Елбасының 9 облыстағы серпінді жобалардың барысымен тікелей эфир арқылы танысуын Сыр елінің халқы да ризашылықпен көрді
Жалпыұлттық акциясының ішіне енген Шалқия кен байыту фабрикасының іргетасын қалау рәсімі және облыстағы бес серпінді жоба туралы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхамедтің ел Президентіне хабарлағанын естіген аймақ тұрғындары осынау ғасырлық жаңалықтардың өмірге батыл ене бастауының куәсі болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның 9 облысында 30 корпоративті жобалардың қатарына енген серпінді жобалардың барысымен кеше бір мезгілде телефон және тікелей эфир арқылы танысуын Сыр елінің халқы да ризашылықпен көрді.
Жалпыұлттық акциясының ішіне енген Шалқия кен байыту фабрикасының іргетасын қалау рәсімі және облыстағы бес серпінді жоба туралы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхамедтің ел Президентіне хабарлағанын естіген аймақ тұрғындары осынау ғасырлық жаңалықтардың өмірге батыл ене бастауының куәсі болды. Аймақтағы мұнай өндірісі, шыны зауыты, әлемде Қазақстанды алдыңғы орынға шығаратын уран өндірісі секілді серпінді жобалар сөз жоқ, айналасы екі-үш жылда Сыр елін, оның халқын аңсаған биік мұраттарына жеткізеді. Ел экономикасын қуатты қарқынмен дамыту жолындағы Елбасының көреген саясаты халық жүрегіне қонды, оларды кешегі акция арқылы ертеңіне нық сеніммен қарата бастады.
Облыстың ардақты қарияларының бірі, Социалистік Еңбек ері Ұзақ Еспанов ақсақалдың пікірінше, Президент Жолдауында айтылған сөздер мен Үкімет алдына қойылған нақты міндеттер өмірге енетін ауқымды ірі жобалар. Міне, кешегі күннің тарихи оқиғасы бүкіл қазақстандықтар сияқты Сыр елінің халқын да зор қуанышқа бөледі. Облыс әкімі Мұхтар Абрарұлының айтқанындай, жергілікті халық жүрегіне Республиканың ең артта қалған аймағының күні ертең өркениет көшіне ілігетініне деген нық сенім ұялады.
Облыс әкімі Президент алдында есеп беріп болғаннан кейін қарт Қаратау етегіндегі, биыл 1 млн. тонна кен өндіріп отырған Шалқия кеніші басына жиналған халық алдында жаңа кен байыту фабрикасының іргетасын қалау рәсімі өткізілді. Оған қатысқан Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов жиналғандарды инновациялық Қазақстанның ұлы көшіне ілесулерімен құттықтады. 230 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып отырған бұл фабрика іске қосылған кезде ол облыс бюджетіне аса қомақты қаржылар түсіріп, аймақтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарта түспек.
ҚазАқпарат
