Батыс Қазақстан облысында серпінді жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар
Бұл туралы Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да журналистер сұрақтарына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді.
Батыс Қазақстан облысында серпінді жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
Бұл туралы шілденің 13-інде Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да журналистер сұрақтарына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде облыс ұсынған жобалар, мәселен, цемент зауытының құрылысы қарастырылуда. Бұл орайда көшбасшылыққа шығу үшін жақсы жұмыстану керек. «Тек қана зауыттың болуы жеткіліксіз. Оның шығаратын өнімі экспортқа бағытталуы тиіс», деді Үкімет басшысы.
Үкімет «Тасқала-Озинки» еркін экономикалық аймағын құру жөнінде оның инфрақұрылымын дамытуға да көмектесуге дайын. Алайда бұл мәселе бойынша РФ-мен келісім әлі біте қойған жоқ. «Мен өзім Ресей Премьер-Министрімен келіссөз жүргіздім, үкіметаралық комиссияда да бұл мәселелер талқыланды. Таяу арада келіссөздер аяқталады деп ойлаймын», деді К.Мәсімов.
Брифингте Батыс Қазақстан облысында аудан орталықтарымен байланыстыратын қатқыл табанды жолдардың жоқтығы сөз болды. Бұған жауап берген Үкімет басшысы облысаралық жолдардың жай-күйі назарда екендігін айтты. Бұл биылғы жылы бірінші кезекте қаржыландырылатын болады. Сондай-ақ жол салумен бірге аймақта газдандыруды аяқтау міндеті тұр. Осы екі міндетті таяу арада шешу қажет болады.
ҚазАқпарат