Елбасының қазақстандықтардың келешек ұрпақтарына жолдауы
Елбасының қазақстандықтардың келешек ұрпақтарына жолдауының мәтіні.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай шілденің 3-күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының индустриялық паркі аумағындағы 3 зауыттың құрылысының іргетасына капсула қойған болатын. Елбасының қазақстандықтардың келешек ұрпақтарына жолдауының мәтіні.
Құрметті отандастар!
Біз осы жолдауды, Отанымыз – Қазақстан Республикасының лайықты болашағы деген нық сеніммен Сіздерге арнап отырмыз.
Біз бүгін ерік-жігеріміз бен қайта жаңарудың символы ретінде, еліміздің 2030 жылға қарай әлемдегі ілгері дамыған мемлекеттердің ортасынан өз орнын алатынының кепілі ретінде,
Қазақстандық жаңа ұрпақтың кемелденген әлеуметтік және экономикалық кезеңде өмір сүретінінің серттей сенімі ретінде осы капсуланы бойтұмардай әспеттеп орналастырып отырмыз.
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Стратегияның қабылдануы біздің табысқа деген сенімімізді арттыра түседі. Жан-жақты жаңғырудың басты экономикалық тегеуріні «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшылары» мемлекеттік бағдарламасы болып табылады.
Бүгінгі таңда осы бағдарлама негізінде еліміздің сегіз аймағында жиырмаға жуық макрожобаның негізі қаланды. 2007 жылдың соңына дейін тағы да осындай жетпіс тоғыз жобаға жол ашқалы отырмыз. Таяу жылдарда аса қуатты жаңа технологиялық кәсіпорындар Қазақстанның жаһандық экономикада лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін болады.
Біз қазақстандық келешек ұрпақтың бейбіт те гүлденген мемлекетте өмір сүруі үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біздің бабаларымыз нақ сондай еркін де қуатты Отанды ғасырлар бойы аңсап өткен.
Сіздердің өз елдеріңіздің жалынды да сенімді патриоты болып, әкелер ісін жалғастыратындарыңызға, қасиетті қазақ даласының байлығы мен даңқын еселеп арттыратындарыңызға нық сенімдіміз.
Сіздерге табыс пен сәттілік серік болсын, құрметті қазақстандықтар!
ҚазАқпарат
