«Қазақстаннның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының жобасы таяу уақытта Елбасыға ұсынылады
«Қазақстаннның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының жобасы таяу уақытта Мемлекет басшысының қарауына ұсынылады. Бұл туралы қазанның 11-і күні Ақордада Елбасының Үкімет мүшелерімен өткізіп жатқан кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Отандық корпоративтік көшбасшылар құру туралы Мемлекет басшысының маңызды бастамасын жүзеге асыру үшін «30 корпоративтік көшбасшы» мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленіп, Үкіметтің қазанның 9-дағы отырысында жоба мақұлданды», деді кеңесте К. Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторын әртараптандыруды және экспорттық әлеуетін дамытуды қамтамасыз ететін қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңаларын салу болып табылады.
«Жобаларды сұрыптау бойынша транспарентті жүйені жолға қою, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың көлемі мен шараларын анықтаудың нәтижесінде Қазақстанда корпоративтік көшбасшылар құрылатын болады. Бағдарламаны жүзеге асыруды қолдау мақсатында мемлекет инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға айрықша назар аударады. Таяу арада бағдарламаның жобасы Елбасының қарауына ұсынылады», деді К. Мәсімов.
