Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметовтың “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасына берген сұхбаты
“Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы 23 мамыр 2008 жыл
“Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы
2008-05-23:
АҚЫЛЫ ЖОЛДАР – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Өткен жылы Көлік және коммуникация министрлігі Үкіметке елімізде ақылы жолдар енгізу жөнінде ұсыныс жасағаны белгілі. Министрліктің бұл ұсынысын Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдап, оны іске асыру үшін “Автомобиль жолдары” туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтқан болатын. Көлік және коммуникация министрі Серік АХМЕТОВПЕН әңгіме де негізінен осы мәселе төңірегінде өрбімек.
– Ақылы жолдарды салудағы негізгі міндет, еліміздің көліктік әлеуетін дамыту, сол арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайту. Ал оның қандай пайдалы жақтары бар десеңіз, ең әуелі ол экономикалық тұрғыдан алғанда бізге тиімді. Мәселен, жолдарды жөндеу мен оларды қайта салу үшін инвестициялар тартылады, олар тарифтер мен ақылы жолдардың көрсететін қызметі есебінен бюджеттен түсетін қаржының орнын жабатын болады. Содан кейін ақылы жолдардың қызметі үшін инвестициялар тартылғанда, олардың инфрақұрылымы жақсарады, соның нәтижесінде жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық мәселесін шешуге болады. Ал жұмыс болған жерде шаруашылық та жақсарады ғой. Мәселен, сол арқылы біз құрылыс саласын дамытуға мүмкіндік алар едік.
Екінші, ақылы жолдар салғанда мемлекет пен жеке әріптестіктің арасы жақындай түседі. Сонымен бірге қызмет көрсету деңгейі өсіп, жергілікті халыққа жаңа технология мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Ақылы жолдар салу Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясы негізінде жасалынып жатқан жұмыстардың бірі. Қазірде біз Көлік стратегиясын іске асыру жөнінде жүйелі және жоспарлы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, соның аясында жергілікті халыққа қауіпсіз әрі сапалы көлік қызметін көрсету, көлік қатынасы бағасын арзандату, еліміздің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оның транзиттік әлеуетін дамытуда жұмыстар атқарып келеміз. Бұл жұмыстар осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Екі жылдың ішінде 56 жобаны бастадық. Олардың жалпы құны 229,1 млрд. теңге. Бөлінген қаражат 99,8 пайызға игерілді. Елбасы 2001 жылды Автомобиль жолдары жылы деп жариялағаннан бергі 7 жылдың ішінде автомобиль жолдары саласында көптеген жобалар қолға алынып, сәтті жүзеге асырылып келеді. Оған тұрақты қаражат бөлу арқасында қол жетті. Мәселен, соңғы жылдары көлік саласын дамытуға 828,9 млрд, теңге қаржы бөлінді. Оған 22248 км. тас жолдар жөнделіп, қалпына келтірілді. Қазіргі заманғы автобанның құрылысы басталды. Жалпы, еліміздің тас жолдарының қашықтығы 128000 км., оның 93000 км. республика аумағын қамтыса, 35000 км. қалалар мен елді мекендердің көшелерінен тұрады. 2005 жылдың желтоқсан айында осы жолдардың сапасын арттыру үшін Үкімет қаулысымен 2006-2012 жылдар аралығында автожол саласын дамытуға арналған бағдарлама қабылданды. Осы құжат бойынша 2012 жылдың соңына қарай республикалық деңгейдегі жолдардың 86 пайызы мен жергілікті жолдардың 70 пайызының сапасын жақсарту көзделіп отыр.
– Жақсы екен. Ал министрлік концессиялық негізде қандай жолдарды салуды жоспарлап отыр?
– Менің айтайын дегенім, біз жол салсақ ол халықаралық талаптарға сай салынуы тиіс. Сонымен бірге біз жолдың жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қатаң ескеруіміз қажет. Осы мақсатта министрлік концессиялық негізде ең тығыз қозғалыстағы Астана – Щучье, Астана–Қарағанды, Алматы–Қапшағай, Алматы–Қорғас, Ташкент–Шымкент–Жамбыл облысының шекарасы және Алматының үлкен айналма автомобиль жолдарын ақылы етуді жоспарлап отыр. Олардың құрылысы 3 жылға созылады. Жолдар салынып болғаннан кейін ақылы болады. Ал жаңа айтқан Астана–Щучье тас жолының құрылысы келесі жылдың қараша айында аяқталады. Оның ұзақтығы 224 км., оған қазір мемлекет тарапынан 115 млрд. теңге бөлініп отыр.
Бізде мынадай дерек бар. 2006 жылы республика бойынша адам қазасына әкелген жол апаты оқиғаларының үштен бірі осы жерлерде болыпты. Басты себебі – автокөліктердің қарсы жолға шығып кетуі екен. Сондықтан бұл жолдарды біз кем дегенде төрт қатарлы етіп салмақпыз.
– Мұндай ақылы жолдар бүгінде қай елдерде бар?
– Ақылы жолдар 30 елде бар. Олар негізінен Қытай, Венгрия, Словакия, Канада, Португалия мен басқа да елдерде салынған. Бұл елдердің экономикалық дамуына қарай ақылы жолдар салудың ерекшеленетін тұстары көп. Дүние жүзінде мұндай жолдардың көбі мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестік негізінде салынады. Мысалы, мемлекет конкурстық негізде жаңа немесе ескі жолдарды қайта жөндеу үшін құрылысқа инвестиция тартады. Сөйтіп, жұмыс аяқталған соң инвестор 20 жылдан астам уақытқа өзі жасаған жолды басқаруға кепілдік алады. Осы уақытта концессионер жолды пайдаланушыдан және оны жөндеп салып бітіргені үшін мемлекеттік бюджеттен ақы алып, келісім-шарт аяқталған соң жолды қайтадан Үкіметке қайтарады. Одан кейін жол тегін болады. Осы жерде мен мынадай дерек келтіргім келеді. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, ұзақтығы 1350 км. жөнделмеген ескі жолдағы автокөліктің қозғалысы мемлекет экономикасына жылына 250 млн. АҚШ доллары көлемінде шығын келтіреді екен.
– Ал бізде, мәселен, 1 шақырым жолды қайта жөндеу үшін қанша қаржы кетеді?
– Бізде жолдар техникалық деңгейге қарай бағаланады. Мәселен, екінші техникалық деңгейлі бір километр жолды жөндеу үшін 150 млн. теңге, ал егер ол төрт қатарлы болса 300-ден 350 млн. теңгеге дейін қаржы кетеді. Ал жолға төленетін ақыны біз шамамен жеңіл автокөлік үшін бір шақырымға 1-2 теңгеден 4 теңгеге дейін, микроавтобустар үшін 4 теңгеден 6 теңгеге дейін, ал ауыр жүк көліктері үшін 6 теңгеден 10 теңгеге дейін алуды ойластырып отырмыз. Дегенмен, жолдың ақысы қалай болатыны конкурстық негізде Үкімет қабылдағаннан кейін шешіледі. Ал шетелдерде, мәселен, Бразилияда бір шақырым жолға 4 АҚШ центі, Жапонияда 45 цент төленеді. Францияда одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, онда бір автокөлік үшін жылына орта есеппен алғанда 3000 еуро көлемінде салық төленеді екен.
– Ақылы жолдар кімнің меншігінде болады және оның күтімімен кімдер айналысады? Концессиялық мерзім қай уақытқа созылады?
– Концессияның мерзімі 25-30 жыл. Концессионер жолды 3 жыл салып, 22 жыл пайдаланады. Ал жол мемлекет меншігінде қала береді. Мемлекет концессионерге жолды тек белгілі бір уақытқа қана пайдалануға береді. Бұл мемлекет үшін тиімді деп ойлаймын. Өйткені, бізге керегі ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жолдың сапасы. Егер біз концессионерге жолды беретін болсақ, олар 25-30 жыл бойы оның құрылысымен, сапасымен және басқа ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарымен айналысады.
– Ақылы жолдардың қандай артықшылығы болмақ? Онда жылдамдық шегі қандай болады?
– Егер жол бір бағытында үш жолақты болса, сағатына 150 шақырым, ал екі жолақты болса, сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Ақылы жолдар бірнеше қосымша қызмет көрсетеді. Мәселен, онда интеллектуалды көлік жүйесі деген болады. Аталмыш жүйеде бейнебақылау, жедел шақыру аппараты, ауа райын көрсететін электронды табло және басқа да қызмет түрлері орнатылады. Бұл жүйе жолдың барлық жерінде болады. Сонымен бірге концессионер компаниялар жол үстінде бұзылған автокөліктерді тасып, оларды жөндеуді жоспарлап отыр.
– Бәрі дұрыс сияқты. Бірақ, соңғы кездері ақылы жолдарға баламалы жолдар салу туралы көп айтылып жүр. Сіз ол жөнінде не дер едіңіз?
– Баламалы жол жөнінде заңда көп айтылған. Егер біз баламалы тегін жолдарды салып, мемлекет бюджетінен оған қаржы жұмсай берсек ақылы жолдар салу үшін инвестиция тарту қиынға түседі. Сапалы жол қашанда тартымды және қауіпсіз болады. Міне, осы үшін ең бастысы, инвесторлар ақылы жолдардың сапасы мен қызметін жақсартуы қажет.
– Енді өткен жылы көлік саласын дамытуда қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берсеңіз?
– Өткен жылы көлік-коммуникациялық кешенді дамытуда 2006 жылға қарағанда елеулі нәтижелерге қол жетті. Былтыр 2006 жылмен салыстырғанда жүк айналымы 6,8 пайызға, тасымалданған жүктер көлемі 5,3 пайызға, жолаушылар саны 4,5 пайызға, жолаушылар айналымы 5,2 пайызға, ал теңіз порттары арқылы тасымалданған жүктің көлемі 8,4 пайызға артты. Министрлік бюджетті 100 пайызға, яғни 214,5 миллиард теңгеге игерді. Өткен жылы жаңа темір жол құрылысын жүргізу жөніндегі концессиялық жобалар бойынша Ералиев – Құрық, Қорғас – Жетіген учаскелері салынып, Мақат – Қандыағаш темір жол учаскесіне электр желілері тартыла бастады. Бұдан басқа темір жол саласын 2011 жылға дейін реформалау жөнінде кешенді шаралар әзірленді.
Елімізде әуе қатынасы жақсара бастады. Мәселен, “Эйр Астана” ұлттық компаниясының паркі “Боинг” және “Эйрбас” атты алты жаңа ұшақпен толықса, Шымкент әуежайында жасанды ұшу-қону алаңы мен Ақтөбе әуежайының аэровокзал кешенін қайта салу жұмыстары аяқталды.
Біздің елде отандық екі компания шетелдерге әуе рейстерін жасап тұрады. Олар – “Эйр Астана” мен “Скат” АҚ-тары. Біріншісі Бейжің, Амстердам, Майндағы Франкфурт, Лондон, Дели, Дубай, Сеул, Ыстамбұл, Бангкок, Мәскеу қалаларына рейс жасаса, екіншісінің ұшақтары Мәскеу, Шаржа, Тбилиси, Ереван, Баку, Минералды сулар, Ростов, Астрахань, Ташкент және Баян-Өлгей өңіріне қатынайды. Ал алыс шетелден Қазақстанға 9 елдің 10 әуе компаниясы рейс жасаса, жақын мемлекеттерден 10 елдің 18 әуе компаниялары өз рейстерін ашты.
– Кезінде республикамызда аудандар мен ауылдар арасында әуе қатынасы жолға қойылған еді. Қазір осыны қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма?
– Иә, кезінде ондай әуе қатынастары бар болатын. Қазір мемлекет оны қайта қалпына келтіру үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қабылдап отыр. Осының нәтижесінде соңғы кездері мемлекеттік бюджет есебінен әуе тасымалдау бағдарламасы негізінде Астана мен Тараз, Жезқазған, Петропавл, Семей, Қостанай, Талдықорған және Павлодар қалалары арасында әуе қатынасы жолға қойылды. Жалпы, республикаішілік әуе қатынасы 40 бағытта жүргізіліп келеді. Соның ішінде өткен жылдан бері облысаралық және облысішілік әуе қатынасы дами бастады.
Келешекте республика өңірлерін жалғайтын тағы 14 жаңа бағыт ашу жоспарда бар. Ал Шығыс Қазақстан облысында әуе қатынасы басқа өңірлерге қарағанда дамып келеді. Мәселен, өткен жылы облыста жергілікті әуе желілерін ашу жөнінде серпінді жоба іске асырылды. Оның мақсаты — облыс орталығын шалғай орналасқан аудандармен байланыстыру. Әуежайлар инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезде мұнда “Скат” әуе компаниясы Ан-24 және Ан-2 ұшақтарымен рейстер орындауда. Оларды облыс әкімдігі қаржыландырады. Бұл өзге өңірлерге үлгі тұтарлықтай жағдай.
– Қазіргі кезде су көлігінің жағдайы қалай? Елімізде өзен порттарын дамыту мәселесі қандай деңгейде?
– Су көлігінің жағдайы жақсы деуге болады. Өйткені, еліміз көбіне көліктің осы түрімен Каспий теңізі арқылы шетелдерге экспортқа мұнай, астық, металл және басқа да өнімдерді жеткізіп отырады. Осыған байланысты Үкімет 2006 жылы порттық және қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту, сауда және қосалқы флоттарды жасақтау, кемелер жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2006-2012 жылдарға арналған теңіз көлігін дамыту бағдарламасын қабылдаған болатын. Қазір жұмыстың көбі осы құжат негізінде жүргізіліп жатыр.
Өзен көлігі жөнінде айтсақ, бұл жерде мемлекеттік техникалық флотты жаңарту және жаңғырту кеме жүзетін гидротехникалық құрылыстарын қайта салу және кеме жөндеу-кеме жасау өндірісін қайта жандандыру көзделіп отыр. Қазірде өзен көлігі арқылы жүк тасымалы Ертіс, Іле – Балқаш және Орал – Каспий су бассейндерінде жүргізіледі. Бұл жерлердегі жұмыстың бәрі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі. Сала мамандары өзен көлігі арқылы тасымалданатын жүктің көлемін 2012 жылға қарай жылына 5 млн. тоннаға дейін жеткізбекші.
– Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті дамыту мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен және тікелей қамқорлығымен көлік саласын, оның ішінде транзиттік әлеуетті пайдалану мен дамытуға баса маңыз беріліп келеді. Бүгінде Қазақстан ТРАСЕКА, Солтүстік – Оңтүстік, Орталықазиялық дәліз, Трансазиялық темір жол магистралі сияқты халықаралық көлік дәліздерінің қызметін пайдаланады. Бізге олар трансеуропалық және азиялық көлік жүйесімен үнемі байланыста болуға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы көліктің барлық түрі бойынша транзиттік қатынас арқылы 13,5 млн. тонна жүк, соның ішінде темір жол арқылы – 13 млн тонна, автокөлікпен 500 мың тонна жеткізілсе, шетел ұшақтары республика әуежайларына 5200 транзиттік қатынас жасады. Былтыр транзит арқылы республикалық бюджетке 501,3 млн. АҚШ доллары, соның ішінде тасымалданған жүк бойынша 361,3 млн. АҚШ доллары, транзиттік ұшақтарға қызмет көрсетуден 104 млн. доллар көлемінде табыс түсті. Қазақстан болашақта транзиттік табыс көлемін 500 млн. доллардан жылына кемінде 2 млрд. долларға дейін жеткізуі керек.
Қазір еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Темір жол саласы бойынша Достық стансасы мен оның жанындағы Ақтоғай – Достық учаскесінің жүктерді өткізу мүмкіндігін жылына 14 млн. тоннадан 25 млн. тоннаға дейін арттыру, Шар – Өскемен темір жолы құрылысын аяқтау, Қорғас – Жетіген және Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық, Өзен – Түркіменстан жаңа темір жолдары құрылысын жүргізу қажет. Өткен жылдың соңында тағы бір ірі жобаның құрылысы туралы келісім жасалды. Онда Қазақстан, Түркіменстан және Иран арасында Өзен –Берекет – Горган темір жол құрылысын салу жөнінде мәселе қаралды. Автокөлік жолында “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” трансқұрлықтық дәлізді іске асыру көзделіп отыр. Елбасы биылғы Жолдауында аталмыш дәліз туралы бізге барлық оңтүстік облыстарды басып өтіп, Қызылорда, Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын ең ірі жоба керек деп айтқан еді. Осыған байланысты “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” халықаралық дәлізін дамыту жобасы жасалынды. Оның негізінде 5 халықаралық, 12 өңірлік көліктік-логистикалық орталық ашу көзделіп отыр. Бұл жобаның құны 900 млрд. теңге немесе 7,5 млрд. АҚШ доллары тұрады.
Жалпы, Қазақстан көлік және коммуникациялар саласы бойынша шетелдермен 117 халықаралық келісімдер негізінде жұмыс жасауда. Өткен жылы осындай 12 құжатқа қол қойылды. Бұлардың бәрі еліміздің әлем қауымдастығымен қарым-қатынасын тығыз байланыстыруға бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет.
– Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.