Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
КӘРІМ ҚАЖЫМҚАНҰЛЫ МӘСІМОВ
1965 жылы туған. Пекиндегі Тілдер институтын, Ухань заң университетін, Қазақ Мемлекеттік экономика университетін бітірген. АҚШ-тың Колумбия университетінде тағылымдамадан өтті. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. Еңбек министрлігінде бас экономист, бөлім бастығы, одан кейін республика Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Үрімші (ҚХР) қаласындағы өкілдігінің аға маманы, Гонконгтағы Қазақстан сауда үйінің атқарушы директоры, кейіннен Алматы сауда-қаржы және Халық жинақ банктерінің басқарма төрағасы болып сайланды. Көлік және коммуникация министрі, Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған.
2003 жылдың маусымынан Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, 2006 жылдың қаңтарынан бастап Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған.
2007 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
ӨМІРЗАҚ ЕСТАЙҰЛЫ ШӨКЕЕВ
1964 жылы туылған. Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің кеңесшісі; Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1991-1993 ж.ж.) қызметтерін атқарған.
Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік меншік жөніндегі территориялдық комитетінің төрағасы (1993-95 ж.ж.); ҚР Экономика министрі (1995 ж. қараша); ҚР вице-премьері болып қызметтер атқарған. 1997 жылдың қарашасынан 1998 жылдың сәуіріне дейін «Тұран-Әлем» банкінің басқарма төрағасы; 1998 жылдың тамыз айынан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымында болды.
1998 жылғы 19 тамыздан Қостанай облысының, 2004 жылдың наурызынан Астана қаласының әкімі, 2006 жылдың 20 қыркүйегінен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарған. 2007 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
ЕРБОЛ ТҰРМАХАНҰЛЫ ОРЫНБАЕВ
1971 жылы туған, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің түлегі, заңгер. Ағылшын тілін біледі. 2003-2004 жылдары «Маркетингілік-талдамалық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болса, 2004 жылдың сәуір айынан бастап - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – экономикалық саясат басқармасының бастығы, ал 2006 жылдан бері - Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы қызметтерін атқарған. 2007 жылдың қазан айынан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Iшкi iстер министрi
БАУЫРЖАН ӘЛІМҰЛЫ МҰХАМЕТЖАНОВ
1960 жылы Жамбыл облысында туылған. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының докторы.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігінде жауапты және басшылық қызметтерде болды.
1997-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметін атқарды. Президент Әкімшігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім және басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалған.
2005 жылдың қазан айынан - Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрі.
Денсаулық сақтау министрi
АНАТОЛИЙ ГРИГОРЬЕВИЧ ДЕРНОВОЙ
1951 жылы туған. Қарағанды медицина институтын бітірген. Медицина ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Еңбек жолын Талдықорған облысы Киров ауданының санитарлық-эпидемиологиялық стансасының бөлім меңгерушісі болып бастады, кейін осы ауданның және Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып жұмыс істеді. Мемлекеттік басқару органдарында түрлі лауазымдық қызметтер атқарды, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болды. 1996 жылғы желтоқсаннан – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының бастығы.
2006 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрi.
Индустрия және сауда министрі
ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВИЧ ШКОЛЬНИК
1949 жылы туған. Мәскеу инженерлік-физика институтын бітірген, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1966 жылы бастаған. 1992 жылдан Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің бас директоры. 1994 жылдан ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрі. 1996 жылдан ҚР Ғылым академиясының президенті және ғылым министрі. 1999 жылдан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі. Ал 1999 жылдың қазанынан ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрі.
2000-2007 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Энергетика және минералдық ресурстар министрі, ҚР Индустрия және сауда министрі. 2007 жылдың басынан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінде болған.
2008 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі.
Сыртқы істер министрі
МАРАТ МҰХАНБЕТҚАЗЫҰЛЫ ТӘЖИН
1960 жылы Ақтөбеде туған. 1981 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын бітірген, экономист, философия ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы.
1994 жылдың қазан айы мен 1995 жылдың қазан айы аралығында - ҚР Мемлекеттік кеңесшісі - Президент Аппаратының ақпараттық-талдау орталығының басшысы; 1995 жылдың қазан айы мен 1999 жылдың ақпан айы аралығында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы;
1999 жыл мен 2001 жылдың мамыр айы аралығында - Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, 2001 жылдың желтоқсан айына дейін - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
2001-2002 жылдары -Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы;
2002 жылдың тамыз айы мен 2004 жылдың наурыз айы аралығында - Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары ;
2004 жылдың наурыз айынан бері - Ішкі саясат басқармасының бастығы - ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
2007 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрі.
Мәдениет және ақпарат министрі
МҰХТАР АБРАРҰЛЫ ҚҰЛ-МҰХАММЕД
1960 жылы 12 желтоқсанда ҚХР Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қазақ. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор. 100 – ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді.
Ғылыми қызметінің негізгі бағыты: мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы.1982-1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакциясында ғылыми редактор, аға ғылыми редактор, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы - бас директордың орынбасары.
1992-1999 жылдар аралығында шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті.1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.2001-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі.2008 жылғы 12 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 ж.).«Құрмет» орденымен марапатталды (2004 ж.).
Қорғаныс министрi
ДАНИАЛ КЕНЖЕТАЙҰЛЫ АХМЕТОВ
1954 жылы туылған. Павлодар индустриалды институтын бітірген. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы. 2003 жылы Мәскеуде “Қазақстандағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің аймақтық ерекшеліктері” тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Экономика ғылымының докторы.
Институтты бітіргеннен кейін құрылыстарда мастер, аға прораб, “Екібастұзшахтқұрылыс” трестінде жетекшілік қызметінде, Екібастұз қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, “Екібастұзэнерго тұрғынүйөндірісқұрылысы” тресінің басқарушысы қызметтерін атқарды. 1992 жылдан бастан Екібастұз қалалық әкімшілігінің басшысы, содан кейін Павлодар облыстық әкімшілігінің басшысы.1995 жылы Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.
1997-1999 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
1999 жылдың қазанынан 2001 жылдың қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, содан кейін 2003 жылдың маусымына дейін Павлодар облысының әкімі болды.
2003 жылдың маусымынан - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметінде болған.
2007 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Қорғаныс министрi.
Бiлiм және ғылым министрi
ЖАНСЕЙІТ ҚАНСЕЙІТҰЛЫ ТҮЙМЕБАЕВ
1958 жылы туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін тәмәмдаған. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетінде бастаған. Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде, Президенттің Протоколы қызметінде жауапты қызметтер атқарған.
Түркия Республикасының Стамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулы, Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі-Протоколының бастығы.
2006 жылғы ақпаннан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2007 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі.