Жаңа зауыт Маңғыстауды цементпен қамтамасыз етеді
Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды.
Сейсенбі күні жалпыұлттық акция ауқымында Маңғыстау облысында да серпінді макрожобаларды жүзеге асыру басталды.Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов қатысты.
«Бұл зауыт тек біздің аймақтың ғана емес, сондай-ақ бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Қ.Көшербаев, салынатын жаңа зауыт аймақтағы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуге мүмкіндік беретіндігін айтты.
Зауыт облыстың индустриялды-инновациялық дамуын жүзеге асыру ауқымында салынатын болады. Тапсырыс беруші – Ресейдің «Каспий Цемент» ЖШС компаниясы. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін инвесторлар 300 миллионнан астам АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап отыр. Ол өзінің құнын 5 жылдың ішінде өтейді. Бастапқы кезеңде 400 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Обьект- 2009 жылдың соңына қарай тапсырылуы тиіс. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді.
ҚазАқпарат
