Басты > Бөлімдер > Жаңалықтар > 2008 > Қазан > Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Қазақ-Герман жоғары оқу орындарының І форумы ашылды

Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Қазақ-Герман жоғары оқу орындарының І форумы ашылды

1 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ-Герман жоғары оқу орындарының І форумы өз жұмысын бастады. Оның негізгі міндеті – жоғары білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, дүниежүзілік аренада Қазақстан ұстанымын нығайту, Германиямен іскер, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени байланыстарды дамытуда түлектердің әлеуетін тиімді пайдалану.

ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бұл кездесудің отандық білімді жаңғырту және оны халықаралық білім кеңістігіне кіріктіру бағыты бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асырудағы маңыздылығына тоқталып, екі елдің білім беру жүйесі арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп атап өтті.

Неміс тарапынан Герман ректорлар конференциясының (HRK) вице-президенті, Кёльн жаратылыстану ғылымдары университетінің президенті Иоахим Метцнер және белгілі 30 шақты неміс университеті мен білім беру саласының жетекші мамандары қатысты.

Қазақстан-Герман І форумына Германиямен іскерлік ынтымақтастағы 50-ден астам қазақстандық жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олар үш күн бойы Болон процесіне қосылу, халықаралық ғылыми және білім беру қауымдастығына кірігу, аккредиттеу және т.б. жоғары білімге қатысты өзекті мәселелерді талқылайды.

Форум бағдарламасы шеңберінде Қазақстан мен Германия ЖОО арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылады. Бұл екі елдің жоғарыбілікті кадрлар даярлау саласында өзаратиімді қарым-қатынас орнатуға ықпалдасады.

Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетіне инженерлік ғылымдар, информатика, жаратылыстану ғылымдары және математика салалары бойынша білім беру бағдарламаларын аккредиттеу бойынша Білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу Агенттігінің сертификаттары салтанатты түрде тапсырылды.

Форум жұмысы секцияларда жалғасады, қорытындысы бойынша резолюция қабылданады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі