Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиында «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Андар Шоқпытов айтты.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады. Бұл туралы қарашаның 15-інде Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиында «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Андар Шоқпытов айтты.
«Соңғы он-он бес жылда ел экономикасы жақсы дамып келеді. Осы қарқын бір деңгейде тұрып қалмай, алға жылжуы үшін Елбасымыз алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына кіру міндетін қойып отыр. Осы бағытта Үкімет нақты шаралар алып жатыр. Отыз корпоративтік көшбасшылық жоба өз алдына, жүзшақты серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Міне, осындай жағдайда аталмыш корпорациялар әкімдіктермен бірлесіп аймақтағы ірі-ірі жұмыстарды тындыра алады. Сонымен бірге әрқайсысының өзіне тән қызмет-міндеттері бар, оны да ешкім алып тастамайды», деді ол.
А.Шоқпытов басқарма төрағасының БҚО бойынша орынбасары болып елге белгілі азамат, осыған дейін Мәжіліс депутаты болған Амангелді Таспиховтың тағайындалғанын жеткізді.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов соңғы жылдары аймақтың жан-жақты дамып келе жатқанын айта келіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әсіресе, машина жасау, металлургия салаларында, кен орындарын барлауда корпорация қолға алатын шаруаларға әкімдік тарапынан толық қолдау жасалатынын мәлімдеді.
ҚазАқпарат
