Павлодар каустикалық сода және хлор өндіретін зауыты – Қазақстанның серпінді жобаларының бірі
Павлодардағы химия зауыты аумағындағы «Каустик» АҚ-да еліміздің серпінді жобаларының бірі – каустикалық сода мен хлор өндіретін зауыт салудың басталуына арналған салтанатты митинг өтті.
Шілденің 4-күні Павлодардағы химия зауыты аумағындағы «Каустик» АҚ-да еліміздің серпінді жобаларының бірі – каустикалық сода мен хлор өндіретін зауыт салудың басталуына арналған салтанатты митинг өтті.
Митингіге химия өндірісінің ардагерлері мен жұмысшылары, қала және облыс басшылары қатысты. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына жолдауын оқып берді. Бұл жолдауды жиналғандар аса қанағат сезіммен қарсы алды. Аталмыш құжат металл капсулаға салынып, болашақта хлор-сілті өндіретін цехтің іргетасының жанына қойылды.
Орнатылған бейнебайланыс арқылы Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов Елбасына: «Сіздің тапсырмаңыз бойынша бүгін Павлодар облысында «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында біз жаңа жобаны – хлор мен каустикалық сода өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз», - деп баян етті.
Жоба 2007-2009 жылдары жүзеге асырылады, оның құны 108 млн доллар. Зауыт іске қосылғаннан кейін мұнда 420 жаңа жұмыс орны ашылады.
Республикада бұл өндіріс орнына балама жоқ, жаңа зауыт бүгінде сырттан әкелініп отырған аса қажетті өнімдермен ел экономикасын қамтамасыз ететін болады.
ҚазАқпарат
