Серік АХМЕТОВ, Көлік және коммуникация министрі:ІРІ ЖОЛДАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ ЕТУДЕ ТЕК БЮДЖЕТКЕ ҚАРАП ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ
"Айқын" газетінің 2008 жылғы 5 тамыздағы санында жарияланды
Серік АХМЕТОВ, Көлік және коммуникация министрі:
ІРІ ЖОЛДАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ ЕТУДЕ ТЕК БЮДЖЕТКЕ ҚАРАП ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ
– Серік Нығметұлы, сіз басқарып отырған ведомство аса ауқымды, қамтитын саласы көп. Сол әрбір саланың өзіне тән даму жолы бар. Сондықтан да жалпы жағдайға аз-кем тоқтала кетсеңіз.
– Жинақтап айтсақ, көлік саласының мемлекеттік саясаты еліміздің 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Мұнымен қоса, саланың алдындағы ірі міндеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы ақпан айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кеңінен көрсетілген. Таяуда осы міндеттердің жүзеге асырылу барысы жайындағы мәселе министрліктің алқа мәжілісінде қаралды.Жолдауда «Теміржол және автомобиль инфрақұрылымдарын салу мен жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет» деп атап көрсетіліп, автомобиль жолдарын дамытуға байланысты нақты міндеттер қойылды. Сондай-ақ «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасына сәйкес, атқарылатын істер көрсетілді. Биыл осы іргелі жұмыстарды орындауға кедергі болып жүрген заңнамалық және нормативтік базаларға едәуір өзгерістер енгізілді. Яғни саланың инфрақұрылымын дамытуға кең өріс ашылды. Стратегияның аясында жалпы сомасы 30 миллиард АҚШ долларының 80-ге жуық инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде сомасы 2,7 миллиард долларға бірқатар концессиялық жобаларды іске асыру көзделуде.Таяу жылдары 1600 шақырымдай жаңа теміржол салынып, 2700 шақырым теміржол электрлендірілмек. 50 мың шақырым автомобиль жолы жаңадан немесе қайта салынады. Сондай-ақ алдағы уақытта азаматтық авиацияны, оның ішінде әуежайлар мен авиакомпанияларды, теңіз және өзен көлігі, автомобиль көлігі салаларын одан әрі дамыту міндеті тұр.
– Ел экономикасының дамуы теміржол саласынан да байқалады. Жаңадан теміржол құрылысы салынып жатыр. Бұл үрдіс одан әрі де жалғасын таба ма?
– Әлбетте, өрісі кең істің үрдісі жүйелі жалғасын табу керек. Сонда ғана түпкі нәтижеге қол жеткізу мүмкін. Бүгінгі күнде Көлік және коммуникация министрлігі өз жұмысын көлік саласын нарық жағдайы және ашық жеке инвестицияға бейімдеп, толық қалыптасуына бағыттады.2006 жылы еліміздің 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы осыған байланысты қабылданған болатын. Осы стратегияға сәйкес, көлік саласы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бет бұрды. Қазіргі кезде бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті.Қазақстанда тұңғыш рет концессия жүйесі бойынша салынып жатқан Шар – Өскемен жаңа теміржол желісінің құрылысы бітуге таяу қалды. Ел аумағынан тыс шығуына, соған сәйкес Ресеймен екі аралық кеден және шекаралық бақылаудан өтуді болғызбайтын Шар – Өскемен теміржол учаскесінің құрылысымен Қазақстанның солтүстік-шығыс жағында ұлттық теміржол желісінің қалыптастырылуы аяқталды. Қазіргі таңда Үкімет Қаулысымен бекітілген орта мерзімді кезеңге, яғни 2007-2009 жылдарға арналған концессияға беруге ұсынылатын нысандар тізбесіне сәйкес, Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық, Қорғас – Жетіген теміржол учаскелерін салу және Мақат – Қандыағаш теміржол учаскесін электрлендіру бойынша жұмыстар басталды.Биылғы жылдан бастап Қазақстан, Түрікменстан және Иранды жалғайтын Өзен – Берекет – Горган жаңа теміржол желілерін салу және Алматы – Ақтоғай, Ақтоғай – Достық және Ақтоғай – Мойынты учаскелерін электрлендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жобалардың барлығы мемлекеттік және жеке сектор әріптестігі жолымен жүзеге асырылады. Салынатын жаңа теміржолдар экономика және көлік саласындағы мемлекетіміздің тәуелсіздігін күшейтеді және теміржол тасымалының уақыты мен арақашықтығын азайтады.
– Еліміз Бүкілдүниежүзілік банкпен Азия елдерін Ресей мен Еуропамен жалғастыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын іске асыруды бірлесіп қаржыландыру туралы келісім жасады. Бұл жобаның экономикалық жағынан тиімділігін шамалап болжауға болады. Осы мәселе жайында әңгіме өрбітсеңіз.
– Бұл – көпшіліктің көкейінде жүрген және үлкен үміт күтіп отырған жоба. Елбасы Жолдауында ерекше атап көрсетілген Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізін салу eліміздің жол кұрылысы саласының алдында тұрған ғасырлық жоба болып есептеледі. Бұл көлік дәлізінің еліміздің экономикалық дамуына тигізетін игі ықпалы аса зор. Сондықтан да Елбасы осы көлік дәлізін салуға ұлттық маңыз бepіп отыр. Бұл көлік дәлізінің құрылысы өткен жылдан бepі қолға алынған. Қaзіp осы дәліздің ұзақтығы 215 шақырым Қарабұтақ – Ырғыз учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 12 жобалау ұйымдары осы дәліздің 1882 шақырым жол кұрылысын салу жөніндегі жобалау-сметалық жобасын әзірлеуде. Бұл жобаның жалпы құны – 935 миллиард теңге. Жоба толық жүзеге асырылу барысында 2552 шақырым автомобиль жолы қайта салынады.Жоба бойынша 2009 жылы көлік дәлізінің кұрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін үстіміздегі жылдың қазан айында донор банктермен келісім жасалып, ол жылдың аяғына дейін Парламенттің мақұлдауына берілуге тиіс. Келесі жылдың біpінші жартысында мердігер ұйымдар анықталып, жұмысқа кіpіcy керек. Осы ұсынылған кесте бойынша Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі 2013 жылы толық аяқталмақ.Бұл көлік дәлізі еліміздің аумағы бойынша тасымалданатьн жүк көлемін барынша арттыруға ықпал етеді. Айталық, жүк тасымалы 30 пайызға артып, транзиттік жүк тасымалынан түсетін кіpіc көлемі 2007 жылғы деңгейге қарағанда 50 пайызға өседі. Халықаралық транзиттік дәлізбен жүретін автокөлік жылдамдығы да сағатына 40 шақырымнан 60 шақырымға дейін артады. Осы дәліз пайдалануға берілген кезде еліміздегі халықаралық стандарттар дәрежесіндегі автокөлік жолының үлес салмағы 11 пайыздан 30 пайызға дейін жетпек. Жалпы, 2012 жылы республикалық дәрежедегі жолдың 75 пайызы, жергілікті жолдардың 60 пайызының жағдайы жақсарады. Жол-көлік оқиғалары 10 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде.
– Қазіргі кезде қолға алынып жатқан халықаралық сапа көрсеткішіне толық жауап беретін ақылы жолдар салу жайында не айтар едіңіз?
– Бұл бір айрықша маңызы бар мәселе. Тек бюджетке сенсек, онда ірі жолдарды жақсарту, оларды халықаралық стандарттарға сай ету мерзімі тым кешеуілдейді. Сол себепті еліміздегі автомобиль жолы кұрылысын қарқынды дамытуда концессиялық негізде инвестиция тартудың ерекше маңызы бар.Осыған байланысты министрліктің бастамасымен енгізілген ұсыныс негізінде үстіміздегі жылғы шілде айында концессия мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң қабылданды. Қазіprі кезде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі осы жүйені іc жүзіне асыруға кажетті қосымша заңнамалық негіздерді дайындап жатыр. Тиісті концессиялық заңнамалар толығымен қабылданғаннан кейін республикамызда автокөлік жол кұрылысын дамытуға ыкпалды серпін беретіндігі даусыз. Егер бұл жүйе жүзеге асырылатын болса, 2009 жылы концессиялық негізде Астана – Қарағанды, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас, Ташкент – Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы, сол сияқты Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы кұрылысын бастауға мүмкіндік туар еді. Барлығы концессиялық негізде жалпы кұны 1,1 триллион теңге болатын 2740 шақырым жол кұрылысы жұмыстары атқарылмақ. Ақылы жолдар енгізу мәселесі де осы құрылыстардың салынып бітуіне қарай шешіледі.
– Елде туризм саласын дамытуға қолбайлау болып тұрған бір сала – жол құрылысының сапасыздығы екендігін жиі ауызға аламыз. Рас, кең-байтақ қазақ даласының бәрін халықаралық стандартқа сай жолмен бірден қамтамасыз ете алмасақ та, тарихи ескерткіштерге бай, табиғаты көрікті жерлерін тамашалау үшін жол мәселесі қашан шешіледі?
– Шын мағынасында бұл мәселе қазіргі өмір талабынан туындап отыр. Курорттық аймақтарға, тарихи орындарға баратын ыңғайлы жол жағдайын жасау қажет екені рас. Мысалы, еліміздегі тұңғыш автобан Астана – Щучинск те Щучье – Бурабай курорттық аймағына көлік тасқынының күрт ұлғая бастауынан туындаған. Осы істі қисынды нәтижесіне жеткізу үшін 27 маусымдағы Үкімет мәжілісінде «Щучье – Бурабай» курорттық аймағындағы туристік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шешім қабылданған болатын. Қазіргі уақытта курорттық аймаққа баратын ең төте жол Көкшетау қаласы арқылы өтетін «Астана – Петропавл» автомобиль жолынан Щучье қаласының көшелері арқылы өтеді. Ал оның көшелері көлік құралдарының өтуін толық қамтамасыз етпейді. Оның үстіне, келешекте курорттық аймақтың дамуы кезінде Щучье қаласы көшелеріндегі көлік құралдарының көптеп шоғырлануына душар етіп, апатты жағдай мүмкіндігін арттырады. Осыған байланысты қауіпсіздікті және қолайлы жүріп өтуді қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Астана – Петропавл» автожолынан Щучье қаласын айналып өтіп, төрт жолақты қозғалысты І техникалық санаттағы өлшемі бойынша ұзақтығы 9 шақырым «Щучье – Бурабай» автожолына шығу арқылы «Щучье – Бурабай курорттық аймағы» туристік ойын-сауық орталығына кіре беріс» автомобиль жолын салу көзделіп отыр. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат бағының жерлерін тиімді пайдалану мақсатында қолданыстағы республикалық маңызы бар «Щучье – Бурабай» және төрт жолақты қозғалысты өлшемі І техникалық санатқа дейінгі ұзындығы 6 шақырым «Щучье көлінің айналма жолы» автомобиль жолдарын кеңейту қарастырылып отыр. Жобаның болжамды жалпы құны – 8,5 миллиард теңге.Қапшағай туристік аймағында көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Алматы – Қапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары көзделіп отыр. Аталған жолдың ұзындығы – 104 шақырым. Техника-экономикалық негіздемесін «ҚазЖолҒЗИ» АҚ дайындау үстінде. Үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен ғылыми-техникалық кеңесте алғашқы жобалық шешімдері талқыланды. Ол бойынша алты жолақты цементбетонды жамылғысы бар автожол, сонымен қатар 12 көпір мен жол өткелдерін салу қарастырылған. Қазіргі таңда оның техникалық-экономикалық негіздемесі Мемсараптамада қаралуда.
– Ақыры жол құрылысы жайына тоқталған екенбіз, өзімізде осы салаға аса қажетті битум өндіру мәселесін де айтып өтсек. Өйткені битум – мұнай өнімінің бірі, «қара алтынға» бай елдің бірі болып саналсақ та, біз осы күнге дейін битумды қымбат бағаға шетелдерден алып келгеніміз жасырын емес. Жақында ғана Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов битум зауыты құрылысын жеделдету жайында тапсырма берді емес пе?
– Расында, бұл аса маңызы бар көкейкесті мәселелердің бірі. Бүгінде еліміздегі автокөлік жолдарын дамытудың перспективалы жобаларын жүзеге асыру бұл саланың түбегейлі қайта кұрылуын қамтамасыз етеді. Алайда Үкімет алдында тұрған осы біp келелі міндетті жүзеге асыру барысына кедергі келтіріп тұрған мәселелер де жоқ емес. Солардың ішінде еліміз бойынша бүгінгі күнге дейін шешілмей тұрған үлкен проблема – битум мәселесі. Бұл еліміздегі автомобиль жолдары құрылысын салуда үлкен қолбайлау болып отыр. Өкінішке қарай, әзірге жол құрылысы мекемелері битумды бірнеше есе қымбат бағаға шеттен әкелуге мәжбүр.Мұнайдың үстінде отырып, мұнай өнімдерінен жасалатын заттарды өз бағасынан бірнеше есе қымбатқа шетелдерден сатып аламыз. Елімізде жұмыс істеп тұрған «Асфальтобетон» АҚ Ресейден жеткізілетін шикізатқа тәуелді.Қазір барынша қарқынды жүргізіліп жатқан жол құрылысына пайдаланатын битум негізінен Ресейден жеткізіледі. Ондағы мұнай өңдеу зауыттарында шығарылатын битумның бағасы үстіміздегі жылдың алты айы ішінде 70 пайызға дейін қымбаттап, тоннасы 500 АҚШ долларына жетті. Онымен қоса, Ресейден жеткізілетін битум мерзімінен біp-eкі ай кешіктіріліп жеткізіледі. Осындай тығырықтан шығудың жолдары қарастырылуда. Елімізде битум шығаратын біp зауыт салу жөнінде біраздан бepі сөз қозғалып келеді. Дегенмен сең таяуда қозғалды. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жылдың аяғына дейін бұл зауытты Ақтауда немесе Өзен қаласында салу мәселесін түбегейлі шешуге тиіс. Содан кейін «Қаражамбас» кен орнынан шығатын мұнайдан битум жасау жұмысы қолға алынбақ. Зауыт құрылысы екі жылда аяқталып, жылына 450 мың тонна битум шығаратын кәсіпорын іске косылады деп күтілуде.Ендігі бір алаңдатар мәселе – автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары дизель отынының тапшылығын ерекше сезінуде. Тек қана Астана – Щучье автокөлік жолын аяқтау жұмыстарын жүргізуге 30 мың тоннадан көп дизель отыны керек. Дизель отынының бағасы жыл басынан бepі eкі есеге жуық қымбаттауына қарамастан, оны табудың өзі күннен-күнге қиындап барады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бұл мәселеде жергілікті автомобиль жолдары құрылысы мекемелеріне тиімді көмек көрсетпей отыр. Сол сияқты жол құрылысына қажетті материалдар мен энергиялық қуат көздерінің қымбаттауы да іcті ілкімді жүргізуге үлкен кедергі келтіруде. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жыл басынан бepі битум, жанармай, дизель отыны сияқты ең қажетті материалдардың қымбаттауына байланысты жол құрылысын жүргізетін мекемелердің шығыны шаш етектен болды.Бұл проблемалардың барлығы Үкіметтің назарында және бақылауында. Сондықтан олардың бірте-бірте шешілетіндігіне сенімдіміз.
– Еліміздің бірқатар облыс орталықтарындағы әуежай халықаралық стандартқа жауап бермейді. Сондықтан да халықаралық әуежай деген мәртебеге де жете алмай отыр. Өзге елдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үшін мұндай талапқа жауап беру керек-ақ. Бұл жайында айтар ойыңыз қандай?
– Сұрақ орынды. Дегенмен еліміздегі әуежайларды, олардың инфрақұрылымдарын дамытуға айрықша мән беріледі. Оның себептері белгілі: мемлекетіміздің сыртқы байланысы ұлғайып келеді. Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрса, қызмет көрсету деңгейіне де талап күшейіп келеді. Қазіргі таңда еліміздегі 22 әуежайдың жетеуінің ұшу-қону жолақтары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының тиісті категорияларына сәйкес келеді. Олар – Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Павлодар, Шымкент, Қарағанды және Жезқазған қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтары. 2008-2009 жылдары Қызылорда қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы бюджет қаржысы есебінен қайта салынады.Қазіргі заманғы терминалдар қатарына Астана, Алматы (екінші терминал салына бастады), Қарағанды, Ақтөбе қаласының (жоба аяқталып қалды) жолаушы терминалдары жатады.Әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, 2010 жылға дейін бюджет есебінен немесе концессия арқылы бес әуежай, ал екінші кезеңде, яғни 2015 жылға дейін тағы жеті әуежай қайта салынады.Алдағы уақытта мемлекеттік лизинг компаниясын капиталдандыру арқылы 1,8 миллиард теңгеге жолаушыларға және ұшу кемелеріне қызмет көрсету үшін арнайы техника алу көзделуде.
– Авиация саласында мамандар дайындау жайы қалай?
– Елімізде азаматтық авиация саласына кадрлар дайындаумен бірнеше оқу орны айналысады. Айталық, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы азаматтық авиация саласының барлық мамандықтары бойынша бастапқы авиациялық білім береді. Сол сияқты «Казаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Аэронавигациялық оқу орталығы әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін және ұшуларды радиотехникалық жағынан қамтамасыз ету құралдарына техникалық қызмет көрсету құралдарының мамандарын даярлайды. Ал Орал ұшу-техникалық училищесі ұшқыштар мен техниктерді даярласа, Атырауда авиациялық радиооператорлары оқытылады. Сонымен бірге біраз мамандықтар бойынша авиация мамандары шетелдерде оқытылып, мамандықтарын жетілдіру ісі жолға қойылған.
– Локомотив зауыты салынуда, оның үстіне, таяу жылдары жеңіл моторлы ЯК-58 ұшағын елімізде құрастыру қарастырылуда. Мұның бәрі құптарлық іс. Осы мәселеге аз-кем тоқтала кетсеңіз.
– Көлік саласының негізгі қорларын жаңарту мәселесінің маңызы зор. Сондықтан еліміз бірнеше жылдан бері аса маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік активтерді біріктіру саясатын жүргізіп келеді. Ел Үкіметінің 2006 жылғы 16 мамырдағы Қаулысымен Астана қаласында жылына 100 бірлік шығаратын жобалық әлеуетті локомотивтер құрастыру зауытын салу мәселесі қолға алынды. Жаңа зауытты салу құны – 15 283 689 мың теңге. Бұл қаражатты «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бөліп отыр. Жоспарға сәйкес, зауыт 2009 жылдың 3-тоқсанында аяқталуға тиіс.Сонымен қатар биыл Ресей Федерациясының Щербина полигонында сынақтан өтетін АҚШ-та шығарылған «Еvolutіon» атты сериялы 10 тепловозын алу көзделіп отыр.Алматы облысы аумағында «ЯКАЛАКОН» акционерлік қоғамы 2010 жылдан бастап жеңіл моторлы ЯК-58 ұшағын шығармақшы.
– Тасымал мәселесінде еліміздің әлеуеті жоғары. Теміржол мен тас жол жайында жоғарыда біраз тоқталдық. Ал су жолы мәселесі жайлы не айтар едіңіз?
– Еліміздің су көлігі теңіз және өзен көлігімен ұсынылған. Халықаралық бағыттарда жүктерді ауыстырып тиеу Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы жүзеге асырылады. Негізгі бағыттар Иран, Ресей және Әзірбайжан порттары болып табылады. Ақтау порты арқылы ауыстырылып тиелетін жүктердің түрі – мұнай, металл, астық, паромдық және басқалар.Үстіміздегі жылдың алты айы бойынша жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 5171 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді.Ақтау порты арқылы мұнайды тасымалдауды «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы жүзеге асырады. Осы порт арқылы ауыстырылып тиелген мұнайдың жалпы көлемінің 58 пайызы «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының кемелерімен тасымалданады, қалған 42 пайызы шетел тасымалдаушыларымен.Қазіргі уақытта «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаны іске асыру порттың өткізу мүмкіндігін екі есеге, яғни жылына мұнайды ауыстырып тиеу бойынша 20 миллион тоннаға және құрғақ жүктер көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ішкі су жолдарымен жүктерді тасымалдау навигация кезеңінде 1 сәуір мен 16 қараша аралығында жүзеге асырылады. Қызмет көрсетілетін кеме қатынасы су жолдарының ұзақтығы 3983,5 шақырымды құрайды.Өзен көлігімен тасымалданатын жүктердің негізгі түрлері – құм, ағаш, көмір, құрылыс заттары және металл жабдықтар. Навигацияның ашылуынан бастап 446 мың тонна жүк және 106,9 мың жолаушылар тасымалданды. Жүк тасымалының артуына Ертіс және Жайық – Каспий учаскелерінде мүлтіксіз жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін Шульба шлюзінің және Жайық – Каспий каналының пайдалануға берілуі ықпал етті. Қазіргі уақытта су көлігі саласының дамуы ел Үкіметінің қаулыларымен бекітілген дамудың 2012 жылға дейінгі салалық бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
ҚЫСҚА ДА НҰСҚА
– Жастардың бойында патриотизм сезімін қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Жастар қашанда сезімталдығымен, әсершілдігімен ерекшеленеді. Сондықтан оларға отаншылдық рухты неғұрлым ертерек сіңіру керек деп ойлаймын. Жастайынан ата-бабасының, туған жерінің тарихымен сусындаса, олар нағыз патриот болып өседі. Қазір Қазақстанның тәуелсіздігі әкелген құндылықтар бұл істе кең өріс ашып отыр.
– Қызмет бабында талапшылсыз ба?
– Қазақта «Божыны бос ұстасаң, қолыңнан сусиды» деген мәтел бар. Өзіңе де, өзгеге де талап қоймасаң, қай істе болсын нәтиже күтуге болмайды.– Есте жүрер есті сөз.– Ұлы Абайдың сөзі: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
– Сіздің хоббиіңіз?
– Қол босай қалса, хоккей ойнағанды, суда жүзуді жақсы көремін.
– Адамның ең бір тәтті, бал дәурен кезі – балалық шағы. Ол кезде адам арманшыл болады. Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?
– Бала кездің арманында шек бола ма? Білім қудым, оған қол жеткіздім. Отау көтердім, ұрпақ өсіріп отырмын. Енді солардың қызықтарын көрудеміз. Ағайын-туған, сенімді достар бар. Елге еңбек сіңіруге мүмкіндік бар. Осылардың бәріне тәуба деймін. Арманның орындалғанының негізгі нышандары осылар ғой деп ойлаймын.
Әңгімелескен Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
05.08.2008