Басты > Құжаттар > Премьер-Министрдiң және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздерi, жарияланымдары > Алдағы Бейжің олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүмкіндіктері туралы, еліміздегі туризм саласының қазіргі жағдайы мен перспективасы жайлы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов Қазақпарат тілшісіне әңгімелейді

Алдағы Бейжің олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүмкіндіктері туралы, еліміздегі туризм саласының қазіргі жағдайы мен перспективасы жайлы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов Қазақпарат тілшісіне әңгімелейді

АСТАНА. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат

Бейжің олимпиадасында Қазақстан құрамасы үздік отыздық қатарына енуді көздеп отыр - Т. Досмұханбетов

 

АСТАНА. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ Алдағы Бейжің олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүмкіндіктері туралы, еліміздегі туризм саласының қазіргі жағдайы мен перспективасы жайлы, сондай-ақ Қазақстан спортындағы көкейтесті мәселелер жөнінде Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов әңгімелейді.

 

- Темірхан Мыңайдарұлы, енді бірнеше күннен кейін төрткүл дүниенің назары Қытайдың астанасы Бейжіңде өтетін XXIX-шы жазғы олимпиадалық ойындарға ауады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы да қатысады. Бейжіңде қандай спорттың түрлерінен қанша медаль жеңіп алуды жоспарлап отырсыздар?

- Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан құрамасы Жазғы олимпиада ойындарына осымен төртінші рет қатысайын деп отыр. Бұған дейін біздің команда 1996-шы жылы Атланта (АҚШ), 2000-ші жылы Сидней (Австралия), 2004-ші жылы Афиныдағы (Грекия) жазғы олимпиада ойындарында сынға түскен-ді. Бейжің олимпиадасына қатысу үшін Қазақстанның олимпиадалық құрамасы спорттың 22 түрінен 132 лицензияны жеңіп алды. Бұл Афиныдағыдан 16-ға көп. Боксшыларымыз 11 олимпиадалық лицензияның 10-ын қанжығаларына байлады. Бұл көрсеткіш бойынша олар тек Ресей құрамасына ғана жол береді. Еркін күрестен әйелдер құрамасы жүктелген міндетті толық орындап, мүмкін болатын 4 жолдаманың барлығын иеленді. Ауыр атлетшілеріміз 10 лицензияның 9-ын, еркін күресшілеріміз – 6, грек-рим күресшілеріміз - 6 жолдамаға қол жеткізді. Осы тұста Қазақстан спортының тарихында тұңғыш рет қол добы, волейбол, үстел теннисі, сондай-ақ байдарка мен каноэ есуден слалом жарысы сынды спорттық ойын түрлерінен лицензия жеңіп алғанымызды айтып кеткен жөн.

Бейжің олимпиадасына біздің құраманың сапында 11 ұлттың өкілдері қатысып, еліміздің намысын қорғайды. Бұдан бөлек құрама қатарында республикамыздағы барлық өңірлерінің спортшылары барын атап өткім келеді. Өңірлер бойынша Алматы қаласының өкілдері ең көп жолдамаға (39) ие болды. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Қазақстан облысы (19 жолдама), Қарағанды облысы (17 жолдама), Астана қаласы (11 жолдама), Қызылорда облысы (8 жолдама) және Павлодар облысы (6 жолдама) тұр.
Жалпы Қазақстан құрамасының алдына Бейжіңде бұған дейінгі олимпиада ойындарындағыдан нәтижелі өнер көрсету міндеті қойылып отыр. Сондықтан да спортшыларымызды үлкен сын күтіп тұр. Есімізде болса, Афиныда біздің команда барлығы 7 медаль иеленген болатын. Ал Бейжіңде спортшыларымыз бас-аяғы әртүрлі дәрежедегі 10-11 медаль жиынтығын иеленуге ұмтылмақ. Осылайша, Қазақстанның олимпиадалық құрамасы бейресми жалпы командалық есепте үздік отыздыққа енуді көздеп отыр. Жалпы алғанда Бейжіңге үкілеп апарғалы отырған құрамадан біз жақсы нәтижелер күтеміз. Ол үшін оларға барлық қажетті жағдай жасалған.
Осы тұста айта кетерлігі, Бейжің олимпиадасы қарсаңында біздің министрліктің ғимаратында олимпиада ойындарының ресми баспасөз орталығы ашылды. Жуырда ғана оның тұсаукесер рәсімі болды. Бейжің олимпиадасында еліміз спортшыларының көрсетіп жатқан өнерлері туралы жедел ақпараттар жиналып, мәліметтер министрліктің ресми баспасөз орталығында таратылатын болады.

- Олимпиадаға қатысатын спортшыларымызды ынталандыру жағы қалай болмақ?

- Мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізуде біздің спортшыларға айрықша көңіл бөлінуде. Қазақстанның үлкен мүмкіндіктерге ие ел ретінде мойындалуы спортшыларымыздың халықаралық аренадағы жоғары нәтижелерімен де тығыз байланысты. Сондықтан, қазақстандық спортшылардың Бейжің олимпиадасында табысты өнер көрсетуі министрліктің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшыларға қаржылай қолдау көрсету жыл сайын ұлғайып отыр. Үкімет Бейжің олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына берілетін бір реттік материалдық сыйақының да мөлшерін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Мәселен, олимпиадада 1-ші орын алған спортшыға 250 мың АҚШ доллары, 2-ші орынға 150 мың АҚШ доллары, 3-ші орынға 75 мың АҚШ доллары, 4-ші орынға 30 мың АҚШ доллары, 5-ші орынға 10 мың АҚШ доллары және 6-шы орынға 5 мың АҚШ доллары беріледі. Спортшылардың жаттықтырушылары да шәкіртінің жетістігіне қарай тең көлемде сыйақыға ие болады.

- Енді әңгімені Қазақстан спортындағы өзекті дүниелерге бұрсақ. Біздің спортта қордаланып қалған өзекті мәселердің бірі - елімізде қазіргі заманғы спорт базаларының аздығы. Бұл олқылық та талантты әрі дарынды көптеген спортшылардың әлемдік ареналарда жасындай жарқылдауына айтарлықтай кері әсерін тигізіп келеді. Осы кемшілікті еңсеру үшін не істелуде?

- Әрине, елімізде замануи спорт базаларының қажетті көлемде жетіспейтіндігі рас. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін министрлік қазіргі таңда кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Осы орайда жаңа спорт нысандарының құрылысы салынып, қолданыстағы спорт ғимараттарының материалдық-техникалық базасын жетілдірілуге айрықша маңыз берілуде. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласының маңындағы Шаңырақ шағынауданында спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда Щучинскіде республикалық шаңғы базасы, Алматыда спортшыларды олимпиадаға дайындайтын база, Астанада жабық велотректің құрылысы жүріп жатыр. Олар таяу уақытта пайдалануға берілетін болады. Басқа өңірлерге тоқталмай, Астана жайлы айтар болсақ, бүгінде елордада 400-ден астам спорт ғимараттары, көптеген спорт мектептері жұмыс істейді. Бұлардың қатарында су спорты түрінен, велоспорттан олимпиадаға резервтер дайындайтын балалар мен жасөспірімдер мектебі, ат спорты түрінен спорт мектебі, футбол мектебі, спорттық ойын түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, олимпиадалық резервті дайындау орталығы, «Астана батыры» жекпе-жек клубы, Х. Омаров атындағы шахмат клубы, хоккей, волейбол, баскетбол және тағы да басқа клубтар бар. Үздік спорттық нысандар салынған Астанада халықаралық деңгейдегі ірі спорттың жарыстардың жиі-жиі өткізіліп тұратындығы қуантады. Бұған ағымдағы жылғы наурыздың 17-сі мен 23-і аралығында Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында AIBA Әуесқой бокс халықаралық қауымдастығының «Астана 2008» ІІ Азиялық олимпиадалық біліктілік турнирінің өткізілуін айқын мысал. Бұл жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысты. Халықаралық сарапшылар бұл турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұл жарыста біздің бес бірдей боксшымыздың Бейжің олимпиадасына жолдама жеңіп алғаны белгілі. Олардың арасында Астананың екі өкілінің бар екендігін атап өткен жөн. Жалпы Астанада атқарылып жатқан жұмыстар қазір біртіндеп еліміздің барлық аумағын қамтып жатыр. Яғни республикамыздағы барлық өңірлерді замануи спорт базаларымен қамту біртіндеп шешімін табатын болады.

- Бүгінде біздің спортта білікті кадрлар тапшы екені жасырын емес. Ал кез-келген спорт түрінде спортшының биік деңгейге көтерілуіне бапкердің қосатын үлесі айрықша. Осы орайда сұрайын дегенім, заманауи спорттың қыр-сырын жетік меңгерген білікті кадрларды дайындау мәселесі бізде қалай шешіліп жатыр?

- Біз спортшылардың және жаттықтырушылардың алда қойылған міндетке қол жеткізуінде барынша тиімді болып табылатын келісімшарт жүйесінің әлемдік тәжірибесін пайдаланудамыз. 2007-ші жылғы қаңтардың 1-інен бастап ұлттық құрамаларды дайындау жоспары, олардың қаржылық және күнтізбелік жоспарлары бекітілді. Алдағы халықаралық жарыстарға сапалы дайындалу үшін барлық қажетті жағдай жасалды. 160 адамнан тұратын қысқы спорт түрлері бойынша штаттық ұлттық командалар анықталды және бекітілді. Олар ай сайын жалақы алып отырады. Мәселен, қазіргі таңда олардың орташа айлық жалақысы 35 мың теңге. Бұдан бөлек, 54 жетекші спортшылармен және жаттықтырушылармен келісімшарттар жасалды. Келісімшарттың сомасы 500-ден 3000 АҚШ долларына дейін. Жаттықтырушы-консультанттар ретінде ұлттық құрама командаларымен жұмыс жасауға танымал шетелдік мамандар тартылды. Айталық, шаңғы жарысынан В. Сахнов, конькиден Б. Васильковский, тұғырдан секіруден Д. Воднов, шаңғымен спорттық бағдарланудан Новиков, мәнерлеп сырғанудан Алексеева мен Водорезева ұлттық құрама комадалармен жұмыс істеуде. 7-ші қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген барлық қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялардың көмегімен төреші кадрларды дайындау және қайта дайындау жөніндегі жұмыс жүргізілуде. Олар Азия ойындарына қазылық жасайтын болады.

- Азия ойындары демекші, VII қысқы Азиаданың 2011 жылғы Қазақстанда, оның ішінде Алматы мен Астана қалаларында өтетіні белгілі. Бұл ойындарды өткізуге дайындық барысы қалай? Ойындар ұйымдастырылатын қажетті спорт нысандары елімізде жеткілікті ме?

- Осы уақытқа дейін Қысқы Азия ойындары құрлықтағы тек үш елде, атап айтқанда - Жапонияда, Қытайда және Кореяда өткізіліп келді. Қазақстан Қысқы Азия ойындарын өткізу сеніп тапсырылған Азия құрлығындағы төртінші және посткеңестік кеңістіктегі бірінші ел болып отыр. Бұл спорттық жарыс Халықаралық олимпиада комитетінің қолдауымен өткізілгелі жатыр. Азия ойындарына дайындықты және оны табысты өткізуді қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастыру комитеті және оның атқарушы дирекциясы құрылды. Азия ойындары жарысының бағдарламасы анықталды. Ол бойынша спорттың 11 түрінен жарыстар өткізу қарастырылып отыр. 59 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесіне машықтану үшін 2007-2008-ші жылдары еліміздің аумағында спорттың қысқы түрлерінен бірқатар халықаралық жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, көрсетілген жылдарда биатлоннан Азия чемпионаты, спорттық бағдарлану бойынша Азия кубогы, тау шаңғысы спортынан Шымбұлақ кубогы, конькимен жарыс спортынан Медеу кубогы болды.
Азияданы өткізу сөз жоқ жаңа спорт ғимараттарының құрылысын салумен және қазір жұмыс істеп тұрғандарын қайта жөндеумен байланысты мәселелерді шешуді, сондай-ақ қажырлы еңбекті және ақша қаражатын қажет етеді. Жұмыс тобының ұсынымдарына сәйкес, ойындардың еліміздің екі қаласында болатынын ескере отырып Азиаданы өткізуге қажетті спорт нысандарының тізімі анықталды. Осыған байланысты министрлік жаңа нысандардың құрылысын жобалау және жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін тендер өткізді. Атап өтерлігі, күрделі спорттық нысандарды жобалау француздың әйгілі сәулетшісі Поль Андренің және Халықаралық олимпиада комитеті мамандарының қатысуымен іске асырылуда.
Бүгінгі күнде көрсетілген тізімге сәйкес бірқатар спорт нысандарының құрылысын салу және қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ең алдымен Астана қаласындағы спорттық нысандарға тоқталсақ. Елордада қазір жабық футбол стадионы салынуда. Мұнда 7-ші Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, конькимен жүгіретін жабық стадион тұрғызылуда. Бұл нысанды 2009-шы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Ойындар кезінде конькимен жүгіру спортынан жарыстар өткізуге «Қазақстан» спорт кешені жұмылдырылатын болады. Мұнда мәнерлеп сырғанаудан жарыс өткізіледі. Бұл жарысты ұйымдастыру үшін спорт кешенін қайта жөндеуден өткізу қажет, сонымен қатар мәнерлеп сырғанаушылардың еркін сырғанауы үшін қосымша мұз айдыны қажет. Осыған байланысты ұйымдастыру комитетінің ағымдағы жылғы сәуірдің 16-ғы хаттамалық шешімімен Астана әкімдігіне жергілікті бюджеттің есебінен «Қазақстан» спорт ғимаратына қайта жөндеу жұмысын жүргізу тапсырылды. Елорда әкімдігі көрсетілген спорт ғимаратын қайта жөндеуді республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын басымдық берілген инвестициялық жобалардың тізіміне енгізуді көздеп отыр. Қолданыстағы спорттық базаны қайта жөндеуді қоса алғанда мұз айдыны құрылысының құны шамамен 620 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Азиаданы өткізу үшін Астанада олимпиадалық қалашық салынып, баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады. Олимпиадалық қалашықтың құрылысын салу үшін бүгінде жер телімі бөлінді. Үкімет басшысының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне берген тапсырмасына сәйкес, 1 млрд. теңге көлеміндегі шығындар қолдау тапты.

Енді Алматыдағы спорттық нысандарға тоқталсақ. Азиаданы жоғары деңгейде өткізу мақсатында Алматыда шаңғымен тұғырдан секіретін халықаралық кешеннің құрылысы салынатын болады. Аталмыш кешеннің құрылысын салу үшін жер телімін беру жөнінде Үкімет қаулысы қабылданды. Бұдан бөлек «Медеу» биік таулы спорт кешеніне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Медеу» спорт кешені Азияда кезінде допты хоккейден жарыстар өткізуге және Азия ойындарының жабылу салтанатын жүргізуге пайдаланылатын болады.

Сонымен қатар, Алматыда қонақүйлердің инженерлік-техникалық жүйелерін толық қайта жөндеуден өткізу, жатын орындарды ұлғайту арқылы қонақ үйлерге қайта жөндеу жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Жобалы-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға берілді. Қорытынды алынғаннан кейін қайта жөндеу жұмыстарына тендер жарияланатын болады. Қазіргі таңда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт ғимараты қайта жөнделеді. Азиада кезінде аталмыш нысанда шорт-тректен жарыстар өткізіледі. «Шымбұлақ» биік таулы спорт базасында тау шаңғысы спортынан және фристайлдан жарыстар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда «Шымбұлақ деволопмент» тау шаңғысы кешенін кеңінен дамыту жұмыстарын жүргізуде. Көрсетілген компания тау шаңғысы кешенінің инженерлік желілерінің құрылысын мемлекет қаржысы есебінен қаржыландыруды қажет етеді. Бұған шамамен 90 млн. АҚШ доллары қажет. «Шымбұлақ девелопмент» компаниясы қолданыстағы инженерлік желілерді компанияның балансына берген жағдайда көрсетілген көлемдегі қаржыландыруды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар, Алматыда олимпиада қалашығының құрылысы салынып, баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады. Азияның олимпиада кеңесінің сарапшыларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларды орналастыру үшін оңтүстік астананың қолданыстағы қонақ үй кешендерін пайдалану көзделіп отыр. Ұйымдастыру комитетінің ағымдағы жылғы маусымның 23-де өткізілген отырысында Алматы қаласындағы баспасөз орталығының құрылысы бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі анықталды.
Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының алдына 7-ші қысқы Азия ойындарында бейресми жалпы командалық есепте бірінші орын алу міндеті қойылып отыр.

- Қазақстанда көркі көз сүйсіндіретін жерлер жеткілікті. Сондай орындары бар көптеген мемлекеттер бүгінде туризмді дамытып, мемлекеттік бюджетінің едәуір бөлігін аталмыш саланың арқасында толтырып отыр. Өкінішке қарай, біздің елімізде туризмді дамыту ісі әлі даңғылға түсе қойған жоқ. Сіздің ойыңызша Қазақстанның әлем алдындағы жағымды туристік имиджін қалыптастырып, қазақстандық туризмді дамыту үшін нақты қандай жұмыстар атқару қажет?

- Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің туризм және спорт саласында кәдімгідей өрлеу байқалады. Біздің бұл салалардағы соңғы кездері қол жеткізген жетістіктеріміз бұл сөзіме айқын дәлел. Ендігі жерде еліміз бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырғаны белгілі. Бұл міндеттің орындалуында Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған біздің ведомство да маңызды рөл атқарады. Елбасы министрліктің алдына туризмнің инфрақұрылымын құру және спортты дамыту бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуде маңызды міндет қойып отыр. Президент жүргізіп жатқан тиімді сыртқы саясаттың арқасында «Қазақстан» атты брэнд бүкіл әлемге таныла бастады. Еліміздің көптеген ықпалдастық бастамалары Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың мойындауына мүмкіндік ашты. Біздің мемлекеттегі саяси және экономикалық тұрақтылық қазақстандық туризмнің орнықты дамуының негізгі кілті болып табылады. Ал біздің елордамыз Астананың дамуы Қазақстанның маңызды табыстарының бірі. Менің ойымша, Астана таяу уақытта тартымды туристік орталыққа және спорттың көптеген түрлері бойынша чемпиондардың чемпионын дайындайтын ұстаханаға айналады. Қазіргі таңда біздің ведомствоның алдына алдағы бес жылдың ішінде республика бойынша туристік индустрия мен туризм инфрақұрылымы нысандарының құрылысын салу бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндет қойылып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда туризмді дамытудың 2007-2011-ші жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Атап өтерлігі, бағдарламаға Қазақтанның туристік әлеуетіне зерттеу жүргізген халықаралық консалтигтік компаниялар сарапшыларының ұсынымдары енгізілді. Туризм индустриясын дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама салааралық сипатқа ие және ол мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының көптеген мәселелерін шешуге бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы әлемге танымал газеттердің беттерінде мақалалар жарияланып, дүние жүзіндегі жетекші телеарналардан жарнамалық бейнероликтер берілуде. Біздер 54 мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктеріне Қазақстанның туристік әлеуетінен мағлұмат беретін туристік бағыттардың тізімдемесін, туристік анықтамалықтар, ақпар-кітапшалар және бейнефильмдер жібердік.

Былтыр Қазақстандағы туризм саласының қалыптасуы мен даму тарихындағы жаңа кезең басталды. 2007-ші жылғы қарашаның 21-29-ы аралығында Колумбияның Картахена де Индиас қаласында өткен Дүниежүзілік туристік ұйым Бас Ассамблеясының (ЮНВТО) 17-ші сессиясында Қазақстан тарихта тұңғыш рет Ресей, Италия және Франция сынды елдермен қатар Атқарушы кеңестің құрамына сайланды. Бұл дегеніміз, аталмыш ұйымның барлық шешімдерінің қабылдануында алдағы 4 жылда Қазақстан толыққанды қатысады деген сөз. Бұдан бөлек тағы да бір жағымды жаңалық бар: жоғарыда айтып өткен ұйым Бас Ассамблеясының сессиясында оның кезекті 18-ші сессиясын 2009-шы жылы Астанада өткізу жөнінде бірауыздан шешім қабылданды. Сөз жоқ, бұл біздің елдегі мемлекеттік және жеке ұйымдар арасындағы әріптестіктің шеңберін ынталандырады және кеңейтеді, қызмет көрсету саласының дамуына тың серпін береді. Біздің ел капиталды пайдалы орналастыру және инвестицияларды салу позициясы бойынша шетелден көптеген инвесторларды тартуда. Соңғы уақытта шетелдік инвесторлардың туризм секторына және туристік инфрақұрылымға, қонақүйлердің құрылысына, Іле Алатауының тау бөктерлеріндегі тау шаңғысы демалыс орындарына қаржы салуға зор қызығушылық танытып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Қапшағай қаласында, Бурабай курортты аймағында және Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында ойын-сауық және ойын бизнесі индустриясы дамыған тартымды туристік орталықтардың құрылысын салу өз кезегінде инвесторлар үшін басымдығы бар тартымды жобалар болып табылады. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігі Түркістанда және ғарыш туризмі нақты өмірде іске асырылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағында мәдени-танымдық туризм жақсы дамыған. Каспий теңізінде Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан және Иранға барып-келетін халықаралық теңіз саяхатын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

- Темірхан Мыңайдарұлы, Сіздің еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің дамуына көңіліңіз тола ма?

- Біз халықты дене шынықтырумен және спортпен белсенді түрде айналысуға тарту үшін ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Республикада ұлттық спорт түрлерімен 100 мыңға жуық адам айналысады. Ұлттық спорт түрлерін танымал ету мақсатында елімізде жыл сайын 100-ден астам жарыстар ұйымдастырылады. Көкпардан, тоғызқұмалақ пен аударыспақтан, сонымен қатар, ат спортының түрлерінен республика чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Алматыда қазақша күрестен әлем чемпионаты өтті, оған әлемнің қырық елінен өкілдер қатысты. Біз болашақта да ұлттық спорт түрлерін дамытуға, олар бойынша жарыстар ұйымдастырып отыруға айрықша көңіл бөлетін боламыз.

- Ауыл спортының дамуын қалай бағалайсыз?

- Мемлекет басшысы халықтың барлық топтары үшін спорттың қол жетімділігін қамтамасыз етуді міндеттеп отыр. Осы орайда аудандарда, ауылды жерлерде мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің есебінен, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту арқылы типтік дене тәрбиесі сауықтыру кешендері салынатын болады. Олардың ішінде теннис корттары, футбол алаңдары, күрес, бокс залдары және спорттық ойын түрлерімен шұғылдануға арналған залдар болады. Жалпы біз 2012-ші жылға қарай барлық аудан орталықтарында және ірі елді мекендерде 200-ге жуық дене тәрбиесі сауықтыру кешендерін салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, әкімдіктермен бірлесіп аулалардағы спорт алаңдарын жайластыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, тұрғылықты жері бойынша спорттық-сауықтыру жұмыстары жандануда.

- Дені сау жас буынды қалыптастыруда спорт негізгі құрамдауыштардың бірі саналады. Осы орайда еліміздегі бұқаралық спортты өркендетуде министрліктің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.

- Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларға сәйкес, Туризм және спорт министрлігі елімізде бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлуде. 2006-шы жылғы желтоқсанның 28-де дене тәрбиесі мен спортты дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Оның іске асырылуы барысында жаппай спорттық шаралардың саны ұлғайып келеді. Халықтың денсаулығын нығайтуға және қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталатын елімізде дене тәрбиесі мен спорттың тиімді жүйесін құру бағдарламаның негізгі мақсаты болып табылады. Көрсетілген мақсаттарға жету үшін министрлік бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді шешуі қажет. Халықаралық талаптарға жауап бере алатын спорттың инфрақұрылымын дамыту, саланың нормативтік-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, спорт ғылымын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындау жүйесін жетілдіру мен айтып өткен бірінші кезектегі міндеттердің ішіндегі ең маңыздылары болып табылады.

Жалпы, бұқаралық спортты дамыту және салауаты өмір салтын насихаттау мақсатында министрлік жыл сайын 3 миллионнан астам адамды қамтитын 20 мыңға жуық жаппай спорттық және дене тәрбиесі сауықтыру шараларын өткізіп келеді. Осы тұста айта кетерлігі, жаппай дене тәрбиесі сауықтыру шараларын қайтадан қолға алуда қабылданған шаралар нақты нәтижелер беруде. Мәселен, республикамызда дене тәрбиесімен және спортпен тұрақты шұғылданатын адамдардың саны - 151,2 мың адамға өсіп, бүгінде 2 миллион адамнан асты немесе бұл еліміздегі жалпы халық санының 15 пайызы. Біз 2011-ші жылға қарай дене тәрбиесімен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың санын еліміздегі жалпы халық санының 17 пайызына, ал балаар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде оқитындардың қатарын 8 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.