Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен көлік-коммуникация кешенінің тиімді ынтымақтастығын нығайту жолдары талқыланды
Қарашаның 5-інде ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде С.Ахметовтың төрағалығымен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) Қазақстан Республикасының көлік-коммуникациялық кешенінің дамуына атсалысу мәселелері жөнінде мәжіліс болып өтті.Оған ҚР ККМ-нің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, «Жетісу», «Ертіс», «Батыс», «Оңтүстік», «Тобыл», «Сарыарқа», «Каспий» ӘКК-ның басшылары қатысты.
Министр С.Ахметовтің пікірінше, ӘӘК мемлекеттік бағдарламалар мен стратегияларды тиімді орындаудың, нақты мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жарқын үлгісі бола алады. Көлік-коммуникация кешенінің жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламаларының талдауына жүгінсек, ынтымақтаса отырып, бірлескен жобаларды іске асырған жағдайда, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту, ел экономикасының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру сияқты әлеуметтік-экономикалық мәселелердің біразы шешіледі.
Көлік инфрақұрылымын дамытудағы басты бағыттар – көліктік үдерістерді ақпараттық қамтамасыз етудің жаһандық жүйесін құру; қозғалысты бақылау мен басқарудың қазіргі заманға сай техникалық құралдарын енгізу; магистральді темір жол жүйесінің, жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының, қалалардағы көше жолдарының, ішкі су жолдарының өткізу және көтеру қабілетін арттыру; логистика қағидаларын қолдана отырып, ең ұтымды көлік инфрақұрылымын қалыптастыру; мультимодальды көліктік дәліздерді, терминалдар мен көліктік-логистикалық орталықтар жүйесін құру.
Кездесу барысында ҚР ККМ-нің құрылымдық бөлімшелер басшылары жобалардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берді және ӘКК-дың еліміздің көлік-коммуникация кешенін дамытуға қатысуы ықтимал жобалар бойынша ұсыныстар жасады.
Оның ішінде, құрылымдық бөлімшелер ӘКК-ды жол бойындағы сервис нысандарын салу, вагондар паркін жаңғырту, кіші авиация кемелерін құрастыру өндірісі және басқа бірқатар жобаларға қатыстыруды қарастыруда.
ӘКК мен көлік-коммуникация кешенінің бірлесіп атқарар істерінің қатарында бәсекеге қабілетті тауарлар өндіру мен қызмет түрлерін ұсыну, жеке капитал мен ғылыми әлеуетті тарту және инновациялық жобаларды енгізу, нысандарда инфрақұрылым сервисін ұйымдастыру міндеттері тұр.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ӘКК-лар мемлекеттік, салалық және аумақтық жобаларға еншілес ретінде қатыса алады; ӘКК-лар инфрақұрылымдық жобалар төңірегінде бизнес ұйымдастыру, тауар-материалдық құндылықтар мен жұмысшы күшін жеткізу жобаларына, сонымен бірге, жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін ұйымдастыруға, жөндеу кәсіпорындарын құруға, кадрларды дайындау мен қайта даярлауға қатыса алады.
ӘКК-нің жетекшілері ұсынылған жобаларға қатысуға қызығушылық танытып, өздерін ҚР ККМ концессиялық жобалар бойынша комиссиясының құрамына енгізуді өтінді.
Кездесудің қорытындысы бойынша Министр құрылымдық бөлімшелердің басшыларына ӘКК-дың біріккен жобаларға қатысуына байланысты мәселелерді қарастыру туралы хаттамалық тапсырмалар берді.
