Сыртқы бақылаудан гөрі ішкі бақылау күшті болса, ол әр мекеме қызметінің дұрыс бағытта жылжуына оң әсер етеді - шетелдік сарапшы
Қазақстандағы әрбір 100 компанияның 43 пайызы корпоративті басқаруда халықаралық тәжірибені қолдануды құп көрсе, 20 пайызы өздерінің күшіне сенеді, ал қалған 6 пайызы аудиторлық комиссия қызметіне жүгінуді немесе осындай қызмет түрін өз ішінде құруды жөн көреді. Бұл деректі бүгін Алматыда басталған «Корпоративті басқару: тиімді тәжірибе және жаңа мүмкіндік» атты халықаралық конференция барысында Орталық Азия бойынша корпоративті басқару жөніндегі IFC жобасының жетекшісі Карл Уильям Бах келтірді.
Оның айтуынша, корпоративті басқару ең алдымен әр компанияның акционерлері алдында да, қарапайым тұрғындар алдында да ашықтығын қамтамасыз етіп, шет елдік және отандық инвесторларды тиімді әрі жедел тартуға мүмкіндік туғызады. «Сыртқы бақылаудан ішкі бақылау күшті болса, ол әр мекеме қызметінің дұрыс бағытта жылжуына оң әсер етіп қана қоймай, сол компанияға қатысты адамдар мен әрбір клиент ақшасын үнемдеп, мол табыс табуға жағдай жасайды», деді К. Бах мырза.
ҚазАқпарат
