Қазақстанның Қарулы Күштерін жаңғыртуда және саладағы кездесіп отырған кейбір проблемаларды еңсеруде қандай жұмыстар жасалып жатыр? ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметовпен "ҚазАқпарат" тілшісі жүргізген сұхбат осы сауалдар төңірегінде өрбіді
АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат
Қазақстанның Қарулы Күштерін жаңғыртуда және саладағы кездесіп отырған кейбір проблемаларды еңсеруде қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы сауалдар төңірегінде ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметовпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Даниал Кенжетайұлы, Қорғаныс министрлігінің тізгінін Сіз ұстағаннан кейінгі аз уақыттың ішінде еліміздің жаңа әскери доктринасы қабылданды. Бұл осымен үшінші Әскери доктрина. Жаңа Әскери доктринаның алдыңғы құжаттардан несімен ерекшеленетіндігіне қысқаша тоқталсаңыз.
- Қазақстан Республикасының тарихында 2007-ші жылдың наурыз айында үшінші әскери доктрина қабылданды. Бірден айта кетейін, жаңа әскери доктрина алдыңғы екеуіне қарағанда айтарлықтай өзгеше. Бірінші әскери доктрина ядролық қаруға иелік еткен мемлекеттің доктринасы болды және ол Қазақстанның ядролық күштерді пайдалана отырып қайшылықты жағдайларға араласуын қарастырды. Екінші әскери доктринаның алғашқыдан айырмашылығы аса көп бола қойған жоқ. Ол да орасан көп жасақтар мен адами ресурстарды тарта отырып Қазақстанның жаһандық соғыстарға қатысуын қарастырды, яғни екінші доктринада іс жүзіндегі барлық күштерді пайдалану жоспарланған еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, үшінші әскери доктрина алғашқыларға қарағанда біршама басқа. Бұл доктрина ең алдымен жаңа әскери-саяси ақиқатты кейіптейді, ол лаңкестікке, экстремизмге, заңсыз содырлық құрылымдар құруға қарсы күреспен байланысты уақыттың соңғы кезеңдеріндегі қауіп-қатерлерге жауап береді. Менің ойымша, үшінші әскери доктрина бұрынғыларына қарағанда барынша икемді, онда замана лебі ескерілген. Ол бойынша біз республика шағын, орташа қақтығыстарға қатыса алады деп көздеп отырмыз. Бұл дегеніміз лаңкестікпен, басқа да келеңсіз көріністермен күресті білдіреді.
Жаңа әскери доктринада екі негізгі мәселе қамтылғанын атап өту қажет. Содан барып біз жаңа әскери құрылымымызды және жаңа
әскерімізді қалыптастырамыз. Бұлар ең алдымен қазіргі заманның жаңа қауіп-қатерлеріне жауап бере алуы тиіс. Біздің әскери құрылымымыз бен жаңа әскеріміз ұтқыр, ұйымдастырылу деңгейі жоғары, жоғары технологиялы болуы қажет. Әрине олар жеке шығындарын төмендететін қару түрлерін иеленулері керек. Біз үшін қазіргі уақытта «шығынды төмендету» айтарлықтай маңызды әрі жаңа түсінік. Өйткені кеңес одағы, посткеңестік кеңістік кезінде бұл қағидат жайлы сөз болған емес. Біз жаңа әскери доктринаға «жеке шығындарды азайту» атты тезис енгіздік. Бұл біз байланыссыз ұрыс идеологиясына мейлінше жауап бере алатын қаруды пайдалана білуміз қажеттігін білдіреді. Яғни, бұл жау Қазақстан Республикасының әскерімен қақтығысқанға дейін құртылуы тиіс деген сөз.
Біз де өзіміздің ұйымдастырушылық құрылымымызда осындай басты-басты дүниелерді қарастырудамыз. Міне қысқаша айтқанда біздің үшінші әскери доктринамыз осындай, оған сәйкес Қазақстан өзінің әскерінің құрылымын өзгертті. Қазіргі таңда әскерімізді қару-жарақпен және техникамен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа әскери доктринаға сәйкес, әскери мәдениеттің мән-мазмұнын өзгертуіміз қажет. Жаңа буынның әскери адамы жоғары технологиялық қаруды пайдалануға дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, ол сөзсіз жоғары моральдық-психологиялық қасиетке ие болуы тиіс. Бұдан бөлек ол Отанын қорғау жолында өзін-өзі құрбан қылушылыққа дайын болуы керек.
- Бүгінгі заманның Қарулы күштері сапалы әрі ұтқыр қимылдайтын саны аз әскер мен озық әскери техникаларға сүйенетін болды. Қазақстан Қарулы күштерінің қазіргі әскери-техникалық жабдықталу деңгейі қандай? Біздің әскер қай елдердің қару-жарағымен жарақталып жатыр?
- Еліміздің әскеріне жаңа қару-жарақтар сатып алу үшін, әскерді жаңа әскери техникалармен жаңғырту мақсатында бізде мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бұлардың қандай мақсатқа қызмет ететінін мен айтып өттім. Әрине, біз әскерімізге жаңа қару-жарақтар сатып алудамыз және бүгінде қарапайым сатып алу қағидатынан алшақтаудамыз. Бұл жұмыста ең алдымен әскери техникалардың трансфертіне маңыз берудеміз, тек содан кейін барып техникалар жеткізіледі. Айталық, біз израильдік компаниядан дүркін-дүркін оқ жаудыратын «Найза» зымыран жүйесін сатып алдық. Бұл сатып алуға аталмыш қаруды Қазақстанда өндіру жөніндегі технологиялық құжатқа ие болуымыз себепкер болды. Петропавл ауыр машина жасау зауыты осы күнде аталмыш қаруды елімізде шығаруға мүмкіндік беретін құжаттар топтамасына иелік етеді. «Семсер» артиллериялық жүйесі жайлы, өздігінен жүретін «Айбат» жаңа минаатқыш туралы да осыны айтуға болады. Осылайша Қорғаныс министрлігі өзінің алдына ең алдымен тек қару-жарықты сатып алу міндетін ғана қойып отырған жоқ, сонымен бірге біз болашақта өзімізде өндіру үшін жаңа әскери технологиялардың трансфертіне назар аударудамыз.
Әскери технологияларды бұдан былай жаңғырту мен дамытуда, қару-жарақтың жаңа үлгілерін сатып алуда әскерлер мен қаруларға
автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу болашақтағы басымдығымыз болып табылады. Қарулы Күштерімізге бұл жүйені енгізу аса маңызды. Өйткені бұл біздің мемлекетіміздің әскери әлеуетін, біздің әскер иелік ететін әлі де ескіре қоймаған тиімді қарулардың мүмкіндігін күрт арттыруға септігін тигізеді. Яғни автоматтандырылған басқару жүйесін пайдалану нәтижесінде қару-жарақты пайдалану шапшаңдығы сөзсіз артады, сондай-ақ дәлдік бірнеше мәрте жоғарылайды. Осыдан келе біз байыпты экономикалық нәтижеге жетеміз. Яғни, нысанаға тигізу дәлдігі артады, сөзсіз оқ-дәрілердің шығыны қысқарады. Біздің әскеріміз иелік ететін қару-жарақтар мен оқ-дәрілер айтарлықтай қымбат. Мәселен «Смерч» дивизионының бір дүркін залпы тоғыз миллион доллар тұрады. Егер пайдалану қажет болған жағдайда біз мұндай залптардың жүзін, тіпті мыңын жасауымыз қажет, түсінесіз бе? Сондықтан, автоматтандырылған басқару жүйесі әскери экономика үшін аса маңызды. Бұл жүйе бізге шартты дұшпанымызды он рет ату арқылы емес, алғашқы көздегеннен-ақ талқандауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда автоматтандырылған басқару жүйесі АҚШ-та, Түркияда, Израильде енгізілуде. Францияның Қарулы Күштері де бұл жүйені енгізуге жақын. Біз қазіргі уақытта бұл мемлекеттердің барлығымен белсенді жұмыс істеудеміз. Бізде жұмыс тобы құрылды, ол техникалық тапсырмаларды дайындады, келесі жылы техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Қарулы Күштеріне автоматты басқару жүйесі енгізілген алғашқы он елдің қатарында Қазақстанның да болатынынан үміттімін.
Біз 2015-2016-шы жылдары еліміздің Қарулы Күштерінде автоматты басқару жүйесін қалыптастыру мен құру міндетін қойып отырмыз. Ресей Федерациясының Қарулы Күштері де осындай міндет қойған. Айтпақшы, біз қазір Ресейдің Қарулы Күштерімен бірлескен жұмыс тобын құрдық. Себебі, ҰҚШҰ аясында біз бірге болуымыз, ықпалдасуымыз қажет. Сондықтан біздер қатар бағытпен жылжудамыз. Біз әрине Ресей Федерациясының ұсыныстарын, оның ішінде ең алдымен ГЛОНАСС ғарыштық жүйесі беретін жаңа ғарыштық мүмкіндіктерді пайдалану бөлігіндегі ұсыныстарды пайдаланатын боламыз. Бұл ҚР Қарулы Күштерін автоматты басқару жүйесіндегі негізгі құрамдауыштардың бірі болады.
Дағдылы қару-жарақтар жайлы айтатын болсақ, біз өзімізде бардың барлығын жаңғыртуды көздеп отырмыз. Еліміздегі авиацияның жағдайы айтарлықтай жақсы. Бізде төртінші буынның ұшақтары жеткілікті. «4+» буыны Қазақстан үшін таяу уақытта айтарлықтай күшті авиация құруға жақсы мүмкіндіктер туғызып отыр, сондықтан біз бұл бағытта жұмыстар жасаудамыз. Жақында болған «Әрекеттестік-2008» жаттығуы Қазақстан авиациясы мүмкіндіктерінің бір бөлігін көрсетіп берді. Енді екі жылдан кейін біздің авиацияның сипаты мүлдем басқаша болады.
Сондықтан қару-жарақ туралы сөз қозғағанда, біз таяу уақытта оның қандай түрлеріне иелік ететінімізді нақты білеміз. Негізгі бағыттар жайлы айтып өттім. Дейтұрғанмен де, тағы да қайталағым келеді: біз ең алдымен Қарулы Күштерімізге автоматты басқару жүйесін енгізетін боламыз. Одан кейін әскерімізде дәлдігі жоғары қару-жарақтар болады. Үшіншіден, авиациямызды жаңғыртамыз. Бұлар Қазақстанның Қарулы Күштерінің жинақы, ұйымдастырылу деңгейі жоғары, тиімділігі жоғары болуына мүмкіндік береді.
- Жасыратыны жоқ, бізде кейде техникалық жарақталу мәселесі сол техниканы қолданатын мамандардың даярлығынан озып
кетіп жатады. Қарулы күштерде бұл жағы қалай? Жалпы, маман-офицерлердің біліктілігін көтеру турасында, халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары жайында мағлұмат берсеңіз.
- Адами капиталды дайындауға қатысты біз өте байыпты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл ең алдымен офицерлік құрамды қайта
мамандандыру және дайындау жүйесімен байланысты. Ағымдағы жылы 3095 офицер біліктілігін арттыру курсынан өтуде, бұл өте маңызды. Айта кету керек, офицердің біліктілігін арттыру, даярлау және қайта даярлау бұл оның ҚР Қарулы Күштерінде қызмет ететін жылдарында жүргізілетін үздіксіз үдеріс. Офицер тиісті қайта даярлау курсынан өтпейінше, ол жоғары қызметке тағайындалмайды. Біз тек офицерлерді ғана емес, сонымен қатар келісімшартпен әскери қызметін өтейтіндерді, яғни сержанттарды да оқытуымыз қажет. Өйткені сержанттардың сапасына қатысты проблема қазіргі таңда өзекті болып отыр. Жасыратыны жоқ, осыған дейін әскери қызметке келісімшартпен алынған сержанттардың көпшілігінің дайындығы өте нашар. Олардың бір бөлігі әскерде мүлдем болмағандар. Сондықтан, офицерлерді даярлаумен қатар бүгінде келісімшартқа қол қойып қойған сержанттарды қайта даярлау біздің алдымызда тұрған маңызды іс. Министрлік қазір өзіне осындай міндеттеме алып отыр. Соңғы үш айда елімізде әскер қатарына 537 адам келісімшарт бойынша алынды. Олар ең алдымен бейімделу кезеңінен, одан кейін аттестациядан өтетін болады. Егер олар нашар нәтиже көрсетіп, сыннан өте алмаса, онда жасалған келісімшарт бұзылатын болады. Сонымен қатар, біз ҚР Қарулы Күштерінің қатарында ұзақ уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан әскери қызметшілердің біліксіздігімен бітісе алмаймыз. Қазіргі таңда менің жарлығымның жобасы дайындалып жатыр, оған сәйкес ұзақ уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан әскерилер қайтадан аттестациядан өткізілетін болады. Мен олардың көпшілігі аттестациядан өтетінінен үміттенемін.
Ал бұл сында кәсіби және дене күшінің дайындық деңгейі жағынан қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткендер өздеріне барынша жеңіл жұмыс іздегендері дұрыс. Мүмкін олардың бір бөлігін қызметінен босату қажет шығар, себебі бұл уақыт күттірмейтін зәрулік. Әскерді жаңғырту және әскери дайындық қарқынын ұлғайту ең алдымен әскери қызметшілерге қатысты осындай қиын әрі күрделі амалдарды пайдалануды қажет етеді. Өйткені біздің әскер алдына қойылған міндетті шын мәнінде шешуге қабілетті болуы тиіс. Біздің әскер азаматтық қоғамда өзіне орын таба алмаған адамдар жиналатын орын болмауы қажет.
- Әскер қатарына шақырылатын жастардың денсаулығы бір кездері өзекті мәселенің бірі болды. Қазіргі жағдай қандай?
- Бірден айтып кетейін, біз әскерге шақырылушылардың денсаулығына қатысты өзіміздің біліктілік талаптарымыздың деңгейін айтарлықтай көтердік. Еліміздің жастары Қазақстанның Қарулы Күштерінде борышын өтеуге шын ықыластарымен келуде. Әскер қатарына шақырылушылардың 44 пайызы орта арнаулы және жоғары білімі бар жастар. Бұдан бөлек Қазақстан жастарының денсаулығы айтарлықтай өсіп отырғандығын айта кеткен жөн. Статистикалық мәліметтер бойынша, әскерге шақыруға жарамды жастардың саны 2006-шы жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта 1,5 есеге артып отыр. Әскерге таңдау пайызы да айтарлықтай ұлғайды, бұл мені қуантады. Сонымен бірге, мұндай үдеріс бірқатар проблемаларды да туындатып отыр. Атап айтқанда, мерзімді қызметтегі жоғары білімді сарбаз әскерге келісімшартпен одан бұрын қабылданған әскери білімі де, жалпы орта білімі де төмен сержантқа тап келуде. Яғни, біз көптеген білімді жастарды әскер қатарына тарту арқылы мерзімді қызмет жауынгері мен келісімшарт бойынша борышын өтеп жатқан білімі орташа персонал арасындағы білім деңгейлеріндегі айырмашылық проблемасына жолығып отырмыз.
Жақында елімізде жаттығу болып өтті. Оның барысында израильдік мамандар біздің жауынгерлерге жаңа артиллериялық жүйеден атуды үйреткен болатын. Сол кезде мерзімді қызметтегі біздің сарбаздар аталмыш қарумен атуды демде-ақ меңгеріп алды. Бұл израильдік мамандарды айтарлықтай таңдандырды. Өйткені аталмыш қарумен атып үйрену үшін талай елдің әскерлері көп уақыттарын сарп еткен көрінеді. Біздің жастардың барлық жаңа инновациялық технологияларды меңгерудегі көрсеткіштерінің өсімі мен олардың қабілеті туралы осындай мысал келтіруге болады.
Қазіргі таңда біз жастармен жұмыс істеу мәселесіне көп көңіл бөлудеміз. Бұл ретте ең алдымен еліміздегі жетім балаларға айрықша назар аударылуда. Бүгінде респуликамыздағы 39 балалар үйі біздің әскери бөлімшелерге бекітіліп берілген. Біз жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың әскер қатарына келгенін қалаймыз: олардың 5-ші және одан жоғары сыныптағылары «Жас ұланда», 9-шы және одан жоғары сыныптағылары кадет корпусында оқи алады. Ал, егер балалар үйіндегі жастар өздерінің өмірлерін әскерге арнағысы келсе, онда біздегі бес бірдей әскери университетте білім алуларына мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама «Балалар әскері» деп аталады. Біз бүгінде осы бағдарламаны жүзеге асыра бастадық, енді бірнеше жылдан кейін оның нәтижесін сөзсіз сезетін боламыз.
- Әскер туралы сөз болғанда, кәсіби армия, келісімшартпен әскери қызмет ету мәселесіне соқпай кету мүмкін емес. Біздегі кәсіби әскер жасақтаудың барысы мен болашағы туралы айтып өтсеңіз.
- Қарулы күштерді қалыптастырудың қазір әлемде бірнеше тенденциясы бар. Сөз жоқ әскерді кәсібилендіру осындай қызықты бағыттардың бірі болып табылады. Дайындығы барынша жақсы әскер әрине кәсіби әскер деп аталады, сондықтан біз де әскерімізді кәсібилендіруге ұмтылудамыз. Бүгінде резервті дайындау қажеттігін, халықтың көп бөлігін қаруды қолдана білуге дайындау керектігін ескере отырып, біз мынадай пропорцияны сақтаудамыз: әскердің 60 пайызы кәсіби жауынгерлер, ал 40 пайызы мерзімді қызметке шақырылушылар болуы қажет. Резервтегілердің қажетті санын жинап бітпейінше, аталмыш тенденцияны біз сақтайтын боламыз. Әлемде даусыз кәсіби әскер жоқ, өйткені барлық елдер резервке қатысты проблемамен бетпе-бет келіп жатады. Сондықтан, әр ел бүгінде өздерінің мақсатына лайықты деп санайтын пропорцияны қолдануда. Біз мен жоғарыда айтып өткен есеп-қисапты таңдап алдық. Алайда ол құр әншейін есеп емес, ол халықтың адами әлеуетіне, әскери қызметшілер дайындығының санына және Қарулы Күштердің саны мен құрамын сақтау қажеттігіне негізделеді.
- Қорғаныс министрлігі биыл әскерилерді әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстарды заңнамалық акт түрінде енгізетіндігі жайлы айтып едіңіз. Осы жұмыс қазір қандай сатыда?
- ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз «Әскери
қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасын әзірледік. Онда әскерилерге қатысты барлық қажетті әлеуметтік аспектілер қамтылған. Әскери қызметшілер мен әскери қызмет бұл – заңда жазылғанындай мемлекеттік қызметтің айрықша түрі болғандықтан, оларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету аса маңызды. Әрине, бүгінгі күнде әскери қызметшілерді ең алдымен тұрғын үймен, жеткілікті айлық жалақымен, әлеуметтік және тұрмыстық жағынан қамтамасыз етуге қатысты проблемалар туындап отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысы ең алдымен әскери қызметшілерді баспанамен қамту мәселесіне айрықша назар аударуда. Біз қазіргі таңда әскери қызметшілерге арнап жыл сайын 70 мыңнан 75 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй салудамыз. Бұған дейін әскерилер үшін 20 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй салынып келгендігін ескерсек, бұл әрине Қарулы Күштер үшін айтарлықтай көмек екендігін айтуға болады. Әрбір офицер мен әскери қызметші бұл қарқынды сезініп отыр және олардың ҚР Қарулы Күштерінің құрамында қызмет етуге уәжі артуда. Біз әскери қызметшілер үшін тек кенттер салып қана қоймай, олардың балалары білім алатын мектептерді жайлыландырудамыз, спорттық кешендер тұрғызудамыз.
Биыл Приозерскіде, Сарыөзекте, Аягөзде өте-мөте қажеті әскери нысандардың құрылысынан бөлек, спорт кешендері тұрғызылуда. Бұларды салу кезінде еуропалық технологиялар қолданылып жатыр, сондықтан олар біздің еліміздегі үздік спорт кешендерінің бірі болатынына сенімім зор. Бұдан бөлек біз әскери қызметшілерге медициналық қызметтің барынша жоғары деңгейде көрсетілуіне ұмтылудамыз. Осы орайда бүгінде Астана қаласында көпфункционалды әскери госпитальды жобалау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл еліміздегі үздік әскери госпитальдің бірі болатынына сенімдімін. Жоғарыда айтылған заңда біздің әскери қызметшілердің ипотекалық несие жүйесіне, тұрғын үй құрылысы жинақтарына, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатыстырылуы қарастырылған. Сонымен қатар, заң жобасында жастарды ынталандыру үшін қосымша жағдайлар жасау жағы көзделіп отыр. Мәселен, әскери қызметші ҚР Қарулы Күштерінің қатарында сегіз жыл қызмет ететін болса, онда ол ақылы жоғары білім алуға жұмсалатын шығынын өтеу үшін Қорғаныс министрлігінің қаржысы есебінен дотация ала алатын болады. Заңда осындай көптеген пунктер жазылған, бұл бізге әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғаумен байланысты талай проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл біз Қапшағайда Қарулы Күштерге арналған арнайы шипайжайдың құрылысын салуды бастаймыз. Бұл шын мәніндегі бірегей құрылыс нысаны болады. Жағдай жасау көзқарасы тұрғысынан бұл «бес жұлдызды» қонақ үйдің талаптарына жауап бермек. Ал медициналық қызмет көрсету көзқарасы тұрғысынан, бұл заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған медициналық мекеме болмақ. Бұл нысанды енді бір жарым жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша таяу уақытта елімізде біздің Қарулы Күштеріміздің әскерлері демалатын тамаша орын пайда болады. Бұдан бөлек біз аталмыш шипажайдың тек әскерилердің ғана емес, олардың отбасыларының денсаулығын түзейтін отбасылық мекеме болғандығын қалаймыз. Шипажай жыл бойы жұмыс істейді деп көзделіп отыр.
- Қазақстанның әскери-теңіз флотын дамытуда қандай жұмыстар істеліп жатыр?
- Қазіргі уақытта Қазақстанның әскери-теңіз флотында үш шағын кеме бар. Бізде еліміздің әскери-теңіз флотын дамытуға арналған жаңа бағдарламамыз әзірленген. Ол бойынша аталмыш саланы дамытуға бағытталған негізгі жұмыстарды 2015-ші жылы аяқтауымыз қажет. Ең бастысы бізде әскери-теңіз флотымыздың қандай болуы керектігі туралы айқын түсінік бар. Ең алдымен біз Ақтауда жеке әскери-теңіз базасын салуымыз керек. Бұл бойынша тендер өтті, оны «Рособоронэкспорт» компаниясы жеңіп алды. Ол компания тек жаңа әскери базаны ғана салып қоймайды, сонымен бірге бізді кемелермен қамтамасыз етеді. Бұл ретте салмағы 500 тоннаға дейінгі кемелер Қазақстанда жасалады, ал салмағы 500 тоннадан ауыр кемелер сөзсіз Ресейден немесе басқа елдерден жеткізіледі, не болмаса Қазақстан Ресеймен немесе үшінші бір елмен бірлескен жобаны іске асыруы мүмкін. Яғни, әскери-теңіз флотымызды дамытуда бізде нақты түсінік бар. Мұнда тек бір ғана сұрақ туындайды: әскери-теңіз флоты барлық әскер түрлерінің ішіндегі ең қымбаты. Сондықтан, кемелердің әсемдігінің сыртында қомақты шығындар бар, біз оларды дәлме-дәл есептеуіміз қажет.
- Қазақстан Қарулы Күштерінің Ресей Федерациясы Қарулы Күштерімен өзара ынтымақтастығын дамытуда қандай жетістіктерді атап өте аласыз?
- Жақында біз бірлескен оқу өткіздік, ол табысты әрі жақсы болды. Жаттығуға қатысқан шет мемлекеттен келген атташелер Қазақстан мен Ресейдің Қарулы Күштерінің оңтайлы іс-қимылдарына таңданыстарын жасырмады. Біз алдағы қыркүйекте Ресей Федерациясына барып, тағы да бірлескен жаттығу өткізетін боламыз. Осы тұста мынаны айтып өткім келеді: біз Ресейдің Қорғаныс министрімен хаттамаға қол қойдық. Ол бойынша екі елдің алдағы үш жылдың ішінде бірлескен қанша оқу-жаттығу өткізетіні анықталады, бұл мәселені қазір біздің тараптар есептеуде. Ресей Қазақстанның стратегиялық одақтасы болып табылады. Сол себепті біз әскери саладағы Ресеймен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз қажет.
- Қазақстанның Қарулы Күштерінің НАТО-мен ынтымақтастығы қандай бағыттар бойынша өрбуде, осы жайында айтып берсеңіз?
- НАТО Қазақстанның әріптестерінің бірі болып табылады. Бізде онымен уақыттың белгілі бір кезеңіне арналған әріптестіктің жеке жоспар бар.
Біз НАТО-мен ең алдымен еліміздің бітімгершілік күштерін дайындау саласында жұмыс істеудеміз. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде
еліміздің бітімгершілік батальонын НАТО-ның барлық стандарты бойынша аттестациядан өткізетін боламыз. Осылайша бес жыл бойы істей алмаған жұмысымызды осы күзде орындаймыз деп үміттенемін әрі оған сенімдімін. Қазіргі таңда Қазақстанның бітімгершілік батальоны қажетті техникамен толық жарақтандырылған. Мерзімді қызметтегі барлық жауынгерлердің білімі жоғары, олардың бір бөлігі ағылшын тілін еркін меңгерген, батальонның барлық басқарушы құрамын біз ағылшын тілін білетін офицерлерден жасақтадық. Осы қыркүйекті Қазақстан НАТО-мен бірлесіп дәстүрлі «Дала қыраны» атты жаттығуды өткізеді. Жалпы, Қазақстан НАТО-мен қарым-қатынасының тереңдеуін және сапалы жоғарылауын қалайды. Биыл қазанда менің НАТО-ға сапарым жоспарланып отыр. Онда аталмыш ұйымның бас хатшысымен кездесіп, біздің өзара қарым-қатынасымызды тереңдету және оны барынша сапалы деңгейге көтеру мәселесін талқылайтын боламыз. Әрине, кездесуде ҚР Қарулы Күштерінің НАТО-мен әртүрлі салалардағы бұдан былайғы ықпалдастығын да әңгіме өзегіне айналады.
- Бейжің олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың ішінде әскери қызметкерлердің көп екендігі белгілі.
Олардың олимпиададағы мүмкіндіктері туралы қандай да бір болжам айта аласыз ба?
- Сөз жоқ, әскерлердің орталық спорт клубы (ЦСКА) өзінің әлеуетін сақтап отыр. Біз ЦСКА-ның жанындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерін сақтап қалдық және сақтайтын боламыз. Оларды қаржыландыру көлемін ұлғаятын болады. Бұдан бөлек біз клубтың тек спортшылардың арасындағы спортпен ғана емес, сонымен бірге Қарулы Күштердегі спорттық бағдарламалармен шұғылданғанын қалаймыз. ЦСКА-ның барлық проблемасы мынада: ол Қарулы Күштердегі спорттық бағдарламаларды жүзеге асырумен шұғылданбады, осыған дейін тек жоғары нәтижер күтілетін спортты ғана назарында ұстады. Сондықтан алдағы жылы ЦСКА-ның бюджеті ұлғайту үшін қайта қаралатын болады және клуб ҚР Қарулы Күштеріндегі спортты дамыту функциясын жеке мойнына алатын болады. Ал енді Бейжің олимпиадасы туралы айтар болсақ, онда онсайысшы Дмитрий Карповтың жүлделі орындардан көрінуге мүмкіндігі зор. Біздің клубтың мүшесі Серік Сәпиевтің медаль ұтып алудағы мүмкіндігі сөзсіз жоғары. Бұл боксшымыз біздің негізгі үмітіміз. Сонымен қатар, Бейжіңде бірнеше велошабандозымыз еліміздің намысын қорғайды. Олардың барлығы еліміз спортының үкілеген үміттері болып саналады және олардың әрқайсының құрама қоржынына медаль салуға әлеуеттері жетеді. Мен біздің спортшыларға оптимистік көзқарас тұрғысынан қараймын. ЦСКА мүшелерінің олимпиадада бірнеше медальді жеңіп алуға қарым-қабілеттері жетеді.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!
АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -