендету, индустриалдық-инновациялық дамыту, сондай-ақ қаржылық сектор туралы айтты. Бұл қазіргі уақытта АДБ-дан несие алғанға қарағанда, Үкіметтің және Ұлттық қордың резервінен алынған қаражатты жұмсаған пайдалы дегенді аңғарпай ма?

– АДБ-дан және сол сияқты басқа да халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу дұрыс емес деген пікір қате деп ойлаймын. Азия Даму Банкінің, Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқан басқа да қарыз беруші ұйымдардың несиелері біз үшін айтарлықтай тартымды. Бірақ сонымен қатар, қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық қауымдастықтан қарыз ақша алуға аса мұқтаж емес.
Жалпы алғанда, Үкіметтің мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясаты үкіметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыштың үлесін бірте-бірте төмендетуге бағытталған. 2001 жылдан бастап мемлекеттік борыш бірте-бірте төмендеуде. Өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік борышы 360, 8 миллион долларға азайды және жалпы мемлекеттік борыш құрылымында 12 пайызға төмендеді. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік сыртқы борышының көлемі төмен болып саналады.
Қазақстанның үкіметтік борышы көлемінің бірте-бірте төмендеуімен қатар бюджетке түсетін түсімдердің көлемі де артуда, сондай-ақ Ұлттық қор активтерінің тұрақталуы да байқалады. Мысалы, 2007 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қордың активтері 22 млрд. АҚШ долларына жетті, ол 2006 жылдың қорытындысына қарағанда 7,6 млрд. АҚШ долларына артық. Сонымен қатар, Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін қаржылық қаражат жинақтау мақсатында құрылғанын және оның қаражатын пайдалану Тұжырымдамаға сәйкес жүзеге асырылатынын ескергенде, Ұлттық қор активтерді жұмсау емес, жинақтау саясатын сақтауға мүмкіндік беретін көлемде қалыптасады және пайдаланылады.
Ұлттық қордың қаражаты тек кепілдік берілген трансферттерді қамтамасыз етуге ғана бағытталады. Ол өз кезегінде республикалық бюджетте бекітіледі және болашақ ұрпақ пайдаланатын, инвестициялық жобаларды (мектептерді, ауруханаларды, жолдарды және басқаларды) көздейтін дамытудың бюджеттік бағдарламаларының шығындарын қаржыландыруға ғана бағытталады.
Республикалық бюджет шығындарын оңтайландыру және жеке инвестицияларды ірі инфрақұрылымдық жобаларға тарту мақсатында көбіне концессиялар және мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері қолданылады.
Концессионерлердің қызметтерін қолдау мақсатында мемлекет қолдаудың әрқилы түрлерін жүзеге асыруға өкілетті. Оның ішінде, концессиялардың шарттары шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекеттік кепілдік беруді, концессиондық жобаларды қаржыландыру үшін тартылатын заемдар бойынша мемлекеттік кепілдіктерді беруді, концессия объектілерін пайдалануға байланысты бірыңғай құқықтарды беруді, жер телімдерін, үйлерді және т.б. тегін беруді жүзеге асырады.
Қазіргі таңда концессиялардың механизмдерін қолдана отырып, мынадай – «Шар стансасы – Өскемен» жаңа теміржол желісінің құрылысы», «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» электр таратудың өңіраралық желісінің құрылысы және пайдалану» сияқты жобалар іске асырылуда.

– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деген биылғы Жолдауы мен сонда алға қойылған жаңа салық заңнамаларын әзірлеуге байланысты Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолданыстағы Салық кодексіндегі маңызды кемшіліктер туралы пікірлер айтылып жүр. Сіздіңше Қазақстандағы салық – атап айтқанда, жалданып жұмыс істейтіндерге салынатын табыс салығы қандай болуы тиіс? Біздегі салық заңнамалары дамыған елдердің салық туралы заңдарына ұқсайтын бола ма немесе экономикамыздың олай етуге мүмкіндік бермейтін өзіндік ерекшеліктері бар ма?

– Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты бәсекеге қабілетті ел болуға талпынып келеді, сондықтан әзірленіп жатқан Салық кодексі шеңберінде экономиканың қайта өңдеу салаларына салынатын салықты төмендету және өндіруші салаға салынатын салықты арттыру, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету жөнінде шешім қабылдады.
Жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасында бәсекеге қабілетті салық жүйесін құру көзделген, ол еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Біз сонымен қатар, еліміздегі салық жүйесін Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттерге сәйкестендіруді жоспарлап отырмыз, ол экономиканы оңтайландыру мен диверсификациялауға ықпал етуі тиіс. Салық кодексі жеңілдіктерді оңтайландыратын және тиісінше экономиканың шикізат секторына салықтық ауыртпалық түсіретін болады. Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушылар жүйесі реформаланады. ҚҚС озық әлемдік тәжірибеге сәйкестендіріледі. Сонымен қатар, импортқа және ішкі өндіріске салынатын акциздік ставкаларды бірегейлендіру көзделген.
Одан басқа, Әкімшілік реформалар және бизнес қызметін жеңілдету шеңберінде әкімшілендіру ресімдері жеңілдетіледі, салықтық қызметтердің сапасы мен салықтық ресімдердің айқындығы арттырылады, салық есептілігі қысқартылады, салықтық тексерулер ретке келтіріледі.
Жеке тұлғаларға салынатын салыққа келетін болсақ, дамыған елдерде салынатын салықтар айтарлықтай жоғары. Жекелеген мемлекеттерде бұл көрсеткіш 27 пайыздан 60 пайызға дейін жетеді. Біздің еліміздегі жалақы деңгейінің төмендігіне байланысты мемлекет жеке тұлғаларға салынатын салықты жоғарылата алмайды.

– Бюджеттік қаражаттың ылғи игерілмей қалуына байланысты соңғы жылдары бюджеттік заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы айтылып жүр. Сіздің пікіріңізше, Бюджет кодексі қай бағытта реформалануы тиіс? Егер бюджеттік қаражатты игеруге кедергі келтіретін көптеген объективті себептер бар болса, бюджеттік шығыстардың 100 пайыз орындалуына ұмтылу қажет пе?

– Бюджеттің атқарылуына ұмтылу қажет. Өйткені бюджетте белгілі бір міндеттерді шешу көзделген, егер қаражат игерілмесе, онда бұл міндеттің де жете орындалмағанын білдіреді. Бұл жерде бюджеттің орындалуына деген көзқарастың өзі маңызды: қаражаттың 100 пайыз игерілуі маңызды ма немесе алға қойылған міндеттің орындалуы маңызды ма?
Қазіргі уақытта бюджет заңнамасын реформалау мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қойылған міндеттерді шешуін, мақсатқа қол жеткізуін көздейді. Нәтижеге бағдарланған бюджетті қалыптастыру «шығындарды басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» дейін өту үшін алғышарт жасайды.
Егер мұндай жағдайда мемлекеттік орган аз қаражатқа көзделген міндетті сапалы орындауды қамтамасыз етсе, онда үнемделген сомаға билік ету құқығына мемлекеттік органның басшысы ие болады және бұл өз кезегінде «қалай болған күнде игеруден» бюджет қаражатын жанашырлықпен пайдалану көзқарасына өтуді ынталандыруы тиіс. Дәл осы көзқарас Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Бюджет кодексін әзірлеуге негіз болып табылады.

– 2005 жылдың өзінде бюджеттік қаражаттардың жете игерілмеуі туралы мәселені талқылау кезінде Премьр-Министр Даниал Ахметов бюджеттік қаражаттың бос қалдықтарын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс әзірлеуге тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда мысалы, әкімдіктердің үнемделген қаражаттарды пайдалануы бойынша қандай мүмкіндіктері бар?

– Қолданыстағы Бюджет кодексінің 91-бабына сәйкес бюджеттік қаражаттың бос қалдықтарын одан ары кезең-кезеңмен ағымдағы жылғы шығыстар бойынша жоспарлық мақсаттарды арттыруға бағытталуы мүмкін. Бірінші кезекте, ағымдағы жылдың бюджетіне түзетулер енгізу арқылы, жоғары тұрған бюджетке бюджеттік несиелер мен пайдаланылмаған мақсатты трансферттердің сомасы міндетті түрде қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, ағымдағы қаржылық жылға республикалық немесе жергілікті бюджетті түзету негізінде Парламентте немесе Мәслихатта ағымдағы жыл бюджетінің нақтылануынсыз, оның бекітілген жылдық көлемінің 10 пайызынан аспайтын сомаға өткен жылдың бюджетінде бекітілген, бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруды аяқтауға бағытталады. Мұндай шығыстар ағымдағы жылдың шығыстары қатарына жатқызылады.
Одан кейін қаражат ағымдағы қаржы жылында республикалық немесе жергілікті бюджеттерге түзетулер енгізу арқылы Парламентте немесе мәслихатта ағымдағы жылдың бюджеті нақтыланбай алынған заемдар бойынша негізгі борышты өтеуге бағыттталуы мүмкін. Үшінші бағыт – Парламентте немесе Мәслихатта ағымдағы жылдың бюджеті нақтыланып, мемлекеттік мекемелердің несиелік берешектерін өтеуге, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды және басқа да шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл екі бағыт, Бюджет кодексіне сәйкес Парламентте немесе мәслихатта ағымдағы жылдың бюджетін нақтылауды талап етеді. Қазіргі уақытта Бюджет кодексінің жобасында бос қалдықтарды пайдалану бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың құқықтарын кеңейту жоспарланған. Мысалы, жергілікті атқарушы органдарға:
- жергілікті бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған мақсатты трансферттердің қаржы жылының ішінде пайдаланылмаған сомасын жоғары тұрған бюджетке қайтармауға;
- бюджеттік қаражаттың бос қалдықтары есебінен өткен жылы аяқталмаған бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруды жалғастыруға рұқсат беру жоспарлануда.
Әлбетте, аталған мәселелерге қатысты түпкілікті шешімді Бюджет кодексін қарау кезінде Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын болады.

 

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS