Басты > Бөлімдер > Жаңалықтар > 2008 > Тамыз > Ауыл шаруашылық министрлігінде өткен кеңесте астық экспорты, азық-түлік корпорацияларына бюджеттен қаражат бөлу, нан бағасының көтеріліп кетпеуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылық министрлігінде өткен кеңесте астық экспорты, азық-түлік корпорацияларына бюджеттен қаражат бөлу, нан бағасының көтеріліп кетпеуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық тапшылығына душар болуы мүмкін облыстар бойынша меморандумға қол қою жайын қадағалауды тапсырды.

Егер ішкі нарық астықпен толық қамтамасыз етілсе, алдағы уақытта ешқандай экспорттық шектеулер қоймауға да болады. Тмаыздың 16-ы күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен кеңесте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

«Үкімет жағдайға байланысты, сондай-ақ тиісті шаралар қамтылмайтын болса, соңғы кезеңдердің өзінде астық экспортына қайта шектеу сала алады. Ал егер жағдай тиімді болып, астық өндірушілер міндеттерін дұрыс атқарса, Үкімет астық өндірушілердің экспорттық мүддесіне қолдау көрсететін болады. Ағымдағы жылғыдай экспортқа шектеу қою секілді жедел шараларға бармауымыз қажет. Егер ішкі нарық астықпен толық қамтамасыз етілсе, алдағы уақытта ешқандай шектеулер қоймауға болады», деді К. Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов азық-түлік корпорацияларына бюджеттен қосымша 2 млрд. теңге бөлуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттерінің бірі елдің ішкі жағдайындағы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Нан мен азық-түлік бағасының өткен жылы құбылмалы болғандығы жұртшылықты алаңдатқаны анық. Сондықтан, біздің ең бірінші міндетіміз ішкі нарықта бүгінгі күні қалыптасқан баға ауанын ұстап тұру», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық тапшылығына душар болуы мүмкін облыстар бойынша меморандумға қол қою жайын қадағалауды тапсырды. «Сонымен бірге, 2009 жылдан бастап келесі жаңа астық жинау кезеңіне дейін ішкі нарыққа астық жеткізілімін қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта азық-түлік корпорациялары арқылы астық сатып алу жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан, Қаржы министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне азық-түлік корпорацияларына қосымша 2 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Сонда алдағы жылдары азық-түлік корпорацияларына елдегі ішкі нарықты қамтамасыз етуі үшін жалпы 18 млрд. теңге берілетін болады», деді Үкімет басшысы. Оның айтуынша, азық-түлік корпорацияларына қосымша қаражат бөлу арқылы ішкі нарықты қамтамасыз ету жолдары шешіледі.

Қыркүйектің 1-інен бастап Қазақстанда астық экспортына салынған тиым алынып тасталады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Ағымдағы жылғы сәуірдің 15-інде Үкімет астық экспортына шектеу енгізген болатын. Бұл шешім елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі әрі әлемдік бидай нарығындағы бағаның өсуі ішкі нарыққа кері әсер тигізбеуі үшін қабылданған болатын. Сонымен бірге, Үкімет қаулысына сәйкес, мемлекеттік және жеке экспортшыларға үстіміздегі жылғы қыркүйектің 1-не дейін, яғни биылғы егіннен жаңа түсім алынғанша, бидайды сыртқы нарыққа шығаруға тиым салынған болатын.

«Елдің ішкі нарығында жағдай тұрақты болса, онда астық экспортына тиымды ұстап тұрудың қажеті жоқ. Сондықтан, біз бүгін қыркүйектің 1-інен бастап астық экспортына тиымды алып тастау туралы шешім қабылдайтын боламыз. Бұл бүгінгі күнгі ресми мәлімдеме болып табылады», деді Премьер-министр Кәрім Мәсімов тиісті мамандардың баяндамаларын тыңдап болған соң.

Сонымен қатар, алдағы уақытта да ішкі нарықтағы астық бағасының аутқымауы қажет екендігіне тоқталған Үкімет басшысы, «егер астық бағасы қайта тұрақсызданса, онда экспортқа қатысты арналардың жабылып қалуы» мүмкін екендігін де ескертті. «Менің пайымдауынша, келесі жылы ішкі және сыртқы нарықта астық бағасы төмендеуі мүмкін. Сондай жағдай туындай қалса, бізге ауыл шаруашылығына қолдау қажет болады», деді К. Мәсімов.

Елдің ішкі нарығындағы астыққа сұранысты да, астық пен нан бағасының көтеріліп кетпеуін де қамтамасыз ету қажет.

«Ішкі нарықта астық бағасының барлық жерде бірқалыпты болуын Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеймін. Республика бойынша астық бағасы бір деңгейде болады. Сонымен бірге, нанның бүгінгі бағасы өзгермеуі қажет. Әрине, нан бағасының төмендеуіне қолдау білдіреміз, бірақ, жоғарыламауы тиіс», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр астық бағасы қымбаттаған жағдайда Үкіметтің барлық шараларға баратынын жеткізді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанның астығын экспорттауға байланысты барлық бағытты қарастыруды тапсырды.

«Қазақстанның астығын барлық бағытта экспорттау шараларын қарастыру қажет. Ең алдымен ресейлік әріптестерімізбен экспорттық байланыс бойынша үкіметтік деңгейдегі жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. «Қазақстан темір жолы» АҚ да көршілес елдердің салалық басшыларымен келіссөздер жүргізуі тиіс. Қазақстанда астық тасымалдауға байланысты бірқатар экспорттық бағыттар бар, бірақ оңтүстік дәліздегі геосаяси жағдайға байланысты бұл бағыт қиындау болуы мүмкін», деді Үкімет басшысы. Сонымен бірге, Қазақстанның Орталық Азияда дәстүрлі нарығы бар екендігіне тоқталған Премьер-министр, бұл бағыттағы әріптестермен жұмысты қайта жандандыруды тапсырды.

ҚазАқпарат

 

 

 

 

 

Құжаттар



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы
Послание Президента 2008


Ресурстар

Мұрағат

<<< Желтоқсан  2008 >>>
дсccсрбсжмснжк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

www.akorda.kz

Парламент

www.e.gov.kz


www.inform.kz

Corporate LEADERS