Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет сағатының көшпелі отырысында баяндама жасады
Астана, 23 маусым 2008 жыл
Маусымның 23-інде ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатының көшпелі отырысы елордадағы Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында болып өтті. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев министрліктің стратегиялық бағыттары туралы баяндама жасады.
Б. Сапарбаевтың айтуынша, Үкімет сағатын Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында өткізудегі басты мақсат – аталған сала бойынша зейнетақы мен жәрдемақылардың, басқа да төлемдер барысының қалай жүзеге асырылып жатқандығын көрсету болып табылады. «Биылғы жылы Елбасының мемлекеттік басқару жүйесін реформалау туралы жарлығы шыққандығы белгілі. Сонымен бірге, Үкімет тарапынан мемлекеттік жоспарлау тұжырымдамасы қабылданды. Осыған орай, министрлік халықты жұмыспен қамту, еңбек қатынастарын және әлеуметтік қорғауды басқару стратегиясын әзірледі», деген министр аталған стратегияның негізгі мазмұны туралы әңгіме қозғады. Оның айтуынша, бұл құжатты әзірлеуде алғаш рет Дүниежүзілік банк ұсынған әлеуметтік қатерлерді басқару нысанындағы әлеуметтік қорғауды ұйымдастырудың нысаналы тәсілі пайдаланылған. Бұндай тәсілдің негізгі артықшылығы – халықтың нақты санаттары болып табылатын жалдамалы еңбеккерлерді, жұмыссыздарды, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың түпкілікті нәтижелерге бағытталуы болып табылады.
Әсіресе жастар мен әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатының көшпелі отырысында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. Бұлардың басым көпшілігі ауылда екен.
Мәселен, ағымдағы жылғы бес айдың ішінде 98,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылса, уәкілетті органдарға өтінішпен барған
азаматтардың 72 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал 2005-2007 жылдары жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп барған азаматтардың 90 пайызы жұмысқа орналастырылған.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде, сондай-ақ, орнықты экономикалық өсу жағдайында өткен жылы жұмыспен қамтылған халықтың саны 7,6 млн. адамға артты. Ал жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайыздан 7,3 пайызға дейін төмендеген. Ағымдағы жылғы көрсеткіштерге келетін болсақ, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жұмыспен қамтылғандар саны 7,8 млн. адам болып 6,9 пайызды құраған», деді Б. Сапарбаев.
Дегенмен де бұл сала бойынша белгілі бір проблемалардың бар екендігіне тоқталған министр, жұмыссыздық деңгейі әлі күнге төмендемей отырғандығын атап өтті. «Әсіресе жастар (9,4 пайыз) мен әйелдер (8,7 пайыз) арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары», деді министр.
Зейнетақымен қамтамасыз ету – кез-келген ел үкіметінің күн тәртібінен түспейтін аса өзекті мәселелердің бірі.
Тіпті соңғы жылдары зейнетақымен қамтамасыз ету шаралары әлемнің көптеген елдерінде дүркін-дүркін талқыланып, бұндағы реформалар түрлі пікірталастарға ұласып келеді. Қазақстан да бұл үрдістен сырт қалған емес. Жалпы зейнетақы мәселесіндегі орын алып отырған бұндай құбылысқа бірқатар факторларды жатқызуға болады. Әлемдік деңгей бойынша алып қарастырсақ, бұлар демографиялық, экономикалық және әлеуметтік факторлармен сипатталады. Бұның ішінде жұртшылықтың қартаю үрдісінің шапшаңдауы, еңбек нарығындағы толқулар, атап айтқанда, жұмыссыздар санының өсуі, толық емес немесе бейресми жұмыстармен айналысу әрі халықтың міндетті зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінен шығып қалуы да жүйеге әсер ететін факторлар ретінде қарастырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жыл басынан бері зейнетақымен қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру
барысында бұл саладағы төлемдердің мөлшерін дифференциялы арттырудың екінші сатысы жүргізілді. Мәселен, базалық зейнетақының мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызы мөлшеріне дейін арттыру бағытында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 3 мың теңгеден 4 мың 210 теңгеге дейін көбейтілді. Екіншіден, зейнетақы төлемі мөлшерінің бұрынғы еңбек үлесіне тәуелділігін күшейту үшін зейнетақыны есептеуде ескерілетін табысты шектеу 15 еседен 25 еселенген айлық есептік көрсеткішке арттырылды. Үшіншіден, зейнетақы төлемдерін индекстеуді сақтау және оны тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайызға арттыру шарасы. Осыған орай, зейнетақыны есептеуге ұсынылатын табысы 15 АЕК-тен кем зейнеткерлердің зейнетақы мөлшерін 9 пайызға индекстеу жүргізілді.
Бір сөзбен айтқанда, зейнетақы төлемін 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттыру әрбір зейнеткердің іс-қағазындағы көрсетілген өтілі және орташа айлық табысы туралы құжаттары бойынша жүзеге асырылғаны белгілі. Дегенмен де, зейнетақыны арттыру мөлшерін барлық зейнеткерлерге бірдей жасау мүмкін болмады. Яғни, Жолдауға байланысты зейнетақыдағы айырмашылық зейнеткерлердің белгілі бір бөлігінің арасында түсінбеушілік туғызғаны да рас. Сондықтан да зейнетақымен қамтамасыз ету саласын жетілдіру тетіктері әлі де өзекті күйінде қала береді. Осындай жетілдіру туралы сөз қозғалғанда ең алдымен зейнетақы төлемдерінің мөлшерін инфляцияның нақты деңгейін ескере отырып арттыру ауызға алынып жүр. Түйіндеп айтқанда, халықтың табысы мен зейнеткерлерге мемлекет тарапынан берілген төлемді инфляциядан қорғауға күш салу қажет. Осы бағытта Үкімет инфляцияға қарсы кешенді саясат шеңберінде халықтың өмір сүру деңгейін қолдау үшін бюджеттен 30 млрд. теңгеге жуық қаражат та бөлгені белгілі. Осыған орай, шілденің 1-інен бастап, ең төмен күнкөріс деңгейі мен төменгі еңбекақы көлемі 12 025 теңгеге жетіп, базалық зейнетақы 4 мың 810 теңгені құрайды ал Қазақстандағы барлық зейнеткерлер ай сайын қосымша 1 мың 200 теңге алатын болады. Бұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қосымша 2 мың 928 теңге, асыраушысынан айырылғандар 2 мың 666 теңге алады.
Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша төлемдердің бұндай арттырылған түрлерімен
республикамыздағы 2,3 млн. адам қамтылады екен. «Осындай өзгерістер жүзеге асырылғанына қарамастан, бұл салада белгілі бір проблемалар баршылық. Өйткені зейнетақы төлемдері түріндегі табыстың орнын толтыру ставкасы тұрақсыз. Бұның өзі зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейінің еңбек ақының өсу үдерісі деңгейіне жете алмауынан да болып отыр. Сонымен бірге, әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесі тұтынушылардың жеке сұраныстарына жауап бермейді», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Парламент Мәжілісінің көшпелі Үкімет сағатында. Министрдің айтуынша, жыл басындағы зейнетақы төлемінің артуына қарамастан табыстың орнын толтыру деңгейі шамамен 32 пайыз деңгейінде қалып қояды. Шілденің 1-індегі төлемді арттыруды есептесек те бұл көрсеткіш 38 пайызға ғана жетеді.
Осыған орай, министрлік бірқатар шараларды қолға алмақшы екен. Атап айтқанда, зейнетақы төлемдері мөлшерін арттырудың ұзақ
мерзімдік стратегиясы әзірленеді. Осыған орай, «Нұр Отан» ХДП бағдарламалық ережелеріне сәйкес, 2012 жылға қарай зейнетақы
төлемдерінің орташа мөлшері 2007 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артатын болады. Екіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру тетіктері іске қосылады. Үшіншіден, әлеуметтік қызметтер көрсетудің тізбесі кеңейтіледі. Осы бағытта Үкімет Елбасы жүктеген «Әлеуметтік қызметтер туралы» заң жобасын да мақұлдаған. Мұнда әлеуметтік әлжуаз топтардың қызметі үшін мемлекеттік стандарттарын енгізу, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің санын арттыру шаралары қарастырылыпты.
Дегенмен, зейнетақымен қамтамасыз ету түйіні бұнымен де шешімін толық таппайтын сыңайлы. Көшпелі Үкімет сағатында депутаттар тарапынан зейнетақыны есептеу мәселесіне баса назар аударылып, нақты тетіктерді әзірлеуге қатысты ұсыныстар да айтылды. Шындығында да шілденің 1-індегі зейнетақы төлемдері мөлшерін арттыру зейнеткерлердің барлығына бірдей деңгейде қамтылады. Ондай болса, бұл шара жыл басындағыдай зейнеткер іс-қағазында көрсетілген есептеулер бойынша жүзеге асып, айырмашылық тағы да алдыдан шығады. Яғни, зейнеткерлер тарапынан тағы да түсінбеушілік туындауы әбден мүмкін. Сондықтан да, зейнетақыны есептеуге қайта оралу немесе қайта есептеуді қарастыруға бір айналып соқпай болмайтындығы анық байқалып тұр. Ал депутаттар тарапынан қозғау салған бұл мәселеге министрлік те оң көзбен қарайтынға ұқсайды. «Рас, зейнетақыны есептеуге байланысты көптеген өтініш-хаттар түсіп жатыр. Бүгінгі күні осы мәселелерге байланысты министрліктің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова басқаратын жұмыс тобы құрылды. Онда жұртшылықтың өтініштерін қанағаттандыруға бағытталған бірқатар нұсқалар қарастырылып жатыр. Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 2009 жылдан бастап зейнетақы төлемін 25 пайызға арттыру көзделеді. Біз осы орайда зейнеткерлер тарапынан айтылған жаңағындай кемшіліктерді, қателіктер мен келеңсіздіктерді ескеретін боламыз. Жалпы, алдағы уақытта әлеуметтік қамтамасыз ету тұжырымдамасына өзгерістер енгізілетін болады», деді министр Б. Сапарбаев.
Бұдан бөлек аталған салада зейнетақы жинақтаушы қорларына қатысты да проблемалар баршылық. Өйткені бүгінгі күні өзіндік жұмыспен қамтылғандар, атап айтқанда базар маңындағылар секілді белгілі бір деңгейде табыс табатындар әлеуметтік сақтандырулардан да, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінен де жырақта қалып отыр. Бұл санаттағылардың келісім-шартсыз жұмыс істейтіндігі анық. Ондай болса, олардың зейнетақы қорларына да тиісті төлем жасалынбайды. Ал қазіргі күні зейнетақы қорларына тиісті төлем жасамайтындарды елімізде миллиондап санауға болатынын ескерсек, осының өзі белгілі бір уақыт өткеннен соң еліміздің зейнетақы жүйесіне ауыр соққы жасары анық. Сонымен бірге, Қазақстанның зейнетақы жинақтау жүйесі де аяғынан мығым тұрған жоқ. Жылдар бойы маңдай термен жырымдалып құйылған қаражаттарды инфляция құнсыздандыра беретін болса, онда елдің ертеңгі тұрмысына да сенімі жоғалмай ма? Сондықтан да, зейнетақы жүйесіне қатысты бас ауыртарлық мәселелер әлі де жеткілікті секілді. Министр Б. Сапарбаев алдағы уақытта әлеуметтік қамтамасыз ету тұжырымдамасына өзгерістер енгізілетіндігін айтып қалды ғой. Ендеше бұндай тың тұжырымдамада аталған саладағы проблемалар жан-жақты ескерілуі қажет.
ҚазАқпарат