Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > 18/09/07. ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетовтің "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

18/09/07. ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетовтің "ҚазАқпаратқа" берген сұхбаты

ҚазАқпарат, 18 қыркүйек, 2007 жыл

Қазақстанды барлық әлем тануы керек

Жақын келешекте шешімін табуы керек негізгі міндеттеріміздің бірі - туристік кластерді әрі қарай дамыту.
Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Шортанды-Бурабай курорттық аумағында инфрақұрылымы дамытылған туристік орталықтар мен ойын-сауық нысандары тұрғызылып, Каспийде жағажай және саяхат туризмі қолға алынады. Жібек жолымен де туризм дамытылады. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатын ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов осы мәселелерден бастады.

- Министрліктің туризм саласын дамыту бойынша жақын келешекте жүзеге асыруды мақсат етіп отырған негізгі міндеттері қандай?


- Біздің қызметіміз туристік инфрақұрылымдарды дамыту және инвестициялар тарту үшін жағдай жасау, елімізді туристік бағыт ретінде ішкі және сыртқы рыноктарға кеңінен таныстыру, салалық заңнамаларды жетілдіру, жаңа нормативтік актілер дайындау, кәсіби кадрлар дайындауға және халықаралық ынтымақтастықтар орнатуға қолдау көрсету сияқты негізгі бағыттарға жұмылдырылған.

Еліміздің туристік беделін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Қазақстанды бүкіл әлем тануы керек. Осы мақсатта жекеменшік секторларымен бірлесіп Қазақстанда және шет елдерде ақпараттық орталықтар ашу мәселесі зерттелуде. Алға қойылған міндеттерді шешу үшін халықаралық стандарттарға сай келетін туристік қызметтер мен сервис деңгейлерін енгізуге, сондай-ақ визалық қолдау мен қауіпсіздік жағдайларына ерекше назар аударылады.

- Осы міндеттерді шешу үшін, перспективадағы жұмыстардың басымдықтары анықталатын мақсатты бағдарлама қажет сияқты?

- Біз Туризмді дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жасадық. Елбасы өткен жылдың желтоқсанында бекіткен бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – түрлі туристік қызметтерде қазақстандық және шетелдік азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін кең мүмкіндікті қамтамасыз ететін заманауи, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешен құру. Бағдарлама сондай-ақ, тартымды туристік нысан ретінде Қазақстанның беделін қалыптастыруға, ұлттық туристік жоба әзірлеуге және оның сапасын әлемдік стандарттарға сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.

- Өзіңіз білесіз, туризм көптеген елдерде мемлекет қазынасына кіріс әкелетін экономиканың жоғары тиімді секторы болып табылады. Қазақстан Еуразиялық құрлықтың інжу-маржанына айналуы үшін не істеу керек?

- Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 1993 жылдан бері Бүкіләлемдік туристік ұйымның мүшесі. Шет мемлекеттердің үкіметтері Қазақстанды бай туристік әлеуетке ие келешегі зор серіктес деп таниды және туризм саласныдағы екіжақты және көпжақты келісімдер саны жыл сайын артып келеді.
Себебі, Қазақстан бірегей табиғи қорықтарға, емдік су көздеріне, археологиялық және тарихи ескерткіштерге ие екені ешкімге құпия емес. Әсіресе, экологиялық, шипажай-сауықтыру, орнитологиялық және шытырман оқиғалы жорықтар ерекше сұранысқа ие. Танымал нысандар Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігінде, атап айтқанда атақты Қожа-Ахмет Иасауи кесенесі бар Түркістан төңірегінде орналасқан.

Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін насихаттау мақсатында еліміз халықаралық туристік биржалар мен көрмелерге қатысуда. Атап айтқанда, Берлинде өткен «ITB 2007» әлемдік көрмесіндегі қазақстандық экспозицияның табысын ерекше атап өтуге болады. Біздің брэнд Азия, Австралия және Мұхит елдері арасындағы үздік атанды. Қазақстан экспозициясы Шанхайда өткен «WTF 2007» жәрмеңкесінде де
бірінші орын алды.

Шетелдік сарапшылардың көпшілігінің пікірінше, Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім туристік саланың дамуына оң әсерін тигізуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда әлемнің 80-нен астам елінде шетелдік серіктестері бар 1000 астам туристік ұйым жұмыс істейді. Оған қоса, Қазақстан бүгінде әлемнің барлық жетекші туристік елдерімен әуе қатынасын орнатқан. Осы жайт та өз жемісін беруде.

Бір жылдың ішінде саланы дамытуда оң динамикаға қол жеткізу мүмкін болып отыр: келушілер туризмі 5,3 пайызға, сыртқы туризм – 19,8 пайызға, ал ішкі туризм - 3,6 пайызға өсіп отыр. Шетелдік туристердің саны 4,6 миллионнан астамды құрады. Оның үстіне, отандық кәсіпорындардың табысы 14,6 пайызға өсіп, 35 миллиард теңге деңгейіне жетті. Осының нәтижесінде қонақүйлер мен туристерді жайғастыратын басқа да орындардың өсіп отырғаны қуантады. Туризм халықаралық кәсіпкерліктің маңызды саласы және мемлекет
экономикасының кірісті секторы атануда.

- Темірхан Мыңайдарұлы, Сіз басқаратын министрліктің тағы бір маңызды жұмыс учаскесі дене шынықтыру мен спортты дамыту болып табылады. Осы бағытқа тоқтала кетсеңіз?

- Біздің спорттық жетістіктеріміз әлемге танымал. Спорт бүгінде - қарқынды дамушы сала. Олимпиадалық спорттық база құруға, қолданыстағы спорттық нысандарды, спорт алаңдарын қайта жаңартуға және жөндеуге, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй орамдары аумақтарында ойын және серуен алаңдарын, жүгіру жолдарын, велосипед және шаңғы жолдарын жоспарлау және салу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Республикада кәсіпқой спорттық клубтар, фитнесс-орталықтар құру жұмыстары жүргізілуде, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жанданды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда спорттың 123 түрі кеңінен таратылуда, оның 49-ы - олимпиадалық спорт түрлері. 26 мыңнан астам спорттық нысан бар.
Әсіресе, ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылымдар ашу және бұқаралық спортты дамыту ісіне үлкен назар аударылуда.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008

Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz



www.inform.kz

Corporate LEADERS