ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің жаңа бағыт-бағдары туралы мақаласы
Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат. Мақаланы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ұсынды
Мақсат - әлемдегі азық-түлік тапшылығының алдын алу
АСТАНА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің жаңа бағыт-бағдары туралы мақаласы.
* * *
Агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі салаларының бірі және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, мемлекеттегі қоғамдық-саяси тұрақтылық та осы саланың дамуымен тікелей байланысты. Әлемдік азық-түлік нарығында туындаған дағдарыс пен оның салдары азық-түлік мәселесінің өзектілігін бұрынғыдан да салмақтап, дүниежүзілік
экономикалық саясаттың алдыңғы қатарына шығарды. Азық-түлік тапшылығы қаупін сезініп-түйсінген әлемнің барлық елдері, қазір өздерінің аграрлық саясатын шұғыл қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп жатыр. Әсіресе өндіріс көлемін арттыру мен ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру мақсатындағы мемлекеттің реттеу және қолдау көрсету ролін күшейтуге ерекше мән беріліп отыр.
Әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде дүниежүзілік азық-түлік нарығындағы жағдай Қазақстан экономикасына да ықпал етіп, ішкі азық-түлік нарығында көрініс тапты. Бұл әсер бізде негізгі азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттауы мен сыртқы нарыққа жаппай экспортталуы нәтижесінде ішкі қордың күрт азаюынан байқалды. Уақытында алдын алу шараларын қолданып, біз жалпы ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтап қалдық. Дегенмен, осы жағдай біздің аграрлық саланың «әлсіздігін», әлемде орын алатын қауіпті құбылыстарға төтеп беретін ешқандай мүмкіншілігінің жоқтығын тағы бір рет ашып көрсетті. Біздің ел үшін әлемдік дағдарыстың әсерін дәл болжаған Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында аграрлық саланы одан әрі дамыту қажеттігіне ерекше назар аударып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Әлемдік азық-түлік нарығы қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан қазіргі кезде, бұрын қалыптасып қалған стеротиптерді қайта қарап, бұл тапсырмаларды орындау үшін мәселенің жаңа қырынан қарау үшін саладағы қызметтің стратегиялық бағыттарын заман талабына сай қайта өзгерту қажет. Дегенмен, бұл қазіргі стратегиялық бағытымызды толықтай қайта өзгерту дегенді білдірмейді, біз тек соңғы жағдайларға байланысты ішінара түзету енгізуіміз керек. Сондықтан бұрын жасалып, қазір жүргізіліп жатқан мемлекеттік аграрлық саясатты жалғастыра отырып, біз оны жағдай қалай өзгерген кезде де еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.
Егер жеке-жеке алсақ, егін шаруашылығында ауыл шаруашылық дақылдары көлемін диверсификациялау ерекше маңызға ие болып отыр.
Бұл арада біз бір жағынан әр аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, сол аймаққа ең тиімді деген дақылдарды таңдауымыз қажет, екіншіден, қазір ішкі нарықтың сұранысы толық қамтамасыз етілмей отырған дақылдарды жеткілікті мөлшерде өсіруді қамтамасыз етуге тиіспіз. Мұны ынталандыру үшін мемлекеттік реттеу және қолдау шаралары пайдаланылуда. Атап айтқанда отандық өндіріс ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ете алмай отырған майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен бақша өнімдерін, қант қызылшасы, күріш пен жүзім өсіруге берілетін субсидия мөлшері елеулі ұлғайтылды. Бұл шаралардың қазірдің өзінде нәтижесін бере бастады. Тауар
өндірушілер биылдың өзінде майлы дақылдардың алқабын 191,7 мың гектарға немесе 28,5 %-ға, жеміс-жидек, бақша және жүзім егу көлемін 4,7 мың гектарға немесе 10,3 %-ға, қант қызылшасын егуді 5,6 мың гектарға немесе 40,9 %-ға көбейтті.
Егіншіліктің ең басты проблемаларының бірі - топырақ құнарының азаюы екенін ескере отырып, алдағы уақытта біз құнарлылықты қалпына келтіру мен арттыруға ерекше мән беретін боламыз. Осы мақсатта келесі жылдан бастап топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мен арттыруға ынталандыру шараларын қолға алу, бұл үшін осы мәселені бөлек бюджеттік бағдарлама ету жоспарланып отыр. Осы шара арқылы біз топырақты минералды тыңайтқыштар арқылы құнарландыруды екі есеге арттырамыз. Бұл үшін отандық зауыттардың минералды тыңайтқыштарды ішкі нарыққа қажетті мөлшерде өндіруі мен оны ауылдағы тауар өндірушілерге жеткізуді қамтамасыз ету мәселесі қазір
жан-жақты қарастырылып жатыр.
Ішкі нарықты бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі әлі де егін шаруашылығының ең осал тұсы болып қалып отыр. Бақша дақылдарын өндіру көлемі тұтастай алғанда еліміздің қажеттілігін толық жабуға жететінін сараптама көрсетіп берді. Бірақ, маусымаралық кезеңде аталған өнімдердің тапшылығы туындап, бұл өз кезегінде бағаның өсуіне, сол арқылы инфляция көрсеткішінің артуына себеп болады. Біз бұл мәселені шешуді өнім сақтайтын қоймаларды салу, бақша дақылдарын өсіретін жылыжайларды арттыру арқылы шешуге болады деп жоспарлап отырмыз. Қазір республика бойынша барлық жылыжайлар қажеттіліктің 4,3 %-ын ғана құрайды, сонымен қатар көкөніс-жеміс сақтайтын қоймалардың тапшылығы да білініп отыр. Сондықтан мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын дәл осы проблемаларды шешуге бағыттау жоспарланған. Атап айтқанда, «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ жаңа жылыжайлар мен бақша өнімдерін
сақтайтын қоймаларды салу мен бұрынғыларын қайта жөндеуге арналған және оларды арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтауға бағытталған бизнес-жобаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыруда. Шаруашылықтардың сұрауы бойынша бұл шара тікелей
қаржыландыру әдісімен де, техниканы лизингке беру әдісімен де іске асырылып жатыр. Қолға алынған осы шаралар енді 5-6 жылда ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Біз қазір дәл осындай шараларды жеміс-жидек пен жүзім өсіру салаларында да қолдануды жоспарладық. Бүгінде бар баулар мен жүзімдіктердің басым бөлігі ертеде егілген, ағаштар қартайғандықтан өнімділігі төмен. Осыған байланысты жаңа плантациялар егуді өрістетіп, оларды жеміс беретін шағына дейін күтіп баптауға мән беру керек. Бұл арада біз дақылдарды күтіп –баптау мен жемісті жинауды механизацияландыруға және замануи агротехнологияларды кеңінен пайдалануға мүмкіндік беретін интенсивті бауларды көбейтуге басты назар аударатын боламыз.
Ауыл шаруашылық дақылдарын өндіруді дамытудың үлкен мүмкіндігі егін егудің ылғал және қор сақтау технологияларына жаппай көшуде жатыр. Қазір егістік жерлердің 50 %-ға жуығы осы технологиялармен өңделеді. Ол үшін бірінші кезекте лизингтік бағдарламаны одан әрі кеңейту арқылы ауыл шаруашылық құрылымдарының техникалық жарақтануын жақсартуға тиіспіз. Сондай-ақ тыңайған жерлерді жаңадан игеру сияқты экстенсивті даму факторлары да біздің үлкен резервіміз деуге болады. Қазақстандағы 5,5 миллион гектар тыңайған жер бар, біз олардың 2,0-2,5 млн гектарын немесе 36 %-ын айналымға қосуды қарастырып отырмыз. Қазір пайдаланылып жатқан 19,8 млн гектар егіс алқабымен қосып есептегенде бұл жер пайдаланудың ең тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Сондай-ақ мал шаруашылығын интенсивтендіру бағытында да ауқымды жұмыстарды атқару міндеті тұр. Қазір бұл саланың бәсекелестік қабілеті өте төмен екенін мойындауға тиіспіз. Бүгінде еліміздегі барлық мал басының 80%-ға жуығы қосалқы шаруашлықтардың еншісінде, мал өнімдерін өндірудегі орта және ірі тауарлық өндірістің үлесі өте төмен. Мысалға республикадағы мал басының 5-7 %-ы ғана асыл тұқымды, бұл дамыған елдердегі көрсеткіштен 6 есе аз. Сондықтан мал шаруашылығында біз бірінші кезекте өндірісті ірілендіру мен малдың генетикалық әлеуетін арттыруға маңыз беруіміз қажет. Осы екі мақсатқа ұсақ тауар өндірушілерді біріктіру және ғылыми негізделген
сұрыптау-асылдандыру жұмысын жүйелі жүргізу арқылы қол жеткіземіз. Бұл процесті жеделдету үшін шетелдерде селекциядан өткен жоғары өнімді асыл тұқымды малдармен жабдықталған замануи мал өсіру кешендерін салу жөніндегі арнайы бағдарламалар іске
асырылатын болады. Осындай 2 сүт кешені былтыр салынып бітіп, тауар өндірушілерге лизингке берілген болатын. Биыл тағы осындай 6 сүт кешені пайдалануға беріледі. Сөйтіп 2012 жылға дейін елімізде салынатын замануи сүт кешендерінің саны 20-ға жетіп, оларға шетелдерде селекциядан өткен 30 мың сиыр әкелінеді. Бұл бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібіне сапалы шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін толық шешеді. Екіншіден қазір шетелдерден экспортталатын терең өңделген сүт өнімдерін отандық тауарлармен ығыстырып шығаруға мүмкіндік береді.
Ет өндірісінде өнімін экспортқа шығаруға негізделген замануи мал бордақылау кешендерін салуға баса назар аударылады. Биыл осындай 2 кешенді пайдалануға беру жоспарланса, келесі жылы тағы 3 кешен салынатын болады.
Бұл арада мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шаралары дәл осындай жобаларды ынталандыруға негізделетінін атап өткен жөн. Біздің есебіміз бойынша осы шаралардың арқасында 2012 жылға қарай асыл тұқымды малдың үлесі екі есеге дейін көбейіп, орта және ірі тауарлық фермаларда өндірілетін мал өнімдерін жалпы өндірістің 30 %-на дейін жеткізу мүмкіндігін көрсетіп отыр. Бұл қазақстандық ет өнімдерін әлемдік нарыққа кеңінен шығаруға жағдай туғызады.
Енді мал шаруашылығын дамытудағы тағы бір түйінді мәселе жайында. Бұл – еліміздің эпизоотикалық және ветеринарлы-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Біз сонау 2002 жылы құрылған қазіргі ветеринария жүйесі еліміздегі эпизоотикалық жағдайды қалыпты ұстап тұруға оң әсер еткенін айтуға тиіспіз. Дегенмен тез құбылып отырған жағдай бұл жүйені одан әрі жетілдіруді қажет етіп отыр. Сондықтан біз ветеринария жүйесін халықаралық нормалармен терең үйлестіруді қарастыратын заң жобасын дайындап, Парламент қарауына енгіздік. Оның қабылдануы елімізде ветеринарияның екі деңгейлі жүйесін енгізіп, өкілеттіктерді нақты бөлуге жағдай жасауы тиіс.
Бұл бізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформа талаптарына да, ветеринарияға қатысты халықаралық нормаларға да толық сәйкес келеді. Жаңа заң жобасы бойынша алдағы 3 жылда еліміздің барлық аймақтарында заманауи ветерианарлық зертханалар салып, мал ауруларын анықтаудың жаңа прогрессивті әдістеріне көшу жоспарлануда. Сонымен қатар электронды мәліметтер базасын енгізу мен оны автоматтандырылған біртұтас жүйеге қосу арқылы малдарды идентификациялау жүйесін одан әрі дамыту міндету тұр. Жоспар бойынша еліміздің барлық ауылдық округтерінде халықаралық нормаларға сай келетін стандартты модульдік мал сою пункттерін салу қарастырылуда. Мұнан кейін еті сатуға шығарылатын малдардың бәрі тек осындай пунктерде сойылатын болады, оларды әркімнің өз ауласында союына тыйым салынбақ. Бұл шаралардың барлығы бір жағынан мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасаса, екінші жағынан отандық ет өнімдерін экспортқа шығаруға кедергі болып келген мәселелердің бәрін жояды.
Біздің алдымызда әсіресе ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдеу саласында ауқымды жұмыс атқару міндеті тұр. Бұл мәселе отандық аграрлық саланың ең осал тұсы екенін жасырын емес. Отандық өңдеу өнеркәсібінің өнімдері бәсекелестікке қабілетсіз болып отырғанына мысал ретінде терең өңделген азық-түлік өнімдерін импорттауға еліміз жыл сайын шамамен 1,9 млрд АҚШ долларына тең қаржы жұмсап отырғанын айтсақ жеткілікті. Еліміздегі өңдеу кәсіпорындарының басым көпшілігі моральдық жағынан ескіріп, заман талабына мүлде сай келмейтін құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өңдеу кәсіпорындарындағы технологиялық жабдықтардың тозу деңгейі 50 %-дан асады.
Сондықтан біз бұл саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылдауға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Мемлекеттік қолдау және ынталандыру бағытындағы қазір іске асырылып жатқан және жаңадан енгізілетін бюджеттік бағдарламалардың барлығы дәл осы мақсатқа жұмылдырылатын болады. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап өңдеу кәсіпорындарының айналым қаржысын толықтыру үшін екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің өсімі тікелей субсидияланатын болады. Олар аталған бағдарламаға қазіргі кезде тек банктердің ұсынысы бойынша ғана қатысып отыр. Сондай-ақ, техникалық және
технологиялық қайта жарақтану ісін жандандыру үшін өндірістегі негізгі қорларды жаңартуға алынған несиелердің өсімін де субсидиялау жоспарлануда. Мұнымен бірге әлемнің көптеген елдері сияқты бізде де әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларын шығаратын кәсіпорындар үшін энергия көздерінің құнын арзандатып беру мәселесі қарастырылуда. Халықаралық сапа стандарттарын өндіріске енгізуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады.
Бұл шаралардың барлығы ақыр соңында ішкі азық-түлік нарығын отандық тауарлармен толық қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті кемітуі тиіс.
Аграрлық саланың бәсекеге қабылеттілігін арттыруда «ҚазАгро» Ұлттық Холдингінің» АҚ мен оның еншілес компанияларының роліне ерекше маңыз беріліп отыр. Бүгінде бұл құрылым агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ірі институтке айналды. Әлемдегі ипотекалық дағдарысқа байланысты еліміздің банк жүйесі қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан кезде бұл құрылымдар агроөнеркәсіп кешеніне несие беру тапшылығын бодырмауға барынша тырысты. Қолда бар қаржы ресурстарын агроөнеркәсіп кешенінің басым маңыз берілген салаларына нақты бағыттай отырып, олар осы бір қиын кезеңде отандық тауар өндірушілерге қолдау жасап қана қойған жоқ, еліміз экономикасының
аграрлық саласын дамудың жаңа деңгейіне алып шығатын серпінді жобаларды дамытуға зор екпін бере алды. «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ бұл миссияны алдағы уақытта да атқара бермек, бірақ бюджет қаржысы және сырттан тартылған қаражаттың есебінен бұл жұмыстың ауқымы кеңейе түсетін болады. Аталған даму институты қызметінің негізгі бағыты болып - әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларын өндіруді, әсіресе отандық өндіріс ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отырған тауарларды өндіруді қаржыландыру, ауылдағы кооперативтік қозғалыстың дамуына жағдай жасау, ауыл шаруашылық тауарларын көтерме саудалау, тасымалдау және сақтау
инфрақұрылымын жасақтау, экспортқа негізделген кәсіпорындарды ынталандыру және сондай-ақ «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы аясында отандық кәсіпкерлер ұсынған серпінді аграрлық жобаларды іске асыруға көмектесу болып қала береді.
Аграрлық ғылым жүйесі де агроөнеркәсіп кешенін үдете дамыту мақсаты үшін жұмылдырылатын болады. Бұл саланың өткен жылы жаңадан реформаланғаны белгілі. Аграрлық салаға қызмет етіп жатқан барлық ғылыми-зерттеу институттарының негізінде жаңа құрылым- «Қазагроинновация» АҚ өмірге келді. Бұл мекеменің негізгі қызметі ғылыми ұйымдардың қызметін үйлестіріп отыру және олардың қызметін аграрлық саланы дамытудың стратегиялық бағыттарына бұру, ғылыми жаңалықтарды коммерцизациялау, ғылыми идеяларды трансферттеу мен бүгінгі өмірге бейімдеу болып табылады. Сонымен қатар, бұл құрылым білім тарату жұмысымен де айналыспақ, ол үшін Алматы облысындағы Қолды, Ақмола облысының Шортанды ауылдары мен Қостанай облысының Заречный қыстағындағы білім мекемелерінің негізінде тұрақты жұмыс істейтін 3 білім беру орталығын құру жоспарланып отыр. Мұнымен қатар ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын пайдаланып отырған агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне сол ғалымға роялти төлету мәселесі де қаралуда. Бұл ғалымдарды еңбекке ынталандыру мен жаңалықтарды өндіріске жылдам енгізу мәселесін шешетін болады.
Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай шиеленіскен қазіргі жағдайда мемлекеттің реттеушілік ролін күшейтпей еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Оның негізгі тетігі ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған кешенді шараларды қабылдау болып табылады. Атап айтқанда бұл - әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын өндіруге ынталандыру, олардың резервін жасақтап, тұрақтандыру қорын құру, ұтымды кедендік тариф саясатын жүргізу арқылы ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты мен импортын реттеу, азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасу барысын қадағалау. Мұндай шараларды қазір әлемнің барлық мемлекеттері қолданып жатқанын атап өтуге тиіспіз. Өткен жылдың екінші жарты жылдығынан бастап кезек-кезеңмен мұндай шаралар бізде де қолданыла бастады, сөйтіп біз ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыра алдық. Жағдайдың дамуына байланысты бұл шаралар алдағы уақытта да қолданылатын болады. Бұл шараларды іске асыру үшін тиісті заңнамалық база қажеттігі түсінікті. Сондықтан Министрлік тиісті заң жобасын дайындау үсітінде, жақын арада ол Парламентке жолданатын болады.
Бүгінгі күні аграрлық саланың алдында тұрған басты міндеттердің бірі –биржалық сауда, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін кооперацияландыру және біріктіру сияқты нарықтық экономика құралдарын дамыту болып табылады. Өндірілген тауарды оны өткізу нарықтарына жылжытудағы биржалық сауданың маңызын ескере отырып, оны кезек-кезеңмен дамыту жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде оны ұйымдастыру республиканың барлық аудандарында ауылдық ақпараттық-кеңес орталықтарынан тұратын кең жүйе құрған «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ы жүктеледі. Бұл орталықтар биржа саудасының тиімділігі туралы ауылдағы тауар өндірушілерге тегін түсінік беріп, олардан өз тауарларын биржа арқылы сатуы жөніндегі тапсырыстар қабылдайды. Одан кейін «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ы брокерлік қызмет құрып, тапсырыс берілген өнімдерді биржаларда сатуға қатысты ақылы қызмет көрсетеді. Бұл тауарды сатуда делдалдық қызметтің болмауына, нәтижесінде бір жағынан ауыл шаруашылық өндірісі табысының артуына, екінші жағынан өнімді сату құнының төмендеуіне
Екінші кезеңде фьючерстік сауда-саттық жасауға мүмкіндік беретін мамандандырылған тауарлы – шикізат биржасын құру жоспарланып отыр.
Ал, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді біріктіру мен кооперациялауға келсек, бұл жұмыстарды мемлекеттік ынталандыру шаралары арқылы жеделдету қарастырылуда. Қазір біз арнайы бюджеттік бағдарлама арқылы тауар өндірушілерді ауылдық тұтыну кооперативтерін құруға ынталандырып отырмыз. Бұл үшін оларға өндірістік инфрақұрылым жасақтауға орта мерзімдік мақсатты жеңілдетілген несиелер берілуде. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Онымен қатар біз оларды квоталар мен лимиттерді бөлуге, лицензия, аттестация мен субсидия беруге тарту арқылы кооперативтер мен қауымдастықтардың және тағы да басқа қоғамдық бірлестіктердің ролін жоғарылатуды көздеп отырмыз. Өз кезегінде бұл шара мемлекеттік органдардың қандай да бір шешімді қабылдауындағы жариялылықты қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған қаржы ресурстары қозғалысының ашық болуына жағдай туғызады. Әлемдік азық-түлік нарығындағы қалыптасқан жағдайға сараптама жасаудың негізінде және сарапшылардың болжамдарына сүйене отырып азық-түлік проблемасы алдағы уақытта одан әрі ушыға түседі деген қорытынды шығаруға болады. Уақыттың өзі алдымызға қойып отырған бұл сынға біз сақадай сай дайын болуымыз керек, бұл біздің ең басты міндетіміз.