Басты > Бөлімдер > Шолу > 30 серпінді жоба > Әлеуметтің қамы үшін...

Әлеуметтің қамы үшін...

Қазақтың дарқан даласынан шығып, тағдыр жазуымен жат жұртта құлдықтан сұлтандыққа жеткен Бейбарыс бабамыздың рухы осы аптада бір аунап түскен шығар. Сирияға сапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтан Бейбарыс кесенесіне зиярат етіп, мазарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Даңқты сұлтанның кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына ел Үкіметі арнайы қаржы бөлгенін алдыңғы аптада айтқан едік.

Қазанның соңында мәдениетімізді назарға алып, ойдағы-қырдағы асыл жәдігерлерімізді түгендеген атқарушы билік бұл аптада әлеуметті қолға алған сыңайлы. Анығырағы, әлеуметтің жоғын толтырып, жыртығын жамайтын, мемлекеттің қолы, бюджеттің қаражаты жетпей жатқан тұстарда жұрттың игілігіне қызмет ететін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) еншісін бөлді.

Еншісін бөлгені емей немене?! Үкімет Басшысы қарашаның 6-сы күні бір емес, жеті бірдей ӘКК-ның жарғылық капиталына берілетін, нақты мемлекеттік активтері анықталған қаулыға қол қойды. Онда ӘКК-ға мемлекеттік активтерді беру жөніндегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен мерзімдері айқын белгіленген. Ендігі мәселе - еншіге бөлінген активтердің жіп-шырғасын шығармай тиімді пайдаланып, халық игілігі үшін табыс табудың жолына түсу ғана. Өйткені мақсат айқын. ӘКК-ға берілетін активтер мемлекет пен жеке меншік әріптестігі негізіндегі жобаларды іске асыру үшін пайдаланылады. Ал активтер тиімсіз пайдаланылса, олар инвестициялық жобаларды іске асыруға тілек білдірген жеке кәсіпкерлердің назарынан тыс қалмайды.

Жалпы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар дәл бүгінгі күн үшін тосын жоба емес. Елімізде алдымен ілкі жоба ретінде «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құрылғаны белгілі. Осы корпорацияның қазіргі аяқ алысы жаман емес. «Сарыарқа» жеке кәсіпкерлермен бірлесіп, бірқатар жобаларды іске асыру есебінен жұмысын шығынсыз жүргізе бастады. Қазір ол құны 48 млрд. теңге көлеміндегі жобаны жүзеге асырып жатыр. Соған қарап, жоғарыда аталған жеті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация да еншісіне бөлінген активтерін иелігіне алғасын, бір жағынан мемлекеттің, екінші жағынан жеке сектордың демеуімен аяғын апыл-тапыл басып кетер деген сенімдеміз.


Атқарушы биліктің аптадағы аяқ алысын жіті қараған жұрт Үкімет отырысында «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» деп аталатын үкіметтік (мемлекеттік) бағдарламаның да тұсауы кесілгенін көрген болар. Ел экономикасында үлкен секірістер жасап, бәсекеде топ жаруды, өзге жұрттан мойнымыз озық болуды мақсат еткен бұл бағдарлама Қазақстанның 2015 жылға қарай әлемдегі жетекші мұнай экспортерлерінің ондығына кіруін мақсат тұтқан. Соған орай, бағдарламаға 97 жоба енгізілген. Олардың 22-сін Елбасы, қалғандарын – ірі отандық бизнес ұсынған. Жобалардың жалпы құны 60 млрд. долларды құрайды. Үкімет осы бағдарламаны жүзеге асыруды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отыр. Оны орындай алмаса, Үкіметке ғана емес, жалпымызға да сын болары анық.

Ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған Еуразия құрлығының дәл төсінде қасиетті қонысымыз бар. Батыс-солтүстігімізде алып Ресей, шығысымызда қалың Қытаймен құдайы көршіміз. Бір кездері ұлтарақтай жер үшін қырқысқан жұрттармен бұл күнде терезесі тең қатынас орнатып, араға алыс-беріс сауда-саттық жүргізіп отырмыз. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының қомақты бөлігі де бүгінгі таңда осы Ресей мен Қытайдың үлесінде. Сол себепті де ел Үкіметі аталған елдермен арадағы ынтымақтастыққа айрықша мән беріп, арнайы құрылған үкіметаралық комиссиялар мен комитеттер арқылы түрлі мәселелердің шешімін тауып отырады. Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сондай құрылымның бірі -Қазақ-Қытай ынтымақтастық комитеті. Аталған комитет өзінің 4-ші отырысын осы аптада ҚР вице-премьері Өмірзақ Шөкеев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары У И ханымның төрағалығымен Астанада өткізді.
Алдымен шағын құрамда кездескен Ө. Шөкеев пен У И ханым Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сосын кеңейтілген құрамдағы екі жақты делегациялардың қатысуымен экономиканың шикізат емес секторындағы әріптестікті дамыту, отын-энергетикалық, шекаралас ынтымақтастықты жандандыру және трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын ұтымды пайдалану перспективалары туралы пікірлер алмасты.

Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасында бірнеше келісім мен екі бірдей меморандум жасалды. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚХР Ғылым және техника министрлігі биотехнология саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы, ал «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы мен «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы» Арал жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ «Қазкоммерцбанк» АҚ-ы ҚХР-дың Экспорттық-импорттық банкі Қытайдан импортталатын телекоммуникациялық жабдықтарды қаржыландыруды көздейтін 34 млн. АҚШ доллары көлеміндегі кредиттік келісім жасаса, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы мен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасында уран ресурстарын бірлесіп игеру және ядролық отын мен атом энергиясын өндіру жөніндегі келісімге қол қойылды. Ал «Самұрық» холдингі мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі Мойнақ ГЭС-і құрылысы жобасын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі кепілдемелік келісім жасады.
Сонымен бұл аптада Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың еншісін анықтап, Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы бағдарламасын бекітті. Іргедегі Қытаймен де жан-жақты экономикалық ынтымақтастықтың алдағы алар өрісін үкіметаралық құжаттармен бекемдеп алды.

 

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008


Ресурстар


www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz


www.inform.kz

Corporate LEADERS